Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жусан иісі» әдеби байқауы. Қыраулы арман...

25.11.2022 1869

«Жусан иісі» әдеби байқауы. Қыраулы арман 14+

«Жусан иісі» әдеби байқауы. Қыраулы арман - adebiportal.kz

Қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арнайы ұйымдастырылған  республикаық «Жусан иісі» әдеби байқауы қазан айының басында әлеуметтік желілерде жарияланып,  15 қазаннан 15 қараша ралығында бір ай бойы шығармалар қабылданған  болатын.  Байқауға шығарма қабылдау аяқталғаннан кейін, келіп түскен шығармалар іріктеліп, жүлдеге үмітті деген бір қатарын авторын жасырып реттік номермен «Әдебиет порталы» арқылы оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Құрметпен: ұйымдастыру алқасы

№5 шығарма. Қыраулы арман

Әдебиет пәнінен берілген өлеңдердің біреуін де мүлт жібермей жаттап алу сүйікті ісі. Сол әдетінше бар дауысымен оқып отыр. Қолын сермеп, көзін жұмып, бар жан-тәнімен беріледі.«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста»депті Абай. Сол ақыл деген құрғыр бірде бар, бірде суға сіңгендей жоқ болып кетеді-ау деймін.«Ақылды бол!»  дегенді бала анасынан, әкесінен, ата мен апасынан естімеуші ме еді.Соңғы кездері ақылгөй сөздерді көп айтатын болып барады. Жетіскеннен емес, жетіспегеннен айтады. Дарияның жасы он  төрттен асты . Ал ақылы алпыстағы адамдай. Кейде ақымақ  болу  бақыт шығар деп ойланады. Ақылына айырбастар ақымақты тауып алса ойланбастан айырбастай салғысы келеді.

- Ақылсыма, Ақыл үйретердей кім едің?­

- Маған ақыл үйреткенше мұрныңды сүртіп ал!деген сөздерді естігенде көңіл-күйі құлазып, анау өзі қызыға оқитын кітап парақшаларына еніп жоқ болғысы келеді. Өзіне таныс кейіпкерлердің кейпіне еніп кеткісі бар.

Кім еді? Көңілін күпті ететін де осы сұрақ. Өткенде сынып сағаты кезінде жетекші «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаздырды. Қырық бес минуттық сабақтың тең жартысын ойланып отырып өткізді. Қасындағы Қаракөз қаламына көз ілеспес жылдамтықпен жазып жатты. Оның арманы да, мақсаты да айқын. Дарияда дүдәмал ойлар. Дүдәмал үміт!

Адамның ойы мен қиялы өте жүйрік. Жеті қат әлемді жеті секундтта ғана шарлап өтеді. Қиялында ол өзін қанаты бар пыраққа ұқсатады. Жер шарын шыр айналып ұшып жүреді. Шегі жоқ кеңістікті бойлай береді, ойлай береді.

Ал, мынау жер бетінде барлығы шектеулі. Іші тар өмір, іші тар тағдыр, іші тар қоғам, іші тар бөлме...

Осындай бір кезде анасының да іші тар-ау деп ойланады. Айналып үзіліп отырған елдің аналарын көреді де көңілі тағы да құлазиды. Үріп ауызға салғандай екі қызына мейірімі жетіспейді. 

- Тар бөлмеде тақылдап басты ауырттың ғой. Басым ауырып тұр. Жапшы ауызыңды деп шаңқ ете қалды анасы.

Тар болғанына мен кінәлімін бе? дегендей  сүзіле қарап, отырған орнынан тұрып кетті.

Тар  бөлменің өзін анасы жалға алған. Дария мен Асылым күн ұзаққа осы бөлмені мекен етеді.  Мектепке барып келгенше бар ойы сіңілі Асылымда болады. Асылымды анасы балабақшаға бермеді. «Ақшам тасып жатқан жоқ»дейді. Асып-тасып жүретіндер кімдер сонда? Мүмкін әкесі бар адамдар болар деп топшалайды. 

- Жүрегім қысып барады, аш анау терезені!

 Дария терезені сарт еткізіп ашты.Терезе де іштегі өмірден ығыр болғандай қабырға жақтауына соғылып,қайта қайтты.

Әйнектің сырт жағындағы әдемі қаланы да ұнатпайтын. Әдемілігімен өзіне тартып алып, шығармай қоятын көрінбес қақпаны бар секілді .Әдемілік деген табиғаттың өзі туған шынайылық. Шынайылықты жасыру-жасандылық. Отыздан асқан анасының жүзіндегі жылулылықты осы бір жасанды қала, жасанды өмір тартып алғандай.  Айнаға еңіп кетердей екілене түсіп, бетіне екі елі тоналды кремді жағып отырған анасына қараған қызының түсі өзгеріп шыға келді.  Булығып келіп тұрған сөзін буып, тісінің арасынан сыздана сөйледі:

 - Қашан келесіз енді? 

 - Келемін...Мені қайтпексің? 

Жасанды кірпік. Жасанды қас. Жасанды күлкі. Айнадағы бейне де жасанды.

Анасының бояусыз бейнесін жақсы көреді. Бояуы жоқ жанарындағы мейірім тұңған көздерін ұнатады. Күмістей күлкісін жақсы көреді. Аңсайды..

- Анашым ешқайда бармай-ақ қойшы. Сіздің үйде отырғаныңызды сағындық. Асылым жылай береді. Мен қарай алмаймын. Сізді іздейді, ұйқтамайды. 

Айтқан сөзін елейтін анасы болмады. Айнадағы өз бейнесіне риза. Екі көзі жәудіреп  тұрған Асылымның жылауға шақ тұрғаны белгілі. Иегі кемсеңдеп анасына бір, Дарияға бір қарайды. 

- Моя сладкая, ты моя сладкая деп қып-қызыл далаптың ізін Асылымның бетіне қалдырып,  сыртқы есікке беттеді.

Өкшелі етігімен еденді тесердей адымдап барады. Тар бөлмеден, тар заманнан, тар тағдырынан қашып шыққысы келгендей. Дария болса соңынан тұра жүгірді. Дәлізге шығып үлгерген анасының қолынан шап берді. Қыстың күнгі суық бірінші қабатқа қырау кіргізіпті. Жалаңаяқ шыққан қыздың табанын қарып өтті. 

 - Есің дұрыс па? Жібер мені!

- Кетпеңізші... 

Қолын жіберсе жүрегіндегі бір жалғау үзіліп кетердей қарсыласып бағуда. Ана мен баланың арасында үзілмейтінкөзге көрінбейтін қантамыр болады. Ана мен баланың арасын тәңірдің өзі жалғайды. Шыр етіп дүниеге келгенде кіндігің кесілгенмен арадағы жалғастық үзілмейді.

 - Қызыңды аясаңшы. Қандай анасың ?

Үстінгі қабаттан түсіп келе жатқан көрші кейкі дауыспен үн қатты. Жалаңаяқ тұрған қызға аянышпен қарады.

 - Шаруаңыз болмасын!

 - Құдай сақтасын?!

-  Өз жолыңызбен жүре беріңіз. 

Қолын қатты сермеген ана Дарияны итеріп жіберді. Шалқалап барып құламай қалған қыз қырау жұққан қабырғаға соғылды.

- Қандай суық еді деді Дария. Дауыстап айтпағанмен, бала жүрегінен шыққан сөз.

- Қарағым үйіңе кіре ғой. Қабырғаға сүйенбе. Суық өтіп кетпесін. Кіре ғой.

Тісі-тісіне тимей тұр. Дірілдеген денесін тоңдырып бара жатқан қыраулы қабырға емес еді. Аяқ астындағы сазбетсуық еден де емес.

 «Нағыз жылулық ананың жүрегінде»  деп эссе жазған мектепте.

 «Ананың алақаны ыстық»  деп ән айтқан көктем мерекесінде.

Дәл қазір Дарияға әлдебіреу жылулық силаса, ол алдымен соны анасының жүрегіне құюға бар. Анасының жүрегінің түбінде кішкентай болса да «ана жылуы» бар екеніне сенеді. 

Қараңғыға сүңгіп кеткен анасы келіп құшағына қысса мына қырау да, анау еден де жылып кетер. Көктем де ерте шығып, табиғат та бусына көктем әнін айтар. 

- Қандай адам мынау. Өз баласын ботадай боздатып кетті. Заман өзгерген деген осы ғой. Ой, сұмдық. 

Көршінің сөздері Дарияны селк еткізді. Жартылай ашық қалған есіктен сіңілісі бақырып жылап тұр екен.  Бөлмеге кірген қыз бүлдіршін сіңілісін құшағына қысып, қос тізерлей құлады. Қос қыздың құшағында басылмаған балдырған үн ағып бара жатты. Қос қыздың жасында мөлдіреген  таза әлем жылап жатты. Қос қыздың солқылында уыз әлди солықтады. 

- Асылым, түн болды. Кел екеуміз ұйқтайық.

- Анашым келеді ме?

- Келеді. Сен оянғанда үйде болады.

Анасының таң ата келсе келді, келмесе екі немесе үш күндеп жоғалатынын Дария біледі. Білсе де Асылымға айта алмайды.  Ағайын-туыс, дос-жаран деген жұрттың бұлардың үйіне аяқ баспайтынына біраз болған. Анасының шатақ міңезінен қашақтайды. Балапандай шағынан  өмірдің тереңіне үңілуіне, есейгісі келмесе де есеюіне себепкер болған анасының осы жүрісі. Кейде бәрінен безіп жөнелгісі келеді. Асылымды қимайды.. Сіңілісі екеуін балалар үйіне алып кетеме деген қорқыныштанмектепке де еріксіз барады. Барған соң тағат тауып отыра алмай, көзін жәудіретіп қамап кеткен сіңілісіне асығумен отырады. Асылым  биыл беске толды. Келесі жылы мектепке барады. Жақсы болар еді, бірге барып, бірге қайтар. Көңіліндегі бар арманын шығарғысы келген Дария терезеге қарады.Пердесіз терезеден тылысым тәңір төңіп тұрғандай тітіркенді. Соған қарамастан сіңілісін құшағына қыса түсіп, сыбырлай берді, сұрай берді...

- Анамның жүрегіне бір тамшы жылу құйшы, ақылын да қайтып бершідеген тілегінен таңбаған күйі ұйқыға кетті. Жылап-жылап ықылық атқан қыздардың тәтті ұйқысын  қимаған түн де ұзағынан мүлгіді.  Жұлдыздар да жер бетіндегі сұрқай өмірді көруден жиіркенгендей бұлт арасына жасырынып қалды. 

- Алтыным,айым!

- Анашым келдіңіз бе?

- Асылым, Дариям құлындарым!

- Анашым қолыңыз қандай жұмсақ, алақаныңыз қандай жылы.

Дария түсінде анасының ыстық алақанына сиып бара жатты. Алақанның ыстығы соншалықты Асылым да, Дарияда терлеп жатыр.  Жер бетіне жылу беруші күннің де көркем тұсы бар. Жақындасаң күлге айналтар жаман жағы тағы бар. Түсінде анасының алақанынан қанатты пыраққа айналды. Жерден алыстап барады, алыстап барады. Күн мен түн, айлар мен жұлдыздар араласып, қым-қиғаш болып жатқан ұзақ жолға түсіп бара жатты. 

Көрген түстің әсерінен ояна алмай жатыр. Әлдекімдердің үндерімен араласа құлағына алыстан әлгіндегі көршінің дауысы келеді. Бірде алыстан, бірде жаққынан шығып жатыр. 

- Қарғам,айналайын көзіңді аша ғой.

Дария көзін ашпаққа тырысты. Бірақ аша алмады. 

- Айналайындар-ау. Енді кешіккенде бәрі кеш болар еді.

- Дер кезінде қимылдапсыз. Сізге көп рақмет.

Дария алғашында түкке түсінбеді. Жұтқыншағына тығылған бағанағы жылаудан кейінгі ықылық өксік болар деп топшалады. Дем алысы ауыр. Басын көтеріп қарады. Өздері тұрған бөлменің терезесінен жалынды от шығып, ауланы жап-жарық етіп тұр екен. Бөлменің иесі басын ұрғылап, өрт сөндірушілер ары-бері айқасып жүр. Алаңқайға толы халық аңтарылып тұр. 

«Менің үйімді өртеп жіберді. Кім төлейді өтеуін».«Төлесін, төлетемін»  деп айқайлады. Бұл баж-бұж етіп жүрген жан бөлменің иесі Базарбек аға.Үйдің кезекті ақысын төлерде анасының жанын қоярға жер таппай, жан-жағындағы таныстарынан қарыздана-қауғалана ақша іздейтіні көз алдына келді. Төлем уақытынан бір күн асса тызақтап, таяқтап  жазып, бажылдап қоңырау шалады. Жалындап жатқан үйіне қарап, іші де өртеніп бара жатқандай долданады.  Естігісі келмеген Дария  аспанға қарады. Аспанның қара қою түнегі  төніп, қараңғылықтың  қоқынышын көрсетуде. Көзін тарс жұма қойды. Дәл сол сәт: «Қызым, Дария, Асылым» деген дауыс естілді. Шынымен, сол дауыс. Анасының әдемі үні. Жүрегі жарылып кете жаздады.

- Аман екен ғой. Аман екен . Көп рақмет саған – дейді анасы аспанға қарап.

Жеткенше жеті жығылып келгені көрініп тұр. Бетіндегі жасандылықты жауған қар мен көз жасы араласып айғыздап жатыр. Бар байлығы қос қызы екенін түсінген жанарында бақыт оты жанып тұр.

Дарияда аспанға қарады. Бағанағы қорқынышты қараңғылықтан  мейірімнің тамшысы тамып тұр. Жапалақтап жауып тұрған қардың қапалағымен анасының жүрегі әппақ нұрға толып жатқандай. 

 - Рақмет саған !деді қыз.

 - Рақмет саған !  деді аспан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар