Қазақстандағы корей әдебиетіне шолу

Бөлісу:

15.06.2017 8613

«Адамның дүние есігін ашқан жері – Отан деп аталады, ал дүниеден өткен жері қалай аталады? Ондай сөз бар ма? Мұндай жердің өз атауы болмауы мүмкін емес. Болуы керек. Мейірім мен мұңға толы... Оны еске алған кезде адамның жүрегі дір етіп, жан дүниесі тебіренуі керек...» Бұл жазушы Хан Диннің «Ол өлке қалай аталады?» деген шығармасындағы басты кейіпкерді ойландырған сұрақ. Шығармадағы басты кейіпкердің ойы арқылы талай жүректегі ескі шерді қозғайды... Олай деуіміздің өз себебі бар...

Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, өткен ғасырдың бас шенінде қазақ даласына жер аударылған корейлерді жергілікті халық құшағына басса да, көңілдері Атамекеніне алаңдаған шығар.... Өйткені, мұндай күйді уақыт біздің де басымыздан кешіруімізге мәжбүр етті. Кеше ғана табанымызға шөңге кіріп, қара топырағына қолымыз жарылғанша ойнап, әр тауының бөктерін, әр ауланың бұрышын санамызға сіңіріп өскен жеріміздің отанымыз емес екеніне біз де бір кездері сене алмағанбыз. Бірақ, тарих – саясаттың ойнасы болғанын шарасыз мойындадық... Туған топырақты қимасақ та біздің екұдай кешкен күйімізді ұрпағымыз басынан кешірмесін деп бәрібір Атамекенге қарай көштің басын бұрдық қой, ақыры...

Кәріс халқы да саяси себептермен Қиыр Шығыстан Орта Азияға, Қазақ жеріне жер аударылды. Біздің ішкі қасыреттің ортақ тұсы осы... Қазақ өз жеріне келген кез келген халықпен «бүтін құртты бөліп жеді, жарты құртты жарып жеді». Далиған даласындай пейілі бар елміз ғой енді...

Арада 80 жыл өтті. Жыртық жамалды, сынық бітті. Алайда сол кездегі корей халқының басынан кешірген қиын күндердің тарих беттерінде тарихи шындық боп жазылса, көркем әдебиетте кейіпкерлердің тілімен әлі де жүректегі жарасын жаза алмай келе жатқандай көрінеді.

Атамекенінен алыстаған корей халқы өз ұлттық әдебиетін қазақ топырағында да жасай алды ма? Қазақстандағы ұлттық корей әдебиетінің жан-жақты дамып, өз мақсатына жетуі оңай болмады. Бұған сол кезеңдердегі шығармашылық мүмкіндіктердің аздығы, корей қаламгерлерінің өз баспаларының, жазушылар мен ақындарға бағдар беретін кәсіби корей тілді сыншылардың болмауы, аударма ісінің кешірек қолға алынғандығы себеп болды деуге болады.

«Өздеріңізді толғантқан дүниенің барлығын жазыңыздар...»

Кеңестік кезең. Жалпы Кеңестік кезеңдегі корей әдебиетінің қалыптасуы «Коре ильбоның» («Корей хабаршысы») негізін салушы «Сэнбон» ұлттық корей газетімен тікелей байланысты болды. Бұл газет Қиыр Шығыста басылып, әдебиетке қадам басқан таланттардың жарыққа шығуына үлкен ықпал етті. Жаңадан бой көтерген корей әдебиетінің аяғынан тік тұруына алғаш әсер еткен А.М. Горкий болған. Оның «Сіздер өздеріңізді толғантқан жағдайлардың барлығы туралы жазыңыздар» деген сөзі газеттің «Әдеби парағын» дүниеге әкелді.

Кеңестік корей әдебиетінің негізін салушы – прозоик, драматург, ақын, публицист Де Мен-Хи (1894-1938). Алайда ол 1937 жылы репрессияға ұшырап, бір жылдан соң саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға арналған лагерьде қайғылы жағдайда көз жұмады... Кеңестік кезеңде «Қазан туралы ән», «Большевиктер көктемі», «Тапталған Корея» сынды бірнеше өлеңдері ғана жарияланған. Өкініштісі сол, біздің қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш қайраткерлерінің жазбалары сияқы, бұл қаламгердің де шығармалары сақталмаған екен...

Деректер бойынша 1930 жылы Қиыр Шығыста корей тілінде 7 газет және 6 журнал шығарылған. Корейлердің Орта Азияға, Қазақстанға жер аударылуына байланысты Қиыр Шығыстық корей пединституты, «Сэнбон» газеті және корей театры өз орындарын ауыстыруға мәжбүр болды. «Сэнбон» газетінің редакция алқасының бір бөлігі, типографиялық жабдықтарымен қоса Қазалыға, кейін араға 2 жыл салып Қызылордаға көшірілді. Алайда департациядан бұрын Цой Хо Рим басқарған ұжым толықтай репрессияға ұшырады. 1937 жыл Қиыр Шығыста өмір сүріп жатқан корей халқы үшін жаппай жер аударудың салдарынан олардың тарихы үшін ең қайғылы, ең ауыр жыл болды. Нәтижесінде табиғи-климаттық өзгерістер, өмір сүру салтының басқа арнаға бұрылуы, корей халқының беткеұстар тұлғаларының репрессияға ұшырауы,корейлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мәдениетіне, тілі, өнерінің сақталып қалуына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. отыз жетінің салқыны корейлерді де айналып өтпеді. 1938 жылы Қазақстандағы пединститутпен қоса мектептер жаппай жабылып, «Сэнбон» газеті жұмысын тоқтатты. 1938 жылдың 15 мамырынан бастап «Ленин кичи» («Ленин туы») газеті жарыққа шыға бастады. Сол кезеңде «Ленин кичи» республикалық газетке айналып, аптасына бес рет шығып тұрды. Бұл шын мәнінде өте жақсы жетістік болды.Тіпті Орта Азиядағы корей тіліндегі жарық көретін жалғыз басылым еді.

Қазақстанда корей әдебиеті қазақстандық әдебиеттің бір бөлігіне айналып, өзінің екінші өмірін бастады. Бұл кезеңде әдебиет әлемінде қалам тербегендер аз емес еді. Олардың қатарында ақындардан Хан Анатолий, Ким Гван-Хен, драматург Ен Сен-Цен, прозаиктер Ким Дюн мен Ким Ги-Чер сияқты қаламгерлер болды. Бұл қаламгерлердің шығармашылығына 1962 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанынан корей ақындары мен жазушыларының секциясы ұйытқы болды. 1978 жылы жоғарыда аталған «Ленин кичи» газеті Қызылордадан Алматыға көшкен жылы ұйымдастырушы Ким Дюннің сол кездегі астанаға көшіп бара алмауынан секция өз жұмысын тоқтатады. Тек 4 жылдан кейін ғанакорей әдебиеті секциясын сол жылдары Корей театрында бас режисер қызметін атқарған драматург Мен Дон Ук қайта құрған. Осы жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы жаңа есімдермен толыға бастады. Олардың қатарына философ, сыншы, аудармашы Пак Ир, со кездегі корей театрының бас режиссері, драматург Мен Дон-Ук, ақын, прозоик, журналист Ян Вон Сик, балалар жазушысы Кан Генриетта сынды қаламгерлерді жатқызуға болады, Сон Лаврентий (кинодраматург, прозоик)Қазақстан Жазушылар Одағы корей әдебиеті секциясының төрағасы Мен Дон Ук кейін өз орнын Хан Динға беріп, сол жылдарды секция қарқынды жұмыс жасады. Қазақстан Жазушылар Одағындағы «Әдеби сейсенбі» күні корей қаламгерлері шығармашылық жоспарларымен бөлісіп, республикадағы әдеби жағдайды жан-жақты талқылап отырды. Корей әдебиетіне жас таланттар, тұтас бір жаңа толқын келді. Олардың ішінде Михаил Пак, Александр Кан, Станислав Ли есімдерін ерекше атауға болады. Сонымен қатар Қазақстандағы корей ұлттық әдебиетінде жаңа бағыт байқала бастады, бұл – барлық жас ақындар мен жазушылардың өз шығармаларын орыс тілінде жазуы болды.

Әдеби процесс. Жазушылар одағының жанына құрылған секцияны Хан Дин басқарған жылдары корей тілінде 5 кітап жарық көрген екен. Әуелі ілгерідегі мерзімді басылымдарда ғана жарық көріп жүрген шығармалар жинақталып «Бақыттың Отаны» және «Бүгінгі жарық» атты прозаиктерің екі ұжымдық жинағы, және ақындардың «Гүлдену өлкесі» атты антологиясы жарық көрді. Ал жекелеген қаламгерлерден Ли Диннің «Күннің айналуы» атты поэтикалық жинағы мен Хан Диннің пьесаларын айтуға болады.Сонымен қатар, Қазақстандағы корей жазушыларының «Ай күнтізбесі» атты прозалық шығармалар жинағы орыс тілінде жарық көрді. 1991 жылы «Ленин кичи» газетінің аты ауыстырылып, «Коре ильбо» деп аталды. 2000 жылы апталық газет Қазақстан корейлері ассоциациясына тапсырылып, қазіргі таңда корей және орыс тілінде шығарылады.

Тәуелсіз Қазақстандағы корей әдебиетінің дамуы. Қазақстандағы корей әдебиетіндегі тағы бір тоқтала кететін мәселе– орта жастан асқан жазушылардың арнайы әдеби білімдерінің болмағаны. Көбіне жазушылар мен ақындар педагогикалық институттар мен техникумдарды тәмамдап, «Ленин кичи» редакциясында, корей музыка-драмалық театрда режиссер болып қызмет атқарған.

Қазақстандағы корей әдебиетінің алғашқы өкілдерінің шығармашылық жолдарын екі кезеңге бөлуге болады: бірінші – Қиыр Шығыспен (1937 жылға дейін) байланысты; екінші – Қазақстан және Орта Азия республикаларымен байланысты (1937 жылдан қазірге дейін). Тек ХХ ғасырдың соңғы жылдарында корей әдебиеті журналистика факультетін аяқтаған авторлармен толыға бастады.

Корей әдебиетінің негізгі тақырыбы. Қазақстандағы корей әдебиетіндегі тағы бір ескерерлік жағдай– білгілі бір авторды әдебиеттің бір жанрында ғана қалам тербеді деп нақты кесіп айтудың қиындығы. Олардың көбісі проза, поэзия, драматургияны қатар алып жүрген. Ал поэзияға келер болсақ, олар классикалық корей поэзиясының заңды жалғасы. Корей поэзиясының басты тақырыбы – тарихи атамекені Корея, Қиыр Шығыс, Қазақстан мен Орта Азия табиғатының көркем бейнесі. Мұндай өлеңдердің басқа жанрларға қарағанда басты ерекшелігі шағын өлеңдердің «Ленин кичи» газетіне жариялануы еді. Себебі ол кезеңдерде корей тілінде көлемді шығармаларды баспаға беру үлкен мәселе еді. Бұл мәселенің жөнінде Олжас Сүлейменовтың «Корей қарпі бар бір баспа станогы әдебиетті құтқаруы мүмкін», - деген пікірі де бар.

Қазақстандағы корей жазушылары өз ұлтының тарихы, атамекені туралы да шығармалар жазды. Олардың арасынан халық санасында батыр бейнесінде сақталған тұлғаларды өз туындыларында қолданған Ким Ги Чердің «Кымгакман», «Бақытты жұлдыздар» повестерін атауға болады.

Өздерінің басынан кешіргенін көркем әдебиетте суреттеуде корей жазушылары автобиографияны көп қолданған. Анатолий Кимнің «Менің өткен өмірім», атты шығармасы мен Владимир Кимнің «Қара айдаһардың жұмбағы» атты шығармасынан соны аңғаруға болады.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалардың тылдағы жанқиярлық еңбегі туралы Ким Кван Хен «Окнан» поэмасында баяндайды. Сонымен қатар көпұлтты Қазақстандағы корейлердің өмірі туралы «Сырдария», «Жұлдыздарға қарап», т.б. шығармалары мен «Біздің мақтанышымыз» балладасын жазған.

Драматургия.Кеңестік кезеңде өмір сүрген корей драматургтардың қаламынан 70-тен астам пьеса туған. Соңғы жылдары жарыққа шыққан Хан Диннің «Ағашты қозғаудың қажеті жоқ» деп аталатын қос Кореяның бірігуі мәселесін қозғаған пьесасы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, Сеулдегі Үлкен театрда сахналанған.Корей әдебиетінің дамуына ақын, корей театрында сахналанған «Отқа оранған Корея», «Денай», «Чангок және Хон Нан», «Ян Сан Бяк», т.б. пьесаларының авторы Ен Сен Нен де үлкен үлес қосты. Оның таңдамалы шығармалары «Хянбогви норя» («Бақыт әні») деген атпен Алматы қаласында корей тілінде жарық көрді. Жалпы, 1937 жылдан берi республикалық корей театрында корей драматургтерiнiң жүзден астам пьесалары қойылды. Сонымен қатар театр сахнасында қазақ жазушылары М.Әуезовтiң «Қарагөз» және «Қобыланды», Ғ.Мүсiреповтiң «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», О.Бодықовтың, Қ.Мұхамеджановтың, т.б. пьесалары корей тiлiнде қойылды.

Аударма.Ал көркем аударма саласында корей лирикасын аударуда «Корей өлеңдерінің жинағы», «Корей лирикасы», аудармаларының авторы Пак Ир, «Бес түсті аспан» авторы Пак Ин-Но, «Қазақстан корей ақындарының өлеңдері», «Ортағасырлық Корея лирикасы» авторы Ким Со-Воль, «Корей классикалық поэзиясынан» авторы А.Л.Жовтис шығармашылықтарының орны ерекше.

Қазақстандағы корей әдебиетінің дамуына 1992 жылы Алматыда өткен Оңтүстік Кореялық жазушылар ассоциациялар съезді үлкен үлесін қосты. Бұл отырыста әр елден келген 100 ден аса корей жазушылары халықтың мәдениеті мен өнері туралы келелі мәселелерді қарастырды.

Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдары корей әдебиетінің көп бөлігі орыс тілінде жазыла бастады. Кейбір орыс тілді корей жазушыларының пайымдауынша, жазушы ойын қай тілде жеткізетіндігі маңызды емес, маңыздысы – не туралы жазатындығы және оны қалай жазатындығы. Ал кейбір жазушылардың пікірінше, тіл – әдебиеттің негізі.

Ата-бабалары жер аударылып келіп, өздері қазақ жерінде өсіп, орыс тілінде сөйлесе де, олардың жүрегінде Атамекенінге деген сағыныш басылмайды. Бірақ ол жаққа қайта оралуға да жүрексінеді. Мұндай тақырыптар, яғни туған жерінде өзін жат сезіну, ана тілін түсінбеу, адамның жан-дүниесіндегі жердің екі шетін ойлап екіге айырылу сезімі Анатолий Кимнің «Сеулде ананы сағынып жылау» және Хан Диннің «Ол өлке қалай аталады?» деген әңгімесінде көркем суреттеледі. Расында, ата-бабаңның туып өскен жері сені бала кезіңнен бауырына баспаса, есейгенде құшағына жая ала ма? Ананыңның қанымен келген тілді түсіне алмау, анаңның соңғы өтінішін орындай алмау қандай қасірет? Міне, осындай тақырыптар қазақстандағы корей әдебиеті өкілдерінің шығармаларында жиі ұшырасады екен.

1990 жылдардан бастап Қазақстанда жарты ғасыр бұрын оқулықтар мен барлық бағдарламалардан алынып тасталған корей тіліне деген қызығушылық оянып, бірнеше оқу орындары мен арнайы курстарда корей әдебиеті мен мәдениетін, тілін үйрету қайта қолға алынған. Корей ақын-жазушылардың шығармалары жинақтарда, жеке жарияланып, тақырып аясы кеңи түсті. Олардың шығармалары өз атамекенін аңсау, жаппай жер аудару кезіндегі қиындықтарды жазумен шектеліп қалмады, олар өздерінің екінші үйіне айналған Қазақстанды жырға қосты.

Павел Кимнің «Бабалардың Отанында» деген өлеңінде ақын Кореяға, бабаларының туған жеріне барып өзін бөтен адам ретінде сезінген жырлай келе, «Екі ананың арасында менің жүрегім қарс айрылады, қайсыңның жақын екініңді білмеймін..» - деп налыған екен...

Бұл күй шын мәнінде өте ауыр. Қазір арғы беттен келген әрі келетін күллі қазақтың осындай сезімде жүргенін түсінуге болады. Әйтпесе, Майра Мұхаммедқызының «Отаным бар, ауылым жоқ...» деген жан ауыртар сөзі айтылмас еді. Әйтпесе, бүгінгі ақындарымыз:

Ақ мұнар әне, шемен боп шөккен,
Қамыстар әне, өлең боп кеткен.
Кешірші мені Алтайдың белі,


Келе алмадым ғой,

Келем деп кеткем... –деп көңілдің алақанын өткен күндерге жаймас еді...

Осындайда Қадыр Мырза Әлінің:

Дарындыда ауыл жоқ,

Дарындыда - Отан бар – деген сөзін жұбату ретінде айтқың келеді...

Қай қиырда жүрсе де ұлт әдебиетін жанына азық қылған корейлердің қазақ топырағындағы өркен жаю жолы осылай болған әрі осылай жалғаса бермек.

Әзірлеген Айжан Табарак

Бөлісу:

Көп оқылғандар