-Зәуре апай, шетте жүрген қаламгерлердің бірісіз. Елдегі әдеби үрдісті қаншалықты бақылап отырасыз?
-Үнемі бақылап отырамын. Қазақ тілді баспалардың көбінде «Әдебиет» бөлімі бар, бірақ маған тек қана әдебиетке арналған баспалар ғана қызықты. «Қазақ әдебиеті» мен «Әдебиет порталын» қарап жүремін. Әрине, «Жұлдыз», «Жалын» және Простор» журналдарының онлайн нұсқасы болмағаны өкінішті-ақ. Оларға қашықтан жазылу мүмкін емес. Ал жеке қаламгерлерге келсек, жаңадан шыққан кітаптарды шама келгенше алдырып отыруға тырысамын. Елдегі қазақша және орысша жазатын жас қаламгерлердің көбінің шығармаларын желіден оқуға болады. Бұл жағынан Kitap.kz орасан зор жұмыс атқарды. «Құс қанат» жобасы арқылы көптеген жаңа қаламгерлермен таныстым. Орыс тілінде «Журнальный зал» деген вебсайт бар. Онда бірталай әдеби журналдардың тізімі берілген. Сол жерден Ресей баспаларынан жарияланған Қазақстан авторларын қарап жүремін. Екі тілде де не болып жатқанын білгім келеді, себебі әдебиет саласы – маңызды интеллектуалдық көзқарастар домені. Сондықтан екеуі де қызықты.
-Қазір әлем әдебиетінде әдеби импрессариолардың жүйесіне кіріге алған жазушылардың дәурені жүріп тұрған сияқты?
-Батыстағы не нәрсе нарық заңдарына бағынышты. Айналып келгенде, бәрі сұранысқа тәуелді болып шығады. Сапаны реттейтін де сол. Мысалы, агенттікке ақша төлеген қаламгердің бәрі табысты болып кетпейді. Керісінше, агенттің табысы қаламгердің табысына тәуелді. Жалпы, әдеби агенттердің атқаратын қызметі әр түрлі болады: автор мен баспаны табыстыру, баспамен саудаласу, сату мүмкіндіктерін іздеу, жазылып жатқан шығарманы басатын баспа іздеу, олармен саудаласу сияқты шаруалардың барлығын әдеби агент атқарады. Ал жас қаламгер агенттің көмегіне жүгінсе, агент баспаға не қажет, баспаға не қызықты болуы мүмкін, қандай тақырып қызықты – осы жағынан кеңес береді. Дегенмен, агенттің жалақысы қаламгердің шығармасының сатылуына тәуелді болғандықтан, ол баспа мен оқырманның көңілінен шығатын қаламгерлерді іздеуге мүдделі.
-Шетелде "әдебиет нарығы" деген түсінік бар ғой. Бізде қалам арқылы табыс табу деген нанғысыз дүние секілді көрінеді. Бұл қаламгерлердің уақытқа икемделе алмағанынан ба, әлде шығармашылықтарында бүгінгі оқырманның сұранысына ие болар жаңалықтың жоқтығынан ба?
-Себептері көп. Өзіңіз атаған екі себеп те аз орын алып отырған жоқ. Бірақ бәрінен бұрын - бұл мәселе елдегі кіші бизнес саясатына барып тіреледі. Қазақстанда Жазушы, Баспагер мен Оқырман арасында тікелей коммерциялық байланыс жоқ. Көркем әдебиетті шығару жағын, яғни оқырманның талғамын, әлі күнге дейін «Жазушылар Одағы» қадағалайды. Баспагерге ол үшін тиынды өкімет береді. Жазушыға тегін бірнеше данасы ғана тиеді. Жазушы оны тегін таратып жібереді. Батыс әлемі үшін бұл нағыз «кошмар!»...
Батыста ғой, жазушының бір кітабы жақсы сатылып, пайда түссе, баспа оған өзінен өзі ұсыныс жасайды. «Сіз бізге тағы бір кітап жазып беріңіз, біз сізге алдын ала осыншама ақша береміз. Кітап жақсы сатылса, бәленбай пайызы сіздікі» деген сияқты. Ал қазақстандық баспагерлердің табысы жақсы кітаптың сатылуына тәуелді емес, тендер және кітапты ақшаға басатын клиенттерге тәуелді. Яғни, шынайы нарықтық бәсекелестік жоқ. Кез келген автор кітабын сата алатын жағдайға жетуі тиіс. Онсыз әдебиет дамымайды. Жазушы мен баспагер өкіметтен тәуелсіз болса, Жазушы, Баспагер мен Оқырман арасында коммерциялық байланыс орнайды.
Ал бұдан басқа, Чехов айтқандай, «Каждый интеллигентный человек читал Тургенева и Толстого, но далеко не каждый платил за их сочинения». Егер оқырман кітап сатып алмаса, онда баспагер, одан кейін қаламгер қалай күн көреді? Тоғышарлық жайлаған Кеңес заманында отырған жоқпыз. Күйіп тұрған нарық заманында кітап оқу мәселесі ақша мен жағдайға барып тіреледі ғой. Біріншіден, «Ертең не ішемін, не жеймін» деп отырған адам жайбарақат кітап оқи ала ма? Екіншіден, қазір Қазақстанда кітап оқитын мұғалім мен дәрігердің жалақысы 40-100 мың теңге. Бір кітап кем дегенде 5000-10000 теңге тұрады. Жалақы өте төмен. Өкімет бұл үшін ұялуы тиіс.
Ал бұл аталған мәселелерге қарамастан, баспаға батыл ұсыныс жасап көрген авторлар бар ма? Меніңше, жоқ. Қалыптасып қалған жағдайды өзгерту үшін, барлық әдеби баспалар мен қаламгерлер ат салысуы қажет.
-«Жазушылар Одағын» тілге тиек етіп жатырсыз ғой. Қазір одақ тек қоғамдық ұйымның ғана міндетін атқаратын сияқты. Әйтпесе, жазушылар одағы деген сол елдің әдебиетінің айнасы болу керек қой?
-«Жазушылар одағы» – Кеңес режимінің әдебиет саласын қадағалау үшін құрған арнаулы ұйымы. Жаппай қадағалау үшін ойлап тапқан құралы. Сондықтан Кеңес өкіметі бұл ұйымға билік берді. Басқа елдерде «Жазушылар одағы» деген ұйым жоқ, кәсіби одақтар ғана бар. Олар одақ мүшелерінің кәсіби құқығын қорғау үшін құрылады. Әдебиет өкілдері PEN International ұйымының мүшесі болады, бірақ бұл ұйымның мақсаты мүлдем басқа. Әдебиеті еркін, сөз еркіндігі бар елге «жазушылар одағы» қажет емес.
-Қазіргі біздің қаламгерлер әлемдік әдебиеттің болсын, қазақ әдебиетінің болсын тамыр соғысын бақылап, көзқарастарын білдіру дегеннен алшақтап кеткен сияқты?
-Бірнеше себебі бар. Біріншіден, әдеби пікір-талас платформасы жоқ. Телеарналар түгел шоу бизнеске берілген, радиолар әлі ескіше жұмыс істеуде. Ал тәуелсіз платформа құруға қазақ тілді қаламгерлердің іскерлігі жетіспей жатыр.
Екіншіден, қазақ тіліндегі интеллектуалдық кеңістікте провинциалдық яғни ауылдық мәдениет басым. Тым субъективтік немесе жалпылама пікірлер жиі айтылады. Шынайы әдеби зерттеулер немесе жоғары кәсіби деңгейдегі полемика жоқтың қасы. Шығармаларды талдау, жаңа үрдістер жайлы пікір бөлісу дәстүрі қалыптаспаған. Сұхбаттар мен мақалалардың дені тұлғаларды ұлықтауға не даттауға бағытталған. Соңғы жылдары қаламгерлер арасындағы ашық бақталастық, олардың жеке қарым-қатынастарын жұрт алдына жайып салу қадеті әдеби кеңістікті «таблойд» деңгейіне түсіріп жіберді. Кейде мүлдем жалған ақпарат беріліп жатады. Мюнхаузен оқиғаларын да аз оқып жүрген жоқпыз. Қаламгерлерден байсалды ой, күрделі сөз күтетін оқырмандарға бұл неге қызықты болуы тиіс? Қаламгерлердің беделі түсіп кеткені рас.
Үшіншіден, көшіру жағы басым. Мысалы, мен әдеби баспаларды күнделікті төрт тілде қараймын. Қазақ қаламгерлерін оқығанда көзге бірден түсетін нәрселердің бірі – ашық түрдегі плагиат, яғни, өзіндік дауысының болмауы. Ағылшын тілінде Copycat (көшірме мысық) деген күлкілі сөз бар: біреуді айнытпай қайталап, басқа адамға жөн-жосықсыз еліктейтін адамды солай деп атайды. Батыста біреудің ойын өз ойы ретінде ұсыну қылмысқа тең нәрсе, ал біреудің стилін қайталауға қаламгерлердің өздері де намыстанады. Ал біздің қаламгерлер, соның ішінде белгілі адамдар, біреудің ойын аузынан жұлып алып, стиліне дейін айнытпай қайталаудан қымсынбайды. Егер қаламгерлердің өздері даралық пен дереккөзге келгенде мұқияттылық танытпаса, онда оқырманды қалай тәрбиелейміз?
Қоғам қаламгерлермен қайта санаса бастауы үшін, қаламгерлер өзіне деген талапты арттыруы тиіс. Бәрінен бұрын - баспа әкімшілері жоғарыда аталған нәрселерге мүлдем жол бермеуі тиіс. Ел мүддесін басқа нәрселерден ажырата білу – баспаның деңгейінің көрсеткіші сол деп білемін. Таңдаулы, оқырманға қызықты, интеллектуалдық деңгейі жоғары материалдарды ғана басу қажет. Талпынып жүрген алғыр жастарды жұмысқа тарта білу керек. «Әдебиет порталы» бұл жағынан биыл күшті серпіліс жасады. Сол сияқты, барлық әдеби баспалар жаңаша жұмыс істеуі қажет. Сапаға деген талапты арттыра түсу қажет. Кәсіби мамандар жазған материалдарды ғана басу қажет. Дилетанттық пен өтірікке жол бермеген дұрыс. Меніңше, бұның бәрі – іске асыруға болатын дүниелер. Біліктілік болған жерде сапа да болады.
-Таласбек аға бір сұхбатында: Чехов бірде Телешовқа «Сендер бүгін аяқтарыңмен басып келе жатқан жолды біз маңдайымызбен тегістеп едік»-депті деген дәйек айтқан екен. Қазақ әдебиетінің «алтын ғасырын» жасадық деп жүрген аға буын Тәуелсіздік тұсында әдебиетке келіп жатқан буынға осылай айта ала ма? Бұрынғы цензураның қадағалауынан, идеологиялық диктаттан құтылған әдебиеттің аяқ алысы басқаша болса керек-ті?
-Бұл цитатаны Таласбек Әсемқұловтың бір сұхбатынан мен де оқыған едім, бірақ орысшасын таба алмадым. Таласбек аға қателесіп қолданды ма деген ойға қалдым. Жалпы, екі буын арасында әрқашан сабақтастық, жалғастық болады. Еліктеу болады. Бірақ келесі буынның алдыңғы буынға қарағанда әрқашан артықшылығы болады. Себебі олардың уақыты басқа ғой. Не нәрсе алға жылжып отырады. Дәл осы сәтте екі буын арасында түсінбестік туындайды. «Бабалар мен ұрпақтар» – мәңгі тақырып.
Қазір біздің әдеби кеңістікте үш ұрпақ бар делік: аға буын, ғасыр аяғында пайда болған орта буын және тәуелсіздік заманда өсіп өнген жаңа буын. Абайлар сусындаған шығыс әдебиетін айтпағанда, жол салып кеткен Майлин, Аймауытов мен Әуезовтер еді. Кеңес заманында білім алып, 90 жылдарға дейін қызмет еткен жазушылар солардың ізімен жүрді. Ал кеңес заманында әдебиеттің мақсатын да, тақырыбын да, тіпті кейіпкерін де жазушылар емес, Партия анықтады. Сол үшін жалақы берді. Бұл қалыптан шығу мүмкін болмады. Барлық дүние бір идеологияға ғана негізделіп, барлығы соның мүддесінде ғана қызмет етті. Бұл үшін аға буын өкілдерін жазғыруға бола ма? Жазушы Светлана Алексиевич өткен жылы Нью Йорк қаласында болған кездесуде «Біз 90 жылдардың басында ата-анамызды өткен үшін аямай сынадық. Сол уақытты кері қайтару мүмкін болса, мен әкеме айтқан нәрселердің бірін де айтпас едім» - деді. Меніңше, бұрынғы кеңес аймағында туып өскен әр адам бұл жайлы ойланады. Дегенмен, аға буынның сіңірген еңбегі орасан. Барып тұрған шовинистік және тоталитарлық жүйеде тіліміз бен төл мәдениетімізді аман алып қалды. Қазіргі екі буын сол жазушылардың дәстүрін жалғастырып келеді. Яғни, байланыс бар.
Ал орта буын өкілдерінің санаулы екені рас. Оның өзіндік себептері бар. 60-70 жылдары дүниеге келген ұрпақтың көбінің орыс тілді болып шыққаны аз әсер етіп отырған жоқ. Егер қазір орысша жазып жүрген қаламгерлер түгел қазақша жазса, қазақ әдебиетінің жағдайы басқаша болар еді ғой!
-Сонда сіз қазір орыс тілінде жазып жүрген қаламгерлердің қазақ тілді қаламгерлерлге қарағанда бәсі жоғары демексіз бе?
-Бәсі жоғары болмас, бірақ орыс тілді қазақтар қазақша жазса, әр түрлі көзқарасты, әр түрлі жанрда жазып жүрген қаламгерлер саны көбірек болар еді. Қаламгерлер бір біріне жағымды әсер етеді. Әзірге орысша жазып жүрген қаламгерлер орыс тіліндегі контентке үлес қосып жүр. Сондықтан қазақ тіліндегі интеллектуалдық дискурс аясы өте тар.
-Қазір бұрынғыдай сіз айтып отырған партия да, цензура да жоқ қой? Онда неге біздің әдебиет әлі ауылдың айналасында жүр? Неге әдебиетте ашықтық, ізденіс жоқ? Қазір тәуелсіздік алғаннан бергі ұрпақтың өзі екі мүшелден асты. Демек, әдебиетке деген көзқарасы су жаңа ұрпақ келді деген сөз ғой?
-70 жылдан аса уақыт адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған тоталитарлық жүйенің ықпалынан 25 жылда құтыла қою қиын. Бұл өте баяу үрдіс. Қарапайым мысал берейін. Жаңа буынға білім беретін кім? Орта буын. Орта буынның жоғарғы білімі қандай? Кешегі кеңес университеттері. Александр Зиновьевтің «Гомо советикус» (1982) атты еңбегі, Светлана Алексиевичтің барлық еңбектері осы «жасанды адамды сомдау» мәселесіне арналған. Бұл менталитеттен ада болу үшін кем дегенде 50 жыл керек болар.
-Мүмкін біздің қаламгерлер авангардтық туындылар да жазып, біз жоғарыдағы тақырыпты ғана көріп жүрген шығармыз?
-Авангардтық қозғалыс үшін рух еркіндігі керек. Не нәрсеге өзгеше көзқарас керек. Дәстүрден бас тарту үшін де кейбір жазушыларға тәуекелге бас тігу қажет болды. Меніңше, авангард жазушылар енді пайда бола бастайды. Тәуелсіз елде, қалада туған және қазақша сөйлейтін буын өсті. Бірақ алдыңғы буын өкілдері оларға тосқауыл болмауы тиіс. Өздерінің көзқарасын, дүниетанымын жаңа буынға таңбағаны абзал. Қайта қолпаштап, шама келгенше алға жүруіне жағдай жасауымыз керек.
Бұл орайда айта кетер бір жәйт, жас қаламгерлерге арналған гранттар санын көбейту керек. 2003 жылы қазақ әдебиетінің нағыз жанашырларының бірі – Мұрат Әуезов ағамыз өзі мұрындық болып, «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен ұйымдастырылған «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» сайысының төрт жүлдегері төрт күшті туындыны дүниеге әкелді. Оның үшеуі қазақ тілді, біреуі орыс тілді қаламгер. Міне, осындай тәуелсіз гранттар нағыз дарын иелерін табуға көп жағдай жасайды.
-Сіз әдеби аудармалар жасап жүресіз. Тіл білу де шығармашылық адамының бір өрісінің кеңдігі шығар. Енді, мынаны айтыңызшы, біздегі аударылып жатқан авторлар сол елде қаншалықты оқылады? Оны қадағалайтын қандай бір әдеби агенттіктер бар ма?
-Тіл білу, әсіресе ағылшын тілін білу – біздің заманымызда қаламгер үшін аса маңызды шарт деп санаймын. Әрине, Батыс әлеміндегі әдеби үрдістерді ішінен көріп жүріп, бұл жерде біздің дауысымыз неге шықпай жатыр деген ойға қалғаным рас. Бірақ бұның өзінің объективтік себептері бар.
Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағында өскен әр адам өзі жайлы өте жоғары пікірде болады. Себебі Кеңес өкіметінің идеологиясы сол болды: «Кеңес Одағы бәрінен алда, кеңес адамының білімі күшті» деген пікірді қалыптастырды. Бірақ бұл жалған пікір. Батыста гуманитарлық білім деңгейі өте жоғары. Бәрінен бұрын – олардың құндылықтары қандай да жалған идеяға емес, адам баласының құқығын жан-жақты қорғауға негізделген. Сондықтан бұл әлемнің құндылықтарын тоталитарлық жүйеде өсіп, білім алған адам басқаша түсінеді. Ал батыстықтар, керісінше, жасанды дүниелерді қабылдамайды.
Тағы бір маңызды жәйт – біздің жұртшылық енді оқып жүрген Батыс әдебиеті мен қазіргі Батыс әдебиетінің айырмашылығы зор. Бізде әлі де Камю мен Кафка жаңалық, ал соңғы 20-30 жылда пайда авторлар жайлы ешқандай ақпарат жоқ. Ал олар не туралы жазады? Олар қазіргі заман мен қазіргі адам туралы шындықты жазады. Бір қалыптан шыққан кеңес жазушыларының шығармалары бұларға қызықты емес.
Бұл орайда батыс оқырмандары қалай қабылдар екен деген мақсатпен 1-2 автордың шығармаларын тікелей қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуға ат салыстым. Бұл жоба үшін орта буын өкілдерін таңдап алдық. Біздің мақсатымыз бұл шығармаларды «ванити», яғни, ақша төлеп басатын емес, кәсіби әдеби баспадан жариялау болғандықтан, көп жұмыс жасауға тура келді
Ал «ванити» баспалар арқылы аударылып жатқан дүниелер енді ғана ұсынылып жатыр ғой оқырмандарға. Уақыт көрсетеді. Батыста әдеби үрдістерді ешкім қадағаламайды. Әдеби жаңалықтарды тізіп отыратын баспалар, әдеби сыншылар, тәуелсіз блогерлер бар. Мысалы, бұрынғы кеңес аймағынан шыққан жаңа қаламгерлер жайлы әрқашан жазып отыратын блогерлер бар. Халықаралық журналдар бар. Өзіміз жайлы жазылған пікірлер немесе шолуларды іздеп тауып, жұрттың шынайы пікірін елге жеткізу – қазақ баспаларының жұмысы.
-Негізі біздің авторлардың өзге тілге аударылу мәселесі былай қарасаңыз жүйесіз. Әзірге ол аудармалар авторлардың «Мені пәленбай тілге аударды» деп мақтануына ғана жарап жатқан сияқты. Әйтпесе, сол аудармалар туралы шетел әдебиетшілері, немесе оқырмандары талқылап жатқанын, пікір білдіріп жатқанын естідіңіз бе?
-Әзірге бүкіл әлемге кітап сататын Амазон дүкендерінен ұсынылған қазақ авторлары санаулы. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен Тер» романы, Герольд Бельгердің шығармалар жинағы, Дидар Амантайдың шығармалар жинағы ғана оқырмандарға қолжетімді. Бұлардан басқа, шығармалары аударылып, Words Without Borders деп аталатын халықаралық журналға басылып, әдеби сыншылар назар аударған әзірге екі автор ғана бар. Олар - ерлі-зайыпты Илья Одегов пен оның жұбайы, ақын Әйгерім Тәжі. Осы журналдан 2018 жылы Айгүл Кемелбаева мен Зира Наурызбаеваның шығармалары ағылшын тілінде жарық көреді. Олар жайлы пікірлер жазылса, тілшілер міндетті түрде хабарлайды деп ойлаймын.
-Қазір бізде жекелеген адамдар белгілі бір демеушілерді тауып немесе ақындардың өзінен қаржы жинап, қазақ ақындарының антологиясын жасап, аудару үрдісі болып жатыр. Бір қарасаңыз бұл өте жақсы дүние. Азаматтық белсенділік қой. Бірақ, сұрыптаусыз нашар ақындар да өз қаржысымен аударылып кетіп жатса, шетел біздің әдебиетті сондай солқылдақ дүниелер арқылы өлшеп жүрмей ме екен деп те күмәнданасың?
-Демеушілер табылып, ондай мүмкіндік туындап жатса, неге пайдаланбасқа? Барлығы да шығармаларын ұсынып көрсін. Меніңше, солқылдақ дүниелер өздігінен сұрыпталады. Ал жақсы дүниелер міндетті түрде оқырманын табады. Қай тілде болмасын.
-Аударма, шетел әдебиеті туралы сөз қозғап отырып әдеби ағымдардан аттап кете алмасысыз анық. «Модернизм – ХХ ғасырдың аяғында өмірге келген эстетикалық талғам деген»-деген пікір бар екен. Біз әлі де әдеби ағымдарға үрке қараймыз. Ал модерндік бағытта жазып жүргендердің өзі шығармашылығына сіңіре алмай, тек эксперименттен аса алмаған сияқты?
-Модернистік қозғалыс Еуропада 20 ғасырдың аяғында емес, керісінше, 19 ғасырдың аяғында, 20 ғасырдың басында пайда болды. Модернизмнің көрнекті өкілі Эзра Паундтың «Make it new», яғни «Жаңарт» деген максимасын ағылшын тілді модернистер ұран ретінде қолданды. Стиль, форма мен жанр жағынан қалыптасып қалған дәстүрден бас тарту әдебиет саласында басталды да, барлық өнер түрлеріне тарады. Бұл ағынның әдебиеттегі көрнекті өкілдері - Джеймс Джойс, Марсель Пруст, Сэ́мюэл Бе́ккет пен Вирджиния Вульфтер. Олар тек қана батыс емес, бүкіл Әлем өнеріне әсер етті. Одан бері қаншама өзгерістер болып жатыр десеңізші!
Модернистік бағытта жазатын қаламгерлер Қазақстанда тек қана 90 жылдары пайда болды. Яғни, біз 70 жыл арттамыз! Соның өзінде, социалистік реализм дәстүрінен бас тартып, басқаша жазуға ұмтылған санаулы қаламгерлерді алдыңғы буын өкілдері «экспериментшіл», «батысқа еліктегіш» деген айдар тағып, мүлдем қабылдамады. Бұл жайлы Әлия Бөпежанова, Герберт Бельгер сынды қос тілді қаламгерлер талай айтса да,
аға буын өкілдерін әрқашан пір тұтатын қазақ тілді оқырмандар арасында осы қате пікір қалыптасып қалған.
Ал орыс тілінде батыс жазушыларын оқып өскен буынға бұл қаламгерлердің шығармалары қалыпты нәрсе. Себебі біз өскен заман қандай еді? Алдыңғы буын бір көруге зар болған Булгаковтарды кітап дүкендерінен сатып алып оқыдық. Орта буынның көзқарасы Горбачевтің жылымық кезеңінде қалыптасты. Таласбек Әсемқұлов бір сұхбатында «Жаңа толқын өкілдеріне бұрын тыйым салынған, қолжетпеген әдебиет бір-ақ күнде лақ етіп, ақтарылып түсе салды»,- деп өте дұрыс айтты.
Мысалы, әрқашан пікір-талас тудыратын Дидар Амантайдың шығармаларын мен мүлдем эксперименттік деп қабылдамаймын. Керісінше, 90 жылдары Дидар Амантай сияқты қазақ тілінде жазатын интеллектуалдық әдебиет өкілдерінің пайда болуы заңдылық. Олар уақытында пайда болды және төл әдебиетіміздің қалыпты эволюциясының көрінісі деп санаймын.
Олар пайда болмағанда жағдай мүшкіл болар ма еді. Себебі Кеңес заманында қалада тұрған қазақтар қандай ұрпақ тәрбиеледі? Өздерінің тілінен, тегінен ұялатын ұрпақ тәрбиеледі. Бұл қарадай адасқан топ аяғында не орысша, не қазақша ойлай алмай, әлі күнге дейін өздерінің кім екенін білмей, қазіргі қоғамда қаншама мәселе туындатып отыр! Сайып келгенде, 90 жылдары топты жарып шығып, Қазақстанның екі тілді интеллектуалдық кеңістігінен орын алған қаламгерлер – Таласбек Әсемқұлов, Дидар Амантай және Айгүл Кемелбаевалар – түгел ауылда туып өскен, қазақ тілді қаламгерлер! Енді жаңа буынға қарасаңыз, бұлар технологиялық заманның өкілдері. Бұлар міндетті түрде ілгері жүреді.
-Шығармашылықтың мұраты – жұмбақ қой. Не күтіп тұрғанын қаламгер де аңғара алмайды. Өзіңіз де әдеби аудармамен қатар прозаға қалам тартатыныңыз бар. Қазақ әдебиетіне не берсем дейсіз?
-Жаһандық контексте қазақша сөйлесем деймін. Шынайы кейіпкерлер мен шынайы оқиғалар жайлы баяндасам деймін. Бұрынғы қазақ емес, қазіргі қазақ бейнесін сомдасам деймін. Қазақтың жасанды бейнесін емес, шынайы бейнесін сомдасам деймін.
Тайвань әдебиетінің нативистік қозғалысына қарасаңыз, 20 ғасырдың басында Жапон тілінде сөйлеп, Қытай аймағында отырып-ақ батылдықпен өз тілі мен төл мәдениетін қайтаруға бет бұрды. Аяғында бұл қозғалыс әлемді аузына қаратқан Хоу Сяосянь және Эдвард Янг сынды кинематография өкілдерінің дүниеге келуіне себеп болды. Бұл қозғалыс нәтиже беру үшін 50-60 жыл қажет болды. Біз оларға қарағанда тіліміз де, жеріміз де бар тәуелсіз ұлтпыз. Бізде де бұл қозғалыс бір кезде басталуы тиіс еді. 90-жылдар соның басы деп білемін. Себебі өзінің кім екенін білмейтін адам басқа мәдениеттен үйреніп, төл мәдениетіне қызмет етудің орнына, өз мәдениетінен жеріп кетеді. Өз тегін білмейтін адамның әлемге берері де аз болады. Себебі әлем әрқашан өзі білмейтін, жаңа нәрсеге құмар!
-Сіздің әңгімелеріңіздегі оқиғалар біздің көп қаламгерлеріміздің шығармасындағыдай ауылдың айналасында емес, қалада немесе шетелде өрбиді. Бұл қазақ прозасындағы тақырыптың аясын кеңітуге деген ұмтылыс па?
-«Мектеп» деген повесте оқиға Алматы қаласында өрбиді. Қазақ және орыс тілді қазақтар арасындағы шиеленіс, жалпы әлеуметтік мәселелерден шынайы көріністер берілгендіктен, бұл шығарманы «орыс тіліне аудару қажет» деген пікірлер айтылды.
«Жырақта» деген жинаққа кірген үш әңгімеде кейіпкерлер басқа елде. Бірақ бұл шығармаларды жазғанда тақырып аясын кеңейтейін деген ойым болған жоқ. Меніңше, проза авторының көркемдік әлем сомдаудан басқа ешқандай мақсаты болмауы тиіс. Әсіресе дидактикалық мақсаты болмауы тиіс. Кейіпкер қай елде, қай планетада – ол маңызды емес. Кейіпкерлер мен көркем әлем қалай сомдалған – сол қызықты болуы тиіс. Нанымды ба, нанымсыз ба, сонысы маңызды. Жюль Верннің кейіпкері су астында тұрады, бірақ нанымды кейіпкер ғой, сол сияқты. Кейіпкерлерді шетелге қандай да мақсатпен әдейі шығару қажет пе? Қазіргі көптеген жастар үшін шетелде оқу не жұмыс істеу қалыпты нәрсе.
-Жазушы Жорж Сименон телефон кітапшасындағы есімдерді үнемі көшіріп жазып отыратын әдеті болған екен. Кейін сол есімдерді шығармаларының кейіпкерлеріне беретін көрінеді. Ал сіз шығармаларыңыздағы кейіпкеріңіздің есімдерін қалай таңдайсыз?
-Қысқа және кең тараған есімдерді қолданамын. Барлық әңгімелер «Шынар» деген кейіпкердің атынан баяндалады. Баяндаушының есімінде сыр бар екені рас. Шығармаларды әрқашан жазушының өмірбаяны деп қарайын оқырмандар болады. Қаламгер көркем әлемін сомдағанда өз тәжірибесін қолданады, бірақ ешбір жазушы өз өмірін баяндамайды. Ол не нәрсені басқа нәрсеге түрлендіреді. Қызық осында емес пе! Батыс әлемін дүр сілкіндірген норвег жазушысы Карл Ове Кнаусгард өз өмірі жайлы шындықты баяндап, үлкен сенсация жасады. Нағыз батылдық. Бірақ бұл жанрда жазатын авторлар көп болмайтыны белгілі.
-Әдебиет пен өнерге арналған «Зерде» деген сайтыңызда арнайы блог жүргізіп отырасыз. Демек, қазақ әдебиетіндегі алғашқы «Әдеби блогер» деп атауға болады ғой?
-Иә, «Зерде» – өнер және әдебиет жайлы блог, бірақ алғашқы блог емес. Осыдан 5-6 жыл бұрын қазақ тілді блогсферада бірнеше әдеби блогтар болған. Фейсбук сияқты әлеуметтік желілер саны артқан соң, шынайы блогерлер азайып кетті. Қазақстанда қазір Фейсбукте белсенділік танытатын адамдарды «блогер» деп жатады, бірақ «блогер» деген терминнің анықтамасын қарасаңыз, блогердің өз вебсайты мен белгілі бір мақсаты болуы тиіс. Немесе «блогер» қандай да саланың маманы болуы тиіс. Мен өзімді сол дәстүрлі блогерлер қатарына жатқызамын. Сондықтан менің блогым менің кәсібім жайлы: жазушылық, аударма және өнер.
Өнер салалары әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сурет шеберлері жайлы әрқашан қызыға оқимын. Еуропада болып жатқан ірі көрмелерден қалмауға тырысамын. Киноларды жақсы көремін. Голливудтың коммерциялық киноларын емес, тәуелсіз режиссерлердің шығармашылығын зерттеуді ұнатамын. Әдебиеттегі жаңа заман өкілдерін ағылшын және француз тілінде үзбей оқып жүремін. Міне, осы тақырыптар жайлы қазақ тілінде ақпарат беру оқырмандарға пайдалы болар деп ойладым. Басқа тілдерді үйреніп, басқа мәдениеттерді ішінен зерттеп жүрген әр қазақ қазақша интеллектуалдық кеңістіктің дамуына үлес қосуы қажет деп санаймын.
-Аударма көп уақыт алса да, өзіңіз аударсам ғой деп көздеп жүрген жазушы немесе ақын бар ма?
-Қазір жас қаламгерлерді мұқият оқып жүрмін. Егер көңілімнен шыққан авторлар болса, аударғым келеді.
-Қазір не жазып жүрсіз?
-Жуықта оқырмандарға тағы бір әңгімемді ұсынбақпын. Не жайлы екені әзірге құпия!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.