Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұлттық академиялық кітапханасында Т.Кәкішевтің жек...

06.09.2016 6098

Ұлттық академиялық кітапханасында Т.Кәкішевтің жеке кітапханасы ашылады

Ұлттық академиялық кітапханасында Т.Кәкішевтің жеке кітапханасы ашылады - adebiportal.kz



Ертең, яғни 7 қыркүйекте сағ 15.00-де Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстан Жазушылар Одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасы «Ғалым» залы ашылады. Залдың ашылуы аясында «Мағжан-Сәкен» кітабының тұсауы кесіледі.




Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр.


2015 жылы өмірден өткен ғалымның жеке кітапханасында гуманитарлық ғылымдар бойынша бес мыңға жуық кітап, сондай-ақ белгілі жазушылар Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтардың өмірі мен қызметіне қатысты құнды мұрағаттық құжаттар бар. Ғалымның қолжазбалары, мұрағаттық құжаттары мен басқа да материалдарынан құралған 83 папка құжат кітапханаға сыйға берілмек.


Ғалым әдеби сын мен қазақ әдебиеті тарихындағы өзекті мәселелерді зерттеуге зор үлес қосты. «Қазақ әдебиетінің тарихы» көптомдығын құрастыруға да атсалысты. «Өнегелі адамдар өмірі» сериясы бойынша жарық көрген «Сәкен Сейфуллин» кітабының авторы.


Тұрсынбек Кәкішев.jpg


Т9рсынбек.jpg


Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасын ғалымның жұбайы, филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Садыққызы Ахмет ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына тарту етті.


Кәкішев кітапханасын өте үлкен әрі қоры бай жеке кітапханалардың бірі деп атауға болады. Кітапханадан иесінің өзінің ірі тұлға екендігі – оның энциклопедизмі, кең ой-өрісі, ынта-жігері, терең білімділігі көрінеді. Сыйға тартылған туындылар қатарында араб тіліндегі сирек басылымдар және латын әліпбиіндегі қазақ балалар әдебиеті, көркем әдебиеттер, әдебиеттану, тарих, архитектура, өнер, энциклопедиялар топтамалары, анықтамалықтар, отандық журналдар, антикалық авторлардың кітаптары да көптеп табылады, сондай-ақ қырғыз, қытай және түрік тілдеріндегі туындылар да кездеседі.


Тұрсынбек Кәкішевтің кітапханасы жаңа «Ғалым» залында орналасқан. Жаңа зал ақпараттық, мәдени және білім беру міндеттерін атқарады. Негізгі міндеті: пайдаланушыларға, сол қатарда зерттеушілерге, магистранттарға, ғалымдарға ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу.


Ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасының табысталуы – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қолданыстағы дәстүрінің жалғасы, кітапхана қорын байыта түсудегі маңызды қадам. Ескеретін жайт, 2015 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалды кітап топтамасы» залы ашылған болатын, аталған залда академик М. Жолдасбековтың жеке кітапханасы орналасқан. 2016 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әкім Тарази кітап топтамаларын кітапханаға сыйға берген-ді, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әйгілі жазушы Дүкенбай Досжанның кітап топтамаларын кітапханаға жазушының жұбайы Сәуле Досжанова тарту еткен еді.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар