Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жадыра Шамұратова. Сүйікті күйеу...

02.12.2022 18172

Жадыра Шамұратова. Сүйікті күйеу 14+

Жадыра Шамұратова. Сүйікті күйеу - adebiportal.kz

(новелла)

Жайна жұмыстан келген соң тамағын жылытып, бірақ оның дәмін де сезбестен тез-тез  ішті де, сүйікті сериалын қосты. Көзі теледидарда болғанымен, көңілі алаңдай бергесін өзін бірдеңемен алдартқатпақ болып, тамақтан босаған екі-үш ыдысты ыдыс жуатын мәшинеге салды, еденді өзі тазалап-жуып шығатын соңғы үлгідегі шаңсорғышты қосып, күйеуінің кеуіп тұрған киімін әкеліп қырын шығарып үтіктеп шықты. Теп-тегіс болып жазылып, өңі кірген жейде де, шалбар да сапалы матадан тігілген, атақты фирманыкі болатын, әйел күйеуінің киімді жақсы таңдайтынына тағы бір рет көзі жетіп, ішінен оның талғамына сүйсінді. Күйеуі туралы ойлаған сайын көңілі күпті болып, телефонын алып «жаным» деп сақталған номерді терді. Телефон жабық. Осымен сегізінші рет.  Не ойларын білмей күрсініп жіберді. Аман болса жарар еді. Жол апаты болды ма, ауырып қалды ма, деген сияқты ойына келген неше түрлі ойларды шамасы жеткенше қуып тастаумен болды. Әлде жолда телефонның қуаты таусылып қалды ма екен? Бірде ондай жағдай болған, сол кезде көңіліне уайым кірген Жайна жүз шаршы метрден асатын кең пәтеріне сыймай, аяқ астынан мазасы қашып, дегбірсізденіп кеткен еді, бірақ артынша жүзі жадыраған күйеуінің қолына үлкен әдемі гүл шоғын ұстап кіріп келе жатқанын көріп барып көңілі орнына түскен. Ол кезде күйеуі беделді құрылыс компаниясының бастығымен келіссөзде болып, артынша алысқа демалуға барғанын, ал ол жерде байланыс болмағанын айтқан еді. Ал енді ше…

Жайна күйеуінің кең маңдайлы, қыр мұрынды ақсары жүзін елестетті. Сол кезде мұның құлағының түбінен жылы демін үрлей айтатын «жаным» деген сөзін естігендей, ол сөз мұның жанын шынымен де бір сәтте жылытып жібергендей болды. Осыдан бес күн бұрын күйеуі: «Жаным, мен аяқ астынан Омскіге кетіп барамын, сол жақтағы жігіттер құрылыс фирмасын ашқан екен, өткенде айтып едім ғой, жаңа коттедждің құрылысына тапсырыс беріпті, оның жобасын мен ұсынамын, барамын да келемін», - деген болатын. Күйеуінің жаңа бір коттедждің сызбасын жасап жүргенін білетін, тіпті бітпеген құрылыстың суреттерін де көрсеткен, Жайна одан осынау үш деңгейлі коттедж қай қалада деп те сұрамапты.

–  Жалғыз ұйықтауға қорықсаң құрбыңды шақыр. Мені түсіңде көруді ұмытпа. Сені сағынатын боламын, жаным. Суық су ішпе, әйтпесе өткендегідей тамағыңды ұстап қалады. Қатты шаршама. Өзіңді күт, жаным, – деген күйеуі қамқор дауыспен. 

Жайна оған сәт сапар тілеп қала берді, көптен жұмыссыз жүрген күйеуіне ақыры жөндем кәсіп табылғанына қуанғандай да болған. Рас, күйеуі қырып ақша таппайтын, оның себебі де түсінікті, бұрынғы пәтер жөндейтін бригадасы тарап кеткен, қазір елде дағдарыс, бұрынғыдай зәулім, сәулетті жеке үй салушылар да азайған. Бірақ, өзінің табысы мол болғандықтан Жайна оған: «Неге мол ақша таппайсың?» - деп жатпайтын, ол үшін қасында күйеуі болса болды. 

Ол ертеңгі жұмысқа киімін дайындап жатқан кезінде де, төсекке жатқанда да күйеуі туралы ойлаумен болды. Телефоны неге жабық? Бес күн болды, бір рет те сөйлескен жоқ. Егер бір жағдай болса... қайда, кімге хабарласпақ?

Жетім өстім деген жігіттің туыстары жоғын білетін. Бастапқыда жігіттің ешкімі жоқ болғаны бұған ұнамды көрінген, ұбап-шұбап келіп жататын туыс-туғаны болмағаны жақсы емес пе деп құрбылары да қостаған, өзінің де жасы қырық бестен асқанда сын таққыш, мін тапқыш қайынағалар мен абысындарға келін болып шай құймайтынына ішінен қуанғаны да бар.

***

Жасы қырықтан асса да жүзіне әжім ою салып үлгермеген, өз жасынан әлдеқайда жас көрінетін, қимылы кербез Жайнаның бес күні жұмыспен өтетін де, демалыс күндері кейде құрбыларымен кездесетін, кейде киноға баратын. Рас, баяғыда бір жігітті ұнатқан, бірақ, ауылдың жігіті қалаға үйренген қыздың бәрібір ауылға келіп, мұның әке-шешесінің дәрет суын жылытып отыратынына сенбеді ме, көршісінің қызына үйленіп тынған. Бастапқы жылдары сүйіктісінің бұны көзімен аймалайтын кейпі көз алдынан көлбеңдеп кетпей, кейде түсіне кіруші еді. Ер адамды естен тандырар сиқыры болмаса да бойынан сүйкімі табылатын Жайнаға сөз салушылар болғанымен, бірді сүйген жүрегі ешкімді көңіліне жақындатпады. Осылайша бірыңғай бірсарынды күндер кешіп жатқанда қырықтан асып кетіпті. Баяғы сағынышы да тозды. Астанаға бауыр басты, жағдайы ешкімнен кем емес, жылына екі рет шетелге барып демалып келетін күндеріне өзінің де еш өкпесі жоқтай көрінген. Ақшаның соңына түсейін демеген, бірақ одан басқа ермегі де жоқ еді. Үлкен компанияның жай есепшісі болып бастаған, әр есеп-қисабына мұқият, жұмысын тап-тұйнақтай қылатын маманды компания басшысы бағалады, қызметі өсті. Қара басынан артылғанын жинап, қажетіне пайдаланатын. Әуелі бір пәтер сатып алды, арада бірнеше жыл өткенде екінші пәтердің иесі болды. «Балам да жоқ, бұл кімге қалады?» - дегенді ойлағысы да келмейтін, бауырының бір қызын бауырыма бассам, кейін соған қалдырамын деп ойлауын ойлағанымен, бұған да тәуекелі жетер емес. Бұл заманда күйеуге шықпаған әйелдің қадірі кеміп, басы төмендемейді, құрбыларының арасында осының өзін рақат ғұмыр есептейтіндері бар. Бірақ, бәрібір Жайнаға бірдеңе жетпей тұратын. Бұл ыстық құшақ аңсағаннан бөлек бір сезім еді, ол өзін жақсы көретін адамның жанарынан, жүрегінен бір жылылық сезінгісі келетін. 

Сөйтіп жүргенде Аликті кездестірді. Жақын танысқаннан бастап араларында ешбір тосаңдық болмаған. Рас, бастапқыда өзінен бірталай жас кішілігі бар жігіттің кеудесін итермесе арты ыңғайсыздау шынға айналар да өзін сыртынан сөз қылушылар да табылар деп именген. Бірақ, өз ішінде кезек арпалысқан ұялыстан ба, сенімсіздіктен бе, екіұдай сезім шарпысып жататын. Кездескен сайын ынтазарлығы байқалатын жігіттің жанарының оты өртей жаздайтын.  Жігіттің өзіне құмарта қараған қой көздерінің тұңғиығынан әлдебір жарқ-жұрқ еткен құйынды көретін. Сол кезде бұл да күлмеңдеп, он тоғыздағы болмаса да, жас кезіндей алабұртып, өзінен-өзі жасарып кеткендей болып, бұның да көзінен жалын ұшқындай түсетін. Осы кезден бастап Жайна өзгерді, жұмыстың жетегінде жүріп, жанына еш қуаныш сыйламай із-түзсіз өте шыққан күндерінің өтеуін қайтарғысы келгендей Аликті бір ғаламат сезіммен жақсы көре түсті. Көрікті де сымбатты жігіттің ернінің дәмі әйелдің тұла бойын идіргендей болып буынын алған. Бастапқыдай емес, ұяты тарай бастады ма, ақырында тақымдаған құмарлыққа ештеңе істей алмайтынын сезінген күйі ләззат шарбатын қомағайлықпен тата берді.

Сөйтіп бас қосты. Бір-біріне құмарта қараған көздердің тұңғиығында жарқ-жұрқ етіп қызғылт құйын ұшқындайды. Сол кезден бастап Жайнаның жанына жаз орнаған. Жаз орнағаны ғой, бұрынғыдай емес, көңілінің қошы келіп, жайраң қағып жүретін болған. Кеште жұмыстан асығып жетіп кешкі ас әзірлейді, жас күйеуі әңгіме айтса басын әнтек қисайтып, арманына жеткен адамның кейпімен ұйып тыңдап отырады. Бұрыннан да өз жасынан әлдеқайда жас көрінетін келіншектің шырайы кіре түсті. Әйелдің көп жас үлкендігі бір қарағанда біліне қоймайтын, тіпті білінсе де жігіттің сынын бұзбайтындай. Басында құрбылары бұлардың некесіне күмәнмен қараған. Дегенмен Алик өзінің жұмсақ мінезімен мұның құрбыларының көңілінен шықты. Ежелгі тарихтан, философиядан айтқан әңгімелері жігіттің дүниетанымының өзгеше екенін аңғартатын, оның әр нәрседен хабары барын көзі ашық әйелдер бірден жоғары бағалады. Алик Жайнаны қалай сыйлайды десеңші! Оның ыстық демі, үзілдіре айтқан сөздері қырықтан асқан әйелдің сезім күйіне айрықша әсер қосқан. 

Жайнаның туған күніне орай жайылған дастарқан үстінде Жайна қайыра еске түсірген сайын жымиятын бір оқиға болды. 

– Жаным, – деді орнынан көтерілген Алик аздап толқи сөйлеп. – Бүгінгі сенің туған күніңде не тілеймін? Әрине, бақыт тілеймін. Мен үшін бақыт деген -  сенің күлкің, сенің жанарың. Бақыт деген... екеуміз. Маған сен осылай қасымда жүрсең болды! 

Осылай дегенде жігіттің жанарына жас келгендей болды. Жоқ, Алик емес, Жайнаның көз алды еді бұлдырап кеткен. Осылайша шын сезімнің тілі ағытылды. Ол қызыл түсті қобдишаны ашып, ішінен қымбат бағалы сақинаны шығарғанда Жайнаның жасы мөлт ете түсіп, сұлу сезімнің отына шарпылған жүрегі он сегіздегі кезіндей алабұртқаны-ай. Алик сүйіктісін биге шақырды. Келіншегін барынша қадірлейтінін көрсетіп, қолынан аялай ұстап, жеп-жеңіл қозғалып билеген кезде жанарын Жайнадан айырмаған. Сол күні екі жыл ішінде күйеуінен сезінген махаббаты кеудесін шексіз шаттыққа толтырып жібергендей Жайнаның бір орында отырғысы келмеді. Ортаға шығып билей берді, билей берді. Туған күнге келген құрбылары бір-біріне қарайды. Құрбымыз деп жүрсе де жиырма сегіз жасар жігіттің 47-дегі әйелді соншама құлай жақсы көргенін түсіне алмай қарағандарын байқаса да Жайна мән бермеді. 

***

Күздің қоңырсалқын бір күнінде полицияға қоңырау түсті. Қоңыраудың ар жағынан әйелдің уайымға толы даусы естілді. 

–  Бұл полиция ма?

–   Капитан Жігеров тыңдап тұр.

– Менің күйеуім осы айдың 9-ы күні Омскіге кеткен болатын. Кеткен күні жолдамын бір рет айтты да, телефоны байланыстан тыс жерде болды. Ал 11-і күні бейтаныс біреу хабарласып, күйеуімнің уақытша тергеу бөлімінде екенін айтты. Мән-жайды анықтамақ болып ол номерге қайтадан телефон шалсам, жабық тұрды. Артынан күйеуімнің өзі хабарласты. «Өткенде айтқан құрылыс фирмасына қатысты бір түсініксіз жағдай болды, бірақ сен уайымдама, 13-і күні тергеушінің бастығы жәбірленуші жақпен сөйлеседі, бәрі дұрыс болса хабарласамын», - деді де телефонды қойып тастады. Не жағдай, қайдағы жәбірленуші... (әйел тамағын кенеді). 16-сы күні телефоным қайта шырылдады. Өзін адвокатпын деп таныстырған бір кісі істің тергеуге кеткенін, ал өзі менің күйеуіме адвокат болатынын айтты. 

–   Кешіріңіз, сіздің атың-жөніңіз кім? Сіз бөлімшеге келіп, мән-жайды дұрыстап айтсаңыз жақсы болар еді. 

Әйел сол күні бөлімшеге келді. 

–  Ертеңгі күні «сіздің күйеуіңіздің адвокатымын» деген сол жігіт менен бір миллион теңгені қашан төлейтінімді сұрады. 

–   Ол соманы қайда жіберуіңіз керек еді?

–  Ол маған: «Осы номерде каспий байлаулы, осыған жіберерсіз», - деп бір номер берді. Бизнестегі шаруаларды шешуге бір миллион деген көп ақша емес қой, бірақ, менің әуелі күйеуіммен сөйлесіп алғым келді. Бірақ анау адвокат шыдамсыз екен, қайта-қайта телефон шалып, қайта-қайта хабарлама жібереді. 

– Сонымен күйеуіңізбен сөйлестіңіз бе?

– Мен күйеуіммен сөйлесуім керек дегенге ол сизодағылармен келісіп көрермін дегендей болған, бірақ сол күйі сөйлесудің реті шықпады. Менің электронды поштама «қылмыстық іс қозғау туралы қаулы» мен күйеуімді іздестіруге қатысты ориентировка келді. Артынша адвокаттық қызмет көрсетуге қатысты келісім-шарт пен өзінің қызметтік куәлігінің көшірмесін де жіберіп, жақында істі сотқа жіберетінін, ал егер мен қызмет ақысын төлемейтін болсам, онда менің күйеуімді қорғай алмайтынын айтты. 

–  Ол сіздің поштаңызды қайдан біледі?

–  Өзі сұрағасын бердім ғой. 

–  Сонымен ақшаны төледіңіз бе?

– Ия, ол тезірек қорғауға кіріспесе іс созылып кетеді дегесін бір миллионды төлеп жібердім. Бір кезде адвокат қайта байланысқа шығып тағы екі жүз мың керегіп тұрғанын айтты. Адвокаттан күйеуіммен сөйлестіру туралы тағы өтініп сұрадым. Ол: “Келісіп көремін”, - деді де қайтадан жоғалып кетті. Қайта-қайта номерін теріп көремін, телефон жабық. Күйеуімнің номері де жабық. Не жағдай болуы мүмкін? Меніңше, күйеуімді серіктестері әдейі жұмыс бар деп алдап шақырып алып, бір пәле жабайын деп отыр ма деймін... Әйтпесе, осыған дейін мұндай оқиға да, күйеуімнің ақша сұраған кезі де болған емес. 

–   Күйеуіңіздің аты-жөні, құжатының көшірмесі бар ма?...

–  Ия, қазір, мінеки…

***

Алик үш өзбек жігітімен пәтерлерге жөндеу жұмысын жасап жүрді. Дұрысында жөндеуді басқалар жасайтын, ал Алик тапсырыс берушіні табатын. Шетелдік мигранттардың еңбек шарты бойынша құжаттарын да реттеп жүретін болғасын, шағын бригаданы өзі басқарды. Кезекті тапсырысты бітіре келгенде бір әйел хабарласты. Хабарландыру бойынша телефон шалған әйелдің пәтері қаланың сол жағалауындағы ең қымбат жерде екен. Бағасын келісіп, құрылысшылар ылдым-жылдым қимылдап, екі ай ішінде үш бөлмелі пәтерді қатырып жөндеп берді. Алик үй иесіне жөндеу жұмысына осындай зат алу керек деп қоңырау шалады, әйел сол бойда керек ақшасын салады, майда тиын-тебеннің есебін шығарып тықақтамайды, оның үстіне Аликтің үйді безендіруге қатысты ой-ұсыныстары да тапсырыс берушінің көңілінен шықты. Алик оның бар уақытын қызметке арнайтын ақшалы, жалғызбасты әйел екенін байқады. Оны қазақы әдеппен әпке демей, атымен атады. Әйел бастапқыда тек жөндеу жұмысына қатысты ғана қысқа сөйлескенімен, жігіттің үнемі ізет білдіріп тұратынын, тәрбиелілігін, өз жұмысына мұқият қарайтынын байқап, жылы сөйлесетін болды. Жөндеу аяқталатын кез де келіп жетті. Осы күні Алик Жайнаны шайға шақырды.

–   Жайна, сізге рахмет, бізбен жақсы есептестіңіз, жігіттер риза, енді мен сізді шайға шақырсам деп едім.

–  Шайға деймісіз? Не үшін?

–  Тапсырыс берушілер арасында сіздей жақсы адамдар кездесе бермейді, енді қайтып кездесеміз бе, жоқ па? Жұмыс жұмысымен, жай адамша сөйлесіп отырып шай ішсек айыбы жоқ шығар... 

Жайна да мұны айып көрмеді, күн демалыс еді, әрі өзінің інісіндей адам, “Қазақтың баласы, онда не тұр?” - деп келісті. Бұрыннан танитын адамдар болғандықтан үнсіз отырмады, жөндеу жұмысындағы жаңа сән, түстердің үйлесімі, үйдің жобасын өзгертіп, қайта жабдықтау кезінде жасалатын инженерлік жұмыстар туралы айтты, бірте-бірте шай да тәттірек бола түсті. 

Шай үстіндегі әңгіме арасында жігіт:

–  Менің бұл жұмысты бастағаныма көп бола қойған жоқ. Клиенттер көп емес. Енді сіздің тағы да жаңа пәтер алып жөндеу жұмысын жасауыңызды тілеп жүретін болдық, - деді. 

–  Рақмет! – деп ризашылықпен күлді әйел. 

Сөз арасында келешекте тағы бір пәтерге қол жеткізсем деген жоспарын жасырмады. Олар ұзағырақ отырды. 

Мәселенің бір ғана жағын қанағат қылып отыра алмайтын пысық жігіт осы байланыстың үзіліп қалмауын ойлады. Осы күннен-ақ таныстықтың артынан туатын қызыл-жасыл қызықты жалғастырмаққа ниеттенген. Келесіде тағы да жақсы кафеге шақырып, әйелге үлкен гүл шоғын сыйлады. Қанша дегенмен өмірден көрген-түйгені бар әйел адам әлденеден сезік алып келмей қала ма деп күдік ойлаған, жоқ, ол келді. Жігіт оның жүзінің пәтеріне жөндеу жасатқан кездегіден де жұмсарып, ашылып, сұлулана түскенін аңғарды. Олар осылай кездесе берді. Кездескен сайын Жайна өзі жас, өзі көрікті, мінезі байыпты жігіттің ықыласына балқып-масайрай түсті.

Жоқшылықпен өскен жігіттің бала шақтан бергі арманы ертегідей алтын сарайда тұру болатын. Бірақ, олигархтың ұлы болып туу маңдайына жазылмағанына Алик кінәлі емес еді. Өзінің түр десе түрі, бой десе бойы бар, ақылы да артық, білімі де бір басына жетерлік алтын айдарлы ұлға пара-пар екенін білгендіктен де қиналып өмір сүргісі келмейтін. Ол өмірдің рақаты дегеннің көзге бір көрініп жоғалар жазғы сағым секілді екенін ерте түсінген жігіт болатын. Ес білгелі әйел затының ықыласына шомылып, жиырма сегіз жасына дейін қыз біткеннің талдырмашын да, толығын да, уыздай аппағын да, қараторы сұлуын да көріп, сезімге мас болғанымен, мәселе үйленуге тірелгенде тайқып кететін. Құшаққа ыңғайлы жас қыздар қаншама жерден тәуір болғанымен көңіл сусынын қандыра жүріп, ыңғайы келгенде жалт беруші еді. Өйткені оған тірліктің қамытын киіп, семья асырау міндеті ұнамайтын. Жоқ, оның көксегені басқа еді. Сөйтіп, қызметте жүріп кексе тартқан әйелді көргенде су келгенде қайығын төсеуге машықтанған әдіспен жоспар құрған.  Өзінің жастық жігерімен, ыстық құшағымен жасы үлкен әйелдің ес-ақылын алып, құшағына олжа түсерін, алтын сарай болмаса да Астананың ең ыңғайлы жерінде орналасқан үш бөлмелі пәтерінде тұруға болатынын сезген. Әйтеуір, күміс бұлаққа жуынбаса да ақшалы әйелмен бірге шетелге шығып, теңіз кешіп келе алатынын шамалаған. Жігіттің тәтті сөзіне елтіп, жастықтың желігі билеген құмарлығына төтеп бере алмаған әйел мұны сезбеді, жігіттің үйлену туралы ұсынысын қабыл алды. Осыдан екі жыл бұрын өзі жөндеу жұмысын жасап, әрлеп берген пәтер де Аликке өзінікіндей болып жылыұшырай көрінді. 

«Мен осы кезге дейін жалғыз болсам да, ол күндер үшін өкінбеймін. Өмір менің күте алатынымды біліп, соның өтеуіне маған сені жіберді», - деді ол алғашқы түні. Алик оның сөзіне таңғалды. Әйел адамның жасы қырық жетіге келсе де он сегіздегі қыз сияқты сөйлегені біртүрлі күлкілі сияқты көрінгенімен, бір нәрсені аңғарды. Түйсігі алдамапты, әйелдің жасы 47-ге шықса да бойындағы қызуы тарамаған, асылы сарқылмаған екен.

–  Сіз біздің бөлімшеге келіп кетуіңіз керек, - деп хабарласты тергеуші. Жайнаның жүрегі тоқтап қала жаздады. Не айтпақшы? Не жағдай болды? Шынымен Аликке бірдеңе болған ау… Дегбірі қалмады. 

–  Бұл кісі сіздің күйеуіңіз бе?

–  Ия. Оған бірдеңе болды ма? Аман ба екен өзі?

–  Уайымдамаңыз, аман-сау. 

–  Уфф!

–   Үйленгендеріңізге қанша уақыт болды?

–  Екі жылдан асты.

–   Заңды некедесіз бе?

–   Жоқ...

–   Сіздің күйеуіңізге қатысты мәліметтерді тексеріп, анықтап жатырмыз. Ол азаматтың үстінен бірнеше арыз түскен. Ол бірнеше әйелден ақша алып, қайтармай кеткен. Мәлім болғаны – ол бірнеше рет ақшалы әйелдерге үйленген, бірақ, заңды некеге отырмаған. Қазіргі уақытта ол алаяқтық жасағаны үшін іздестіріліп жатыр.

Үйге қалай жеткені Жайнаның есінде жоқ. Полицияның сөзін құлағы естігенімен, көңілі сенбегендей. Мең-зең күйде еді.  Біраз уақыт сүлесоқ отырғаннан кейін есіне әлдене түскендей, жатын бөлмедегі көзден таса сейфке жетіп барды. Сейф мұқият кілттенген. Сонда да көңілі біржола байыз тапсын деп, әрі өзінің торыққан көңілін алдартпақ болып сейфтің құпия кодын басты. Зың етіп ашылған кезде оның бос тұрғанын көрді. Жақын арада жаңа пәтердің құрылысына саламын деп жинап жүрген ақшасының орнында бір жапырақ қағаз жатыр екен. «Жаным, сен маған сендің, сүйдің, мен бірақ... басқа біреуді ұнаттым. Осы жолы шынымен ғашық болдым. Ал ол әйел маған пәтерің болмаса күйеуге шықпаймын деп талап қойды. Түсінші, мен әйтеуір, біреуді бақытты етуім керек қой деп... осылай істедім».

Жайна отыра кетті. Жылауға да шамасы жоқ еді. Сейфті бір ашып, бір жапты. Бұдан гөрі байы тастап кеткен әйелдің жағдайы тәуір болар, ал бұны тек тастап кете салған жоқ, сеніміне кіріп, елжіретіп, еліттіріп жүріп-ақ тонап кетті. О баста қызық көксейін деп емес, бақытты болсам, кәдімгі әйел болсам деген еді. Бақыт аңсаған көңілімен сенген. “Өзіңнің балаңдай жігітке қалай шықпақсың?” - деген құрбыларын да маңынан алыстатқан. Артық қызық іздемеген біртоға ғұмыр кешіп келген басы жасы елуге таяғанда аяқ астынан не түлен түртті екен? дегенді ойлағанда ішін күйік шалды. 

 Ол Аликті сотқа бергісі келмейтінін түсінді. Не деп береді? Оның астындағы көлікті туған күніңе деп өзі сыйлаған, көлік соның атында. Сейфтегі ақша туралы, алдағы жоспары туралы айтқан да өзі. Ресторандарға барғанда есептесетін кезде күйеуінің аяқ астынан әлдекімммен сөйлесіп сыртқа шығып кететінін де, көлік оңдатамын деп бірнеше рет ақша сұрап алғанына да мән бермепті. Альфонс екен ғой. Кеткен дүниенің бәрі жанымның садағасы десе де кеудесінде ит өлгендей болды. Пәтері де иесіз сияқтанып құлазып көрінді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар