Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Толқын Қабылша. Мен әлемді сүйем әлі сәбидей...

26.01.2022 6794

Толқын Қабылша. Мен әлемді сүйем әлі сәбидей 12+

Толқын Қабылша. Мен әлемді сүйем әлі сәбидей - adebiportal.kz

Мені ешқашан сағынбайтын бір адам

Сәттерімде көктен сауға сұраған,

Сәттерімде жұбана алмай жылаған,

Сақтау үшін, ойдан, мұңнан, күнәдан.

Бейуақытта маған ессіз ұнаған,

Сен аман бол,

Мен сүйетін бір адам!

Ғаламымнан мыңға жұмбақ көрінген,

Аспанымнан кермиық боп керілген,

Жазмышымнан маған сый боп берілген,

Жақсы атыңды күбірлейін еріннен,

Сен аман бол, мен сүйетін бір адам!

Ғажайып та,

ғазал да емес, мұң да емес,

Ғайып та емес, ғарыш та емес, жыр да емес.

Жан біткеннен жасыратын сыр да емес.

Адалдықтың жаршысы боп жердегі,

Аман жүрші, әлдилеп мұң-кеудені.

Мені ешқашан сағынбайтын бір адам!

****

Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та мәңгі емес,

Атақ та, даңқ та, аярлық барда, алдамшы.

Өткіздім жылдар, өткеріп келем сан белес,

Арқама тимей ар қамшы.

Самалы таңның, саумалы жырдың жұтқаным,

Құлқынның құлын, сатқынның сырын ұқпадым.

Таңсәрідегі Тәңірдей құштым әлемді,

Жақсының туын жықпадым.

Отанды сүйдім, опасыз ойдан сақтандым,

Өмірді сүйдім, өртене жаздап, шақ қалдым.

Өзімдей көрдім, өзімдей сендім талайға,

Өне бойымды өлеңдей мынау, ақтардым.

Күңкілдеп күлген күншілдің өзін ақтадым,

Күдіктен ада бойтұмар болды таққаным.

Күнгей іздедім, көлеңке достың өзінен,

Кінәсіз дедім, сақтадым.

Болмыспен осы бақ пенен сорды құшақтап,

Жалғанға сендім, арманға сендім түсі аппақ.

Адамның бәрі алғаусыз болса дедім мен,

Айналам түгел кеткен сәттерде ұсақтап.

Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та баянсыз,

Атақ та, даңқ та, алдайды кейде аяусыз.

Сағынып кешкен жылдардың самаласындай,

Көңілім ғана,

Көңілім менің қаяусыз...

Сендік болмыс Тәңіріме ұқсайды...

Хақтың нұрын,

Сен келіп төксең деп ем,

Жаумай қойды жаңбыр да.

Бұлттан бұрын көзіңді өпсем деп ем,

Датымды айтып тағдырға.

Сендік болмыс Тәңіріме ұқсайды,

Ала алмадым, құшақтап.

Аңсарымды бір құдірет тұсайды,

Сағыныш па, түсі аппақ.

Күннің райы менің халім, ұғынсаң,

Гүл секілді, солғаным.

Мендегі осы нәзіктіктен суынсаң,

Мен де жоқпын, ол мәлім.

Шөліркетті мынау аптап жанымды,

Нәр тамызшы, көктейін.

Жай отынан сақтап қалшы бағымды,

Жасыл тартсын, төскейім.

Сендік болмыс Тәңірімдей тым сұлу,

Сағыныштай түсі аппақ.

Қандай ғажап?!

сүймесең де тұншығу,

Қиялыммен құшақтап...

Депрессия

Сағыныш жоқ.

Жоқ сезім.

Сабылыс та.

Сәттер ғайып,

Аңсаған, алып-ұшқан.

Селт етпейтін қорқамын кескінімнен,

Жүректегі қорқамын жарылыстан.

Арман ғайып.

Нәп-нәзік үмітім де,

Жапырақтай кезім бұл үгітілген.

Мезгілдердің жоқ ешбір айырмасы,

Жоқ айырма, сәт, минут, күні, түннен.

Мейірімге мұқтаждау мезеттердің,

Өкінішін келді ме тез өткергім.

Қанат бітіп, еш жаққа ұша алмайтын,

Тоты құсқа тапанша кезеп көрдім.

Безіне алмас өзінен, тағдырынан,

Бейшара құс шырылдап, салды бір ән.

Күнге ұқсайтын көзімнен шуақ іздеп,

Бұлт астында өксиді жан шұғылам.

Тапқым келіп ең ізгі сәттерімді,

Парақтаймын күнтізбе, дәптерімді.

Күнбатыс пен Күншығыс арасындай,

Қайда апарып жасырам әттеңімді?...

Менің атым – сол баяғы кешірім

Аспаныма жазып кеткен кесімін,

Адалдық па сенің аппақ есімің?

Мендік болмыс, өзгермейді ол, нәзіктік,

Мендік болмыс, құбылмайды ол, кешірім.

Байқадың ба, арманымның қанатын?

Қанатыма кедергі емес қара түн.

Түн көгінде жарық көрсең, ол менмін,

Сағыныштан шамшырақ боп жанатын.

Сезесің бе, тазалықты мендегі?

Саф сезімді?

Сақтап тұрған кеудені?

Бір еркелік елжіресе көзімнен,

Сені аңсаған ғажайып қой жердегі.

Сенің барың, сүйеніштей жаныма,

Сенің барың, сүйеніштей арыма.

Қажет емес, сүйінгенің, сүйгенің,

Қона алмайтын құстай алақаныма.

Адалдық қой, сенің аппақ есімің!

Адалдықты сүйіп өтсем, несі мін?!

Менің атым, сол баяғы Сағыныш,

Менің атым, сол баяғы Кешірім.

Мынау мұңның айт емін...

Жалғыз өзің сағынудан,

Жалғыз өзің іздеуден.

Жақсы көру, жабығудан,

Жалықты ма күз кеудең?

Жаурады ма жанның өзі,

Жалғыздықтан, тосудан?

Тағдыр анау түйіспейтін,

Жолдар анау жосылған.

Жалқы мұңның азабынан,

Ауыр не бар, ұғынсаң?

Жанның сұлу ғажабынан,

Жарығымнан суынсаң...

Сағынбасаң, сарылмасаң,

Мынау мұңның айт емін.

Жалыныма жалын қоса,

Жанады ішім, қайтемін?...

***

Бір жылылық ескендей жан нұрынан,

Бір жылылық ескендей тағдырымнан.

Жан самалын жеткізсең жырақтардан,

Жаратқандай толқиды жан құбылам.

Таңғажайып бір алау сөнбегендей,

Тағдыр осы сезімге шөлдегендей.

Тәңір мені тылсымнан жаратқандай,

Тәңір мені ұшықтап, емдегендей.

Толқыныстан өн бойым мың құбылып,

Тағатыңа қараймын сырды бүгіп.

Тағылымың ұқсайды адалдыққа,

Таң шығына ұқсайды мендік үміт.

Болмысыммен бақ құшып, күлімдеген,

Жолдарымды іздейін, сүрінбеген.

Сен менің Темірқазық жұлдызым бол!

Жазмышымның көгіне ілінбеген.

Мен әлемді сүйем әлі сәбидей...

Ғажайыпқа бар жаныммен сенемін,

Сеніп өтем,

Сұрамаңдар себебін.

Ешбір адам өлшей алмас мен сүйген,

Кеудемдегі сағыныштың көлемін.

Жанарыма жарты әлемді сыйдырған,

Құдіреттей менің болмыс-өлеңім.

Сынамаңдар: «Неге осынша ғашық?» - деп,

Сынамаңдар, жылап қалсам, жасық,-деп,

Сұрамаңдар өзге ешкімнен мен жайлы,

Алып-ұшқан сәттерімді тасып көп.

Өзге түгіл,

Өзім де ұқпас халім бұл,

Өзегімде өшпейтін бір жалын жүр,

Өліп-өшіп мен сүйетін ғұмырдың,

Өн-бойында бүлкілдейтін тамыр-жыр.

Мені осынша аяулы етті нәзіктік,

Минуттардың нотасынан саз ұқтым.

Мен осынша кінәсізбін Тәңірдей,

Мен осынша болам кейде жазықты.

Сезімімдей өлшенбейтін көлемі,

Ғажайыпқа сеніп өтем, сенемін.

Мен әлемді сүйем әлі сәбидей,

Сүйіп өтем,

сұрамаңдар себебін!

***

Мен жасқанам,

Сұқ көздің қарасынан,

Сауалынан тағдырдың, наласынан.

Өзге жанның ынтыққан сөздерінен,

Тайталасқан жан мен тән таласынан.

Жеңілуге қорқамын, аласұрам.

Мен қорқамын,

құныққан пейілдерден,

Елдегі ойран-сауық һәм сейілдерден.

Аярлардың аста-төк айласынан,

Жазасынан Тәңірдің кейін келген.

Жесірлердің қарлыққан дауысынан,

Жетімдердің тұншыққан зейінінен.

Мен жасқанам,

зұлымдық қылышынан,

Хас дұшпанның қасқайып тұрысынан,

Жанарларда іркілген көз жасынан,

Жер ананың жаралы тынысынан.

Жаратқанға қол жайып, сауға сұрап,

Жалқы жүрегімменен жыр ұшырам.

Жасқанамын ғасырдан, алапаттан,

Опасыз қол ұсынған марапаттан.

Соғыс өрті шарпыған қалалардан,

Бейкүнә жас таңылған жарақаттан.

Сатқындықтың оқтаулы мылтығынан,

Сәби ниетімді әзер ала қашқам...

Таупық бер деп тілеймін тағдырыма,

Заманыма зар мұңы араласқан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар