(Әңгіме)
- Түу, апа! Мұның барлығын не істейсіз қаптаған қоқыр-соқырды жинап? Лақтырып тастаңызшы үйдің ауасын бұзбай. – деді Қалиқа қарлығыңқырап қалған тамаған кенеп.
- Әй, келін-ау, лақтырғаны несі? Болашақта мына ұлға керек болады деп әдейі сақтап отырмын!- деді ақ әжем әбден шаң қауып кеткен көк көйлегінің етегін қолымен қаққылап жатып.
- Ашығын айтқанда апа, ол кезге дейін кім бар, кім жоқ оны бір құдайдың өзі біледі. Оның үстіне Ақжолды бағып-қағып отырған сіз емессіз. Басы артық жұмыспен жағаласпай жайыңызға отырыңызшы осы – деді ол басынан бір ауыз сөз асырғысы келмей.
- Көкем-ау сен өзі не деп отырсың? Кім басы артық жұмыспен жағаласқан мен бе?
- Сіз емей енді кім? Килікпейтін іске кеп килігесіз де жатасыз. Әбден мезі етіп жібердіңіз ғой тіпті.
- Аааа... Онда жарайды... Жарайды – деді де ақ әжем жасаурап кеткен жанарындағы жасты сүртуге дәрмені жетпей, тұрған орнында қалшиды да қалды.
Менде үн жоқ. Әжем екеуміздің осы үйде жүргеніміздің өзін Қалиқа көзіне шыққан сүйелдей көреді ғой деймін, әйтеубір қисынсыз жерде қиғылық салып, қит ете қалған дүниені қырық құбылтады да жатады. Басқан-тұрғанымыздың барлығы аңдулы, бейне бір үлкен қылмысты ісіміздің үстінен түсетіндей бір сәт бізді назарынан тыс қалдырған емес. Үйге кірген шыққанымыздың өзі былай тұрсын, тіпті әжетханадағы әрекеттерімізге дейін анықталатыны қызық. Бір жолы мен мектептен кешеуілдеп келіп, оған аш қарынымның шұрылы қосылғаны бар, әжем екеуіміз жататын бөлмеге қарай асығып кетіп бара жатыр ем, артымнан әлдекімнің: «Әй, Ақжол, Ақжол!» - деген ашу кернеген айғайы естілді. Артыма жалт бұрылып қарасам Қалиқа екен. Ұзын бойына құп жарасқан қызыл желең, кең етекті қоңыр көйлегі желмен бірге желкілдеп, көкке көтеріліп ұшып кете жаздап тұр. Тыжырынған бет ауызда бір сиық жоқ, қасыма таяу төнеіп келіп,
- Қайда жүрдің осы уақытқа дейін қаңғып... Ааа?.. Әлде сені сыртта, өлген әкеңнің аруағы тіріліп келіп күтіп отырма екен... – деді салған жерден. Мен ләм деп жақ аша алғам жоқ.
- Мұрынбоғыңды ағызбай құрт көзіңді. Енді осылай кешігетініңді көрсем айтпады деме, көзіңе көк шыбын үймелетемін бәлем! – деп добалдай сұқ саусағын ары-бері шошаңдатып, маңдайымнан кеп нұқып қалды. Іштей зығырданым қайнап әнтек ашуға булықсам да, «арс» етіп алқымнан ала түсетін аяусыз аш қасқырдай әсіре аяр күйге түскім келген жоқ. Керісінше күдіктен гөрі үміт басым ұйытқыған тірлікте, өз-өзімшіл әз-әзіл пасықтықтан өз бойымды аулақ салғым келді.
***
Таң шұғыласын шашып шығыс солтүстік жақтан баяу жылжып көтеріліп келеді. Бір-біріне желімдей жабысып айқасқан кірпіктер жарық күннің ырқына бағынбай, іш құса болған ызғырығы мол, ирімі терең ауыр ойдың құшағында тұншығып, кең тыныстай алмай қатты арпалысқа түсті. Әзер деген де ақ әжемнің маңдайымнан сипап, мазмұнды өміріме мағына берген мақпалдай жұмсақ ыстық алақаны болмағанда, бәлкім мен бәдәуи бұл тірліктен мағына таппай өткен болар едім. Былшықтанып жабысып қалған екі көзімнің асты-үсті зорға ашылғанда барып, көз алдымда күрк-күрк жөтеліп, көз жасын көк көйлегінің етегімен теріс қарап сүртіп отырған ақ әжемді көрдім. Кешегі келісті ажарының нұры тайған, ашаң да әдемі мейірбан жүзінің қайраты қайтып, қара қошқылданып кетіпті. Күнделікті қанына сіңіп, қалыпты дағдысына айналған әрекеттерінің өзі, өзгеден бұрын әуелі өзіме түсініксіз.
- Ақселеу, әй Ақселеу! Орныңнан тұр балам, тұр орныңнан - деп мені күндегіден ерте оятып алдыдағы, азан шақырылып «Ақжол» деп қойған атымды марқұм әкемнің есімімен шатастырып қайталай берді.
- Ау әже, не боп қалды тыншытық па? – деп құрыс-тырысымды жазып бауырына тығыла бергенім сол, ақ әжем әжептәуір ес ақылынан алжасқан кісідей ақымақ кісінің кейпін киіп;
- Қарағым-ау, мен сені күткелі қашан? Мені өзіңмен бірге қашан алып кетесің? Мұнда ішқұса боп әбден жапа шектім ғой жарығым. – деп едәуір ұзақ шағымданды. Жанына батқан жан жарасының ұлғайып үлкен дертке айналып бара жатқаны арқасына аяздай батса да, әлде неден алданыш күтетіндей аһ ұрған жан дүниесінің делбе-делбесі шығады.
- Бұл менмін ғой ақ әже Ақжолмын! – деп әлсін-әлсін қайталап, анықтап түсіндірсемде ақ әжем айтқаныма көнетін емес.
- Жоқ, мен сені танып тұрмын. Сен менің сүт кенжем Ақселеусің! – деп азар да безер күйге түсті.
Тіпті болмаған соң үйдегі үлкендерді шақырып, оқыс орын алған оқиғаның мән-жайын тәптіштеп түсіндіріп, татымды шешім қабылдар деп ойлап отыр ем, бірақ олар шыр-шыр еткен дауысымды естісе де, ештеңе естімеген кісідей, ет бауыры езіліп есінен айырыла жаздаған ақ әжемнің ауыр халін, елең құрлы көрген жоқ. Әуелі:
- Не боп қалды ей шешек келгір, соншама үйді басыңа көтеріп ааа? Тұрған жеріңде езуіңді тіліп жіберейін бе әкеңнің! – деп өзіме қарай тұра ұмтылғанда, мен жандәрмен қос өкпемді сүйретіп далаға қарай қаша жөнелдім. Әдетте ауыр айтылған ащы сөздерден азаптанғанда қос жанарымның айналасы іркілдеп жасқа толып кетуші еді, бұл жолы барлығыда мүлде керісінше болды. Кеңірдегіме кептеліп қалған зәрлі боқтықтан зығырданым қайнап, зықым шықса да, зілмауыр дүниеден күткен үмітім үзілген емес. Әйтеуір жаратқан жалғыз иемнің өзі жарылқағандығынан болар, жарға соғылған жаралы жолбарыстай теңселіңкіреп барып, тегеурінімді тез тежеп үлгердім.
***
Арада алыстан мұнартып, алқымға кептелген ажары белгісіз ауыр күндердің айқасы өтіп жатты. Іштегі ешкімге түсініксіз өзіме ғана аян ұршықша иірген уақыт өлшемімен алғанда, өзгенікі өкінішсіз өтеуі жоқ өмірдей елестейтін де, ал өзімдікі отқа оранған ормандай өзегімді өртейтін еді. Әсіресе жападан жалғыз қалғандағы жан дүниемнің жанталасын айтып сұрамаңыз. Ақ әжем аяқ асты іліккен арсыз ауру құрығынан «А құдайлап» айығып үлгергенше арқа етім арша, борбай етім борша болары мұнда тұр. Әр күн сайын ымырт үйіріліп қас қарайғанда тәңірімнен табына тілейтінім - тағы да сол тарамыс тіршілігі талайға үлгі боларлық әже тағдыры.
Ем-дом алуға кеткен бірсыпыра уақыттан бері, жанымды қоярға жер таппай, күн сайын ол кісі бет алған жаққа елеңдеумен өткізген едәуір уақытым, өзге емес өзім үшін құндақтаулы сәбидің құпиясындай сезілетін. Әр жолғы арашаға бергісіз артық еркелігіміз де, тидаусыз кеткен тентектеу тынымсыздығымыз да ол кісі көп көрмейтін еді. Тек қана тежеуі жоқ тепкінің теперішінен тентегімді арашалап қалсам екен деген аналық үлкен жүректің иесі ғана болатын ол кісі.
***
Азынап соққан жауын-шашынсыз сайқымазақ өкпек желдің соң, ұшы-қиыры жоқ көгілдір көк аспаннан құбыланы беттеп құлықсыз жылжып бара жатқан күн көрінді. Көлегейленген көңілдің кірбеңі кетіп, жазғы табиғаттың реңі ашылған ерекше сәттен кейін, жер жүзін қыздырып ала жөнелген алапат жойқын күш еңсеңді көтертпей, еріксіз өз иіріміне қарай тарта түсетіндей.
Сүйретіліп кешкі дәрістен үйге қарай құлықсыз келе жатыр ем, сонадай жердегі қаумалаған қалың топтың арасынан аяғын сылтып басып ұзын бойлы, тәмпіш мұрын, қара торы, мысық көз жігіт - Қарылға қалбалақтап қарсы алдымнан шықты. Өзінің өңі жүдеуірек екен, солғын тартқан қабағынан сәлде болса кірбеңдік байқалады.
- Ақаселеу, ассалаумағалайкум! Қайда кетіп барасың? – деді менімен қушақ айқастырып амандасып жатып.
- Уағалайкум ассалам! Қайда болушы еді, үйге, – дедім ұнжырғам түсіп келе жатқан қалпы.
- Өзіңнің сүлкінің түсіп кетіпті ғой, не боп қалған саған тыныштық па? – деді қайыра қайта қарадай қанымды қарайтып.
- Тынштық болмаса не істей қояйын деп ең? Арашашы бола қояын деп пең? – дедім дауысымды көтере сөйлеп.
- Жоға, жай сұрағаным ғой ... – деді ол сасқаннан не айтарын білмей.
- Бұдан былай не сұрайтыныңды біліп жүр. Әйтпесе өтірік көлгірсімей жолымнан былай тұр! – дедім де үйге қарай ұзыннан ұзақ шұбатылып жатқан жалғыз аяқ жолмен ақырын аяңдап кете бардым. Әншейінде алды-артымды тұйыққа тіреп аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін Қарылға неге екені белгісіз осы жолы ойындағы жоспарын өзі ойлағандай орындай алған жоқ. Менің ызбарымнан ықты ма білмеймін, мысы құрыған айлакердей артымнан сүлесоқ қарап тұрып қалды.
Үйге жақындап бұрыла беріс қайқаңнан ылдиға қарай төмендей бергенімде, қақпаның кіре беріс ауызында құйрығын бұлаңдатып ақтөс күшік қарсы алдымнан шықты. Өзі әбден шолжаңдап ерке тотай болып алған, мені көрсе болғаны, сілекейі шұбырған добалдай ауызына сүйек тістете қоятындай, ал кеп аяқ астына оралғы боларын қайтерсіз. Жабырқау күйік басқан көңілді күзеп тастайтын ақтөс күшіктің аяулы жүзін де, өзіме ғана, аян өзгеге жұмбақ ерекше бір жұғымды қасиет бар болатын. Бағанадан менің мазасыз көңіл-күйімді байқап, біліп отырған жандай баданадай көзі бақырайған беті бар ынта пейілімен менің бар болмысымды танып отыр. «Не болған саған? Болар болмас дүниеге бола көңіл-күйіңді түсірмесеңші», - дейтіндей, сондай мүләйім, жанашыр көзбен тесіле қарайды. Әдетте алдымнан осылай арсалаңдап жүгіріп шыққанда, жұтқыншағымнан алдымен ас өтпесе де, әуелгі дәм ырзығының алғашқы бір бөлігін осы ақтөс күшітің ауызына тістете қоюшы едім. Бірақ бұл жолы барлығыда мүлдем керісінше болды. Кеңірдегіме кенеттен әлде не дүние кептеліп қалғандай, кіреберіс қақпаның алдында кідірдім де қалдым. Не кірер, не кірмесімді білмей ойым он саққа, санам сан саққа жүгіреді. Сабыры сарқылып, тағаты таусылған жандай далиған ұшы-қиыры жоқ иен далаға қараған беті сыртта қалшиып ұзақ тұрдым.
- Әй, әлгі әлі келмеген бе? Қаңғып қайда жүр ол ааа? – деген Қалиқаның қаһарлы қатты дауысы үй ішінен естілгенде барып, қырық құбылған қиялымдағы қымбат өмірдің сапарын кілт тоқтаттым. Кіреберіс қақпаның ілгегін әзер ағытып ішке қарай беттей бергенімде, біз жататын бөлменің қарыс жақ бетінде орналасқан үлкен тандырдың ішінен қызыл түске боянып, көкке шапшып жанып жатқан өрт, жан-жағын жайпап жалмап жатыр екен. Мен әжем екеуміз бөлмеден үйден киімімді алмастырып реттеліп шыққанша, тандыр да қыздырылып, нан да тасылып үлгеріпті.
Тек бір әттегенайым, әжемнің ғұмыр бойы маған арнап сақтап келген атадан, балаға жалғасқан мен үшін ең аяулы да, ең қастерлі мүлік, әкемнің әкесі менің туған атам - Мұқан мархұмнан қалған ер, айыл-тұрман, күміспен әшекейленген қамшымен қоса ескірген үлкен кебеженің ізім-қайым жоқ болғаны болды. Жан ұшыра жан-жақтан іздеп айналаны түгел тінтіп шықсам да еш жерден табылмады. Шарасыздықтан не істерімді білмей тұрған орнымда жүрелей кетіп дал болып жылағанымды қайтейін, Қалиқа уытты тілін безеген қалпы мен отырған үйге қарай зәрін шашып кіріп келді емес пе. Өзінің өңі сазарып, басына ораған жаулығын тандыр өртінің жалыны шарпып өткен екен, маған іздиіп тесіле қарап сәл тұрды да, беріш боп қалған күйелі қолымен оң жақ бетімнен шапалақпен салып кеп жіберді.
- Не болған ей, саған, айдың күннің аманында жанарыңда жасқа шылап ааа? Тірідей жұтқалы жүрмісің бізді? Әкеңді жұтып тынғаның аздай-ақ енді бізді жалмағалы отыр екенсің ғой жалмауыз! – деп көк желкемнен түйіп-түйіп кеп жібергенде, әдетте анау-мынауға өршелене қоймайтын мен, сол жолы қатты ашуға булыққандығымнан өз тіліме өзім ие бола алмай қалдым.
- Қашанға дейін қорлай бересіңдер бізді, бізде адам емеспіз бе? – деп қарыс жерден қадала бергенімде...
- Немене?! Адам сиқың жоқ түріңді адам қылайын деп пе едің о, сорлы ! – деп қарқылдап күліп ала жөнелді. Зіл батпан ауыр ойдан, зықым шықса да онсыз да зіл заласы көп көңілімнің зынданға тасталғанындай күй кештім. Ешкімнің де менімен шаруасы болған жоқ. Үйде жүрген біреуінің де арашашы болайын-ау деген ниеті байқалмайды. Керісінше үптей түссе екен, үдей түссе екен деген әзәзіл, арам пиғылды аяр ниет жатыр іштерінде. Содан болар соқтығарға адам табылмай ашу үсті айғайға басуға әзір тұрса керек, Қалиқа қаптал жерден қас жауын көргендей қарсы алдымнан кетпей қойды.
- Сенің тілің шығайын деген екен ғой, көрсетемін мен саған әкірең-әкірең еткеннің қалай болатындығын, неменеңе жетісіп маған дауыс көтересің ааа? - деп одан әрмен шапши түсті.
Кішкене жасыңқырап қалсамда, соңғы күш қайратымды қайта жинап қайыра жауап беруге шамам әзер келді.
- Апамның маған арнап сақтаған мұндағы дүниелері қайда кеткен? жер көкті іздеп таба алмай қойдым ғой! – деп қызара бөртіп қырық пышаққа түскен күпті көңілімдегі көкейтесті сұрағымды қоя салғаным сол еді, Қалиқа;
- Не, басыңа жастанып жатайын деп пе едің ол дүниелерді? Баяғыда-ақ тандырдың отынына айналдырып жібергенбіз ол қоқыр-соқырларыңды. – деген кезде тұла бойымды инемен шаншығандай, өзі-өзімнен ыстығым көтеріліп, ұсқыным қаша бастады. Енді бұдан әрі сөз шығындап қажеті жоқ секілді.
Себебі кешегі әз атамның көзіндей, өткен өмірдің өзіндей болған өлмес мұра, өшпес алау өзгенің емес, өзіміздің қолымызбен отқа оранса, өгейсіп өзекке түскен өтпелі ғұмырға қалай өкпелейін? Атадан қалған асыл мұра еді ғой бұл деп, аялауды білмеген ағайынның ақымақтығына ар алдында ақталарлық қандай мағына бар?
***
Ымырт үйріліп қас қарайса да, қабынған қарсылықтың түрі қаршадай басымнан әлі арыла алған жоқ. Кешкі астан кейін кесел боп жабысқан жаңағы жаман дерт, жалғыз мені емес, жырақ жатқан Жымпитыдағы ақ әжемнің ақ адал пейіліне де айып боп тағылды.
- Дұрыс болған екен. Үйдегі заттар онсызда сыймай сығылысып жатса ол кемпір оны не істейді екен? – деп Тілеуберді көкем тісін қыршып тыныштала алмай ұзақ отырды.
- Білмеймін ғой, Ақжолға керек болады деп әуреге түсіп жүрген әйтеуір. – деп ащы сөзі аралас аяусыз мысқылдап өтті Қалиқа. Мен маңдайымнан аққан терге малшынып, ас үйден асығыс шығып кетуге амалдап отырсам да, айнала қоршап алған әлдеқандай арбаулы бір күш, отырған орнымнан ұзатар емес. Тілеубердінің қараған қарасы өңмеңімнен өтіп, өзегіме түскенде өкпеге қиса да, өлімге қимайтын ағайынның өшіге бастаған сәттерде, өлдіге балай салатынын қайтерсің!
- Көзіме шыққан сүйелдей болмай құрышы ей көзден! – дегенде барып құрықтан босаған құсалы құлындай құлшына қозғалуға күш-қуатым әзер келді. Алды-артыма қарамай алған бағытым бойынша олар отырған үйден ептеп ұзай бердім.
Қат-қабат мұң мен шер қабаттасқан сол түні, жалына жалбарынып, жабыға жалғызсыраған жайымды, жалт-жұлт еткен жарық жұлдызбен, аппақ айға қарап мұң шағудан басқан не қауһар қалды дейсіз менде? Әбден сілікпем шығып, күдікпен күн кешкеннен кейін күл-талқаны шыққан көңіл-күй көктен медет тілеп, жерден жебеу күте ме? Жоқ. Үнсіз мелшиген меңіреу даладан қайыр болмаған соң, қарақан басымның қамы үшін қалжыраған жанымды күйттеп, жағалай салынған жаңағы үйге қайыра қайта кіруге қауқар қылам ба?
- Жарық ай айтшы сен, не істейін?
- Шерлі көңіліңді бас, шемен жүрегіңді жібіт.
- Ол қолымнан келмесе ше?
- Сенің қолыңнан келеді. Келгенде қандай. Олардың өзін жек көрме, ішіндегі пендешілігін жек көр.
- Қалай, қайтіп?
- Алған бетіңнен қайтпа. Алысқа самға Ақжол, алысқа... – деп тұрғандай…
Жақсылық Мұратбек
жазушы-драматург
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.