Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жәркен Бөдешұлы. Түнімен ұйқым келмейді......

19.01.2019 4618

Жәркен Бөдешұлы. Түнімен ұйқым келмейді...

Жәркен Бөдешұлы. Түнімен ұйқым келмейді... - adebiportal.kz

Жылқы кісінейді

Басып алды меңіреу, түнек көңілді – Ой,

Айналамның бәрі Қорқыт көріндей.

Жұлдыз да жоқ,

Шырақ та жоқ,

Ай да жоқ,

Алатау да бұғып қалды көрінбей.

Қараңғылық мұхитына баттым да,

Кісінеді мені күткен ат қырда.

Санамдағы бір тал қылын тұтаттым,

Шақпағымды жарқ еткізіп жақтым да.

Ақбоз ағып, жетіп келді жаныма,

Мен жармастым жануардың жалына.

Ұйқым келмейді

Мынау бір терең көл дейді,

Мынау бір терең көл дейді.

«Түбіне дейін бойласаң,

Шортандай шоршып ойнасаң –

Кеудеңді шабыт кернейді,

Маржанын соның тергей-ді».

Естігелі бұл гәпті,

Түнімен ұйқым келмейді.

Басы жоқ бөрік

Айныған Арал толмаса,

Аққуы келіп қонбайды.

Айнала қорған болмаса-

Айдала пана болмайды.

Басы кеткен бөрікті,

Түбек етпей не етеді.

Елеусіз қалған елікті,

Бөрілер ермек етеді.

Малшы ауылдың шетінде,

Бір әжей тұр жол қарап.

Ақ бетеге бетінде,

Бөдене жүр жорғалап.

Көз алдында- қыр, дала,

Көңілінде-жас үміт,

Ауылына бір бала,

Келе жатыр асығып.

Қулық бие қутыңдап,

Сәуірікке жанайды.

Сақау теке тың-тыңдап,

Сақалын жел тарайды.

Тоқжал айғыр шыбындап,

Көлге үйірін айдайды.

Ақ қайнарлар шымырлап,

Күн көзінде қайнайды.

Ескі хаттай оқылған,

Еске түсті қайдағым.

Ақ қайнардай шымырлап,

Мен де бүлк-бүлк қайнадым.

Қыз мұңы

Басылмаған сонысы,

Абыржыды қыз қатты.

Етіктің тар қонышы,

Тоқ балтырын сыздатты.

Етікшіге ерте кеп,

Кеңейтті тар қонышын.

Тым ебдейсіз еркелеп,

Созды асығыс қол ұшын...

Қайта айналып қонды күз,

Бұлтқа кірді ай жүдеп.

Балаусадай солды қыз,

Жас жүрегін қайғы жеп.

Мысқа айналып алтыны,

Жылады ару солқылдып.

Семіп қалған балтыры,

Кең қонышта қолпылдап...

Етікшіге тағы кеп,

Кең қонышты тарылтты.

Баяғыдай бабы жоқ,

Қам көңіл боп қамықты.

Тоғыз ай тоғыз күн

Тоғыз қабат тұрғын үй бой көтерді түстіктен,

(Тоғыз айлық іс біткен).

Жеті балдық күшпенен сілкіп көріп сынады,

Уа, алақай, алақай,

Төтеп берді, шыдады.

Сыннан өту болды оңай,

Тек зілзала болмағай.

Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде,

Толғақ толып кемелге –

Кіндік жібін саумалап

Періштелер қаумалап

Шыр-шыр етіп, шыр етіп,

Түсті, түсті, сәби түсті – еденге...

Құдай жолын оңдағай,

Тек тоғыз балл болмағай.

Фото: Азаттық радиосы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар