Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ханзада Байбақты. Алматы...

17.05.2022 3518

Ханзада Байбақты. Алматы 12+

Ханзада Байбақты. Алматы - adebiportal.kz

АЛМАТЫ

I

Бұл жақта төрт құбыла белгісіз,

Күн кейде шығыстан,

Кейде батыстан,

Кейде терістіктен шығады,

Бірақ, әлі түстіктен таң атқан жоқ,

Себебі,

Алатаудан аса алмасын біледі.

Күннің көтерілген тұсын шығыс деп қоямыз…

Адамдар өз білген құбыласына тәу етіп жатады.

Күңгірт кештерді,

Ескірген естеліктердің тұманы

одан ары қоюлата түседі.

Сол тұманның арасынан

шылқыған қан мен обалды өлген

Сұлбаларды көрген пенделердің суқаны ұшады.

Ескі фабрикалардың еденінен,

Жүрек айныйтын шіріген нәпсі мен

аяусыз боқтықтың иісі мүңкиді.

Көшелердің астындағы көшеден,

Түні бойы сұңқылдап жылаған

тірі жесірдің қайғысы

Бәрімізді ұйықтатпайды…

Кеңістікте қадалған тұзды көз

Мендегі шыдамның түбіріне балта шабады…

II

Алматы_

Сен бізді енді қорқыта берме,

Темір өкшелі аяқтар сені қанша кезгенімен мені іздеп,

Күзге жасырынған сарғайған сағыныштарымның арасынан

елесімді де таба алмақ емес.

Етіктер тозады,

Олар жүрген жолдардың әуені ескіреді,

Олар кірген сарайлар молаға айналады…

Олардың жұлығына тышқандар балалайды…

Жолдардан бөліне қашқан соқпақтар

Байырғы үйлерден көктей өтіп

молаларға қарай суырыла қашады…

Бірақ…

Бірақ мен мың жылдар бойы өзімді іздеп сенің қараңғы

көшелеріңді кезіп жүремін.

III

Алматы_

Қиырдан келіп Алатаудың ну ормандарына

сіңіп кеткен жасыл бояуларымды

өшіруге асықпа,

Өйткені,

Олар_

Әбден жуылған

Бірақ, реңі сәби қалпында қалған

қанық тұстер.

Уақытқа да,

Кеңістікке де тән емес.

Тек Құдайдың құпясы ғана…

Алматы_

Тек

Жерге қарап

телмырып жүретіндердің

жолын аршып бер,

Олар-біздер,

Кешелер,

Одан арғы уақыттар

Аспанға қарап ылғи да армандайтындар,

Космостың тереңінен Тәңірді іздеушілер.

Міне,

Бүгін олардың көзі _

Жерде…

Алматы_

Ескірген бейіттерге енді адам көмбеші,

Жаңа қабырыстандықтарды да келешек қарғыстардан адалай гөр!

Су жаңа асфальттердың астында

Түйелі көш өтіп барады байырғы жолдармен.

Ал, үстіндегі ескі даланы шөп басқан.

Сен оны ұзыыы-ыын өңештер мен қисайған бұттардан қорға!

IV

Алматы_

Бұл қалада адамдар тез ержетеді,

Бірақ,

Бәрі сахнадағы мән-мағынасыз қойылымдардың құрбаны.

Тағдырдың талқысына түскен,

Әрбір күндер ғасырдай ұзаа-аақ…

Олардың жаны сондай төзімді

Және иланғыш,

Доңғалақтардың астында мыжылып жатып күлімсірейді.

Тәуелділіктен құтылғысы келмей

күнде өздері қазған шұңқырда

Өзгенің және өзінің өмірімен ойнап отырады…

Құдай оларды біледі,

Бірақ,

Олар Құдайды білмейді,

Себебі,

Оларға ешкім аспан бар деп айтқан жоқ…

Бұл өлкеде

Ғасырлар түгесілген жоқ,

Біздің рухымыз түгеп бітті…

Бәрі шаршаған_

Жылай да алмайды,

Күлкінің реңі сұрғылыт!

Жымия да алмайсың тасқа айналған ерніңмен…

Кейде мен бүкіл әлемге зауал тілеймін:

Керексіз болып қалған

қоқысты кім үйінде сақтағысы келер…

V

Тұманды Алматы_

Сенің сұрғылыт мұнарыңа тығылып,

Қылмыстар жұмыс үстелінде қарбалас,

Жетім баланың аузындағы нанына патшалар таласады.

Және

оны тартып алғанына қуанады…

Сенің сұрғылыт мұнарыңа оранып,

Аналар жезөкшелер үйінен нәпақа тапқанына шүкірлік етеді.

Ал, Әкелер

Соның жартысына шарап ішіп,

Табылдының әнін шырқап жылайды!

Алматы_

Сенің сұрғылыт мұнарыңа оранып,

Музыкалар тұншығады шағылған аспаптар ішегінде.

Жазылмаған өлеңдер еріген қар суымен бірге қап-қара ылай боп ағады.

Суретшінің қыл қаламынан ағып түскен бояулар сызылмаған сурет қалпында ағаштарға ілініп тұрады…

Алматы _

Сенің сұрғылыт мұнарыңа оранып,

Әңгімелер тарақандай өріп бара жатады,

Ал, жазушылар оны табанымен басып өте шығады.

Қоғамның бетіндегі нәжісті,

Күрсінеді қайыршы кемпір шылауышымен сүртіп…

Алматы_

Сенің сұрғылыт мұнарыңа тығылып,

Имансыз шалдар жастық шағын іздеп,

Немере қызының ышқырына қол жүгіртеді.

Ай бетінде жатып жонын күжірейтеді,

Алтын аяқтан ас ішкен ит…!!

Алматы_

Сенің сұрғылыт мұнарыңа тығылып,

Өтірік тарихтар алшаңдай басып,

Профессорлармен бірге музейге еніп кетеді.

Қашып шыққан шындықтың ауызы қан…

Кешкі базарда,

Жиналыстарда,

Таңғы аэропортта,

Вокзалдарда...

Ұлттың ар мен намысы

ең арзан бағада сатылады…

Алматы…

Алматы…

Мендегі шарасыздық оқ жонып отыр…

Ханзада Байбақты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар