Қазақ-өзбек шығармашыл зиялылары форумы - игі дәстүрдің жалғасы

Бөлісу:

21.08.2025 950

21 тамыз күні Астана қаласында қазақ-өзбек ғылыми-шығармашыл зиялыларының алғашқы форумы өтті.

Түпкі тамыры бір бауырлас қос елдің арғы тарихындағы тұтастықты айтпағанда, кешегі замандағы Сәбит Мұқанов пен Мұса Ташмұхамедов (Айбек) сынды қаламгерлер қалыптастырған өзара достық рәуіштегі әдеби-мәдени байланыстарды қазіргі кезеңде жалғастыра отырып дамытуға қос тарап та мүдделі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваның қатысуымен өткен қазақ пен өзбек халықтарының ғылыми-шығармашыл зиялылары бас қосқан алғашқы форумы да сол ежелден келе жатқан игі дәстүрдің заңды жалғасы іспетті болды. 

Ғылыми-шығармашыл зиялылар форумын өткізудегі басты мақсат: ежелден аулы аралас, қойы қоралас, түбі бір бауырлас екі елдегі ғылыми және мәдени ортаның ынтымақтастық байланысын нығайту, қазақ пен өзбек халықтары арасындағы өзара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ ғасырлар жүзіндегі өзара дәстүрлік үндестікке негізделген ынтымақтастықты жаңа заманға үйлестіре, барынша тиімді дамыту мәселелерін талқылау болды.

Өзбекстан тарапынан бұл форумға келген құрметті өкілдер арасында Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов, Өзбек Көркем академиясының төрағасы Акмал Нуридинов, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саидовтар болды. Ал Қазақстан тарапынан ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, академик, жазушы Дихан Қамзабекұлы, сондай-ақ Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Астана қаласы мен өңірлерден келген ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының мүшелері қатысып сөз сөйледі, форумға белсене атсалысып, өз ойларын ортаға салды.

Алғаш сөз алған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл Қазақстан мен Өзбекстан зиялыларының басын қосқан бұл форумның маңызына тоқталып өтті. Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығы – мызғымас достыққа, бауырластыққа негізделгенін және екі ел шығармашылық зиялы өкілдері бас қосқан осы игі іс-шараның ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен өткізіліп жатқанын атап өтті. Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми-шығармашыл зиялылары арасындағы өзара байланыстарға әрдайым баса мән беріп келе жатқанына ерекше тоқталып өтті: «Соңғы жылдарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиеевтің басшылығымен қазақ-өзбек қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Бұл ретте мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық – басым бағыттардың бірі екенін атап өткеніміз жөн. Шын мәнінде мәдениет, өнер, білім дегеніміз – ешқандай саясат салқыны бұза алмайтын мызғымас көпірлер. Олар қашанда ортақ тарихқа, өзара құрметке және құндылықтарға табан тірейді. Ғылыми және шығармашыл ортаның бүгінгі кездесуі алдағы уақытта тың идеялармен, маңызды ойлармен және жаңа жоспарлармен алмасатын дәстүрлі алаңға айналады деп сенеміз. Осындай игілікті іс арқылы біз бір-біріміздің үнімізге құлақ асып, ортақ жарқын болашақ жолында маңызды қадам жасаймыз.» Сенат басшысы форумның сәтті өтуіне деген тілектестігін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева да зиялылар қайумы форумында айтылған, көтерілген өзекті идеяларға қолдау білдірді. Сөз сөйлеуші және де осы бастамалар мен идеялар бойынша мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейту қажет екендігін ерекше атап көрсетті.

Аталған іс-шараға келіп қатысқан Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік те форумға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, өз сөзін өзбек бауырларға арнады: «Қадірлі әзиз бауырлар! Бізге қош келдіңіздер! Бүгінгі жиынды ұйымдастырып отырған Сенат басшыларына рақмет! Біз ғалымдар, жазушылар, өнер адамдары – біз өзімізше бірігуіміз керек. Бір-бірімізді жақын білуіміз керек. Әсіресе өнер адамдары арасында жеке достық керек. Сондықтан мен бүгінгі мынау кездесу үшін қуанып отырмын. Біздер үшін бұл бір тарихи кездесу іспетті болып отыр. Біз сіздерді шын жақсы көреміз. Біз бір-біріміздің табысымызға қуануымыз керек. Сондықтан менің ойымша әдеби салада толып жатқан жобалар бар ғой, мысалы, баяғыда Әбіш Кекілбаев екеуіміз Орта Азиядағы түрік республикаларындағы жазушылардың үлкен бір сыйлығын ұйымдастырсақ деген жоба жасап ұсынған едік. Ресейде Лениндік сыйлық болды, әлемде қоғамдық Нобель сыйлығы болды. Сол секілді ғылым, әдебиет, өнер саласындағы табыстарға арналған үлкен, ортақ бір сыйлық болса дұрыс болар еді деп ұсыныс айтқан болар едім. Осындай жобаларды көбейтуге болады. Мұның бәрі біздерді жақындастырады», - деп өзара рухани-мәдени байланыстардың маңыздылығына баса мән берді.

Бұдан соң сөз алған «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, академик жазушы Дихан Қамзабекұлы да өзбек пен қазақ мәдени байланыстарына қатысты құны пікірлер айтты. Сөзін қорытындылай келе академик Дихан Қамзебекұлы бауырлас екі елдің әдеби-мәдени рухани қарым-қатынасын дамыту бойынша мынадай төрт түрлі ұсынысын ортаға тастады: «Мұндай кезесу әрқашан жақсылыққа бастайтыны сөзсіз. Ахмет Яссауи, Әлішер Науаи, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Бекбуди, Фитрат Шолпан, т.б. даналарымыздың рухы да шат болады деп есептеймін.

Мен мынадай ұсыныс жасағым келеді: байырғы Түркістан, Орталық Азия елдері үшін Бұхара, Самарқанд, Ташкент шаһарларының мәдени ықпалы кезінде бүгінгі Париж бен Лондоннан, кешегі Мәскеу мен Ленинградтан кем болған жоқ. Осы шаһарларда оқыған ғұламаларды, сол шаһарларда сүйегі жерленген даналарды маңдайымызға басқанбыз. Төле би, Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүр, Науан хазірет және басқа да тұлғалар туралы, қалалардың ел, дін, мәдениет бірлігі мен ықпалдастығындағы рөлдері туралы ортақ мәдени іс-шаралар өткізсек деп ұсыныс айтамын.

Екінші ұсыныс: біз өз тарапымыздан Фитраттар құрған «Чагатай гурунги», «Шағатай бәсі» деп айтылатын (орысша «Чагатайская беседа») ұйымды  насихаттап жүрміз. Біздіңше осы мәдени ұйыммен түркістандық азаматтарымыздың мәдени байланысы болғандығы белгілі. Осыны да бір жақсы байыптап, арнап жиындар өткізсек дұрыс болар еді. 

Үшінші, шүкір, Әлішер Науаи мен абай Құнанбайұлы тілдерімізге аударылып, рухани кемелдендік. Ендігі кезек Бекбуди мен Шәкәрім, Аблани мен Ғұмар Қараш, Фитрат пен Ахмет Байтұрсынұлы, Шолпан мен Мағжанға келдіп тұр. Осы және басқа Орталық Азия жәдидшілерін қазақша және өзбекше мейілінше толық аударатын кез әлдеқашан келді. Біз тіпті кешігіп жатырмыз. Бұл мәдени жобаға екі ел күш біріктіруіміз қажет деп есептеймін. 

Төртінші ұсынысымыз: біз 1917 жылы 27 қарашада жарияланған Түркістан мұхтариятын (автономиясын) бүгінгі Орталық Азия елдерінің бәріне ортақ мемлекеттік құрылым ретінде қабылдап, лайықты насихаттай білуіміз керек. Бұл да бізді біріктіретін, тарихи тұрғыда жаңа жобаларға тиек болады ғой деп есептеймін.» 

Өзбек пен қазақ зиялыларының форумына қатысқан өзге де сөз сөйлеушілер құнды пікірлерін ортаға салып жатты. Олар да бүгінгі форумның пайдалы болғанына тоқтала отырып, алдағы кезеңде қазақ-өзбек халықтарының рухани, мәдени байланыстарын одан әрі барынша нығайту керек дегенге бірауыздан тоқталды. Ол үшін екі елдің рухани байланыстарын дамытуға арналған нақты жобалар мен идеяларды іске асыру жөніндегі өздерінің көкейінде жүрген ойларын, тиімді ұсыныстарын білдіріп, ары қарай да әріптестік байланыста болатындықтарын айтты.

Жалпы алғанда ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі туысқан елдің өзара рухани байланыстары соңғы жылдары жақсы қарқын алып келеді. Тілі де, ділі де, ұстанған діні де, салт-дәстүрі де ортақ өзбек пен қазақ халықтарының өзара бауырластық, ынтымақтастық байланыстары осылайша тағы бір мәрте сараланды. Өзбек ағайындар Қазақстанның мәдени айтулы іс-шараларына әрдайым үн қосып отырады. Оның айқын дәлелі – Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы Ташкентте ауқымды деңгейде аталып өткен болатын. Екі елдің мызғымас достығы мәңгілік болсын!

Бөлісу:

Көп оқылғандар