Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ұмтыл Зарыққан. Өртенген теңізге құлаған күн...

05.11.2019 7126

Ұмтыл Зарыққан. Өртенген теңізге құлаған күн 12+

Ұмтыл Зарыққан. Өртенген теңізге құлаған күн - adebiportal.kz

Шопенге еліктеу

Рояльдың әппақ тіліне

Айдың сүт сәулесі төгіліп

түн тұңғиық гүліндей бүр жарар.

Сәбидің деміндей кіршіксіз әуенге

сыңсыған дүние

ормандай ырғалар.

Санаңның тым алыс түкпірінде қалған түнеп,

мәңгілік жалғыздығыңды оятар осы бір сурет.

Екеумізді

осы түн бе тұтастыратын

бақытыңды қасіретіңнен ізде.

Мен дағы

ет жүрегімді

бақытсыз тауыма жерледім

көзімнің тірісінде.

Ол топырақ

ғұмырлық азаптың құрсауында қалған,

қастерлі жердің қасіреті ауыр.

Киелі аруақтар аспанын кезген,

қып-қызыл тұман ішінде

кілкіген ауыл.

Топырағынан

айырылудың не екенін

тұңғиық гүлі мен ащы күй түсінер.

Бір тілім етім көмілген жер

бүлк ете қалды

кешірсе бізді

сол ескі топырақ кешірер.

Құса

Шығыстың алып қорғаны ішінде

үйірін аңсап азынаған жылқының дауысын естіп пе ең?

қып-қызыл тұман ішінде төгілген күлтелі жалы.

Ол енді ғұмырлық арманын адақтап

қыран құс қалықтап өте алмас

қап-қара орманның түбінде қалды.

Мен оның көсіле шапқанын түсімде көрем,

Сарыөзен бойында сағымдай ойнап.

Қорғандар үстінен құландай қарғитын онда

кіл қарамойнақ.

Көзінің жасы көкірегінде сақардай қайнап

қара тұяғы қара жер бауырын тарпығаныменен

енді оны алыс сапарлар күтпес.

Қош енді, қайран азалы жануар

маңдайға симас,

тақымға бітпес.

Үрей мен өксікке толы шатқалдан

қиянға шаншылған дауыс, –

обалың кімге?!

Түп тамырынан қақ жүрегіне дейін қан толған көзбен

күдірейіп қарайды ол бізге.

Мәтін

Кенет оның алдына

қайдан жыртып алғаны белгісіз

кім шимайлап тастағаны түсініксіз

күңгірт мәтінге толы парақтар келіп қонды.

Мұжылған парақтың ескірген бетінен

өмірдің исі де

өлімнің табы да

мәңгіліктің ізі де шалынар емес.

Ашу мен налаға булыққан ызалы қолы

белгісіз парақты отқа лақтырды

от оны қабылдамады.

Ыза мен күйік кернеген кеудесі

қақ айырып топыраққа тастады

топырақ оны танымады

су ағызбады

уақыт есіркемеді.

Қайдан жыртып алғаны белгісіз

күңгірт мәтінге толы ескі парақтың

келесі беті жауған қардай

жап-жарық болып шықты.

Қарулы қолдары қаһарын төккеніменен

қақ айыруға қуаты жетпеді

отқа тастауға дәрмені бармады.

Күңгірт мәтін мен жарық парақтың тербелісінен

енді

су теріс ағатын сынды

уақыт кері жанатын сынды.

***

Мен Шығыс шатқалдарының қоңыр аюымын

Омарғазы

Шығыстың кәрі шатқалы

бар қасыретін бойына бүгіп,

бір ауық күйге батқан.

Сен елестете алмауың мүмкін,

Алтайдың қоңыр аюын

Тұрпанның құмында жатқан.

Елестете алмайсың және

ебдейсіз саусақтарымен

күзгі бараң астында,

Үркер жұлдызын аулап

Ай қармағанын,

қып-қызыл құмдар қуырған жанын

суынған тәнін.

Көл-көсір қонағасыдан кейін

сарқылған бокалдай

бос қалған кеудесін қолына алып,

Айға арзуын айтар

көкірегіне бейістің көк қанат құстары қонып.

Қарашығында кілкіген

Майлының түнін

алақанынан алардай төгіп.

Иесіз

елсіз

қып-қызыл құм ғой бұл

жап-жасыл түн ішінде,

алып айдаһардай ирелеңдеген.

Сан жылдар өткен соң

қайрылып қарағанымда,

сұп-суық қайраңнан

өзімнің бас сүйегімді көрем.

Есіме түседі сонда

байырғы кәрі шатқал

бар қасыретін бойына бүгіп

тереңге батқан.

Сонау көз ұшындағы қиырдан

қоңыр аюдай күдірейіп көрінеді ол

ішінде сан мың айдаһар булығып жатқан...

Кафка

Алты бұрышты ғаламның алыс шетіндегі

сол бір бейбақ жан

және оның шүңірек көзі

шүңірек көзде малтыған мен

мен және менің асқақ отаным

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде.

Қысқа қанаттарымыз алып аспанды қармап

тұншығамыз сонша

өз қабырғамызбен қалаған

қуыс «Қамалдың» ішінде.

Сол бір шүңірек көз

уытты

үрейлі

һам қаһарға толы,

менің ішімде де бар сондай

түпсіз меңіреу үңгір,–

шөлдегі шыңырауға құлаған

сынған сәуленің деміндей

жым-жылас ғұмыр.

Мен сол шыңырау ұшындағы

шүңірек көзден ұшып,

түнектен қайтқан

қанаты күйік құс сияқтымын.

Салқыны соққан

сан мың жылдар соқпағындағы

адамзат ар-ұятының.

Кафка –

өртенген теңізге құлаған күн

күн ішіндегі жойқын жарылыс

жарылыс ішіндегі біз

біз және біздің бейбақ отанымыз

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде

және сондай асқақ кейіпте

тіршілікті қайтадан бастасақ дейміз

жым-жылас орманның түбінде...

«Бөкен жарғақ»

Байжігіттің «Бөкен жарғағын» тыңдаймын кейде

өзімді жоғалтып алмауым үшін

өзімді өзім ұмыт қалдырмау үшін пәниге.

Қарашығымнан үгіліп

алақанымнан уылжып тұратын сонда

тұтас бір дүние.

Ықылымнан келген осы бір күйде

не құдірет барын білмеймін.

Сақ заманынан қазып алған

тас домбыра сияқты

тұнжыраймын

не жыламаймын

не күлмеймін.

Уақыттан да алыс

Кеңістіктен де биік

отырамын ылғи

бір қияның астында

үстіме бөкен жарғағын киіп.

Сұлап жатамын сосын

өзім жонған сырлы жебеден

жон-арқам жібіп

маңдайым иіп.

Ол өзі де бір

жаратылыстан тыс әуен сынды

жеті саз бенен жеті ішекке де

симайтын.

Оңай ма өз болмысыңнан арылу

әйтпесе не бар дейсің

бұл тәркі дүние де

қимайтын.

Өзіңді өзің жоғалту үшін

ұмыту үшін бір жола

«Бөкен жарғақты» тыңдағын се де

өз рухыңнан ұрлана.

Алтай

Сен оның ұшар басына шықсаң

кілкіген дүние көзіңнің ұшында қалар

сен онда соншалық такаппарланбайсың

асқақтамайсың тағы

жабығып жалғызсырамайсың және

бар болғаны Тәңірдің демін қармаған

бір үзім дұға екеніңді

үн-түнсіз ұғасың.

Терең шатқалдан жылқылар дүбірін естисің әнтек

бір ащы өксік көкірегіңді қарып.

Есіңе аласың:

қандай тарихты ұмытқаныңды

қандай киеден аттағаныңды

қайсы бесікте шетінеп

қайсы табытта оянғаныңды

өз мүрдеңді өз қолыңа алып.

Бір қанатынан таң атса

Бір қанатына күн батқан Алтай,

сен бізді кешір.

Кенеуі кепкен кәрі емшекке кеміріктенген

біз де бір – жетім

сен де бір – жесір.

Қалың қорымдар арасынан оянам ылғи

қаһарлы жолыңа,

қап-қара жаңбырлар тұрғанда құйып.

Қонарға қалқа таба алмай,

шалықтап жүрген

бір жұтым күй екенмін деймін

табаным ысып

маңдайым суып.

Мыңжылғы Мықан ағашы екен деймін,

алдымда тұрған

жапырақтары жайқалмайды екен деймін ақ қаймақ.

Бізге кектенбейді екен деймін,

бізді есіркемейді екен деймін,

азалы Алтай,

басыңда тұрмын ақ байлап.

Көрнекі сурет: www.stihi.ru


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар