Ядросыз әлем – біздің ортақ мақсатымыз

Бөлісу:

29.08.2014 15879

434_281974553472105187a6d75c1dd5b39e.jpgБүгін 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. Ғасырлар бойы тәуелсіздігін аңсаған халқымыздың  асқақ арманына жеткеніне  қазіргі күні  20 жылдан ғана асып отыр. Осы қысқа мерзімде Қазақ елі  басқалар ғасырлар көлемінде іске асырыла алмаған табыстарға қол жеткізгендігі белгілі. Аталған уақыттағы Отанымыздың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, білім беру, ғылым, т.б. салалардағы табыстары  халқымызға, барша әлем жұртшылығына аян. Ядросыз әлем – ол адамзат ұмтылуға тиіс  біздің ортақ мақсатымыз. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы ядролық қарусызданумен тығыз байланысты. 1991 жылы 29 тамызда Президент Н.Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл Қазақстанның дұрыс стратегиялық таңдау жасағанын, ядролық қарудан бас тартқан ел мәртебесіне ие болғанын көрсетеді. Қазақстан адамзаттың бүгінгі және болашақ ұрпағы арасында үлкен жауапкершілік өнегесін көрсете білді. Нақты қауіпсіздіктің тірегі ядролық арсенал емес, сыртқы бейбітшілік сүйгіш саясат, ішкі тұрақтылық, елдің тұрақты экономикалық және саяси дамуы болып табылатындығын өз мысалымен сенімді дәлелдеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында былай деген болатын: «Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі бастамаларымыз — әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан сөзсіз үлесіміз. Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз жетекші ядролық державалардан АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық. Біз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз. Біз әлемдік қауымдастықтың ядролық терроризм қатеріне қарсы тұрудағы күш-жігеріне қолдау жасаймыз. Қазір біз ядролық қатерді таратпау жөнінде одан әрі табанды шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы батыл айтамыз. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт таратпау режімінің арқауы болды және солай бола бермек. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуі таратпау режімін нығайтудың маңызды қозғаушысы болуға тиіс.  БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсынысымды қолдады. Осының барлығы — жаһандық саясаттағы біздің рөлімізді тану. Осындай жауапты саясатының арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімінің көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі болып танылды», – деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев.
Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып, ядролық қатерді жоюдың табанды жақтаушысы болып қала берді. Бүгінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелерінде Н.Ә.Назарбаевтың және Қазақстанның көшбасшылығын халықаралық қауымдастық мойындады да, ерекше құрметтейді.
Семей сынақ алаңын жабу – ядролық қарусыз әлем құру жолындағы қазақ халқының ұлы қадамдарының бастауы болды. Осы тарихи шешімнен кейін Не­вада, Лобнор, Жаңа жер секілді ірі полигондардың үндері өшті. Қазақстан Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап адам­зат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды. Семей сынақ алаңы жабылған 29 тамыз БҰҰ-ның қарарымен – «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» ретінде жарияланды. 

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар