***
Тәңірдің тілі бар...
Біз кеттік киелі ілімнен.
Сауал көп санада
саусақтай бүгілген.
Құдайдың бар-жоғы
байқалар кеуде де
Қандағы ұжданның
Қарасақ нілінен.
Дүние тылсым-ды
Өзгеше көруге
Өмірім ұмсынды.
Сол мезет...
Абайды сабаған қамшының
Қайыра дүр етіп
Қанымнан естілді сусылы.
Садақа жәшігі
Сиқырлап ішімді,
Теңіздей топан сөз
Түбінен ішілді.
Сол үшін сыңғырлап
Әуелеп азандар
«құдайды» қуалап
Құрыққа түсірді.
«Құдайға» айналу...
Осы жол – анық-ты.
ҚОРҚУДА ҚҰДАЙ ЖОҚ
Сүйгенде жарықты.
Тең тұрып тілдесер
ЖЕТІЛГЕН ЖАН таппай
Құдай да «құлдар» мен
«күңдерден» жалықты...
Күй
Құсар перненің бетінен дүр еткен әуен
Жаныма тастады кейіс.
Кеудемді шарпыған өрті
«Қиямет» болуға тиіс.
Екі ішек бетінен қалқып
Сусылдап төменге тартты.
Демінің лебінен...
дүние шұрқырап жатты.
Жамырап мың жұпары
Шымырлай жүрекке тұнды.
Әр мақам бұтағында
Мәуелі...
гүл атып тұрды.
Соңғы саз
қаңқ етті қаздай
Шанақтан құйылып жаңа.
Әуеден құлады төмен
Бір шөкім ұйыған ауа.
Қос ішек
пәни мен бахи
Уілдеп құшағын ашты
Көрмедік неліктен күйдің
Көзінен бұрық еткен жасты.
Тасаттық
Екі мүшел жыл өтті...
Не жаңбыры
желі жоқ,
Мына бір күн шақырайып алды ғой.
Ыстығының аптабынан
Ақжусан да солды ғой.
Япыр-ай...
зарықтырып адамды,
Өлтіретін болды ғой.
Қалың қауым жиналып
«Көне өзеннің» бойында
Көкке созды жүрегін
«Тымырсықтан құтқар» деп
талдырды әбден білегін.
Әй, әбілет...
тілек қабыл болмады
Солтүстіктен шаң тұрып
Сұрландырды реңін,
Сол құйынның ішінен
Қызыл бұршақ тас борап,
Жайпап өтті
амал не...
Жалпақ жұрттың тілегін.
Абстракция
(немесе төрттағандар)
***
Қару тұр қасқайып...
Тіл қатып өткен шақ ізінен.
Ағарған шаштардың азабын оқыдым
Қанжардың қылпыған жүзінен.
Жарқылы жаныңды қақ тілген
Ғашықтық – сол дерттің жарасы.
Мен білсем, екеуі
тамырлас, тым жақын
Қыз бенен қылыштың арасы.
Қыркүйек...
Қайтқан құс сорабы
Менің де кеп еді ұмтылғым,
Тостаққа тұндырып ұсынды құдаша
Бір жұтым аққудың сұңқылын.
Түнімен түс көрдім
Анамның дауысын таныдым.
Таңертең сол түстің...
Көзімнен көрпеге төгілген
Тауып алдым мамығын.
***
Шын щедеврдің жарқылынан халтураның көті көрінеді...
(Ежи Лец)
...Малмандай сыланып
масайрап ақталу.
Сөздерді бұйралап
Кірпігін қайырып,
Бір ессіз шаттану.
Біздікі сол енді...
Ерінін қызартып
Етегін қысқарту...
Өнердің алдында
өлгенше боянып
Өлеңнің көзіне шөп салу.
***
Жалғыз-ақ ауыз жылы сөз қыстың үш айын да жылы етеді...
(Жапон ғақылиясы)
I
Мына дүние бар болғаны мейірім
Бір сыңғыры
жұмаққа пар күлкінің.
Қара таста кетер еді тіл қатып
Жолдаған да жүрегіңнің үлпілін...
II
АҚТАН да бұлқынып
Жаныммен құлшынып,
Көріп ем
ҚАРАҒА ұмсынып
Шар етті бір дыбыс
Теректен құлапты бір бұтақ.
...Жазған-ай қарасам
Қақ төртке кетіпті
Қабығы жыртылып...
***
Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді...
(Мәшһүр-Жүсіп)
«Мешіт – Құдай үйі» дейді...
Ол не қылсын баспананы
Мұның сыры былай-ды:
Көне сүрлеу, ескі тәмсіл
Біреулерге ұнайды.
...Жетім бұрыш жағалаған,
жат босаға сағалаған,
Қаңғып жүрген адам көрдім
Ал...
көргенім жоқ «Құдайды».
***
Сыбызғы сұңқылы
Кеудемнен күй өріп.
Сол үннің исіне
Жаным тұр сүйеніп.
***
Қыркүйек құстарды
Әкетсе көтеріп...
Түнімен шығады
Жапырақ жөтеліп.
***
Өзіңді жарығым
Көрген де кезігіп,
МЕН түгіл көлеңкем
Кетеді езіліп.
***
«Әйелден ер артық...»
Сөз бе осы аталы?
Болғанда қайтер ек
Әйелдің сақалы.
***
«Тас ғасыр ғажайып
Тәубада мың сауап...»
...Ілкіде қап қойды
Іштегі құмсағат.
***
Дүниені иттерсіз елестетуге тырысу керек...
(М.Хайдеггер)
Бұл сүрлеуді өзім сүйдім өкінбен,
Араздығым болған да емес ешкіммен.
Өлең жазу өртке орану
білсем де...
Өз отыма түстім мен.
Ғафу қылғай, кешіріңдер ұлдарым,
Атақ-мансап күтпе әкеңнен дер едім.
Сендер үшін болмас қорған білемін
Менің әлсіз,
тым әлжуаз беделім.
Үлкендерден үміт күту есерлік
Екі көзі ентелеген шатаққа.
Ағалардың ақылы аздау
әйтпесе...
Жүгіре ме атаққа.
Ар ішінде абалаған дауыстан,
Аулақта болғаны жөн іргенің.
Өлең үшін екіжүзді бейбақтың
Өнер үшін...
не істегенін білмедім.
Неге дерің бар ма мұны, құлыным,
Ақиқатқа шекер қосу...
арға сын.
Мен өзімді қылдым рас «бақытсыз»,
Ағалардың ақылы аздау болғасын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.