Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 3...

30.03.2019 4637

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 3

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 3 - adebiportal.kz

ІІІ

 

“1919 жылғы қыркүйектің соңында, – деген көтеріңкі мәнермен бастайды В.Н.Александров пен Ю.Н.Амиантов Ф.И.Голощекиннің туғанына 90 жыл толуына арналған мерейтойлық мақаласын, – РК(б)П ОК хатшылығы орналасқан Мәскеудің Моховой көшесінің №7 үйінде қуанышты кезде су болды. Ескі коммунист Ф.И.Голощекин өзінің бозбала ұлымен қауышты. 1918 жыл басталысымен, Уралда жауапты жұмыста жүрген Ф.И.Голощекиннің отбасымен байланысы үзіліп қалды, осыдан кейін оның отбасы күйеуі мен әкесін табуға көмектесуді партияның Орталық Комитетінен өтінді. ОК хатшылығының қызметкерлері Голощекинді іздеп тауып, оны ұлымен кездестірді. Филипп Исаевич ұлына біраз уақыт көңіл бөлуге мүмкіндік тапты, ал одан соң партиядан жаңа жауапты тапсырмалар алып, олар қайтадан айырылысты. Ф.И.Голощекиннің өмірі оның өзіне де, отбасына да тиісті болмады, ол тұтасымен большевиктер партиясына арналды”.

 

Таңғаларлық жағдай: неліктен Берта Иосифовна Перельман өзінің революциялық астыртын жұмыстағы ескі жолдасы – Нарымскіге жер аударылған кезінде Туруханск өлкесіндегі оған өзі әлденеше рет хат жазып тұрған Яков Михайлович Свердловқа бұл туралы бұрын айтпаған? БОАТКОМ төрағасы өзінің жақын досы Жорждың 1918 жылдың басында қайда болғанын жақсы білді, сондықтан онымен үнемі жеделхат байланысын үзген жоқ және Мәскеудегі өзінің үйінде қабылдады...

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 1

 

Дегенмен “күйеуі мен әкесін” іздеудің өзіндік себептері болғаны анық. (Біраз уақыт өткеннен кейін Б.И.Перельман өзін-өзі өлтірді, Голощекин болса, уралдық газетте оның “өмірден әдемі өтуге” күші жетті деп жазды.) Ал Моховой көшесіндегі үйде болған кездесудің қысқа болуы ешқандай таңданыс тудырмайды. Филипп Исаевич өзі көрмеген, білмеген ұлына не айтуы мүмкін?

 

Ол бұл бозбалаға осыдан аз бұрын ғана, бір жылдан сәл артығырақ уақыт ілгеріде Екатеринбургтен өзі алып шыққан үш ауыр жәшіктің біріндегі спирттелген өзге де адам бастарының арасында жасы шамамен оның өзімен қарайлас баланың спирттелген басы болғанын айтпақ па?

 

“Филипп Исаевич Голощекиннің, Коммунистік партияның көрнекті қайраткерінің, ірі әскери және саяси қызметкердің, табанды лениншілдің өмірі туралы белгілі жайлар әзірге тіпті де көп емес”, – деп өкініш білдіреді свердловтық зерттеушілер О.А.Васьковский мен Е.И.Моисеева. Оның бер жағында, Голощекин өмірінің ең маңызды беттерінің бірі уралдық осы қаламен байланысты. Материал қолдарында болса да, уралдық тарихшылар бұл бетті мүлде көрмегендей болып, одан үнсіз айналып өтеді, Александров пен Амиантовтар секілді. Және барлық басқа да отандық зерттеушілер сияқты – соңғы кезге дейін. Бірақ бұл бетке өтпес бұрын революцияға дейінгі кезеңге қайтадан оралайық.

 

К.Т.Свердлова-Новгородцеваның жоғарыда аталған кітабындағы фотосуреттердің бірінің астына: “Свердлов, жер аударылудан оралған жолдастар тобымен бірге” деп жазылған. Сымбатты, жылы киінген, аң терісінен тігілген бөркі мен тоны бар, толық денелі ер адамдар объективке ұмсына қарап қалған. Аздап картинаға ұқсайды – сол жылдардың фотографтары өздерін суретшіміз деп атаған, сондықтан өздері де композиция жасайтын болған. Голощекин басқаларға қарағанда ерекше киінген – басында ұзын түкті аң терісінен тігілген дөңгелек малақай, үстінде түкті тері тон. Оны мұндай экзоти­ калық киінуге мәжбүрлеген сәнқұмарлығы ма, әлде Сібірдің аязы ма? Екеуі де болуы әбден мүмкін: фотоға түсер алдында оның досымен бірге ұзақ жол жүруіне тура келген.

 

“1917 жылғы наурыздың алғашқы күндерінде, – деп жазады Клавдия Тимофеевна Свердлова, – Монастырскіге “Патша үкіметі құлады!” деген қуанышты хабар жетті...

 

Жолға тез шығу керек болды. Красноярскіге дейін атпен мың шақырымнан аса жүру керек еді. Жалғыз жол – Енисей, ал оның күннен-күнге мұзы еріп, бұзылып жатты.

 

Яков Михайлович бір минутты да босқа жібермеді. Олар Жорж Голощекинмен бірге дереу жолға жиналып, жеделхат келіп жетісімен-ақ аттанып кетті...

 

...Туруханскінің ақтүтек бораны ұйытқып тұрды, әйтсе де Монастырскінің бүкіл тұрғыны дерліктей Енисейдің жағасына ағылып келіп жатты. Бәрі де Свердловтың және онымен бірге жолға шыққан Голощекиннің қолдарын қысып, оларға сәт сапар тіледі.

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 2

 

...Олар... шанадан түспей, бір минутты да зая жібергісі келмей жүріп отырды. Кейбір бекеттер мен елді мекендерде ғана ат ауыстыру үшін және... жаңа газеттерді... қарау үшін аялдады. Осылайша зулап жүре берді. Жолдың соңына қарай көптеген жылымдарды айналып өтуге тура келгеніне, сәт сайын мұздың астына кету қаупі туғанына қарамастан, Енисейскіге аман-есен жетті. Красноярскіге, Ресейге апаратын жол ашық еді!”

 

“Олар 29 наурызда жетті, – деп жалғастырады К.Т.Свердлова, – теміржол бекетіне түсе салысымен, бірден Яков Михайловичтің қарындасы Са­ рочканың үйіне тартып кетті. Ол кейін маған Яков Михайловичтің күтпеген жерден қалай жетіп келгенін әңгімелеп айтты... Сұрақтардың оннан біріне де жауап берместен, – деп еске алды Сарочка, – жолдан келген ағаны бір нәрсемен тамақтандыру керек қой деп ойлағаным сол... кенеттен Яков Михайлович қос қолымен басын ұстай алды.

 

– Жорж, ой, Жорж! – деп дауыстап жіберді ол.

 

– Неге Жорж? Қандай Жорж?

 

– Голощекин ғой. Мен оны көшеде, есіктің алдында қалдырғанмын... Жарты сағаттай тұрып қалыпты. Дұрысы – оған сен бар, әйтпесе ол мені өлтіреді, сөзсіз өлтіреді. Оны оңай танисың: мынадай ұзын, арық, сақал-мұртты, қара шляпалы. Бір сөзбен айтқанда – Дон-Кихот.

 

Сарочка далаға жүгіріп шықты да, мұңайған қалыпта, салмағын екі аяғына кезек салып, көше шетіндегі жіңішке жолда тұрған Голощекинді бірден таныды. Оны үйге ертіп келіп, Свердлов пен екеуіне шай бергеннен кейін, оларды Таври сарайына ертіп барды.

 

Дәл осы күндері... Ресейдің ең ірі қалалық кеңестері өкілдерінің бірінші кеңесі өтіп жатты...”

 

Қазаннан кейін көп ұзамай Свердлов БОАТКОМ-ның төрағасы болды.

 

Голощекинді Пермьге жіберді, ол онда губкомды басқарды. Бұл тағайындаудың, Ленин жазғандай, өз мойнына қыруар ұйымдастыру жұмыстарын алған Свердловтың қатысуынсыз болуы екіталай: оған, бәлкім, Уралда аса сенімді, сыннан өткен адам керек болған секілді. Мәселе мынада: бұрынғы патша ІІ Николай отбасымен 1917 жылдың тамызынан Тобылда, күзет астында тұрған болатын.

 

Императорды Тобылға Керенский жіберді. Неліктен дәл Тобылға? Керенскийдің өзі мұны сол кезде және кейін де: “Сібірде қауіпсіз әрі губернатор үйі ыңғайлы да жақсы”, – деп, мүлде ойға қонымсыз сылтаумен түсіндірді (ал үйді, тіпті, тұтқындарды қабылдауға дайындаған да жоқ). Патша отбасының өлтірілуі жөнінде тергеу жүргізген сұңғыла Н.А.Соколов қана басқалардың бәріне қарағанда жұмбақтың шешуін табуға жақын келді: “Патша отбасын Тобылға әкелудің тек бір ғана себебі болды. Бұл – князь Львов пен Керенскийдің нұсқауы бойынша басқалардың бәрінен аулақта, айдалада жалғыз жатқан алыс та суық Сібір, бір кезде басқалар жер аударылған сол бір өлке еді”.

 

Соңғы сөзге назар аударайық. “Басқалар” кімдер? Әрине, декабристер және басқа революционерлер. Оларды Сібірге ІІ Николайдың ата-бабалары жер аударған. Бұл жер аударылғандардың арасында масондардың да аз болмағаны белгілі. Керенский, жоғары дәрежелі масон және оның кілең “ерікті тас қалаушылардан” құралған үкіметі, сірә, ескі есептерін еске түсіргенге ұқсайды. Француз революционер-масондары тұтқындаған ХVІ Людовик король қазаға ұшырарының алдында, бір кездері король Көркем Филипптің жарлығымен отқа өртелерінің алдында төрт дүниежүзілік масондық ложаның негізін салушы, Ұлы Магистр Яков Молэ тұтқында отырған Тампль бекінісіне қамалған болатын. Масондық кек осындай. Ойы­мызды жалғастырсақ: большевиктер емес, Уақытша үкімет билік басында болған кезінде Ресей императорын өлтірсе керек еді...

 

Тіпті декабристер де төңкерістен кейін патша отбасына не істеу керектігін ойластырған болатын. Пікір екіге жарылды: біреулер монархты және оның жақындарын өлтіруді, басқалары оны шетелге жіберуді ұсынды. Лениншілдер үкімет басына келісімен ойланып жатпады. Ал олардың “бұқара” көпшілікпен санасуға мәжбүр болуы – басқа мәселе, яғни жеккөрінішті патшаны ашық та арсыздықпен жазалауға батылдары бармады. Бәлкім, жоққа сенетін қараңғы халық кенеттен дүр сілкініп, патшаны қорғауға немесе Құдайдың көлеңкесі үшін кек қайтаруға шықса ше? Тактикалық тұрғыдан алғанда, алдау, заңдылық пен әділдіктің көрінісін жасау керек еді. Міне, сондықтан да тәж киген жендетке халық сотын құрамыз деп мәлімдеді, тіпті бас айыптаушы ретінде Троцкийді тағайындап та қойды. Миллионердің ұлы патшаны халық атынан айыптауға тиіс болды. Қандай халықтың?.. Алайда сот жүргізу үшін ешкім де ештеме істеген жоқ. Екінің бірі: не большевиктер сот жасағысы келген жоқ немесе өздеріне зиян келтіріп алудан қорқып, бұл қадамға баруға тәуекел ете алмады. “Тәуекелсіздіктің” себебі тереңде жатты: ойдағы нәрсені ашық істеуге болмайтын еді.

 

1918 жылдың көктеміне дейін Романовтар губернатор үйінде барынша еркін тұрды. Егер Свердловтың өмірбаянын жазған Е.Городецкий мен Ю.Шараповқа сенер болсақ, Тобылға монархистер жылжып келе жатты, “қала қаражүздіктер әдебиетінің, Пуришкевичтің, епископ Гермогеннің үндеулерінің, монархистік үнпарақтардың астында қалды”. Авторлар, ең соңғы кезекте болса да, бірақ революциялық қырағылықпен, патша отбасының қашу қаупі бар екені туралы жазады. Алайда “контрреволюциялық офицерліктің” патшаны бостандыққа шығару үшін... бар күшін Тобылға топтастыруға ұмтыла отырып, бірақ неліктен баяулық танытқаны түсініксіз.

 

Тақ мұрагері Алексейдің тәрбиешісі П.Жильяр өзінің “ІІ Николай және оның отбасы” (“Николай II и его семья”) деп аталатын кітабында келтірген 1918 жылдың 17 наурызындағы күнделік жазбасында былай дейді:

 

“Ұлы мәртебелі, күннен-күнге өрттей қаулап өршіп бара жатқан қауіп-қатерге қарамастан, өзіне сенімді адамдардың арасынан оларды тұтқыннан босатуға тырысатын біреулердің табылатынынан үмітін үзген жоқ. Қашуға дәл қазіргі кездегіден артық қолайлы жағдайдың бола қоюы екіталай, өйткені Тобылда большевиктер үкіметінің өкілі әлі жоқ болатын. Бізге бұрыннан іш тартатын полковник Кобылинскийдің (Патша селосындағы және Тобылдағы күзет коменданты) көмегімен біздің күзетшілердің дөрекі де ұқыпсыз бақылауын алдап кетуге болар еді. Сырттан белгілі бір жоспар бойынша және табанды түрде әрекет ететін бірнеше батыл адам табылса жетеді”.

 

Алайда батыл адамдар табылмады.

 

“Біз, – деп жалғастырады Жильяр, – мүмкіндіктің кез келген жағдайына дайын тұру керек екенін патша ағзамға әлденеше рет үзілді-кесілді ескерттік. Ол мәселені мейлінше қиындататын екі шарт қойды: отбасы мүшелерінің бір-бірінен ажырауына да, біздің Ресей империясының аумағын тастап шығуымызға да келісімін бермеді”.

 

Орыс патшасы осындай. Өз шартының орындалмайтынын және аса қатерлі екенін түсіне отырып, ол туған жерін тастап кетуді тіпті қаперіне де алмайды. Және тек патшаның өзі ғана емес, Жильярға: “Мен тірі тұрғанда Ресейді ешқашан да тастап кеткім келмейді...” деген патшайым да. Ал Деникин Мәскеудің іргесіне келіп жеткен кезде, шетелге тайып тұруға дайындалып, тонап алынған алтын мен гауһарға сықа толы шабаданның – “партиялық кассаның” үстінде отырған... Ленин мен оның серіктестері секілді большевик-басқыншылар үшін бұл мүлде басқа мәселе.

 

Әйтсе де Свердловтың өмірбаянына қайта оралайық.

 

“Смольныйдағы кезеңнің өзінде-ақ Свердлов Тобылдан... дабыл соққан хабар алды...

 

Наурыздың екінші жартысында Мәскеуге Урал облыстық Кеңесінің өкілі әскери комиссар Ф.И.Голощекин келді, – деп жазады Городецкий мен Шарапов. – Ол Свердловты Тобылдағы жағдайдан хабардар етті және үкіметтен Николай Романовты Екатеринбургке ауыстыруды сұраған Уральск Кеңесінің шешімі туралы айтты. Бұл контрреволюцияның жоспарын бұзады және Романовтарды Урал жұмысшыларының сенімді күзетіне қояды” деді.

 

Свердлов Уральск Кеңесінің шешімімен келісті. БОАТКОМ Төралқасы Николай Романовты Екатеринбургке ауыстыру жөніндегі шешімді жоспардың орындалуы үшін және Николай Романовты оның үстінен жүретін соттың ұйымдастырылуына дейін күзету үшін жауапкершілікті облыстық Кеңес және Голощекиннің өзі жеке мойнына алады деген шартпен бекітті”.

 

Тіпті осы бір қысқа үзіндіден-ақ авторлардың өзіне-өзі қайшы келіп және мәселені аяғынан басына қарай қойып отырғаны көрініп тұр. Яков Михайлович, әрине, патшаның жағдайын өзі мұқият қадағалады және облыстық әскери комиссар Голощекиннің іс-әрекетіне бағыт беріп отырды, бірақ керісінше емес. Турасына келгенде, ол Филипп Исаевичті, өзінің “Жоржын” Мәскеуге одан толық есеп алып, одан арғы нұсқауларын беру үшін шақырып алды деуге болады.

 

Жергілікті билік патша отбасын Екатеринбургке ауыстырудың барлық қитұрқысы мен қыр-сырын білген жоқ, мұның өзі кімнің дирижер, кімнің орындаушы болғанын тағы бір рет дәлелдейді.

 

 

ІІ Николай күнделігіне былай деп жазды:

 

“17 сәуірде Екатеринбургке келдік. Бір стансыда 4 сағат тұрдық. Осы жердің және біздің комиссарлардың арасында үлкен түсініспеушіліктер болды. Ақыр аяғында алғашқылар жеңді. Пойыз басқа тауар стансысына бағыт алды. Яковлев бізді осындағы облыстық комиссарға тапсырды да, онымен бірге біз үшеу болып моторға отырып, бос көшелермен бізге арналып дайындалған Ипатьев үйіне қарай жүріп кеттік...”

 

 

Тергеуші Николай Алексеевич Соколов “Патша отбасының өлтірілуі” (“Убийство царьской семьи”) атты кітабында былай деп жазады:

 

“1918 жылдың көктемінде Екатеринбургте темір жол бойында кісі атумен шұғылданатын айрықша отряд болды. Оны кеңес гаражында шопыр болып істейтін крестьянин Парфений Титов Самохвалов басқарды.

 

Самохвалов тергеуде мынаны айтты: “...Үйден комиссар Голощекин, комиссар Авдеев және тағы да әлдекімдер шықты (Голощекин мен Авдеевтен басқа тағы екі адам шықты), біз бәріміз автомобильге отырып, Екатеринбург-І стансысына жүріп кеттік...

 

Біз Екатеринбург-І стансысына келген кезде, мен мұндағы халықтан Екатеринбургке Патшаны әкелгенін естідім. Голощекин стансыға жүгіріп кетті де, біздің Екаберинбург-ІІ-ге баруымыз керек екенін айтты. Онда біз машинамен солдаттар қоршап алған І класты вагон тұрған жерге бардық. Одан Ұлы мәртебелі Император, Ұлы мәртебелі патшайым және олардың қыздарының біреуі шықты... Оларды менің машинама отырғызды... Біз қайтадан мен жоғарыда айтқан дуалмен қоршалған үйге бардық. Мұнда бәрі Голощекиннің әмірінде болды. Біз үйдің жанына келгенде, Голощекин Патша ағзамға: “Азамат Романов, Сіздің шығуыңызға болады”, – деді. Патша ағзам үйге кірді. Дәл осылайша Голощекин Патшайымды, Княжнаны және сонша адамнан­ тұратын қызметшілерді үйге кіргізді...

 

Патша ағзамды үйге әкелген кезде үйдің жанына халық жинала бастады. Сол кезде Голощекиннің: “Чрезвычайка, қайда қарап тұрсыңдар?” – деп айғайлағаны есімде. Халықты қуып таратты”.

 

Соколов: “Голощекин, Юровский және Заславский (Бұған дейін-ақ, 1918 жылдың 13 сәуірінде, Заславский қызылармияшылар отрядын бастап, Патша отбасын күзету құқығын Омскінің “сенімсіз” қызылармияшылар отрядынан тартып алу үшін Екатеринбургтен Тобылға келген болатын. Бірақ Заславский оны істей алмады) Патша отбасы Екатеринбургке келген алғашқы сәттен бастап оларға билік жүргізгендердің дәл өзі болды” деген тұжырым жасайды.

 

Белобородов Мәскеуге мынадай жеделхат жолдады: “БОАТКОМ Свердловқа Халком кеңесінің төрағасы Ленинге отызыншы сәуір күні сағат 11-де мен комиссар Яковлевтен бұрынғы патша Николай Романовты бұрынғы патшайым Александраны және олардың қызы Марияны қабылдап алдым нүкте Олардың бәрі қарауылмен күзетілетін үтір оңаша үйге орналасты нүкте”

 

Егер бұған дейін Мәскеуге жіберілген барлық хабарламалар Свердловтың атына жолданылып келген болса, онда енді басқа мекенжай иесі – Ленин пайда болды.

 

Осыдан бастап инженер Ипатьевтің оңаша үйін большевиктер “Айрықша қызмет үйі” деп атады. Атауы­ның өзінде алдын ала ойластырылған зұлымдық жатты...

 

“Императордың Екатеринбургке келуі, – Соколовтың жазғанындай, – өкімші Голощекиннің келбетін ашты”. Тек ол ғана емес! “Өкімшінің” ашыққа шығуы Қазан төңкерісінен кейін іле-шала Свердлов ескі жолдасы “Жоржды” өзінің Уралдағы іс жүзіндегі өкілі етіп не себепті жібергенінің шынайы мән-мағынасын ашып берді. Большевиктер үкімет басына келісімен Ресей императорына шұғыл түрде өлім жазасын кесу ұйғарылды. Және оны орындаушылар да белгіленді. Міне, неліктен “Дон-Кихот” өзінің болашақ құрбандығын дайындалған қақпанға әкелерде ешкімге де сенбеді.

 

Патшамен бірге тұтқында оның әйелі Александра Федоровнадан басқа бүкіл отбасы: қыздары – жиырма екі жастағы Ольга, жиырма жасар Татьяна, он сегіздегі Мария, он алты жасар Анас­ тасия және емделмейтін ауру ұлы – он төрт жастағы Алексей болды.

 

 

ІІ Николай өзінің көп жылғы дағдысын өзгертпей, күнделік жүргізген (ол Қазан революциясы Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталуда):

 

“...Үй жақсы, таза... Жуынатын бөлмеге бару үшін қарауыл бөлмесінің есігі алдындағы күзетшінің жанынан өту керек. Үйдің айналасы терезеден екі сажын әрідегі биік ағаш дуалмен қоршалған. Онда бес күзетші тұрады, бақшада да...

 

2 мамыр. Түрме тәртібіндегі өмір жалғасуда. Тағы бір ерекшелігі – таңертең кәрі сылақшы барлық бөлмелердегі әйнектерді әкпен ақтап тастады. Терезенің сыртынан тұман басып тұрғанға ұқсайды. Комиссарлардың біреуі үнемі бақта болып, оның ішін, бізді және күзетшілерді бақылады...”

 

 

Түрмедегі жағдайға ешкім шағым жасаған жоқ, соған қарамастан моральдық қысым күшейе түсті.

 

Күзетші Якимов тергеуде: “Олар кейде ән айтатын. Мен діни әндерді еститінмін. Олар Херувимск әндерін айтты...” – деп көрсетті. Ал күзет маскүнемдікке салынып, улап-шулады. Көп ақшаға және артына із қалдырмайтын жұмысқа тартылған күзетшілер тұтқын патша отбасына кез келген иттікті істеуге тырысып бақты: княжнаны әжетханаға ертіп барып, оның есігін сыртынан арқасымен итеріп жауып тұрды, қабырғаларға әртүрлі жаман сөздер жазды, әдепсіз суреттер салды, “Сендер қашып құтыла алмайтын күрестің құрбаны болдыңдар”, “Ескі дүниемен арамызды үземіз”, “Бір кісідей, жолдастар, аяқтан тұрайық!” секілді революциялық әндерді өңештерін жырта әндетті.

 

ІІ Николай күнделігіне мына жолдарды түсірді: “6 мамыр. 50 жасқа дейін жеттім, тіпті өзім үшін де таңғаларлық...”.

 

Патша қыздарымен бірге күн сайын баққа шығып отырды, Алексейді қолынан жетектеп жүрді – оның аяғы ауыратын. 16 шілде күні олар ештеңеден күдіктенбей-ақ бақта соңғы рет серуен құрды.

 

Айтса да, шынымен-ақ, ештеңеден күдіктенбейді ме? 14 шілдеде священник Сторожев Ипатьев үйіндегі діни ғибадат рәсімін соңғы рет жүргізді. Құдайға құлшылық ету комендант Юровскийдің қадағалауымен өтті. Сторожев: “Ғибадаттың тәртібі бойынша “Со святыми упокой” дұғасын белгілі бір жерде оқу керек. Бұл жолы, неге екені белгісіз, диакон (Құдайға құлшылық еткенде православие шіркеуіндегі попқа жәрдемші діни қызметкер. – ауд.) бұл дұғаны оқудың орнына әндетіп айта бастады, оған қосыла мен де әндеттім, бірақ жарғының бұлайша бұзылуынан біраз абдырап қалғандықтан, әрең әндете бергеніміз сол еді, кенеттен менің арт жағымда тұрған Романовтар отбасы мүшелерінің тізерлеп жығылған дыбысы құлағыма шалынды”, – деп еске алды.

 

17 шілдеге қараған түні ІІ Николай мен оның отбасын атып өлтірді.

 

Ф.И.Голощекин облыстық әскери комиссар ретінде сотсыз және тергеусіз кісі өлтірудің (тек ІІ Николайдың өзін ғана соттауға дайындалғандары мәлім) тікелей ұйымдастырушысы да, басшысы да болды.

 

Бұл оқиға туралы бізде өте аз әрі атып өлтірудің ешқандай да егжей-тегжейін еске алмастан және неге екені белгісіз, осы актіні ұйымдастырушылардың рөлін бұлыңғырлатып, әдеттегідей немкетті жазылды.

 

М.К.Касвинов “Төмен қарай жиырма үш баспалдақ” деген көлемді кітабында (“Двадцать три ступени вниз”. – М., 1978) атып өлтіруге бір жол арнады:

 

“17 шілдеге қараған түнде бәрі бітті...” Г.З.Иоффе “Ұлы Қазан және патшалықтың ақыры” монографиясында (“Великий Октябрь и эпилог царизма”. – М., 1987) патшаның және оның отбасының атып өлтірілу сәті туралы мүлде жазбайды.

 

Ондаған жылдар бойы “жоғарының” үнсіз нұсқауына құлдық ұрған партия мен революцияның штаттағы кеңестік тарихшылары нені айтпай жасырып қалды?

 

Қанды қасап төменгі қабаттағы, жертөледегі бөлмелердің бірінде іске асырылды. Бұл қараңғы қоймаға тірелетін тұйық бөлме болатын. Вознесенский көшесіне қараған жалғыз терезе сырт жағынан жерге тереңдеп қағылған темір шарбақпен қоршалған. “Осы бөлменің таңдалуының өзі-ақ айтып тұрғандай, кісі өлтіру қатаң ойластырылған, – деп тұжырымдайды Соколов. – Бұл бөлме – нағыз зындан. Біздің ескі заңымыз мұндай жолмен кісі өлтіруді “нағыз оңбағандық” деп атаған”.

 

Ақтар Екатеринбургті алғаннан кейін оқиғаға қатысқандарды тергеудің сәті түсті.

 

Күзетші Проскуряковтың куәлік етуі бойынша: “Кешкісін Юровский Медведевке: “Патша отбасы түнде атып өлтіріледі”, – деді және бұл туралы жұмысшыларға ескертуге және күзетшілердің қаруларын алуға бұйрық берді. Пашка Медведев Юровскийдің бұйрығын дәлме-дәл орындады. Түнгі сағат 12-де Юровский патша отбасын оятты да, олардың бәрінің киініп, төменгі бөлмеге түсуін талап етті. Медведевтің сөзі бойынша, Юровский патша отбасына: Түн “қауіпті” болады... көшеде атыс болуы мүмкін...” деген түсінік беру керек деген секілді. Олардың бәрі екі қатар болып тұрды. Юровскийдің өзі оларға әлдебір қағазды оқыды. Патша ағзам аяғына дейін тыңдамай, Юровскийге: “Не?” – деп сұрақ қойды. Ал ол Пашканың сөзі бойынша, алтыатар ұстаған қолын жоғары көтеріп және оны көрсетіп, патша ағзамға: “Міне, не!” – деп жауап берді. Олардың бәрін атқаннан кейін, Андрей Стрекотин, мұны маған оның өзі айтқанындай, барлық асыл бұйымдарын шешіп алды. Оларды сол сәтте-ақ Юровский алып, жоғарыға кетті”.

 

Қарауылшы Якимов те өзін қорғаштап, басқаның сөзімен куәлік етті:

 

“Алдында Юровский мен Никулин бара жатты. Олардың соңынан Патша ағзам, Патшайым және қыздары Ольга, Татьяна, Мария және Анастасия, сондай-ақ Боткин, Демидова, Трупп және аспазшы Харитонов жүрді. Мұрагерді Патша ағзамның өзі қолынан жетектеп алды. Олардың соңынан Медведев және латыштар, яғни төменгі бөлмелерде тұрған және Юровский “төтеншеден” шығарып тастаған сол он адам жүрді. Юровский Патшаға: “Николай Александрович, Сіздің туысқандарыңыз Сізді құтқарғысы келді, бірақ олар мұны істей алмады. Ал біз Сізді өзіміз атып өлтіруге мәжбүрміз”, – деді. Іле-шала... бірнеше оқ атылды. Бәрі тек қана алтыатардан атылды. Алғашқы оқтар атылысымен, “шырылдаған әйел дауысы” шықты. Оқ тигендер бірінен кейін бірі құлап түсіп жатты. Бірінші болып Патша құлады, одан кейін – Мұрагер. Демидова әбігерге түсіп, бетін жастықпен жауып алды. Оны сүңгімен шаншып тастады... Олар жерде сұлап жатқан кезде бәрін қарап шығып, кейбіреулерін қайталап атты және сүңгімен шанышқылады. Алайда патша отбасы мүшелері ішінен олар сүңгімен шанышқыланған деп тек Анастасияны ғана атады... Әлдекім жоғарғы бөлмеден бірнеше ақжайма әкелген болу керек. Өлгендерді осы ақжаймаға орай бастады...”

 

Большевик Павел Медведев Юровскийдің күзеттегі сенімді адамы болды. Ол 16 шілде күні кешкі сағат 19-да түнде Романовтарды өлтіретінін білді. Урал коммунистері әлі “мәселені” талқыламаған және патшаны өлім жазасына кесу туралы бірауыз­ ды шешімге келмеген болатын, ал Юровский болса, бұл кезде күзет бастығына: “Бүгін, Медведев, біз әулетті атып өлтіреміз, бітті”, – дегенді айтып та қойған. Және егер атылған оқтың дауысын естісе, әуре-сарсаңға түспеу үшін сағат 10-ға таман командаға ескерт дегенді қосып айтты.

 

 

Медведев тергеуде былай деді: “Түнгі сағат 12-де комендант Юровский патша отбасын оята бастады.

 

Николайдың өзі және оның бүкіл отбасы, сондай-ақ доктор мен қызметшілер тұрып, киініп, жуынып, шамамен бір сағат уақыт өткенде, барлық он бір адам өз бөлмелерінен шықты... Төменге түскеннен кейін олар үйдің шеткі қанатындағы бөлмеге кірді... Барлығы 22 адам жиналды: атылуға тиіс болған 11 адам және ол бәрінің есімдерін атаған қарулы 11 адам... Бәрі атылып, әрқайсысы әр жаққа қарап еденде жатты, олардың маңайы тола қан еді, оның үстіне, қан “бауыр” тәрізді ұйып қалған қою болды: сірә, патшаның ұлы Алексейден өзгелерінің бәрі өлген секілденді. Алексей әлі дірілдеп жатты. Юровский тапаншамен Алексейді тағы да екі рет атты, сонда барып ол жансыз сілейіп қалды.

 

Мен көргенде патша отбасы мүшелерінің ешқайсысы да ешқандай сұрақ берген жоқ, жыламады да, өксік те, көз жасы да болған жоқ”.

 

 

Челябинскілік әдебиетші Игорь Непеин кеңестік оқырмандардың қолы жетпейтін кітаптың беттерін бірінші болып “парақтады”. Н.Соколовтың, П.Жильярдың, Р.Вильтонның және басқалардың кітаптарына сүйене отырып, ол 1988 жылдың қарашасында “Уральская новь” газетінде 1918 жылдың шілдесінде Екатеринбургте жасалған сұмдық қылмыс туралы айтты. Алайда Непеиннің тұжырымдары мүлдем ақылға қонбайды. Ол былай дейді: “Ипатьев үйінде заңсыздық пен бетімен кетушілік орын алды: тұтқындардың, олардың балаларының да өмірі мен өліміне бақылаудан тыс заңсыздықпен қол сұғылды. Оларды кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ жазаның орны мен мақсаты көрсетілмей әрі қылмыс құрамы жоқ жағдайда ажал құштырды. Бұл, әлде, кейін отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдардағы Сталиннің кезіндегі жаппай атып өлтіру мен қуғын-сүргінге алып келген алғашқы нышандардың бірі емес пе?”

 

Алайда патша мен оның отбасын атып өлтіру секілді маңызды шешімнің “бақылаудан тыс” қабылдануы мүмкін бе еді? Мұның алдындағылардан белгілі болғанындай, орталық Романовтардың тұрғын орнын ауыстыру мен тағдырын мұқият түрде қадағалаған, “жергілікті өнерпаздықтың” жолын қатаң түрде кесіп отырған, демек, осындай жағдайда Голощекин секілді соншама орындампаз да тәртіпті қызметкер өз бетімен ештеме істей алмауға тиіс. Ең болмағанда, ол сөзсіз “мәселені келісер” еді, керісінше үкіметті жалаңаш фактінің алдына тізерлетіп әкелмес еді. Оның үстіне, осы күндердің барлығында жеделхат байланысы қалыпты жұмыс істеген.

 

“Ленин туралы естеліктерде” (“Воспоминания о Ленине”) Н.К.Крупская бұл оқиға жөнінде: “Чехословактар ІІ Николай түрмеде отырған Екатеринбургке жақындап қалды. 16 шілдеде оны және оның отбасын біздің адамдар атып өлтірді, чехословактар оны құтқара алмады, олар Екатеринбургті 23 шілдеде ғана алды” деп шындықты жазған. Әлі алда бір апта бар болатын (әрине, бұл туралы ол кезде білген жоқ). Бәлкім, патша отбасын атып өлтіруге бел бумаған шығар? Алайда құмарлық зорлаудан да күштірек: егер ІІ Николайды шынымен де соттағысы келген болса, онда, әрине, қалған күндерде оны бұл жерден алып кеткен болар еді – әскери комиссар Голощекиннің өзі және басқалар тасаға жасырынып қала алды ғой. Бірақ олар патша отбасын басқа жерге көшіруге тырысқан да жоқ.

 

Қысқасы, Романовтарды қайтадан көшіру ешкімнің ойына да келген жоқ: оларды Екатеринбургке ол үшін әкелген жоқ қой... ...Бұған дейін, 4 шілдеде, Голощекин ІІ Николай мен оның отбасына қатысты арнаулы нұсқау алу үшін Мәскеуге Свердловқа келген болатын. Ол Свердловтың пәтеріне келген бетте-ақ Белобородовтан Екатеринбургтегі оқиға туралы жеделхатпен хабарлама алды. Онда чекист Юровский Айрықша қызмет үйінің жаңа коменданты болды, ал жергілікті тұрғындардан құралған күзетті бәрін латыштар деп атайтын “төтеншенің” интернационалистері ауыстырған. Голощекин Мәскеуден Екатеринбургке 14 шілдеде, патша отбасын атып өлтірердің алдында оралды. Оның оралуы уақыт жағынан Юровскийдің адам өлтіруге дайындалып жатқан бірқатар іс-шараларымен тұспа-тұс келді.

 

Екатеринбург Кеңесінің 1918 жылдың 17 шілдесіне қараған түнде Романовтардың тағдырын шешкендей болған отырысы “еңбекші бұқараны” алдауға арналған әдеттегі партиялық қойылымнан артық еш нәрсе емес еді. Юровский былай деп еске түсіреді:

 

 

“16. 7-де (16 шілдеде – ауд.) Пермьнен Р-дың (Романовтардың) көзін жою туралы... бұйрық бар шартты тілдегі жеделхат келді.

 

16-сы күні кешкі 6-да Филипп Г-н (Голощекин) бұйрықты орындауға нұсқау берді. Сағат 12-де мәйіттерді әкету үшін машина келуге тиіс болды...” Бір тәуліктен кейін түн ішінде Алапаевскіде Белобородовтың бұйрығы бойынша ұлы князь Константин Романовтың үш ұлын және сонымен бірге басқа екі Романовты – ұлы князь Сергей Михайловичті және ұлы княгиня Елизавета Федоровнаны жер жастандырды. Император үйінің мүшелерін иесіз қалған рудниктің шахтасына лақтырып тастады.

 

Патшайымның туған сіңлісі Елизавета Федоровна қайырымдылығымен белгілі сұпы, көзкөргендердің куәлік етуінше, “тек қана шоқынып: “Тәңірім, оларды кешір, не істеп жатқандарын білмейді”, – деп дұға қайырған. Арада үш ай өткенде олардың мәйіті табылды, сонда шахтаның бір кертпегінде Елизавета Федоровнамен қатар жатқан құрбандықтардың ішінде қолы таңылған біреуі болды. Бар сүйектері сынғанына және басының қатты жарылғанына қарамастан, Елизавета Федоровна мұнда да өзіне жақын жатқан адамның күй­ зелісін жеңілдетуге тырысқан”.

 

Бұдан аз бұрын, 13 шілденің түнінде, Пермьде ІІ Николайдың туған бауыры Михаил қаза тапты – “пролетарлық кектің” “жабайы актісін” қоластындағы чекистерімен және милиционерлермен бірге, Мотовилихинск Кеңесінің Төрағасы Гавриил Мясников жүзеге асырды. Кекшілдер ұлы князьға жалған құжат көрсетіп, оны және хатшы Джонсонды қала сыртына алып барып, орманда атқан.

 

Бұл кезге дейін Ресейді тастап кетпеген Романовтардың бәрінің бір ғана жерден – Уралдан табылуы кездейсоқ па? Олардың жақын адамдарымен және қызметшілерімен бірге біреуі де қалмастан және бірден жойылуы да кездейсоқтық па? Әрине, жоқ. 1613 жылы патшалық тәжін Ипатьевск монастырында киген Романовтар әулетінің Ипатьев үйінде, Ипатьев қапасында үзілуі кездейсоқтық па? Бәрінен көрініп тұрғанындай, жаза алдын ала ойластырылған, Орталықтан белгіленген.

 

ІІ Николайдың және император үйі мүшелерінің тағдырын шешкендер нендей адамдар?

 

Басты адамнан – “бұқара тобырдың” алдында өзінің шынайы бейнесінде көрінуді мүлде ұнатпайтын “әкейден” бастайық. Надежда Константиновна жас Владимир Ильич өмірінің нақты егжей­тегжейін еске түсіреді, ал “...нақтылық, – дейді Шерлок Холмс, – бір стақан сүттің бетіндегі шыбындай көзге айқын көрініп тұруы мүмкін”. Шушенскіде аңға шыққан Ильич бірде судың ортасындағы аралға ұқсаған жерге тап болады, арал қайда қашарын білмей үрейі ұшқан қоянға толы болып шықты, бірақ бұған қарап, ол Мазай атайға ұқсағысы келмеді. Қайықтың ескегімен қаруланған ол “біздің кіші бауырларымызды” қалауынша соғып алғаны сондай, қайықтың түбі ауырлықтан майысып кетті. Риза болған әйеліне: “Әлі де ала түсетін едім, бірақ салатын орын болмады”, – деп көңілді шағым жасады. Бәлкім, біреулер жер аударылған байғұс марксистер Ленин мен Крупская Шушенскіде мұқтаждыққа тап болып, аң аулап өмір сүрген екен деп ойлайтын шығар? Жоқ, олар қоян аулап күн көруге мәжбүр болған жоқ, апта сайын жас марксистерге қой сойып әкеліп тұрды, ал қой етінен жалыққан кезде олар шаруалардан бұзау етін сатып алатын.

 

Енді басқа революционердің өмірінен азғана дерек келтірейік. Екатеринбург түрмесінде отырған жас Яков Михайлович Свердлов социал-демократ достарымен бірге атжалманды жіпке іліп қойып немесе оны дәрет шелегіне батырып қызықтайтын болған.

 

Көріп отырғанымыздай, пролетариаттың болашақ көсемдерінің бейімділік ыңғайы сол кездің өзінде-ақ профессор Ломброзоның, қылмыстық типтердің білгірінің белгілі бір байсалды назарын аударуына әбден лайық болатын. Енді басқалар туралы.

 

Большевик П.Ермаков 1907 жылы полиция агентін өлтіріп, оның басын кесіп алды.

 

Большевик Г.Мясников пермьдік архиепископ Андроникті ұзақ қинап, одан соң оны тірідей жерге көмді және сол үшін Дзержинскиймен әңгімелесу құрметіне ие болды.

 

Михаил Романовтың тағы бір баскесері большевик Марков революцияға дейін-ақ кісі өлтіргені үшін сотталған болатын, ал Ұлы Қазаннан кейін қолы шынтағына дейін қанға боялды. Ол одақтық дәрежедегі зейнеткер кезінде, бірде: “1918 жылы Мәскеуде іссапарда болғанымда, мен бір шаруамен жолдас Я.М.Свердловқа келдім. Ол мені В.И.Ленинге ертіп кірді, ал ол менен Михаил Романовтың көзі қалай жойылғанын сұрады. Мен оған: “Бәрі ың-дыңсыз істелді”, – дегенімде, ол: “Міне, жақсы, дұрыс істегенсіз!” – деді” деп, сарымайдай сақтап келген бар құпия сырын ашып тастады. Марков Михаилдың хатшысы Джонсонның күміс сағатын жымқырған.

 

Голощекин... Революция тарихшысы В.Л. Бурцев ол туралы тергеуші Соколовқа былай дейді: “Мен Голощекинді білемін және оны Сіз маған көрсеткен карточка бойынша білемін. Бұл – дағдылы лениншіл. Ол – бұрынғы көптеген большевиктік үйірмелердің ұйымдастырушысы және әртүрлі мүмкін болған экспроприацияға қатысушы. Бұл – қаннан қорықпайтын адам. Бұл белгі оның бітім-болмысынан айқын көрініп тұрады: бойында кейбір азғындық белгілері бар жендет, зұлым”. Дәрігер Деревенько: “Жергілікті большевик Юровский Голощекиннің алдында бозарады”, – дегенді қосты.

 

Яков Михайлович (Янкель Хаимович) Юровский – Сібірге айдалған қылмысты іспен айыпталушының ұлы. Өзінің сағат сататын жеке дүкенін, одан соң фотография ашып, онда Екатеринбургтің ең бай адамдарын суретке түсірді. Кейіннен ол басқарған “төтенше” (ЧК) адамдарды дәл соның фотографиялық картотекасы бойынша тонады. Жағымпаз, зымиян әрі зұлым ол Голощекинге әбден лайық еді. Бауыры Лейба Янкель “адамдарды жәбірлеуді ұнатады” десе, Лейбаның әйелі Эле Лея оны “рақымсыз жауыз әрі қатал қанаушы” деп санады.

 

1919 жылдан төтенше комиссариаттың бастығы Юровский Екатеринбургте, қалалық партия ұйымының басшысы әйелімен және жергілікті комсомол жетекшісі қызымен сәнді де кең оңаша үйде тұрды. Тату отбасы. Ол туралы тура бірінен-бірі туғандай тағы да үш пікір: “барып тұрған ісі біткен қылмыскер” (С.Мельгунов), “салқынқанды жендет” (С.Гибс), “үміт күтерлік коммунист” (В.И.Ленин).

 

Александр Григорьевич Белобородов (Янкель Исидорович Вайсбарт) – он алты жасынан большевик. 1918 жылдың қаңтарында Урал облыстық Кеңесінің төрағасы болды. Осы қызметінде жүріп, ірі тонаушылық үстінде ұсталды да, соның көмегімен көп ұзамай РСФСР-дің Ішкі істер министрі лауазымына дейін көтерілді. Серіктестері 1938 жылы көзін жойды.

 

Комендант Юровскийдің басшылығымен 1-інші Камышловск полкінің жеті ерікті-интернационалисі әрекет етті, олар: Андреас Вергази, Ласло Горват (дәрігер Боткинді өлтірген), Виктор Гринфельд, кейіннен атағы шыққан Имре Надь, Эмиль Фекете, Анзелм Фишер, Исидор Эдельштейн және жергілікті тұрғындардан алынған үш күзетші: Ваганов, Медведев және Никулин.

 

“Бұл “революция серілерінің” моральдық келбетін, – деп жазды тарихшы С.Наумов, – маскүнемдіктің, патша мүлкін жымқырушылықтың, сондай-ақ тонаушылықтың көптеген фактілері бойынша айтуға болады. Мәселен, Романовтарды өлтіруге қатысқанының “сыйақысы” ретінде Медведев бір жұп ерлер шұлығы мен әйел көйлегін алды”. Соны­ мен бірге ол 60 сом ақша, 3 күміс сақина және бірнеше беторамал ұрлады”.

 

Атып өлтіруден кейін таң ата тонау басталды. Юровскийдің бөлмесі зергерлік асыл бұйымдар мен қымбат заттарға толып кетті. Қарқылдап күліп, әдепсіз, былапыт сөздер айтып, көңіл көтерді. Патша мундирін киіп алып, көңілді маршқа басты. Көрініп жатқанның бәрін өздеріне тасыды... Кейінірек Мәскеуге алтын мен гауһардан өзге үш вагон зат жөнелтілді. Бәрі партаппаратқа (партиялық аппарат — ауд.) таратылды, халкомдардың (Халық комиссарлары — ауд.) әйелдері патша отбасының асыл тастарын көргенде талып түсті. Жергіліктілерге де бір нәрселер қалды, мысалға, күзет сарбаздары жүздеген затты қармап қалды. Чекист Сахаров ұлы княжна Анастасияның көгілдір бирюзадан көзі бар алтын сақинасын олжалады. Дидковский жақын танысына етік сыйлады. Голощекин Мәскеуге бара жатып пойызда аткомның (атқару комитетінің – ауд.) қазынашысы большевик әйел Голубеваға әйел ботинкасы мен жастық тарту етті. Голубева сый­ лыққа аса риза болып, жастықты “тарихи” деп атады.

 

Мәскеуге мынадай жеделхат жөнелтілді:

 

“Халком кеңесінің төрағасы жолдас Ленинге БОАТКОМ төрағасы жолдас Свердловқа Екатеринбургтен жұмысшы-шаруа үкіметі облыстық Кеңесі төралқасының аппаратынан Дұшпанның Екатеринбургке төніп келе жатуына және төтенше комиссияның бұрынғы патша мен оның отбасын ұрлап әкетуді мақсат еткен ақ гвардияшылардың үлкен астыртын сөз байласуын ашуына байланысты нүкте құжаттар біздің қолымызда нүкте облыстық Кеңес төралқасының қаулысы бойынша 16 шілде күні түнде Николай Романов атылды нүкте оның отбасы сенімді орынға көшірілді. Осы себепке байланысты біз төмендегі хабарламаны тараттық контрреволюциялық банданың қызыл астана Уралға жақын келіп қалуына және үтір тәж киген жендет халық сотынан қашып құтылуы мүмкін екендігін ескеріп жақша оның өз басын және отбасын ұрлап әкетуге ұмтылған ақ гвардияшылардың астыртын сөз байласуы ашылды және олардың абыройын төгетін табылған құжаттар жарияланатын болады жақша облыстық кеңес төралқасы революцияның еркін орындай отырып, орыс халқына қарсы сансыз көп қанды зорлық-зомбылық үшін кінәлі үтір бұрынғы патша Николай Романовты атуға қаулы етті 1918 жылдың 16 шілдесі күні түнде бұл үкім іске асырылды онымен бірге күзет астында болған Романовтар отбасы қоғамдық қауіпсіздік күзетінің мүддесіне сай Екатеринбург қаласынан көшірілді нүкте облыстық кеңес төралқасы нүкте атаған құжаттың редакциясына сіздердің рұқсатыңызды сұраймыз астыртын сөз байласу құжаттары жедел түрде шабарман арқылы Халком кеңесіне және Орталық АТКОМ-ға жіберіліп беріледі аппаратта хабарлама күтеміз шұғыл жауап берілуін сұраймыз­ аппаратта күтеміз...”

 

Кездейсоқ па, әлде жоқ па, бірақ мәтіндегі датада қате бар. Алайда өлім жазасын алған патшаның “көшірілген отбасы” туралы Урал облыстық Кеңесінің мүшелері “қызыл астана Уралдың” тұрғындарын алдап әдейі өтірік айтты.

 

Енді Төтенше комиссия ашты делінген “ақ гвардияның үлкен астыртын сөз байласуы” туралы. Кейіннен анықталғанындай, оны “ақ гвардияшылардан” ІІ Николайға арнап фактілерге негізделген хатты құрастырған Урал кеңесі аткомының мүшесі П.Войковтың көмегімен чекистердің өздері ойлап тапқан болып шықты.

 

18 шілдеде БОАТКОМ-ның отырысы болды. №1 хаттамадағы жазу: “Тыңдалды – Николай Романовтың атып өлтірілуі жөніндегі хабарлама (Екатеринбургтен келген жеделхат). Қаулы етілді: Талқылай келіп, төмендегідей қарар қабылданды: БОАТКОМ өзінің төралқасы атынан облыстық кеңестің шешімін дұрыс деп таниды...”.

 

Дәл сол күні, Е.Городецкий мен Ю.Шараповтың жазғанындай, Халком кеңесі кезінде бөлмеге Свердлов шапшаң кіріп келді. “Ол Лениннің ту сыртындағы өзінің әдеттегі орнына жайғасты...

 

Н.А.Семашко денсаулық сақтау жөніндегі жобаны баяндап болған кезде Свердлов Ильичке еңкейіп, оған бір нәрселерді айтты. “Жолдастар, – деді Ленин жиналғандарға қарап, – Свердлов кезектен тыс хабарлама жасау үшін сөз сұрайды”.

 

“Менің айтайын дегенім, – деп бастады Свердлов, – жаңа ғана Екатеринбургтен хабар келді. Чехословак бүлікшілері және ақ гвардияшылар қала іргесіне келіп жетті. Қалаға қауіп төнуіне байланысты облыстық Кеңестің қаулысы бойынша, бұрынғы патша Николай Романов атып өлтірілген. БОАТКОМ Төралқасы, – деп аяқтады сөзін Свердлов, – Екатеринбург Кеңесінің әрекетін мақұлдаған қаулы алды”.

 

Бір минутқа, тек бір минутқа ғана Халком кеңесінің шағын залында отырған адамдар Я.М.Свердловтың хабарламасын естіп, іштен тынып қалды.

 

“Енді Денсаулық сақтау халкомы туралы Ережені баптар бойынша оқуға кірісейік”, – деп ұсыныс жасады Ленин Свердловтың хабарламасынан кейін.

 

20 шілдеде Екатеринбургте облыстық Кеңестің төралқа отырысында Голощекин патшаның атып өлтірілгенін алғаш рет хабарлады; 21 шілде күні қалада бұл туралы үнпарақтар пайда болды.

 

Соколов: “Мәскеудің де, Екатеринбургтің де негізгі идеясы: Патша “халықтың еркімен жазаланды, отбасының өмірі сақталып қалды” деген бір ғана қисынға сайды. Свердлов та, Голощекин де бірдей өтірік айтты”, – деген тұжырым жасайды.

 

“Егер кімді алдау керек болды, кім білмеуге тиіс болды дегенге келер болсақ, ол – орыс халқы болатын, – деп жазады П.Жильяр. – ...Әйтсе де жаналғыштар алаңдамай қалған жоқ. Олардың із жасыру үшін Екатеринбургте қалдырған агенттері тергеудің барысы туралы хабарлап отырды. Олар әрбір қадам сайын тергеудің нәтижелері өз ойларындағыдай болуын қадағалады. Бірақ, ақыр аяғында олар шындықтың ашылатынын, не бол­ ғанын бүкіл әлем білетінін түсінген кездерінде, бұдан қорқа бастады және өздерінің зұлымдықтарының бүкіл жауапкершілігін басқаларға артудың айла-шарғысын қарастырып бақты. Олар сол кезде жасалған қылмыс үшін социалист-революционерлерді кінәлі етіп: “Осындай жолмен большевиктер партиясының беделін түсіргісі келді”, – деп мәлімдеді. 1919 жылдың қыркүйегінде олар “Патша отбасын өлтіруге қатысты” деген жалған айыппен Пермьде жиырма сегіз адамды тұтқындап, соттады. Олардың бесеуі өлім жазасына кесіліп, өлтірілді.

 

Бұл масқара комедия тарихтағы ең үлкен қылмыстың бірі үшін жауапкершіліктен жалтару мақсатымен, кінәсіз адамдарды өлімге итеріп тастаудан шемірікпейтін осы адамдардың шектен тыс арсыздығының тағы бір дәлелі бола алады”.

 

Және бұдан кейінгі жылдарда да большевиктер Екатеринбургтегі зұлым әрекеттері жөнінде жұмған аузын ашпады немесе Орталықты бұл әңгімеден бейтарап ұстап, қорғаштап бағуға тырысты. Тек бір күні жас жеткіншек пионерлердің алдында өзінің жендеттік жеңісіне мақтанғысы келген, бұл кезде қартая бастаған Петр Ермаков: “Патша отбасының атып өлтірілуіне Лениннің жеке өзінің нұсқауы негіз етіп алынды”, – деп айтып салды.

 

Ленин мен Свердловтың бұл қылмысқа тікелей қатысы барын айтатын басқа да беделді дәлелдер бар. Троцкий өзінің “Күнделіктерінде” былай деп еске түсіреді:

 

“Мен Мәскеуге майданнан Екатеринбург құлағаннан кейін келдім. Свердловпен әңгімелесіп отырып: “Қазір патша қайда?” – деп сұрадым. – “Оның ісі бітті”. – “Ал отбасы қайда?” – “Отбасы да жойылды”.– “Олардың бәрі ме?” – деп сұрадым мен таңырқап. “Бәрі”, – деп жауап берді Свердлов. “Кім шешім қабылдады?” – “Мұны біз осында шештік... Ильич оларды жанды ту етіп ұстауға болмайды, әсіресе біздің қиын жағдайда деп санады”. Лев Давидович күтілген процесте бас айыптаушы болуға тура келмегені үшін уайым шегіп, қайғырған жоқ: “Істің шын мәнінде, жай жауды қорқыту, үрейлендіру, үмітінен айыру үшін ғана емес, сонымен бірге өз қатарымызды сілкіндіріп, алда не түпкілікті жеңіс, не құрып біту тұрғанын көрсету үшін де керек болды. Партияның зиялы топтары арасында, әрине, күмәнданушылар мен бас шайқаулар болды. Бірақ жұмысшылар мен шаруалар бұқарасы бір сәтке де күмәнданған жоқ: ешқашан да басқа шешімді олар түсінбеді және қабылдамаған да болар еді. Мұны Ленин жақсы сезінді: бұқара үшін және бұқарамен бірге ойлау мен сезіну қабілеті оған жоғары деңгейде тән болатын, әсіресе саяси ұлы бетбұрыстарда”.

 

Атып өлтіру туралы бұл шындықты сол кездің адамдары әртүрлі қабылдады.

 

Мәскеудің және бүкіл Русьтің патриархы Тихон өсиет айту кезінде былай деді:

 

“Ал, міне, біз, өзіміздің қайғымызға және ар-ұят алдындағы бақытсыздығымызға қарай, Құдайдың өсиеттеріне ашықтан-ашық қарсы келгеніміз күнә болып саналмайтыны былай тұрсын, тіпті заңды әрекет ретінде ақталатын күнге жеткенге дейін өмір сүріп отырмыз. Осы таяудағы күндері сұмдық іс болып өтті: бұрынғы Патша ағзам Николай Александрович атып өлтірілді... Біз Құдай Сөзінің еркіне көне отырып, бұл істі айыптауға тиіспіз, әйтпесе атылған адамның қаны оны істеген қанішерлердің ғана емес, біздің де мойнымызға жүктеледі... мейлі, бұл үшін бізді контрреволюционер деп атасын, мейлі түрмеге тықсын, мейлі бізді атсын. Біз осының бәріне біздің Құтқарушымыздың: “Құдай Сөзін шаттықта естуші және оны сақтаушы” деген сөзі бізге қатысты болады деген үмітпен төзуге әзірміз”.

 

Н.И.Бухарин “Ащы жазбалар” (“Злые заметки”) атты естеліктерінде“... Өз кезінде аздап атылған және заманыналайық болмағандықтан өмірін тауысқан” – патшаның атып өлтірілген балалары туралы келемежбен жазды.

 

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар