Алтынай Асқарова. Абайдың қазақтану бағытындағы ойларының сарқып құяр сағасы – адамтану

Бөлісу:

04.08.2025 1101

Абай телеарнасындағы «Абайдың жолы» бағдарламасынан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Алтынай Асқарованың «Абай және қазақтану» тақырыбы бойынша дәрісін тыңдаған едік. «Абайдың «толық адам» ілімі қазақтың сан ғасырлық дүниетанымының жемісі», – деген ғалымның: «Қазір ондай өзгеше кемеңгер тұлға жоқ, неліктен?» деген сұраққа жауап іздегені назарымызды аударды. 

Бүгінде «толық адам» туралы жиірек айта бастадық. Ақын ойын әрі қарай сабақтап, ашалап, мәнін ашықтауға шамасы келетіні де, келмейтіні де осыны ауызға алуға әуес. Мүмкін, бұл да дұрыс шығар. Бұл ілім – рух, жан, тән үштігінің үйлесімділігін сақтау арқылы адамның адамдық болмысына жетуін көздейтін концепция, былайша айтқанша Абай философиясының шырқау шыңы болғандықтан да бұл идея қазіргі жаһанданған заманда ерекше маңызға ие болып отырғаны анық. Біздің Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Алтынай Асқаровамен әңгімеміз былайша өрбіді. 

 – Біз қазір бірдеңені білмеген адамды ғана надан деп мысқылдауға дайын тұрамыз, надандық ол емес, өйткені, бұл хаман баяғы сауатсыз, қара танымайтын заман емес қой, надандық деген адамның өзіне деген жауапкершілікті сезінбеуі, ішкі көзі ашылмауы. Айталық, қазіргі заманның ең үлкен трагедиясы – білімнің құнсыздануы. Жаңа технологиялар мен ақпарат тасқыны арасында адасқан адам Абайша айтқанда, «көзі ашық соқырға» айналып барады. Әңгімені осы тақырыптан бастасақ. 

  Тегінде, әрбір адамның өз өресі деңгейіндегі өз Абайы бар. Абай – өзінің дара рух иесі екенін тани білген жан. Өзінің рухын тани алған адам ғана өз болмысымен бетпе-бет келіп, ақиқатқа жақындай алады. Дүниенің көмескі және көрнекі сырларын, жаратылыстың хикметтерін сезіп -білуге қабілетті болады. Санасы нұрланып, көкірегіне сәуле құйылған жан ғана пендеуи дүние, күйкі тіршіліктен жоғары тұрып, биік идеалдар, ұлы мақсаттар жайлы ой толғауға қабілетті болмақ. 

«Әсемпаз болма әрнеге, 

Өнерпаз болсаң, арқалан. 

Сен де бір кірпіш дүниеге, 

Кетігін тап та, бар қалан!» деуінің астарында да жаратылыстың сыры мен түпкі мақсатын көкірек көзімен сезе білген аңғарлы жанның емеуріні қылаң береді. Бұл – санасы шұғыла шашқан, көкірек көзі ашылған адамның аузынан шығатын лебіз. Өзінің Ұлы Абсолюттен тамыр тартып, аманат арқалаған жан екенін терең сезінуден туған лепес. 

Сол секілді «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңіндегі:

Жүректің көзі ашылса, 

Хақтықтың түсер сәулесі, 

Іштегі кірді қашырса, 

Адамның хикмет кеудесі» 

деуі осыған меңзейді. Абай адамзат баласына ортақ ақиқатты қазақы мазмұнға орап бере білген. 

Абай әлемнің, соның ішінде өз халқының да жарқын болашағы үшін, адамзаттың игілігі жолында адами қасиеттердің мәні мен маңызын айрықша тереңдікпен айқындап берді. Оның даналығы – өмір тәжірибесіне негізделген әрі келешекке бағытталған шынайы рухани бағдар.

Бүгінде Қазақ елі үздіксіз даму үстінде: ойы ояу азаматтарымыздың дүниетанымы кеңейіп, ғылым мен білімді өз елімізде де, шет елдерде де меңгеруде. Білім қоры артқан сайын қоғам да жаңғырып, қажетсіз дүниеден арылып, бұрын назардан тыс қалған құндылықтарды қайта танып, тұрмысын жақсартуға, өмірін жеңілдетуге және мәнді етуге ұмтылуда.

Алайда, даму жолында жүрген елдің өзіндік кемшіліктері де болмай қоймайды. Осындай олқылықтарды түзеуде біз Абайдың өлмес мұрасына сүйенеміз. Оның рухани қазынасы – бүгінгі күннің де темірқазығы. Хакімнің әртүрлі таным деңгейіндегі адаммен тіл табысуы, бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдары, халқына деген айнымас махаббаты – әрбірімізге үлгі боларлық қасиеттер.

ХХІ ғасыр – қарқынды даму мен технологиялық өрлеу дәуірі. Соған қарамастан, Абай сөзінің қадір-қасиеті әлі де өзекті. Себебі, ол – адам жанының терең иірімдерін танып, бойымыздағы көрнекі де көмескі сырларды көкірек көзімен сезіп, асыл қасиеттерді ұлықтаған ойшыл. Оның өлеңдері мен қара сөздері адам бойындағы кемшіліктерді ашып көрсетіп қана қоймай, адамгершілік пен руханиятты биікке көтеруге үндейді.

Сондықтан да Абайдың даналығы – уақытпен бірге жаңғыратын, әр дәуірде жаңа қырынан көрінетін мәңгілік қазына.

–       Осы кезге дейін Абайды зерттеуге том-том еңбек жазылды, Абайды зерттеудің жүйесі жайында не айтасыз, бұл нәтижелер бізге не береді?

Әдетте, Абай зерттеушілер тарапынан ағартушы ретінде бір ауыздан мойындалған. Осы тұста бірқатар мәселені нақтылай түскен жөн. Мәселен, адамзат тарихында «ағартушылық» ұғымы орта ғасырда Еуропада бастау алған Қайта өрлеу дәуірімен тығыз байланысты. Батыс интеллектуалдық қозғалысының белді тұлғалары мен олардың ізін қуушы өкілдері ағартушылықтың өзегіне рационализм (ақыл) мен еркін ойды негіз етіп алды. Олар қоғам өмірінің бар саласын шырмаған шіркеу ықпалынан шығуға әрекеттеніп, адам құқығын алға шығарды. Ағартушылық философиясының негізінде өз кезеңінің дәстүрлі институттарын, ескілікті жол-жоралар мен әдеп қағидаттарын сынау, әжуалау жатты. Қазіргі заманғы еуропалық философиялық және саяси ой, либерализм (еркіндік) идеялары да осы Ағарту дәуірінен тамыр тартады. Бұған, әсіресе, әйгілі неміс философы И. Кант айрықша назар аударып, анықтамасын беруге тырысқан. Ол мұны дербес еркін ойлау жүйесі ретінде қарастырады. Батыстық әлемде өркен жайып отырған демократиялық құндылықтардың да түп негізі осы Ағартушылық – Қайта өрлеу кезеңінде жатыр.          Кейіннен ағартушылық термині ғылымды насихаттау, ілім тарату ісімен байланысты қызметті атайтын ұғымға айналды. Қазіргі кезде ғылыми-танымдық әдебиеттер авторларын да ағартушы деп атау орныққан. Сонымен, батыстық түсініктегі ағартушылық бағыты өкілдерінің ортақ тұстарының болуымен бірге, бір-бірінен елеулі айырмашылықтары да бар. Оларды ортақтастырып тұрған басты дүние – ескіні сынау, жаңаға үндеу. Бұл ретте олардың көзқарастары, әдіс-тәсілдері, ұсанған қағидаттары мен бағыттары әр алуан болып, тіпті бір бірімен қайшыласып та жататын кездері жоқ емес. Жоғарыда айтқанымдай, отандық зерттеушілер арасында ағартушылық ұғымына қатысты айтылған түсінікке сай қазақтың ұлы ойшылы Абайды да ағартушы ретінде танып білу тиянақ тапқан. Ағартушылықтың батыс ғылымы мойындаған талаптары тұрғысынан қарағанда, Абайдың оған сәйкес келетін жақтарының болуымен бірге, оның аясына сыймайтын тұстары да жоқ емес.

Абайдың алдыңғы толқын дәстүрлі қазақ ақын жырауларынан ойы да, өрнегі де өзге. Сөз саптауы да бөлек. Бұған ата тек, қазақы қанын былай қойғанда, өскен орта, алған тәлім-тәрбие, игерген білімнің де әсер етіп, ақын санасына өз таңбасын қалдырғаны сөзсіз. Ол ескінің соңы, жаңаның басы болды деуге толық негіз бар. 

Бұл орайда бір жайттың басы ашық. Абай алдына ел түзеуді, жұртқа жөн-жоба көрсетуді түбегейлі мақсат тұтқан жан емес. Жүрек қалауы, азаматтық болмысы, нұрлы жаны мен сәулелі көкірек көзі осы жолға түсірген. Мұны өзі:

«Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ», – деп әйгілесе, 

Бірінші қарасөзінде: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын. Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», – деп түйіндейді. 

Көріп отырғанымыздай, Абай – жасанды жанкештілік пен мақсұтшыл қайраткерліктен ада табиғи болмыс, біртуар жаратылыс. 

Сонымен, Абай ағартушылығының өзегі мен ерекшелігін қалай танып білген жөн?

Әдетте, Абай мұрасын зерттеуші ғалымдар көбіне ғұламаның кемел тұлға ретінде

қалыптасуын оның рухани нәр алған үш бұлағымен байланыстырады. Оның

әуелгісі – қазақ халқының телегей-теңіз рухани мұрасы, екіншісі – мұсылман

исламдық дүниетаным және үшіншісі – орысша оқу арқылы қол жеткізген батыс жұртшылығының ілім-білімі. Сөз жоқ, аталған рухани қайнарлардың кемеңгер ақыл-ойының толысуына, таным көкжиегінің кеңеюіне тигізген әсер-ықпалы зор. Алайда, Абай және оның рухани мұрасы – осы үш қайнардың ғана жемісі деу қаншалықты ақиқатқа жақын болмақ? Бұл тек алғышарттар ғана емес пе?! Әріге бармай-ақ, осы үш қайнар бүгінде кез келген қазақ баласына қолжетімді болып отырған жоқ па?! Олай болса, бүгінгі бұл талапты өрендер Абайдың деңгейі демей-ақ қояйық, өз заманының ойы озық, ақылы асқан бірегей жасампаз тұлғасына неге айналмай отыр? Демек, пенденің тұлға болып қалыптасуын қоршаған ортасымен, алған тәлім-тәрбиесімен, игерген ғылым-білімімен ғана байланыстыра қарастыру белгілі бір дәрежеде географиялық, рухани, мәдени, лингвоғылыми, гендік детерминизмге ұрындырмай қоймайды. Ол бірқатар шындықтардың сырына бойлатқанымен, тұтас ақиқатты танып білуде жеткіліксіз болмақ. 

Абай ағартушылығының ерекшелігі сан ғасырлардан бері Ұлы Далада қалыптасқан шалқар дүниетанымның алуан түрлі мәдени жүйелермен тоғыса келе толғатып туған рухани синтезінде, көкірек көзінің ашылып, тылсымға жалғана білуінде жатыр. Бұған Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі сыр сөздер куә. 

Ойшыл шығармашылығын тұтас күйінде қарастыру, Абайдың ағартушылық көзқарастары мынадай төрт бағытта өрбитінін көрсетіп отыр.

Бірінші, надандықтан арылу, оқу-білімге үндеу.

Екінші, жасампаздық қабілетті күшейту, жаңашылдыққа үйір болу, өнер үйреніп, кәсіп ашу.

Үшінші, сапалы қазақ болудың шарттары.

Төртінші, «толық адам» болу, рухани-адамгершілік қағидаларын негіздеу

Абайдың бүкіл шығармашылығында аталған төрт бағыт желі тартып, айтайын деген басты ойына өзек болған. 

Абай – рухани реформатор. Абайдың кемеңгерлік ойлары – қазақтың сан ғасырлық дүниетанымдық көзқарасының жемісі.

–   Бұның бәрі ғылым үшін дегенмен де, айналып келгенде білім іздеген студент үшін, көзі қарақты оқырман үшін жаңа әдістеме ұсына аламыз ба? Өйткені, оқу-білім – ақиқатты іздеудің, рухани көздің ашылуының алғышарты деп білгендіктен де өз табиғатын тануға ұмтылатын, сұрақ қоюға қабілетті, сол арқылы өмірдің мәнін іздейтін адамдар бар ғой.

Сұрағыңызға келетін болсақ, өте өзекті сұрақ қойдыңыз! 

Абайдың ағартушылығын тек теориялық деңгейде талдап қана қоймай, оны ғылымға да, студенттерге де, жалпы көзі қарақты оқырманға да әсер ететіндей әдістемемен ұсыну – зерттеудің жаңа бағыты бола алады. Мұнда бірнеше тиімді тәсілді ұсынуға болады және қазіргі оқу жүйесінде біршама әдістер қолданылуда. Мәселен, интердисциплинарлық (пәнаралық), компаративтік (салыстырмалы) талдау, цифрлық гуманитаристика әдісі, эмпатиялық (рефлексивті) оқу әдісі, дискурсивті пікірталас және дебат әдістер. Осы әдістерді әр білікті ұстаз қолданса өте тиімді және әр білім алушыны қызықтыра алу мүмкіндігі зор. 

Мәселен, пәнаралық әдіс. Абайды тек әдебиет тұрғысынан емес, философия, психология, дінтану, мәдениеттану, тарих, педагогика сияқты ғылымдармен сабақтастыра талдау: «Толық адам» ілімін психологиялық тұлға теориясымен байланыстыру; Абайдың ағартушылық идеяларын Кант, Гете, Конфуций еңбектерімен салыстырып оқыту; «Қара сөздерді» заманауи этика, азаматтық қоғам, құндылықтар теориясымен байланыстыру. Бұл студенттің ойлау көкжиегін кеңейтеді және Абайды тек ақын емес, әлемдік деңгейдегі ойшыл ретінде тануға мүмкіндік береді. 

Салыстырмалы талдау әдісі Абайдың төрт ағартушылық арнасын Еуропалық ағартушылардың идеяларымен салыстыру: «Надандықтан арылу» – Вольтер мен Руссо идеяларымен; «Жасампаздық» – Қайта өрлеу дәуірі гуманистерімен; «Сапалы қазақ болу» – ұлттық болмыс пен өркениет ұғымдары контекстінде; «Толық адам» – буддизм, конфуциандық және суфизммен байланыстыра зерттеу. Бұл тәсіл студенттерге Абайдың ойларының әлемдік интеллектуалдық контексте қалайша үндесетінін көрсетуге мүмкіндік береді.

Өз тарапымнан, Абайдың ілімі жайлы көзқарасымды жүйелі жеткізу мақсатында модульді оқу форматы, яғни Aбайды кезең-кезеңімен оқытуды ұсынар едім. Абайды төрт бағыт бойынша модульдеп оқыту: 1-модуль: Надандықтан арылу – оқу-білімге үндеу; 2-модуль: Жасампаздық – кәсіп, өнер, еңбек этикасы; 3-модуль: Сапалы қазақ болу – ұлттық сана мен өркениет;       4-модуль: «Толық адам» – рухани кемелдік».

(Суретте Абайдың ұрпағы Ләйла апай)

– Абайды жаңаша танығысы келетіндердің үміті ақтала ма? 

Иә, Абайды жаңаша танығысы келетіндердің үміті толықтай ақталады. Себебі Абайдың ағартушылық көзқарастары – тек өз дәуірінің қажеттілігінен ғана емес, бүгінгі заманға да бағытталған әмбебап рухани бағдар. Оның надандықтан арылуға, оқу-білімге үндеуге, жасампаздыққа ұмтылуға, «толық адам» болуға шақырған ойлары – қазіргі қоғам үшін де өзекті.

Абай – қазақты ғана емес, жалпы адамзатты кемелдікке бастайтын рухани реформатор. Ол өркениеттен алыс аймақта отырып-ақ, Конфуций, Лао-Цзы, Гете, Будда секілді ғұламалармен ой деңгейінде теңдесе алатындай биік идеялар тудырды.

Бүгінгі таңда Абайды жаңаша тану – оның ілімін заман талабымен ұштастырып, жеке тұлғаның да, ұлттың да кемелдену жолына пайдалану деген сөз. Сондықтан да, Абайды жаңа қырынан зерттеп, оның «толық адам» ілімін өмірге енгізу – үмітті ғана емес, болашаққа сенімді де арттырады.

 – Дәл қазіргі уақытта Абайға біз қай жағынан көбірек келгеніміз дұрыс деп ойлайсыз? 

  Қазақ ұлты – адамзат қауымдастығының бір бөлшегі. Адам баласына тән қасиеттер қазаққа да тән. Сонымен бірге өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Қазақты қазақ етіп тұрған қасиеттері – ділі мен тілі. Сөйте тұрса да, адамзаттың, жалпы адамның болмысын қазақ ұлты арқылы да пайымдауға болады. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, жалпы адамзат туралы жекелеген ұлт арқылы да ой түюге болады. Бұған Абай мұрасы арқылы көз жеткіземіз. Біздіңше, Абай үшін қазақ, қазақтың дәстүрлі өмірі – адамтану мен адамзат қоғамын түсіну құралы. Қазақ Абай үшін адамтанудың фоны болған. Абай дәуіріне дейін қазақтану мен адам мәселесі арнайы ой толғау, пайымдау мәселесі ретінде қойылмаған болатын. Ортағасыр ойшылдарының мұрасында да, қазақтың хандық дәуірдегі әдебиетінде де, жыраулар мирасы мен билердің үлгілі сөздерінде де адам мәселесі, қазақтану жайы арнайы сөз болмаған. Ол көбінесе кісілік, мәрттік секілді адамның кемел сипаттарын аңсау түрінде кездеседі. Жақсы мен жаманды айыру деген сипатта көрініс береді. 

Мұны философиялық деңгейге көтерген – Абай. Абайдың қазақтану бағытындағы ойларының түпкі көздегені, сарқып құяр сағасы – адамтану. Ал қазақтану – бұған мотив, желеу, себеп, астар, фон. Осыған орай, біз Абайдың қазақтану мен адамтану бағытындағы ізденістері мен ой тұжырымдарын үш деңгейде: этнографиялық, этнологиялық және антропологиялық арнада қарастыру қажет деп есептейміз. Осылай қарастырғанда, Абайдың ойшылдық қызметінің басты мұраты болған «толық адам» ілімінің бастаулары мен ұлттық арнасын тереңірек ашуға мүмкіндік аламыз деп ойлаймыз. 

Сондықтан қазіргі таңда ең алдымен келесі құндылықтарға басымдық берген жөн. Яғни, оқу-білім құндылығы:

Абайдың ойынша, бүкіл жамандық атаулының бастауы – надандықта. Одан арылтатын, адамның өресін өсіріп, өрісін кеңейтетін, көзін ашатын – оқу-білім. Сондықтан да ол, барша жастарға қарата:

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге», – деп үн қатады. Адам болудың нақты шартын былайша нұсқайды:

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің өмірің алдыңда, 

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ – 

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой – 

Қанағат, рақым, ойлап қой – 

Бес асыл іс көнсеңіз», – деп тұжырымдайды.  Оқудың мақсаты – пайда табу емес, арлы адам болу екенін қайталап айтудан танбайды. 

«Баламды медіресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» - дейді. 

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге»– деп, адамшылық арды әрдайым алда ұстаудың маңызына тоқталады. Кемеңгердің бұл ойы Әл-Фарабидың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың һас жауы» деген ойымен үндес. Яғни, пайда көздеп алған білімнен көпшілікке пайда жоқ. Еліміздегі ұлттық білім жүйесінің жаңа моделін қалыптастыруда Абайдың «пайда ойлама, ар ойла» қағидасын басшылыққа алу керек-ақ. 

Екіншіден, жасампаздық құндылығы:

Абайдың ағартушылығының тағы бір арнасы адам баласын жасампаздыққа шақыруында жатыр. Жасампаздықтың бастауы – адал еңбекте. Адам өмірінің мәні де жасампаздықпен тікелей байланысты. Жасампаздық арқылы ғана адам тек тұрмыстық қажеттілігін өтеп қана қоймайды, сонымен қатар рухани өсіп, кемелденуге бет алады. 

–  Бұл жерде жасампаздық құндылығы – адам болмысының мәнімен астасып жатқан әрекет. Деемек, ең әуелі материалдық дүниені жасауды емес, ең әуелі идеяны әкелу, адамның өз ішкі кеңістігінде бір жаңалық тудыруы. Бұл – адамдық қабілеттердің ашылуы, өмірге мән беріп, әлеммен үндестік орнатуы. Жасампаз адам өзіне де, өзгеге де жарық сыйлайды. Ол – тұтынушы емес, тудырушы. Қазіргі әлемде көпшілік тұтынуға бейім, ал жасампаздық – сирек сипатқа айналып барады. Демек, бұл құндылық бүгінгі күнде ерекше өзекті. Осыған мысал келтіріп кетсеңіз. 

 Абайдың айтуынша:

«Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған». 

Жасампаздықтың шарты ретінде, ұстанар қағидаты ретінде

«Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде», – дейді кемеңгер. Бұл ой ақынның бүкіл шығармаларында желі тартып жатыр. 

Үшіншіден, қазақ болу құндылығы:

Абай тоғызыншы қара сөзінде

 «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем – сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді» деп жазады. Әлбетте, адам өзі немқұрайлы қарай алмайтын, жанына жақын тұтқан, үміт еткен, сенім артқан, жақсы көретін жанға ғана ренжиді, кемшін тұсын көрсе, сынайды. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген, осы. 

– Осы жерде сөзіңізді бөлейік, Алтынай ханым. Сіз өткенде «Абай және қазақтану» дәрісінде қазақ болу құндылығы жайында айттыңыз. Абай қазақ болмысына күйінеді, бірақ бұл күйініш сыртқы жеккөрушілік емес, ішкі күйзеліс. Абай – өз халқы үшін жүрегі ауырған ойшыл. Ол надандықты, жалқаулықты, пайдакүнемдікті сынай отырып, қазақтың түзелуіне үміт артады. Ұлтқа сын айту – оны жақтырмаудың емес, шын жақсы көріп, биік көргісі келудің белгісі. Бүгінгі күн тұрғысынан бұл ойлар – ұлттық сана мен жауапкершілікті оятудың, тамырымызды танудың және тамырымыздан қуат алудың жолы деп түсіндіруіге келе ме?

 Ия, кемеңгер жалаң сынап қана қоймай, оның түп себебіне де үңіледі. Одан арылу жолдарын да ұсынады. Мысалы, 

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?» – дегенде, қазақтың өз болмысынан, ұлттық қасиетінен айрылып, ойсыз тобырға айналып бара жатқанын сынай отырып, қатты қынжылады. 

«Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсе қызар, жалмауыз,

Сорлы қазақ сол үшін

Алты бақан ала ауыз» – деп, адамдық қалыптан кетіп, итырғылжыңмен өмірі өтіп жатқанына өкінеді. «Өз қолынан өз ырқы кетіп, өздері түзеле алмайтын» кепке ұшыраған қазағына жаны күйзеледі. Дәрменсіздігі мен шарасыздығына налиды. Торықса да, біржола түңілмейді, налыса да, үмітсіздікке салынбайды. 

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Бұлардың емі, халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын» дейді. Отыз тоғызыншы сөзінде қазақтың бұрынғы екі артық мінезін бөліп көрсетеді. Оның біріншісі – елбасы, топ басы деген кісілерінің дегеніне көніп, ынтымақшыл, ұйымшыл болуы. Ал екіншісі – намысқойлығы. «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп тұжырады. 

Абайдың пайымдауынша, «қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?». Осынау сөздер қазіргі күні де өзекті. Қазақ арасын дендеген арызқойлық пен жағымпаздық секілді екі дерттің де түбінде жұмыссыздық жатыр. Яғни, кәсіппен айналысқан адамның біріншіден, бос сөзге уақыты болмайды, екіншіден, жағдайы тәуір болады, үшіншіден, өзіне өзі сенімді болады. Өз қолы өз аузына жеткен, бүкіл жасампаздық қабілетін іске асыра алған, өзіне сенімді адам қолында билігі бар адамға жағынып не болмаса, оның үстінен арызданып қайтсін? 

Абай ұғымында қазақ болу – ата-баба жолы мен аманатына адал болу, адам баласын қор қылатын кесірлі әдеттен бойын аулақ ұстау, әділет пен бірлікті ту етіп, білім ғылымға ынтызар, еңбекқор, өнерлі, жасампаз тұлға болу, сол арқылы Жаратушысына жақын «толық адамға» айналу. 

Төртіншіден, «Толық адам» сипаттары:

«Толық адам» ілімі – Абай ой-танымының квинтэссенциясы. Мұнда адамның бұл дүниедегі өмір сүруінің мәні, адамдық қалыпты сақтауы, рухани кемелденуі, Жаратқан мен жаратылыстың сыры, дүниенің көзге көрінетін және көмескі жақтары, жаратылған әрбір заттың, құбылыстың хикметі сана сүзгісінен өткізіліп, өте тереңдікпен, сұңғыла даналықпен пайымдалған. Абай бұл тұрғыда – әрі прагматик, әрі иррационалист. 

Бұл реттегі ойлары «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол», «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлең шумақтарынан тартып, қырық бес қара сөзінде тұнып тұр. 

Абай хакімнің 

«Жүректе айна жоқ болса,

Сөз болмайды өңгесі.

Тыңдағыш қанша көп болса,

Сөз ұғарлық кем кісі» дегендегі «жүректегі айнаны» рационалистік таныммен түсіндіру мүмкін емес. Сол секілді «Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек», «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім» дегенде сөз болып отырған, үңілген «екі жағы» қай жақ. Абайда мұндай сыр сөздер қатары қалың. Олардың тағы бір қатарын тізіп өтелік. 

 «Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,

Өзіне құмар қылған оның әмірі.

Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,

Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі». 

 «Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес». 

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл».

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!».

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боларсың елдек ерек».

«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».

 

–  Абайдың «толық адамы» жайында айттыңыз, бұл ілімі – адамзат баласына ортақ ақиқатқа ұмтылудың рухани картасы іспетті. ұғым – батыс пен шығыстың, ақыл мен сенімнің, материалдық пен метафизикалықтың түйіскен жерінде айтылар ой – руханиятсыз тіршілікмағынасыз өмір. Тек сана мен жүрек тепе-теңдігі болғанда ғана адам толық мәндегі тіршілік иесіне айналады. Осыны сабақтап көресіз бе?

–  Абайдың пайымдауынша, «толық адам» болу – адам өмірінің мәні мен мақсұты. Бұған «ақыл, қайрат, жүректі бірдей» ұстау арқылы қол жетпек. Адам баласы әуелден тән, жан және рухтан тұрады. Оны өзге өсімдіктер, мақлұқаттар әлемінен айырып тұрған да осы рухани қасиеті. Оны Абсолютпен тікелей жалғастырып тұрған да рухы. Тек жан мен тәннің жетегінде кету, яғни ақыл мен қайратқа ғана ден қою біржақтылыққа ұшыратады. Мұны қазіргі адамзат өркениетінен көріп отырмыз. Сол секілді тек рухтың қажетін өтеумен ғана шұғылдану да сыңаржақтыққа соқтырады. Мәселен, бірқатар Шығыс елдерінің тұрмыс-тіршілігі, өркениеттік даму тұрғысында мешеу қалуы осыған дәлел. Жоғарыда аталған үштіктің бірлігі мен балансын ұстау ғана адамды мұратына жеткізіп, кемелдендірмек. Абай ойының түпкі ойы да, ағартушылының түйіні де, осы. 

 

 – Сонымен, сіздің көзқарастарыңызды тұжыра келсек,  Абай айтқан білім – көзді ашады, жасампаздық – жанды тәрбиелейді, ұлтқа адалдық – тамырды нығайтады, ал толық адам болу – бүкіл тіршіліктің түпкі мәнін табуға бастайды дейсіз ғой. Әрине, бұл жол ауыр, бірақ жалғыз шын жол осы болып тұр. Ал енді айтыңызшы, сіздің өзіңіз Абайға не үшін көңіліңізбен бұрылдыңыз?

  Абай ойлары – адастырмас темірқазығымыз. Оны танып білу, игеру, бағдар тұту – ортақ парызымыз. Ал әдебиеттанушы үшін ол тіпті өзекті. Осы жағынан келгенде, кез келген филолог Абай мұрасын айналып өтпейтіні белгілі.  Абай туындылары – мазмұндық қабаттары терең, астары мол, айтары көп дүниелер. Одан әр саланың зерттеушісі өз іздегінінен бөлек, жаңа қырлар мен тың құбылыстарды табатыны да содан. Осыған байланысты әркімнің өз түсінігіндегі Абайы, өз таным деңгейіндегі Абайы көрініс береді. Әдебиет саласындағы ізденуші, зерттеуші ретінде бұл мені қызықтыра түсті. Осы бағытта мақала, эсселерден басталған ізденістер монографиялық зерттеулерге ұласты. 

 Әңгімеңізге рахмет.

 

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар