Жансая Сыдықбай. Талшын (әңгіме)

Бөлісу:

04.12.2015 3274

11057467_908486925910176_2859440660756259010_n.jpg

Талшынмен үшінші курсты тәмамдап, Алматыға практикаға бара жатқан кезде танысқан болатынмын. Жылқы жылының шілдесі айтарлықтай ыстық еді. Группаласым Аян бөлесі Талшын туралы көп айтқандықтан, оған сырттай қанықпын. Досымның айтуынша, ол өте жақсы қыз. Ал өзімен жүзбе жүз танысқанымда расында түңіле қойған жоқпын. Онымен ең алғаш не туралы сөйлескенім есімде жоқ. Соған қарағанда есте қаларлықтай әңгіме айтпасақ керек-ті... Есесіне, оның әрбір іс-қимылы мен қылығы жадымда жатталып қалыпты. Оның мен көріп жүрген адамдардан басқашалау екенін бірден байқадым. Ашаң жүзі мен бір қараған адамның құтын қашырмас келісті реңіне, сынына жарасқан сымбатына, иығына жетер-жетпес қоңыр шашына, мұрнының ұшындағы қалына және ешкімге ұқсамайтын ерекше жанарына зер салдым. Өзін қалай еркін ұстаса, үстіне киген киімдері де соны дәлелдей түскендей. Қолдарын кербез қимылдатып, шайды баппен асықпай ішкені, жан-жағына маңғаздана көз тастап қойып адамға тіке қарайтыны өзіне сондай жарасып тұр. Әсіресе, менің бір сүйсінгенім, көзінің тазалығы еді. Оның көзі де, сөзі де, өзі де оқшау дүние-тін. 


*** 

Тағы да жаз айналып келді. Аян Алматыда. Бір хатында маған тәуелсіз газетте жүрмін деген. Біздің ең қызық студенттік күндеріміз артта қалған. Уақыт та ештеңе болмаған дінсіз кәпірдей бажыраяды. Өмірдің тезінен қалысқың келмей, ентелегенің өзіңе ғана керек. Кеше ғана өзге тірлік кешіп келіп, бүгін өз бағытымнан жаңылып қалғандай аласұрамын. Тірлігімнің қиюы қашып, бәрі де өз ойлағанымдай бола қоймағанына, аз ғана күнкөріске көңіл көншімей жүрген кезім. Аш бөрідей ішім ұлып, өз тірлігіме, әрекетіме, қоғамға өкпеледім. Өзіме, сосын осы күнге кіріптар қылып қойған әлдекімдерге кіжінуден шаршадым. Шаршасаң да езіліп жолда қалып кетпеуің керек. Өйткені, өзге тұрмақ өзіңді өзің әзер керек еткен шақта, тірі дененің обалына қалмау тағы бар. Бір күні Талшын келді. Ол маған бірінші рет келіп тұрған жоқ. Бұдан бұрын да бірнеше рет келген. Онсыз да сұрқай өмірімнің сықпытын қашырып, ылғи да мақсатсыз бір жаққа алып шығады. Бұл жолы да «Спрутқа» барайық дейді. Амалсыз келістім. Кейде тұрмысы төмен адамның тірлігі неге жүрмейді деп ойланасың? Оған өзгені емес, өзімді-ақ мысалға алайын. «Қойшы, азын-аулақ ақша қайда кетпей жатыр» дейсің де, бас-көз жоқ жаратасың. «Апама жездем сай» дегендей, Талшын екеуміз кафелерден шықпаймыз. Міне тағы сыра ішіп отырмыз. Талшын маған осы кеште бір әңгіменің ұштығын шығарды. 

– Дидар, мен үйге бармаймын. Әкем ішіп келіп қуып жіберді. Менің «неге?» деп жалт қарағанымды күтпестен-ақ әңгімесін жалғастыра түсті. 
– Мына қолымдағы көгерген іздер соның айғағы. Анам «қашып үлгер» деді. Не істейін, жалма жан үйден қашып шықтым. Қолында дәу қара тас. Оны ұрудағы көздегені – мен. Білмеймін, ішіп алса көзіне жын болып көрінемін бе, жоқ іштегі ызасын менен алғысы келе ме, әйтеуір мас болған күні үйдегі береке ұшты-күйлі жоғалады. Біле білсең, бұл он үш жастан бері көріп келе жатқан құқайым. Ішіп келген күні бәріміз «аш құлақтан тиыш құлақ» деп бас сауғалауға көшеміз. Әкеміздің қаһарына ілікпес үшін анам, інім және мен далада жүреміз. Қыстың күндері сыртқа желбегей шыға салғандықтан, ауру да таптым. Қашанғы туысқандар мен көршілерді паналаймыз. Үйлеріне бара беруге ұяласың. Сондықтан әкеміздің жыны басылғанша тыста жүреміз. Өткенде де қуып жіберген. Бірақ оны саған айтпап едім. Енді айтпасыма болмады... 

Еһ, Дидар, сен білмейсің ғой, әкемнің ішіп келгенде не айтатынын? Өзі қандай жексұрын болса, сөзі де сай-сүйегіңнен өтетін удай ащы. Бірақ әкем он үш жасыма дейін мені төбесіне салып өсірген. Кейіннен әкем өзгеріп кетті. 
Бірер сәт үнсіз қалды. Менің кейіпкерім бұдан кейін не деуі мүмкін? Әрине оның айтысына қарағанда бұрынғы өмірі тым қораш болмаған. Ал, кейін... 

– Сонда әкеңнің ішіп кетуіне не себеп болды? – деймін толығымен ақтарыла түссін деген оймен. 
– Әкем реңсіз, ал анам өте келісті жан. Сондағысы қызғаныштан. Қолыма қарға тышса» екеуін ажырастырып, шешемнің бар жағдайын жасап қоямын. Шешеме «ажарың әлі кете қоймаған кезде өзіңе бай тауып алсайшы» десем, маған «кім қарайды?» деп әзілдей салады. Тек өзінде ниет жоқ. 

Талшынның өзі аяқ астынан ақырзаман басталып кетсе де «осы бір маңғаз кейпімнен жаңылмаймын» деген адамша, темекінің күлін еш асықпастан күлсалғышқа қаққыштады да, әңгімесін жалғады. 
...Мамам мені оқып, адам болсын деді. Жағдайымыз нашар болса да, ақылы оқуға түсірді. Күнделікті күнкөріс әкеміздің «ішуіне» кететін. Пәленше маскүнемнің қызы екендігіме намыстанудан-ақ шаршағанмын. Бір күндік табыс табу жолында бір сиқыршының дұғаларын жазып бергенім үшін, ол маған күніне жүз теңге төлейтін. Жұрт оқуға жете алмай жүрсе, мен оқуымды тастап кеттім. Кейіннен анам байғұс шырылдап жүріп, тағы да оқуға түсірді. Ол кезде ішімдік атаулы мен шылымға жоламайтын кезім. Күн-түн демей оқып, кітапханадан шықпайтынмын. Студенттердің рефератын жазып беріп ақша табамын. Кезінде бір рефераттың соңына түскенім соншалық, бір апта ұйықтай алмай қалдым... 

Ол осы жерге келгенде еріксіз кідірді. Неге екені белгісіз, мен де одан ары қарай ештеңе қазбалап сұрамадым. Шымқаланың шілдесі түнгі он екіден ауса да, қапырығы өкпені қапсырып барады. Біз көп отырып қалғанымызды аңғармаппыз. Кафеде отырғандардың қарасы сирей бастады. 
– Қой, әкең қуып жіберсе, далада қаламысың. Үйге жүр... 


*** 

Аянмен хабарласпағалы қашан. Бір күні ойда жоқта Алматыдан сау етіп келе қалсын. Алдында маған телефонмен «Сағат 12-лерде келем. Есік алдына шығып тұр» деген. Біреуден хат алғанды жақсы көргеніммен, өзім хат жазуға жоқ адаммын. Онымды бұрын байқамаушы едім, әне-міне жауап жазам деп жүргенде өзі де келіп қалды. Келген беті заттарын әпкесінің үйіне қойыпты да, маған қарай тартыпты. Әпкесі деп отырғаным Талшынның анасы. 

Қой жылында қойдың мінезіндей болған күздің жайлылығына оңтүстіктің адамдары өкпесін арта алмаған. Ғұмырымда күз мезгілін онша ұнатпайтын басым, тұңғыш рет аяғымның астында жатқан сары жапырақтарға тамсана қарайын. Енді ғана селк етіп оянғандай, күздің сары сырбаз жапырақтарына мұңымды шағып жүргенімді кеш аңғардым. Сөйтіп жүрген кезде, қыс та келіп жетті. Аянның да ескі астананың біраз жаңалықтары мен жеке басының хикаясын шертіп кеткені кеше ғана сияқты еді. Ал бүгін «Орталық саябақтың» бір бұрышында жасырынып темекі шегіп отырмыз. Әлгінде ғана үзіліп қалған күйдің жалғасындай нүкте қойылмаған жырымыздың мұңы өзінің әуенін қайта тапқан. 

– Осы қар кеше ғана жауып еді. Бұрынғы астанадан қар ала келгендей болдың. Мұнда жаңа жылға дейін әжептәуір қар жауып тұрған. Кейін күн көктемнің кезіндей ашылып кетті. Табиғат та соңғы жылдары біртүрлі құбылмалы күйге түсті ғой. Бұрындары есімде, бәрі өз мезгілімен өтетін. Жазы жаздай, қысы қыстай еді. Қазір қыс айы тура көктем сияқты. Қар жаумайды. Сөзімді үнсіз тыңдап тұр. Не қостаған жоқ, не тіл қатқан жоқ, күрсінді де қойды. 

– Жақсылап қоң жию керек. Адам ит тірлік кешуге тиіс емес. «Сөзіміздің де, жолығудың да түйіні осы ғана» дегендей, үнсіз тарқастық. Ол қарекетін ертең емес, бүгіннен іске асыратын әдет тауып алыпты. Алдын ала «мына басылымға жұмысқа барамын» деді. Маған да сол жерден дәм-тұз айдады ма, бүгінде группаласым екеуміз бір кеңседе жұмыс істейміз. Оның бөлесінің жындыханаға түскені құпия болудан қалған. Аян Алматыда жүрген кезінде бөлесімен араласпай кеткенмін. «Іргеңді аулақ сал» деп Аянның өзі айтып еді. Бөлесінің кейбір қылықтары үшін досым менен қысылатын болса керек. Керісінше мен олардың көңілін жыққым келмей әрі-сәрі халде жүргем. 

Мезі болған тірлікте оңаша қалуды аңсау, өзіңді соншалықты сүйетіндігіңнің дәлелі-ау. Жабырқаулы жанымды қалай жай таптырам деп-ақ шаршап кететінмін. Есіктің қоңырауы шыр еткеннен пенделерден жырақ, бірақ адамдар ортасында тіршілік кешіп жүрген кейіпкерімнің келгенін ә дегеннен сезе қойдым. Қынжылдым. Қынжылмас та едім, анамнан аяқ тарттым. Көз жанары алабөтен жанның пенде баласы тұрмақ, уақытпен санаспайтынын қайдан білсін? 

Түнгі бірде үйге келіп тұр. Інілерім бықпырт тигендей тыжырына қалды. Алдында анам: 
– Дидар, қыз деген түнгі бірге дейін жүре ме екен? Айтсайшы, үйге келе бермесін. Ойындағысын жасырмай айтатын анама оның кәдімгідей «жүйкесі шаршаған жан» екенін қалай түсіндірейін. Десе де, анам «әкесі ішіп келеді екен» деген әңгімені естігелі оған аларып қарауды доғарған. Жақтырмайтын інілерім ғана. 

Талшынның үйін де, әке-шешесін де, інілерін де көрдім.Жұпыны үйінде басы артық ешқандай жиһаз жоқ. Төргі бөлмеде шешесі «ертең қызым күйеуге тиіп, балам келін әкелсе келген қонақтар мен құдалардан ұят болмасын» деп аузынан жырып несиеге алған жаңа диван ғана көзге шалынады. Оның өзі ескі дүниелердің қасына қалайша келіп қалдым дегендей, береке мен тыныштыққа зәру үйдің жыртық көңілін сәл ғана жамап-жасқап тұр. Қысқасы, бұл үй тек бәрі далада қалмас үшін кешке келіп бас паналайтын жатын орын сияқты. 

Әкесі Талшын айтқандай расында қисық адам. Қай кезде барсам да, сау кезін көргенім жоқ. Үйіне бір барғанның өзінде безе жаздайтын мен олардың осы тірлікке амалсыз көндіккенін байқадым. Өзімен сұхбаттас болатын жан баласын таппай кейде ол да іштей жалғызсырай ма, барсам ұзынсонар әңгімесін шертіп кетеді. Оның маған қатысы бар ма, жоқ па, тыңдағым келе ме, келмей ме, ол оны қызықтырмайды. Бастысы, ол айтып отыр, ал мен амалсыз тыңдаушымын. Мәжбүрлеп тыңдатқан әңгімені кім жақсы көрсін? Бос мылжың сөздер. Кейде әңгімесіне қалай қосылып кеткенімді аңғармай қалсам, кейде құтылудың ілігін таппай тыпыршып кететінмін. Ал шешесінен осының бәріне шыдап келе жатқан темірдей төзімнің иесін көрдім. 

Талшыннан іргемді аулақ салғалы біраз уақыт өткен. Жұмыстан кейін үйге соқпақ боп бұрылдым. Келгенім сол, есікті ашқан сіңлім екі бүктелген парақты ұстата қойды. Бірден сезе қойдым. Ол соның жазып қалдырғаны. 
«Дидар, қайда жоғалып кеттің? Өткенде берген қарызымды қайтаршы. Ауырып жүрмін. Үйге келсей. Айтатын жаңалықтар көп. 
Талшын» 
Тақатым қалмай кеш болса да, құстай ұшып автобусқа міндім. Далада аппақ қарды сықырлатып басып келе жатып, оған не айтарымды білмей қиналдым. Жақындаған сайын қыпылықтай түстім. Сұр қақпаны қақтым. Өзі ашса екен. Қақпаны анасы ашты. Жанары сол баяғысынша сұп-суық. Үйіне кірмей, келген ізіңмен кері қайтып кеткің келеді. Амандастық. 

– Сен келмей кетті деп, өзі іздеп барғалы отырған. 
– Мен қазір әпкемнің үйінде тұрып жатырмын. Өзім де үйге келмей кеткелі көп болған. Содан анама соға салайыншы деп барсам, Талшын «записка» жазып қалдырыпты. Соны көрдім де үйге аялдамастан, осында келіп тұрмын. Өзімше жауап тауып, ақталған түрім. 
Есіктен кіріп келгенімде шошып кеттім. Менің кейіпкерімнің құр сүлдері қалыпты. Өзі онсыз да арық еді, бұл жолы терісі сүйегіне ілініп қалыпты. Безгегі ұстағандай денесі қалш-қалш етеді. Көзі де төбесіне қарай ойысып кетіпті. Сидиған бұтындағы колготкиі мен үстіндегі сұрқай жемпірі мен басына жабыстырып киіп алған ер баланың бас киімі оны екі есе сұрықсыздандыра түскен. Ол мені көрді де состиып тұрып қалды. Дәліздің қараңғылығынан танымай қалды білем, соңынан шырамытты да маған қарай күлімсіреп жақындай түсті. 
Асханада отырмыз. Оның аязда қалып кеткен адамдай денесінің қалшылдағаны басылар емес. Сөйте тұра, бір қорап темекіні шегіп бітуге таяу қалды. Сөз арасында жындыханада өзіне тиіскен бір қызды аямай тепкілеп тастағанын мақтанышпен жеткізді. Артынша сол жерде жұмыс істейтін бір дәрігердің өзіне ғашық болып қалғаны есіне түсіп кетті ме, жүзі күлімсіреп: «Мен онымен аптаның бейсенбісінде кездесетін болдым» деді. Осы сәтте шешесі шыдай алмай: 
– Ойпырмай, темекіні жейсің бе, қайтесің? Қойсайшы, шеге бермей... – деді. Дәл осы сөзді күтіп тұрғандай-ақ, ытырына қалды да: 
– Шегемін! – деп үстел үстіндегі қорапты жұлқына алған күйі бір шылымды езуіне қыстырды да, күкіртті шырп еткізіп тұтатып, қорапты стол үстіне тарс еткізіп тастай салды. Ашуы басылмаған күйі: 
– Мені жындыханадағы дәрігерлер жынды деп ойлайды. Не біледі олар? Менің ақыл-есім сап-сау. Бәрін біліп тұрмын. 
Ол басқа бөлмеге шығып кеткен кезде, шешесіне «Мына қызды не істегенсіздер?» дедім. Жүзінде әбден күйіп-піскендіктен уайымның табы да қалмаған ба, сап-салқын дауыспен: 
– Бұл қайта тәуір болғаны ғой. Бастапқыдағы түрін көрсең. Бұдан да жаман болатын. 
Талшын жатар алдында «қасымды теріп берші» деді. Оның қасын теріп отырып, денесінің әрбір дірілін жан-дүниеммен сезініп отырдым. Оның мұп-мұздай қолдарын, алақанын ұстап көрдім. 
– Денең неге қалшылдап тұр? 
– Дәрігер мықты препараттар жазып берген. Соның әсері ғой. 

Оның жан-дүниесіндегі әрбір күйзелістің бүлкілін сезінгендеймін. Шындықпен бетпе-бет келіп, әбден ерегіскен. Шаршаулы қоғамның нағыз таптырмас кейіпкері дерсің. Мен білетін Талшын ешқашан көлгірсіп, өзінде жоқты жасауға ұмтылмайтын. Бойжеткен болып дүниенің алдамшы жылтыры туралы сөз де етпейтін. Әлі де солай. Оның қасында жүріп жақсы бір қасиетін жұқтырмасаң да, шыншылдығын сіңіріп алғаныңды өзің де аңдамай қаласың. Мірдің оғындай дік-дік етіп айтатын сөздерінен үркек көңілің бастапқыда суынса да, бертін келе турашылдығына еріксіз басыңды иесің. Оның жүрегінің сонау бір түкпірінде досқа деген адалдық пен жанашырлықтың қайнар көзі бұлқынып жататынын айтпаса да білетінмін. Міне, сөйткен Талшыным қатты жүдепті. 
Қызық, бағзы кездері адамдар «жүйкеміз жұқарғанда емделеміз» деп жындыхана салу тұрмақ, ойламаған да ғой. Ал біздің дамыған ғасыр адамдардың «жынданатынын» алдын ала білгендей-ақ, соларды емдейтін мекеме салады. Талшын – соның бірі ғана. Әлдебіреулердің барында асап қалмасам жалған дүниенің сыбағасынан құр қалам дейтін ашкөздігінен әділетсіздікке ұшырағандардың мұң-шерін кім қайтарып берер екен? Құдай ма, жоқ сот па? Әлде сол сотты жасаған «оттықтың» адамдары ма? Кім? Сана түкпірінде әділет іздеп шаршағандардың күйзелісі бір Талшынмен шектелмейтіні мені алыстағы ойларға жетелеп кетті. 


**** 

Досым Аян екеуміздің бір редакцияда жұмыс істеп жүрген кезіміз. Күнделікті қарбалас тірліктен бас алмай жүргенбіз. Дәлізде кетіп бара жатыр едім, бастықтың кабинетінен телефон ұстаған күйі алқынып шықты. Түрі түтігіп кеткен. 
– Талшын жоғалып кетіпті. Жаңа ғана інісі Нұрболсын айтты. Не істейін, полицияға хабарлайын ба? 
– Хабарлай бер, - дедім. Сосын маған қарап әлі де қуаттай түскенімді қалаған болу керек: 
– Дұрыс па? – десін. Не дей қоюшы едім, иығымды қиқаң еткіздім. Ертесіне сұратқызбай-ақ: 
– Ол жындыханаға барып жатып алыпты. Сол жерден таптық. Келесі аптаның жұмасында шығады. Қызыңнан артынан іздеп бармайсың ба дегенім үшін әпкеммен ұрсып қалдым. «Сол жерді курорт деп ойлай ма екен? Оған сонда барып жатып алсын деген ешкім жоқ» дейді қызына ерегісіп. Осы әңгімеден кейін кербез кейіпкерімнің бұл қылығын неге жорырымды білмедім. 


**** 


Жаз. Досым маған Талшынның тағы да үйден кетіп қалғанын, кеткенде де сол жерге барғанын айтты. Бұл жолы досымның өзі де ашулы. 
– Артынан іздеп бармаймын. Ол жердегілер де бір-екі күннен кейін шығарамыз депті. 
– Ол сонда кімге өкпелі? 
– Білмеймін, соңғы кездері «өлем, өлем» дегенді жиі айтып кетті. Сен өлсең біз жылайды дейсің бе? Тепкілеп-тепкілеп көме саламыз дедім. Жоқ, селт етер емес. Күндіз-түні төсегінен тұрмай жатып алады. Алғашқы күндері теледидар көретін. Оны да қойды. Мен оған: 
– Қалаған кафеңді айт, соған апарайық дейік те... 
– Әуре болма, бармайды. Әбден түңілген. 


**** 


Түн болса да газетті шығарып кету керек. Үйдегілердің мазасын алмай-ақ қояйын дедім де, Аянмен Талшынның үйіне қона салдым. Бізді түнделетіп қызметтік көлікпен Шухрат әкеліп тастаған. Таңертең оянсам денем тоңып қалыпты. Бір уақытта асхана жақтан анасы: 
– Талшын, тұр емтиханға бар. Тұра қойшы енді жалындырмай. Дипломыңды алып ал. Өмір бойы құл боп жүрмексің бе? Жаным тұршы, кешігетін болдың. Қасымызда анадай жерде жатқан Талшын: 
– Бармаймын, - деді көрпесін бүркене түсіп. 
– Тұрасың ба, жоқ па? Енді жатқан жеріңде тепкілейін бе? 
– Тебе бер. Үйіне Сәнімай деген құрбысы келген екен. Шешесі жыларман боп күйіп кетті де: 
– Сәнімай, айтшы Талшынға, тұрып емтиханына барсын. Ол қылмыңдап келіп, есектен ары қырсығып жатқан құрбысын одан сайын қитықтыра түсті. Абырой болғанда ештеңе деген жоқ. Қайта көндірудің орнына өзі шығарған үкімін бұзбаймын деп тістенген қиқарлығын екі есе шегелеп кетсін. Ұйқым шайдай ашылған. Қасымда жатқан Аянның шекесі жиырылып кетіпті. Ұйқысы келмесе де көзін жұмып алған. Өңі шаршаулы. «Бәрібір ештеңе шықпайды» дегендей сұлқ жатыр. 

Әлгінде шешесі болғанымда теппек тұрмақ, өлтіріп тастар ма едім... Қане, шешесінің суық дегені. Баласына елжіреген ана осындай-ақ болсын. Бұл шынында кімге өкпелі?.. 
Апырай, бәріміз де әйтеуір бұлданғышпыз. Әке-шешемізге қала берді өмір сүріп жүрген ортамызға, сол қоғамның тек қана күңгірт тұсын көргіш, сәл қиындықтар шықса қит еткіш, тек қана жақсы өмір мен баршылықта шалқып жүрмедім екен, мені осы күйге түсірген қай құдай деп күпірлік танытатынымыз-ай. Бәріміз осылай бұлдансақ, бәріміз осылай өкпелесек, жындыхананың есігіне сыймай топырлап кетеміз ғой. Кім білген, біреудің ішкі рухы мықты, біреудің ішкі дүниесі әлсіз. Бәлкім, ол диуани құсалықты да бастан өткеріп көргісі келді ме? Әбден жаншылып, езіліп, ойлардың ең соңғы азабымен тапталып ауырудан қашпай, өз жан-дүниесін талқыға салып көріп жатыр ма екен? Қиыншылықтарға төзбеген өзімшілдігі мен еркелік көрмеген балалығы үшін жарық дүниені жек көруге дейін барды ма? Соған өзгелерді кінәлі деп тауып, сол кінәлілер болмағанда «өмірім мұндай болмас еді» деген желөкпе эгоизм бе екен мұны ауыртып жатқан? Не сондағысы? 
Жарайды, мүжіліп, жоқ болғысы келді. Өзінің қадірін, құнын ұқтырғысы келді. Мейірім іздеді. Біреулердің қателігіне іші жылады. Жарық дүниенің құпиясы мен мәнін түсінбесе де, өмір сүруді тоқтатпайтын өзі сияқты өмір сүрушілерден сабақ алғысы келмей қасарысуы ма екен? 

Басыма осындай ойлар келсе де, көніп қалар ма деген дәмемен оның қобырап жатқан шаштарынан сипадым. Табиғатымда елжіреп еркелету қасиеті болмаса да, жасап бағуға тырысқан әрекетімнің өтірік екенін және оның сәтті шықпағанын іштей біліп жатыр. Жарыла жаздап жатса да үндемеді. Сөйтті де көрпесіне одан сайын қымтана түсті. Көзіне қарап қалсам, жанары шатынап тұр екен. Сондай ызғарлы. Бәріміз іштей үнсіздікте өз ойымызбен әлем-жәлем болып арпалыстық.
 
Сөйткен Талшын дипломын ақыры алды-ау. Ал Аян Шымқалада көп қала алмастан, басқа қалаға кетті. Өзім сол баяғы жекеменшік газетте жүрген жайым бар. Қыс өтіп, жаз келді. Жаз кетіп, қыс келді. Талшынмен алыстан араласқаным болмаса, онша жуи бермеймін. Бір кездестіріп қалғанымда жұмысқа тұрдым деген. Кейін ол жұмыстан шығып кетті. Неге деп сұрағанымда бастығы «жағдайыңның бәрін жасаймын. Сен маған ұнайсың» деген екен. Оған менің кейіпкерім көнбеген. Сосын басқа жұмысқа орналасып көрді. Бірақ ештеңе өндіре алмасын білді ме, ол да бөлесінің соңынан басқа қалаға кетті.

 
**** 


Менің кейіпкерімнің ары қарайғы өмірі не болды дейсіз ғой? Ол кейбір фильмдердің соңы не болып бітетінін алдын ала біліп отыратыныңыздай бақытты финалмен жалғасын тапқан. Иә, дәл солай. Неге, адам баласы бақытсыз болуы тиіс. Бәріміз сол бақыт үшін жаралған жоқпыз ба? Жыласақ та, күлсек те «қайтсем де бақытты боламын» дейтін өлермен ұстаныммен алға ұмтыламыз ғой. Үлкендер қызыға қарайтын өн бойымыздағы өзіміз құнттай бермейтін жастығымыз – талай сүрлеудің ащы мен тұщы дәмін алмакезек таттырады. Өйткені, шыншыл да, турашыл, екіжүзділік пен аярлыққа салына алмайтын мінездің иесі Құдайға да ұнайтын болса керек. Сол үшін де сол болмысынан тайқып кетер ме екен, кетпес пе екен деп өзінің жаратқан пендесін аямай сынап көретін сияқты. Адал жолды арымен таңдап алған адам ғана оның қиындығынан қашпай діттегеніне жетеді. Бақытқа лайық екендігін жылап жүріп те, күліп жүріп те, қуанып тұрып та, сынып та кетпей, мүжіліп те кетпей дәлелдей алса керек. Сол үшін де Құдайдың шын ықыласына ие болған жанның бағы ашылса, Жаратушыны әділетті емес деп көріңіз... 


**** 


Жастығымның астында таңертең дәлме-дәл уақытында оятатын ұялы телефоным шыр етті. Қарасам Аян. 
– Алло, не болды? 
– Талшын ауруханаға түсіп қалды. 
– Қашан? 
– Кеше. 
– Қой, ей. Маған наурызда босанамын деген сияқты еді. 
– Жоқ, ол өзі қате есептеген ғой. Амандық болса ертең босанады деп отыр екен дәрігерлер. 
– А-а. Шын ба? - деппін сасқанымнан. 
– Иә. 
Сүйінші хабардан жаным жылып қалды. Ертесіне мен оның дүниеге қыз бала әкелгенін естідім. Күйеуі болса «сол ежелгі дәстүр, сол дәстүр» дегендей, жора-жолдастарымен тұңғышын тойлауға кетіпті.



Бөлісу:

Көп оқылғандар