Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жусан иісі» әдеби байқауы. Балмұздақ...

17.11.2022 4494

«Жусан иісі» әдеби байқауы. Балмұздақ

«Жусан иісі» әдеби байқауы. Балмұздақ - adebiportal.kz

Қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арнайы ұйымдастырылған  республикаық «Жусан иісі» әдеби байқауы қазан айының басында әлеуметтік желілерде жарияланып,  15 қазаннан 15 қараша ралығында бір ай бойы шығармалар қабылданған  болатын.  Байқауға шығарма қабылдау аяқталғаннан кейін, келіп түскен шығармалар іріктеліп, жүлдеге үмітті деген бір қатарын авторын жасырып реттік номермен «Әдебиет порталы» арқылы оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Құрметпен: ұйымдастыру алқасы

№2 шығарма. Балмұздақ

Еріні мен мұрынының ортасындағы бір елі кеңістікке айғыздала жұққан шырышты абайлап анда-санда бір жалап қойып балмұздақ туралы таңғажайыпты айтып отырған Еркеш бәрімізді өзіне үйіріп алған: «Айтып тұрмын ғой, дәміне тең келер тәтті жоқ. Тіліңді тигізсең мұздай болып аузыңа төгіледі. Содан соң таңдайынды тоңдырып барып, өңешіне өтеді, кеудеңде сап-салқын болып жүгіріп отырып ішіңе кетеді.» Күнге тотыққан қара күйелеш қолымен өңешінен бастап, ішіне дейін сызып көрсетті.

Балмұздақтың дәмін дәл Еркештей сезе алмағанымызға өкініп, мұңға толы қарашығымыз оның қолымен бірге жүгіріп, ішін сызып өтті. Езуіндегі балмұздақтың шырышын таусып алайын дегендей тілінің ұшын ғана тигізіп, көзін жұмып тамсанып алды да: «дәмін-ай...» – деді.

Қиялдағы балмұздақты былай қойып Еркештің мұрнының астындағы шырыштың өзіне тамсана қарадық. «Қалаға барсам» балмұздақ толы дүкенде жалғыз өзім қалсам ғой деген бір-бір қиялды көңілге қонақтатып үйге қайттық.

Дәмді тамақ жеген сайын балмұздақ бұдан да дәмді ме екен деген салыстырмалы сұрақ көкейден кетпей қойды. Қаладан келген қонақтарға қарап отырып: «Балмұздақ жеген бақыттылар ғой» – деп пәлсапа қорытып та үлгердім. 

Ертең әкеммен қалаға баратын болдым. Кішігірім ақ түйенің қарынын жарып, қыш құмыраны сындырып, жинап жүрген тиындарымды шығарып алдым. Қапасқа түскен кейбір тиындар тотығып та үлгеріпті. Түкті кілемге ысқылап отырып, оларды жылтыратып тазалап алдым да қалтама бастым. Мақсат біреу – балмұздақтың дәмін көру.

Бауыры жер сызған кәрі автобус ыңыранып келіп жолаушыларды қала шетіндегі базарға әкеліп бір-ақ төкті. Кіп-кішкентай қолым әкемнің алып алақанында терлеп кетті. Менен ажырап қалмау үшін барынша нығыздап ұстап алған. Жан-жағыма алақ-жұлақ қарап келемін. Базар дегенін қызылды-жасылды той алаңы емес, өңшен алақан жайған қайыршы жүк көтерген құлдарға толы екен, ентігіп жоғын іздеп жүрген бір адам. Базардың жиегін кемпірлер жайлап алыпты. Гүлді орамалының түсі күнге оңып кір сіңген мына қазақ кемпір тұзды құрт сатып отыр. Адамдардың тобынан ұшқан шаң-тозаңға дорбадағы аппақ құрттарда көміліпті. Басындағы орамалы сияқты сатып отырған тауарын кір шалған. Одан кейінгі іргелес сатушы орыс кемпір кептірілген балық сатып отыр. Ара-арасында қонған шыбындарды қуғанымен, өзі де оларға іштей бауыр асып алғандай, бұлар болмаса жүрмей қойған саудадан зерігіп кетер ме еді?

Сабағы нәзік, күлтесі әдемі гүл сатып отырған әйел де өткен кеткеннің бетіне үмітпен қарайды. Құмыраға егілген әдемі гүл – бұл базардағы әзірге мен көрген әдемілік осы болып тұр. Әлсіз желмен дір-дір еткен күлтесі көз арбайды. Сығылысқан адамдардың біреуінің аяғы тиіп кетті де, құмыра жерге құлады. Сатушы әйел шашылған топырақты тез-тез жинап құмыраға кері салды да, гүлді кері көме қойды. Гүлдің тамыры жоқ екен...

Қалтамдағы тиындарымды ойша есептеп,екі балмұздақтың құны бар шығар деп ойлап та қойып едім. Әкемнің ақшасына ортақтасуға болмайтынын білемін. Үйден шығарда шешем қажетті заттарды қағазға тізімдеп, тиынына дейін есептеп берген.

«Иығымызға жаңа көйлек тимегеніне бес жыл болды, бұл көк машинаң ай сайын темірін ауыстырады» - деп шешем күңкілдесе де әр жерін майлап-сылап, темірін ауыстырып, көлігін әлпештейтін әкемнің артылып қалған ақшасына қосалқы темірлер алмақшы ниетін өзі айтпаса да сезіп келемін. Жайма базардан өтіп, балмұздақ сататын жерге де жақындап қалдық. Бұл уақытта әкем керек заттарын біртіндеп алып, жоғын түгендеп те үлгерген. Бет-аузы әжіммен аяусыз айғыздалған мүгедек қайыршы балдағына сүйеніп алақанын жайды. Әкем бір-екі тиынын тастады. Көзіне жылт-жылт еткен үміт оянып, алғысын жеткізді. «Екі балмұздақ жемей-ақ біреуін жесем де жарар еді» - деп ойладым, аз-кем тиынымды садақаға беріп, мүсәпір жанның көзіндегі қуанышты елестеткім келді. Алақанымдағы термен буланып жатқан тиындардың біреуін ғана тастамақ болғанмын, сылдырлап төрт-бесеуі түсіп кетті. Қайыршының қорабынан кері еңкейіп тиынымды алуға жүрегім дауаламай тұрғанда, бір қолымнан жетектеп алған әкем дедектетіп тоқтауға мұрша бермей, бір бірінің өкшесін басып ентелеген адамдардың ортасына сіңіп кете бардық. Менің қайыршыға тиын тастағанымды әкем тіпті байқап та үлгермеген болса керек. Енді қайтемін? Ызадан жылайын деп келе жатырмын. Көзіме толған ап-ащы жасты білдірмей оңды-солды сүртіп тастасам да, балмұздақтың өкініші ішімнен ып-ыстық запыранды қайтадан шығарып, көзіме үйіріп әкеле береді. Көзім бұлдырап, жүрісімнен жаңылыса бастадым.

Жетегінде бір өзгерісті байқады ма, әлде шаршады ма, әкем аздап дамылдады. Қызарып тұрған көзіме түсінбей қарап еді, «балмұздақ» - дедім өксіп. Бағанадан бері шаршағаным бар, оның үстіне іштегі ызам бар – екі көзден жылғалап ағып бұлақ кетті. Бұдан да сорлау бір күдікті күтіп тұрса керек, әкем немқұрайлы ғана: «әәә, балмұздақ па?» - деп күлді де, үлкен ақ тоңазытқыш жанындағы сатушыға қарай бұрылды. Талай күн арман болған, аздап өкініш пен мұңға бөлеген, ауылдағы кейбір балаларға әлі аңыз болған – балмұздақтың осыншама қолжетімді боларын кім білген? Біреуін емес, үшеуін сатып алдық. Семіз беліне алжапқышын керіп байлап сатушы әйел сондай мейірімді екен, әкеме қарап жымиып қойып балмұздақ жалап тұрмын. Дәл Еркештің суреттеуіндегідей – тәп-тәтті болып таңдайында ериді. Базар тарайтын шақта біз де қайтар жолға шықтық. Есік алдынан таныс қайыршыны көрдім, бірақ бұл жолы қол-аяғы сау, қолдың кірінен майланып кеткен ағаш балдағын қолтығына бос қыстырып алыпты. Кекіріп қойып, газды сусын ішіп тұр екен...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар