Аңдату
Абай қазақ үшін бір ғана көркем әдебиеттің ауқымына сыймайды. Ол – күнделікті тіршілігімізді, рухани әлемімізді, қарақан басты алып жүруден бастап биік адамгершілікке дейінгі аралықты тегіс қамтитын жан-жақты құбылыс. Әлемдік әдебиетте өзінің көркемдік шеберлігімен, ақындық құдіретімен оқырманды таң қалдырған суреткерлер баршылық. Бірақ Абайдың ешкімге ұқсамайтын ғажайып қасиеті – оның мәңгі ескірмейтіндігі, мәңгі мәнін жоймайтыны, мәңгі жүрек жардылығы, оның шығармаларының кеше жазылған өлеңдей сиясының кеппей өзекті болып тұратындығы. Екінші ғажайып қасиеті - әлемдік философияда том-том кітаптарға әрең сыйған ойларды тарының қауызына сыйдырғандай құдіретпен екі-ақ сөзге сыйдыра білуінде. Абай – қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл.
Абай халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз, ұлттық санасының идеологы. Оның өлмес мұрасын алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту - біздің ғұмырлық парызымыз. Өйткені Абайды әлемге таныту - барша әлемге қазақты таныту деген сөз. Абайдың ұлылығы - туған әдебиетімізде замананың болмыс шындығын ашқандығында, өз дәуірінің шежіресін шын суреткерлік дарынымен ерекше айшықтап, айқын бейнелей беруінде. Адам болмысы мен қалыбы аса күрделі дүние болып жаралғалы нешеме ғұламалар қаншама уақытын сарп етіп, жанын сарғайтты, сол саналы тіршілік иесінің жаны мен тәнін зерттеумен келеді. Қаншама ғаламат құпиялар ашылды. Әлі де сіз бен біз білмейтін тылсым сырлардың ұштығы ұшан теңіз. Өткеніңді, ертеңіңді алақанға салғандай етіп болжап, біліп отыратын сәуегейлер, ойы жарық көріпкелдер, табиғатқа тарта туған аса дарынды ақындар, жүректің соғысы, қанының жүрісі, көзінің қарасы мүлде бөтен бірегей қасиет иелері әлі де шұқшия зерттей беруді қажет ететіні кәміл. Ендеше хакімдік дәрежедегі дарын иесі Абайдың мінез қалыбын, болмыс-бітімін, күллі өмір жолын, жүрегінің айнасына түскен ғажайып суреттерді сипаттап шығудың өзі оңай емес екені белгілі.
Абай туралы жазу – кез-келген ғылым ғана емес, исі қазақ атаулының көкейкесті мұраты. Өйткені ұлы ақын есімі өзінің өлең туралы айтқан нақыл лебізіндей бала боп туғаннан ақырғы сапарға соңғы рет көз жұмғанға дейінгі аралықта адам қиялын тербеп, ойын он саққа бөледі, қиналған сәттерде жол нұсқап, жабырқау жанға жұбаныш, үміткер көңілге нұрлы бір сәуле әкеледі.
Ә.Бөкейханов «Абайды «даланың сүйікті ақыны» деп атауында заңдылық болса да, «Абай сияқты халықтың рухани мұрасын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ» дейтін тұжырым айтқанда, ғылыми жаңашыл баға берген. Ол әлі күнге айнымаған алмас тұғырлы баға болып табылып отыр.
І. Тұңғыш абайтанушы. Қазақ әдебиеттану ғылымында ұлттық әдебиет тарихын зерттеуді жеке дарын шығармашылығын ғұмырнамалық бағытта сөз етуден бастаған әдеби және ғылыми тарихи ой-пікірдің бір жүйеге түсіп нақтылана бастағанын көрсететін зерттеу ретінде Кәкітай Ысқақовтың 1909 жылы Петербург қаласында бастырған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері» жинағына жазған «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі» атты мақаласы саналып жүр. Рас, бұдан бұрын алғашқы қазақ газеттері мен Мүрсейіт қолжазбалары арқылы халық арасына тарап жүрген Абайдың ақындық даңқының одан сайын көтеріле түсуіне жинақ пен мақаланың маңызы зор болды. Ол біріншіден, Абайдың өмірбаяны, ата-тегі, әлеуметтік ортасы туралы біршама толық мағлұмат берсе, екіншіден, ұлы ақын поэзиясының сыншыл реалистік бағыттағы ағартушылық және жаңашылдық сипатымен таныстыра отырып, ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясының жас өкілдеріне Абай өнерін үлгі етті.
К.Ысқақов жазған деп саналатын осы ғұмырнамалық мақала Абай мұрасын зерттеушілер тарапынан өз бағасын алды. Ғ.Сағди, Ә. Қоңыратбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Кәкішев, М.Мырзахметов т.б. зерттеу мақалалары мен ғылыми еңбектерінде қазақ әдебиеттану ғылымында абайтану ілімінің алғашқы бастауы саналып, К.Ысқақов ұлы ақын өлеңдерінің жинағының тұңғыш құрастырушысы ғана емес, ең бірінші болып ғылыми пікір айтушы ретінде де қарастырылған. «Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуда М.Әуезов сүйенер жазба дерегі тек қана К.Ысқақов жазған Абайдың қысқаша өмірбаяны жайлы дерек қана болатынды» деп атап айтылғандай, кейіннен М.Әуезовтің Абай ғұмырнамасын ғылыми тұрғыда зерттеуіне табан тірер негізгі нұсқа болуының өзі мақаланың ғылыми-зерттеушілік сипатын ашып тұр деп бағаланды.
Тарихи шындыққа көз жіберсек, К.Ысқақовтың ұлы ақын мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеуде жазған бұл мақаласының орысша нұсқасы сәл ертерек жарық көрді. Мақала Ә.Бөкейхановтың авторлығымен 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетіне жарияланғанда «Абай Құнанбаев» (некролог) деген және орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібірлік бөлімінің «Записки Семипалатинского подотдела...» деп басталатын ғылыми жинағына 1907 жылы «Абай Құнанбаев» деген атпен жарық көреді.
Қазақ зиялыларының еңбегін әділ бағалау тұрғысынан келсек, Абайдың 1909 жылғы жинағының шығуына Ә.Бөкейханов Турағұл мен Кәкітайдың Абай шығармаларын бастыруды қолға алмақшы екенін, өзінің осы іске басшылық жасамақ ниеті бар екенін атап көрсете келіп, ақынның өмірбаяндық деректерін К.Ысқақовтан алғанын ескерте кетеді. Орыс тілінде шыққан бұл мақалалар Ә.Бөкейханов атымен шыққанымен, оны Т.Жұртбаев Ә.Бөкейхановтікі деп көрсеткенімен, Абай ғұмырнамасын алғашқы жазушы К.Ысқақов деген пікір әлі де болса өз күшін жоя қойған да жоқ.
Ә.Бөкейхановтың ғұмырнамалық мақаласында әдеби-тарихи бағыттағы ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің соны ізденісі ретінде танылатын екі түрлі мәселеге ерекше көңіл аударылған. Біріншіден, Абайдың дін иелеріне арналған өлеңдеріне түсіндірме жасай келіп, ақынның ағартушылық, жаңашылдық идеясын ашып берсе, екіншіден, Абайдың табиғат лирикасы, әсіресе жыл мезгілдеріне байланысты туған өлеңдері қазақ поэзиясында үлкен жаңалық болып саналатынын көрсете отырып, табиғатты жырлау Еуропа ақындарында ерекше орын алатынымен тығыз байланыста қарайды. Абай творчествосының ағартушылық және жаңашылдық сипатын көрсету мақсатында айтылған бұл пікірлердің абайтану ғылымында алғаш айтылғанын былай қойғанның өзінде, ұлы ақынның өмірі мен өнерін, сол арқылы қазақ поэзиясының кескін-келбетін орыстың әдебиет сүйер қауымы мен қазақ оқығандарына таныстырудағы рөлінің өзі зор.
Мақаланың К.Ысқақов жазған деп саналатын қазақша нұсқасында бұлар кездеспейді. Сонымен қатар, Ә.Бөкейхановтың өз мақаласында «Абаем переведен на киргизский язык «Евгений Онегин», особенно в степи популярностью пользуется «Письмо Татьяны», для которого тот же переводчик сочинял мотив. В 1899 году в Кокенской волости киргизской певец Адылхан предложил нам послушать «Письмо Татьяны» аккомпанемент его скрипки. На наше удивление, откуда он знает «Письмо Татьяны», Адылхан указал на себя, пояснил, что у русских был такой же, как он певец-ахын Пушкин который воспел, как Татьяна «слу» (красавица) полюбила жигита Онегина, которому и написала письмо. В тот же вечер Адылхан, знающий много оргинальных стихов Абая, спел нам несколько его переводов из Лермонтова, пояснив при этом, что Лермонтов был недоволен жизнью, а Пушкин относился к кей как мудрец», - деп жазуының ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің даму жолы үшін үлкен мәні бар.
Бұл 1903 жылы Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деген көп томдықтың ХVІІІ томындағы Абай туралы ғылыми пікір білдіріп, оны жазба әдебиетінің көш басшысы деп бағалаған тұжырымның иесі бұрын айтып жүргендей А.Н.Седельников емес, Ә.Бөкейханов еді деген ойымызды дәлелдей түседі. Онда Ә.Бөкейханов Семей әншілерінің аузынан «Татьянаның хатын» тыңдауға болады деп атап тұрып жазған болатын. Ә.Бөкейхановтың Көкен болысында болдым деуінің өзі қызық дерек. Ол Абай мен Әлихан кездеспеді ме екен деген ойға жетелейді.
Ә.Бөкейханов мақаласын ғасыр басындағы әдеби-тарихи бағыттағы ой-пікірдің көріну дәрежесіне сай бағаласақ, бұл еңбектер - шын мәніндегі ғылыми зерттеу. Қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын дарындар туралы алдыңғы тарауда сөз еткен ғұмырнамалармен салыстырғанда, бұлардың салмағы өзінің ғылымилық сипатымен ерекшелене түсетіні сөзсіз. Бұл тұрғыдан келгенде мақала мен аударманың ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдегі жаңашылдық сипаттарына көңіл аудару қажет. Ол үшін бұрын сөз еткен ғалымдарды қайталамай, тек негізгі проблемалық мәселелерді ғана атап өтсек те болады.
1. Ұлы ақын Абайдың ата-тегі мен өмірбаяны естелік деректер келтірілген үлгіде тұңғыш рет жазылып шығып, әдебиет тарихын зерттеуге бастама жасалды.
2. Қазақтың халық ауыз әдебиетінің, XVІІІ-XІX ғасыр басындағы қазақ поэзиясы мен шығыс ақындарының, әсіресе озық үлгідегі орыс әдебиет өкілдерінің Абайдың өнерпаздық тұлғасының қалыптасуына тигізген игі әсерін, өнерге деген эстетикалық көзқарасын қалыптастырудағы ықпалының мәнін ашуға деген ұмтылыс көрініс тапты.
3. Абай поэзиясының құдіретін таныту, ақындық әлемін жан-жақты көрсету мақсатында Ә.Бөкейханов жинақтағы өлеңдерді 17 түрлі тақырыпқа бөліп жүйелей отырып құрастырады. Академик М.Әуезов: «Жинақтағы жасалған жіктеулер дәл, дәлді емес» деп атап өткендей онша сәтті шықпаса да, осы жинаққа дейінгі қазақ кітаптарында бұл сипаттағы тақырыпқа бөліп құрастырудың кездеспейтініне көңіл аударсақ, жинақтың жаңашылдығы көріне түседі. Себебі, бұл Т.Кәкішев айтқандай «Ақын шығармаларын, оның үстіне тұңғыш рет жарық көрейін деп тұрған Абай жинағын, белгілі бір жүйемен топқа бөлу әншейін іс емес, творчестволық процесс…».
4. Абай өлеңдерінің қазақ поэзиясындағы жаңашылдық келбетін танытуда ойлылығы мен әсемдігін ашу үшін ғылыми-зерттеушілік сипаттағы талдаулар жасап, нақты пікірлер айтылған. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап» т.б. өлеңдеріне тақырыптық және идеялық мағынасы жағынан жасаған талдаулар көңіл аударарлық. Абай өлеңдерінің құрылысы мен көркемдігі туралы терең талдау жасамаса да, Абайдың қазақ өлеңіне жаңа түрлер қосқан жаңашылдығы үнемі аталып отырады. Осындағы өлеңдерге жасалған ғылыми-теориялық талдаулар қазақ әдебиеттану ғылымында тек Абай өлеңіне ғана емес, қазақ поэзиясына жасалған алғашқы талдаулардың бірі екенін ескермеске болмайды.
5. Абайдың өлеңді өнер деп түсінуі мен өз айналасына ұстаздық, ақындық үлгісі туралы да біршама дұрыс ой қорытады. «Абай өзі өлеңнің өнер екенін біліп жаза бастағаннан-ақ бұрынғы надандық пен өлеңді өнер орнына жұмсамай, ғибрат үшін айтпай тіршілік орнына айтқандықтан да өлеңнің қазақ ортасына бағасы кемігендігін айтып», өзі олардың айтқанынан басқаша жолмен жүруге шақырғанын, өз төңірегіндегі жастарға да осы жолмен жүруге ықпал еткеніне ерекше көңіл аударады.
Міне, әдеби-тарихи ой-пікірдің күрделене түсіп нақты арнаға, яғни әдебиет тарихындағы ерекше тұлғаларға байланысты айтыла бастауында осындай келелі мәселелердің сөз етілуі - сол кездегі ғылыми ізденістердің мәнін көтере түсері анық. Сол себептен де Ә.Бөкейханов Абай өмірбаянын тұңғыш рет жазушы ғана емес, алғаш зерттеп ғылыми пікір айтушылардың бірі деп қарау қажет. Қазақ әдебиеттану ғылымында ұлттық әдебиет тарихын ғылыми тұрғыда тану жолында алғашқы болып қалам тартқан, Абайтану деп аталатын үлкен жолдың соқпағын салған тұңғыш зерттеуші санау керек.
1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты. Осы томның «Халқы» деп аталатын бөлімінің «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» деген ІV тарауын жазғандар - Ә.Бөкейханов, А.Н.Седельников, С.Д.Чадовалар деп көрсетілген. Ал «Қазақ өлкесінің территория бойынша орналасу тәртібі және оның этнографиякалық құрамы, тұрмысы мен мәдениеті» деген V тарау авторы - А.Н.Седельников. Бұл еңбектердің этнография, тарих, география және т.б. ғылымдарымен қатар, ұлттық әдебиеттану ғылымында да алатын орны зор. Әсіресе V тарауда қазақ халқының мәдениеті мен өнері, әдебиеті сол кездегі таным-білік деңгейінде сөз бола келіп, ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікір әдеби мұраны ең алғаш рет ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті деп бөледі. Ауыз әдебиетінен көптеген халық жырларының аты аталып, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына тарихи және әдеби сипаттама жасалған. Жазба әдебиет өкілдерінен Ноғайбай, Шортанбай және т.б. ақындарды атап, Абайға арнайы тоқталынып, ол «қазақ әдебиетіндегі соны бағыттағы жаңа әдебиетінің көш басшысы» деп бағаланады. «Енді қазақ поэзиясындағы жаңа ағымның өкілі ретінде Құнанбаевты – формасы жағынан айрықша және мазмұны жағынан (әсіресе табиғатты бейнелеуде) арынды көптеген өлеңдердің авторы деп атауға болады. Осы автор «Евгений Онегинді» және Лермонтовтың көптеген өлеңдерін (қазақтарға түсініктілерін) жақсы аударған, сондықтан да Семей әншілерінің аузынан «Татьянаның хаты» атты өлеңін тыңдауға болады», - деген пікірді классикалық мұраны ғылыми тұрғыда игеру жолындағы ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-көзқараста соны жаңалық, профессор Т.Кәкішевтің сөзімен айтсақ, «Абайдың көзі тірісінде тұңғыш рет жасалған ғылыми мәнді қорытынды» деуге болады. Ұлттық әдебиет тарихын зерттеудегі ізденістің елеулі бір қадамы екені анық.
Осы жерде бұл томды, оның ішінде жоғарыдағы тарауларды кім жазды деген сұрақ туындайды. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл томдық Санкт-Петербургте А.Ф.Девриенің баспаханасында басылып, оны жазуға Ә.Бөкейхановпен бірге жоғарыда аталған орыс ғалымдары қатысқан. Кеңес дәуірінде Алаш арыстарының мұраларына тыйым салынған кездегі ғылыми айналымда жоғарыдағы екі тарау авторы орыс ғалымы А.Н.Седельников саналып келді. Тәуелсіздік алғанымызға дейінгі Ә.Бөкейханов есімін атауға қарсы талап-тілекке сай бұл томдағы Шортанбайдың «Зар заманы» және Абай туралы мәнді пікірлерді орыс ғалымы А.Н.Седельниковке апарып таңып жүрген тұжырым ұлттық әдебиеттану ғылымында әлі күнге дейін орын алып отыр. Еңбектегі ғылыми мәні мол Ү тарау әлі күнге осы орыс ғалымының еншісінде жүр. Көптеген ғылыми еңбектерде сілтеме әлі де болса осы ғалымға жасалуда. Оған дәлел - бұл тарау Ә.Бөкейхановтың екі бірдей 1994 және 1995 жылы шыққан таңдамалы жинақтарына енгізілмеген. Соңғы жинақта томдықта орыс ғалымдарымен бірге жазылды деп көрсетілсе де, тек «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» аталатын ІV тарау ғана бар. Еуропацентристік көзқарасқа әбден мойынсұнып, бізге барлығын орыстар жасап берді деп өзімізді өзіміз мансұқ етіп келгеніміздің бұл да бір мысалы.
ХVІІ томдағы қазақ әдебиетінің тарихы, оның көрнекті өкілі Абай туралы пікірді А.Н.Седельников жазды дегенде, оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы басқа орыс фольклористермен салыстырғанда жартымды ештеңе жазбағанын да естен шығардық. Мысалға В.М.Сидельниковтың «Казахское поэтическое творчество казахского народа » аталатын библиогафиялық көрсеткішін қарасақ та жеткілікті. Әрі-беріден соң осы автор Әлиханның «Қобыланды батыр» жырындағы әйелдер» аталатын көрнекті мақаласын Ә.Диваевтікі деп көрсетіп жіберген. Ең құрығанда «Туземец» деген жасырын атымен бергенде оны «ұлтшылсың» деп ешкім қудаламасы хақ еді. Орыс ғалымының қазақ даласын зерттеудегі негізгі нысанасы географиялық жағдайлары, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, этнографиясы болған. Ә.Бөкейханов оны «зерттеуші-ботаник» деп көрсетеді. (Таңдамалы. 1995, 221-бет). Бұл пікірді «Қазақ совет энциклопедиясындағы»: «Оңтүстік Алтай өлкесін зерттеуші. Осы өңірге 12 рет экспедиция ұйымдастырып, көптеген өзен-көлдерді зерттеу нәтижесінде үлкенді-кішілі 21 ғылыми еңбектері жарық көрді. «Россия» атты сериялық еңбектердің «Қырғыз (қазақ) өлкесі» деп аталатын кітабын жазушылардың бірі», - деп ғана көрсетілген анықтама дәлелдей түседі (Х том. 98-бет). Әзірге қазіргі этнография, фольклортану саласындағы белгілі еңбегі «Қазақ өлкесінің территория бойынша орналасу тәртібі және оның этникалық құрамы, тұрмысы мен мәдениеті» деп атап көрсетіліп жүр. Осындай бір жақты көзқарастың кесірінен де біз дауласып отырған тарау атауы «Қазақстан ұлттық энциклопедиясындағы» Ә.Бөкейханов ғұмырнамасында да көрсетілмей қалған (1999, 404-бет). Негізінен алғанда А.Н.Седельников Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінің мүшесі бола тұра атақты «Щербина экспедициясына» қатыспаған және Семей, Қарқаралы өлкесін зерттеді деген де ешбір мәлімет жоқ. Оны 13 том болып шыққан еңбектің Павлодар уезіне арналған ІV томына жазған Ф.Щербинаның алғысөзінен байқау қиын емес. «Собирание сведений по Павлодарскому уезду было произведено во второй половине 1897 года. Сначало сюда были направлены пять партии, именно: А.Н.Букейханова, П.А.Васильева, А.А.Боровского, А.Г.Бутковского и П.П.Кондратьева, а затем немного позже присоединились партии Л.К,Чермака, Н.Ф.Дмитриева и М.Ф.Гусева», - деп жаза келіп, осы партиялардың көмекшілері болды деп бірнеше орыс фамилияларымен қоса Жүсіп Сатыбалдин деген адамды атайды. Сонан соң: «а регистрарорами были Эрежеп Итбаев, П.А.Беляков, Мажит Чумбалов, султан Тлекиев, Кудайкулов, Джасмаганбетов, Серкебаев, Айманов и Вечеслав», - деп жазады (Таңдамалы. 123-бет). Егер «Россия» деп басталатын көп сериялы томдықтың «Қазақ өлкесі» аталатын ХҮІІ томы 1903 жылы, ал Ә.Бөкейханов тікелей қатысқан «Щербина экспедициясының» «Материалдары» 1903-1905 жылдары жарық көрсе, А.Н.Седельников осыншама бай ғылыми деректерді қай уақытта зерттеп алып жүр деген күмән туады. Сондықтан «Әдебиетке, әсіресе Абайға байланысты пікір осы тарауда айтылғандықтан Ә.Бөкейхановтың қатынасы болуы қай дәрежеде екенін аңғаруға тиіспіз» деген профессор Т.Кәкішевтің пікірінде көп сыр жатыр («Қазақ әдебиеті сынының тарихы». 2003, 170-бет). Сонымен қатар экспедиция жұмыстарына жергілікті жердің беделді және сауатты адамдары қатыстырылған болса, онда Семей уезінің болыстықтарының жері зерттелген уақытта Абайдың бұған ат салыспауы мүлде түсініксіз болып шығады. Мұрағат ақтарып тарихи деректерді салыстыра дәлелдеуге өзі-ақ сұранып тұр.
Біздің ойымызша А.Н.Седельников жазған деп жүрген «Қазақ өлкесіндегі» V тараудың да авторы Ә.Бөкейханов болуы керек. Оны мына дерек дәлелдей түседі. Осы тараудағы Абай шығармашылығы туралы айтқандағы «Семей әншілерінің ауызынан «Татьянаның хаты» атты өлеңін тыңдауға болады» деп жазған пікірін 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетіндегі «Абай Құнанбаев» (некролог) атты мақаласында: «1899 жылы Көкен болысының әнші қазағы Әділхан бізге «Татьянаның хатын» скрипкаға қосып орындады. Бізді таң қалдырғаны «Татьянаны қайдан білесің» дегенде, Әділхан өзін нұсқап қойып, орыстың өзі сияқты Пушкин деген ақыны болыпты, ол Татьяна сұлудың Онегин деген жігітті сүйгенін айтып хат жазғанын жырлайды. Сол кеште Әділхан бізге Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңін әнмен айтып, сонымен қатар Лермонтов өмірге риза болмаған, ал Пушкин оған данышпанша қарады деп түсініктеме берді. Осы жолдардың авторы соңынан Абайдың Пушкин мен Лермонтовтан аударған өлеңдерін домбырамен қосып айтқан бірнеше ақындарды кездестірді», - деп нақтылай түскен болатын. Оның үстіне бұл орыс ғалымы қазақ тілін жақсы түсініп, сөйлей білген деген дерек әзірше жоқ. Ендеше оның алыс ауылдағы қазақ әншісінің не туралы жырлап отырғаны туралы айырықша ынта қойып тыңдап, ерекше ықылас білдіре қоюы неғайбыл. Еуропацентристік пиғылдағы орыс ғалымдарының көбі миссионерлік және шовинистік көзқараста болғаны жасырын емес. Ә.Бөкейхановтың басқа да ғылыми еңбектерімен тарихи және стильдік жағынан салыстыра зерттесе көп сыр ашылатыны анық.Осы кезеңдегі ғылыми бағалаушылық мәнде жазылған мақалаларды қарап отырсақ, жеке ақын-жазушының шығармашылық ерекшелігін ашу арқылы әдебиеттің халықтығы, тарихилығы мәселелерін танытуға деген талап байқалады. Әрине шығармашылық дүниетанымның көрініс табуы секілді күрделі мәселеге бара қойған жоқ. Бірақ Ә.Бөкейхановтың жоғарыдағы пікіріндегі Абайды жаңа ағымның өкілі деген уақытында сыншыл реализмді айтып отырғанына, ал жанр, форма мен мазмұн мәселелерін сөз етуі, ақын творчествосына әдеби талдау жасауға деген ұмтылысты байқатады. Бұл ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің классикалық мұраны игеру барысында жалпыдан жалқыға қарай даму заңдылығына орай нақтылыққа бой ұра бастағанына айқын мысал. Қысқасы 23 беттен тұратын бұл тараудағы халықтың орналасу тәртібі, этнографиясы, тұрмысы туралы жазған жерлерін А.Н.Седельниковке (оларға қатысты ғылымдар дауласып алып жатса Ә.Бөкейхановқа) қалдыру керек те, әдебиет, мәдениет туралысын Алаш көсемінің еншісіне қайтару қажет.
Бұл томдағы қазақ әдебиетін, Ұлы Абайды сөз еткен тарауды Ә.Бөкейханов жазған дегенде Әлихан мен Абай бірін-бірі білген бе деген негізгі сөз етейік деп отырған мәселе туындайды. Бұл мәселені шешіп алу - абайтану ғылымы және Ә.Бөкейханов мұрасын зерттеу үшін ғана емес, ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің туу, қалыптасу жолын көрсетуде де маңызы бар. А.Н.Седельников жазсын, Әлихан жазсын, әйтеуір Абай тұлғасы орыс жұртшылығына тұңғыш рет осы еңбек арқылы танылды ғой деп «жауырды жаба тоқып» кете беруге енді болмайды.
Жандос Смағұл
филология ғылымдарының докторы, профессор
(жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.