Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Тылсымға толы «Шоко әлем» ...

15.04.2021 6805

Тылсымға толы «Шоко әлем» 12+

Тылсымға толы «Шоко әлем»  - adebiportal.kz

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау кеңесі» құрылған. Кеңестің басты мақсаттарының бірі балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген қаламгерлермен оқырман арасында байланыс орнату, жазушының балаларға арнап жазып жүрген дүниелерін насихаттау. Осы орайда балалар жазушыларымен дәстүрлі онлайн сұхбат жүргізіліп келеді. Тиісінше оқырман назарына аталмыш сұхбаттың жазбаша нұсқасын да ұсынып отыруды жөн көрдік.

Бүгінгі қонағымыз балалар жазушысы, фэнтези жанрында жазылған «ШОКО ӘЛЕМ» кітабының авторы Рүстем Сауытбай.

- Қазақ әдебиеті үшін Рүстем Сауытбай жаңа есім. Олай дейтін себебім әдеби орта өзіңді әлі де болса тани бермейді. Жалпы жазушылыққа, балалар әлеміне қалай келдіңіз?

- Иә, негізі әдебиетпен, жазушылықпен айналыспайтын едім. Журналист те емеспін. Бұған 2015 жылы «Балапан» телеарнасының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара себеп болды. Ертегім іріктеуден өтіп, бәрі содан басталды. Сол мені ынталандырды. Ертегі жаза бастадым. Кейін кітабым шықты. Сосын фэнтезиге көштім. Кішкентайымнан фантастиканы көп оқитынмын. Бізде қазақ тілінде фэнтези жоқ, өкінішке орай. Бұл қалай болар екен, сатсам өте ме, өтпей ме, оқырман қалай қабылдайды деп уайымдадым. Бірақ жақсы жүріп кетіп, екінші томын шығардық. Қазір үшіншісін жазып жатырмын.

- «Шоко әлемді» оқып шықтым. Арқалық қаласының тұрғындары Элия мен Райл басқа әлемге түседі. Бізге жат, тіршілігі бізге ұқсамайтын әлемде жүреді. Осы арадан кітаптың идеясы, компазициясы, сюжетіне тоқталсаңыз?

- Бұл романды жазарда балаларға тартымды болуын ойладым. Бірінші кезекте шоколад ойыма келді. Шоколадты барлық бала жақсы көреді ғой. Сондықтан романның аты да «Шоко әлем» болды. Олар ол жақта жүргенде осы жақтағы көп нәрсенің қадірін түсінеді. Тіпті жерде жатқан тастың өзі жай тас болмай шығады. Әр заттың өз мағынасы, өз орны болатынын түсінеді. Оған қоса жанұясына деген махаббаттары одан сайын арта түседі. Екі жас бала Шоко әлемде көптеген қиындықтарға тап болып, оң жолдан таймай, ақыры мақсаттарына жетеді. Әкелерін құтқарады. Сол жақтың тұрғындары шокилерге де көмектесіп, сиқырлы шоколад дәндерін қайтарады.

- «Шоко әлем» оқырманмен 2019 жылы қауышқан екен. Екінші томы да жарық көрді. Жазушының қажырлы еңбегі деп білемін. Кітаптың жалпы таралымы, оқырманның тілек-пікірі, сыны жайлы айтсаңыз?

- Кітаптарым белгілі кітап дүкендерінде сатылып жатыр. Осы күнге дейін кітап 5000 тиражбен шықты. Оқырман көңілен шыққан соң бұл кітапты сериялы романға айналдыруды жөн көрдім. Әлденеше том қылып жазуды жоспарлап отырмын, бұйырса. Өйткені сұраныс бар. Жақсы пікірлер келіп жатыр. Қазір орыс тіліне аударып жатырмыз. Келешекте ағылшын тіліне аударамыз ба деген ой бар.

- «Шоко әлем» кітабының 1-томы 25 тарау, 2-томы 25 тараудан тұрады. Алғашқы кітап 264 бет болса, екінші кітап 357 бет. Енді 3-томы жазылып жатыр деп естідік. Бұл кітап қанша том болуы мүмкін? Көлемді дүние балаларды жалықтырып жібермей ме?

- 3-ші том 400 беттен асады деп отырмын. Кітаптарымның мұндай көлемді болуы балаларды жалықтырмайды деп ойлаймын. Естуімше оқырмандар арасында кітабымді екі күнде оқып бітіріп жатқандар баршылық. Мәселе бет санында емес қой. Кітап қызықты болса болды. Бала оны "жұтып" қояды. Ал қызық емес кітап қаншалықты беті аз болса да, бала біраз уақыттан соң кітапты жаба салады. Бала оқығысы келмейді. Мысалы, «Хәрри Поттер» романы менікінен әлдеқайда қалың. Оның ең жұқа томы менің бірінші кітабымнан екі есе көлемді. Кейінгі томдары одан да қалың. Ең бастысы балалар кітабы қызық әрі тілі жеңіл болу керек.

- Балалар жазушы ретінде айтыңызшы, қазіргі балалар әдебиеті қандай болуы керек, қазіргі балаларды не қызықтырады?

- Бізде фэнтези жанры дамымаған. Сондақтан баста - фэнтези, оның ішінде қала фэнтезиі, сиқыршылар мектебі фэнтезиі, эпикалық фэнтези (“Жүзіктер әміршісі» сияқты), айдаһарлар туралы, басқа әлемге тап болғандар дегендей... фэнтезилер жазылу керек. Рас, қазақтың фантастикалық романдары бар. Бірақ оларды жарыққа шығарып, оқырманға жеткізу керек. Қысқасы, балалар әдебиетіне қатысты алда әлі қыруар жұмыс бар...

- Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Ербол Бейілхан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар