«Баянсыз өмір ізімен» (Марсель Пруст шығармашылығы туралы)

Бөлісу:

02.08.2017 5415

Кіріспе

Француз жазушысы Марсель Прусттың «Баянсыз өмір ізімен» атты туындысы 20-21 ғасырдағы ең ықпалды әдеби шығармалардың бірі болып саналады, ал жазушының өзі – 20 ғасырдың басында проза жанрына қомақты үлес қосқан модернизм ағынының көрнекті өкілі. Біріншіден, бұл роман – жалпы адам табиғаты жайлы энциклопедиялық мәліметтерге толы, әзірге әлемде теңдесі жоқ психологиялық драма. Бұл шығарманың жаңалығы Прустың ешкімге ұқсамайтын кербез стилінде ғана емес, автордың Еуропа тарихында елеулі орын алған Үшінші Француз Республикасында қалыптасқан қоғам мен саяси жағдайлардан көрнекілік хабар беретін антропологиялық мұрағат болып табылатынында. Екіншіден, бұл шығарма 20 ғасырда жазылған ең көлемді романдардың бірі: 1 миллионнан аса сөзден тұратын романның әр томы кем дегенде 400-700 бет. Үшіншіден, бұл роман көркем өнер туындылары ең көп аталған шығарма. Марсель Пруст 7 томында 2000-нан аса көркемөнер туындыларын атап қана өтпеген, көркемдік сипаттама, эпитет ретінде өте тиімді пайдаланған. Бұл роман жарық көргелі ол жайлы пікір жазбаған немесе бұл шығармаға сілтеме жасамаған бірде де бір әдебиет немесе өнер сыншысы жоқ шығар. Бұл туындыны алғашқы болып оқыған жазушылардың бірі, модернизм ағынының тағы бір көрнекті өкілі Вирджиния Вульф: «Маған айрықша әсер еткен жазушы сөзсіз – Пруст. Одан кейін жазатын не қалды?», - деген екен. Пруст әлеміне терең бойлаған әр оқырман осы ойға қалары хақ.

Бұл мақаланың мақсаты – жазушының шығармашылығына жалпы шолу және әдеби аударма саласындағы жаңа үрдістер жайлы ақпарат беру.

Жазушы және туынды жайлы

Марсель Пруст (1871-1922) дүниеге келгенде Париж Коммунасының трагедиясынан кейін Үшінші Француз Республикасы орнаған аласапыран уақыт еді. Бұл тарихи оқиғалар белгілі ғалым-дәрігердің отбасына әсер ете қоймаған. Жұпыны француз отбасынан шыққан Адриен Пруст пен аса ауқатты еврей отбасынан шыққан Жанна Вейльдің тұңғыш баласы Марсель дәулет пен білім ордасында тәрбиеленді. Бірнеше ғасырлық зиялылар отбасының ұрпағы Жанна мен нағашы әжесі Адель зерек Марсельдің жан-жақты жетілуіне барлық жағдайды жасады. Нағашы әжесі жастайынан ауқатты туыстарының интеллектуалдық салонында жиі қонақ болған Александр Дюма, Альфонс де Ламартин, Проспер Мериме сияқты жазушыларды өз көзімен көріп өскен, өте білімді адам еді. Ол өз отбасының зияткерлік қазынасы мен рухани құндылықтарын қызы Жанна мен оның балаларына мирас етті.

Лицейде үздік оқыған зерек те алғыр Марсельдің өнер мен әдебиетке деген қызығушылығын әкесі балалыққа таңып, оны заң факультетіне жібереді. Бірақ Марсельдің әлсіздеу денсаулығы мен көркем өнермен әуестігі бұл салада қызмет атқаруына біршама кедергі жасағандықтан, ол бұл кәсіпті мүлдем доғаруға мәжбүр болған. Оған қоса, ата-анасының дәулеті оның қаражатқа зәру болмай, көп ізденіп, көп оқуына мүмкіндік жасады, бірақ сонымен қатар табыс табу қажеттілігі болмағандықтан, Марсель жас кезінен есігін тек қана қалталылар мен асқан дарынды өнер иелеріне ашатын «ақсүйектер шеңберін» айналшықтап жүріп алғаны да шындық. 19 ғасырдың аяғында Париж ақсүйектерінің салондарының тұрақты қонақтары Андре Жид пен Марсель Пруст қатар тұрғанда жұрт «жұлдызы жарық» Андре Жид дер еді. Ол кезде Париж әлеуметі ұяңдау мінезді Прусттың бүкіл Францияның символына айналатын ұлы жазушы болары түстеріне де кірмеген еді.

Дегенмен, тоғыз жасынан демікпе сырқатына ұшырап, ата-анасы мен аяулы әжесінің үрейін талай ұшырған Марсель бұл адамдардың алдындағы парызы зор екенін есінен әсте шығармаған. Марсель өзінің гей екенін білсе де, дәстүрлі ортада өскендіктен, табиғатын жұрттан жасырып баққан. Марсельдің аса зиялы ата-анасы оның табиғатына да түсіністікпен қарады. Отызды еңсеріп қалғанда өмірінің мағынасына айналған көлемді романының атауы жастық дәуренді аңсау емес, әдемі өмір соңында баянсыз өткен уақытын меңзесе керек. Жазушы өмірінің аяғында мән-мағынасыз текке кетті-ау деген ғұмырының әр сәтін қайта жаңғыртып, мәңгілік ескерткішке айналдыруды көздеді. Романның басында оқырманға жүрек сырын ашатын бес жасар сәби романның аяғында түн ұйқысы қашып, өлім мен өмір арасында күн кешіп жатқан науқас жазушы, оқырман жаңа ғана аяқтаған романды жазу үшін қолына қалам алады: «Ал мен жазатын дүние күні санаулының жұбайына жазатын хатынан басқа, әлдеқайда көлемді, және бір адамға арналмаған. Ұзақ жазылатын дүние. Күндіз әрі кетсе ұйықтап алуға тырысу қажет болар. Түнде ғана жұмыс істейтін болармын. Бірақ қанша түн қажет екен – жүз, әлде мың. Таң атып, жырымды кідірткенде, тағдырымның сұлтан Шахриярдан да қатыгез Иесі өлім жазасын аялдатып, келер түні жырымды жалғастыруға мұрсат берерін не бермесін білмей, алаңдап өмір сүретін болармын». (Le Temps retrouvé, Gallimard, 170-бет, ауд. Зәуре Батаева).

1912 жылы Марсель Пруст романның бірінші кітабын жастар арасында танымал Fasquelle және La Nouvelle Revue Française (NRF) журналдарына жіберді. Екі журнал бірдей шығарманы жариялаудан бас тартты. NRF журналы үшін шығарманы оқыған басқа емес, Андре Жидтің өзі еді. Андре Жид кейін бұл қателігіне қатты өкінді. Шығарманың екі сөйлемін ғана оқып қайтарғанына, Францияның Бальзак, Стендаль, Флобермен қатар тұратын жарық жұлдызын дер кезінде танымағанына өкінді. 1921 жылы NRF журналы романның «Германт» деп аталған үшінші кітабынан үзінді жариялағанда, Андре Жид рецензиясында былай деп жазды: «Бұл тұнық көлдің рахатына бір сүңгіп шыққан соң, осы менікі құр әурешілік емес пе, өнер жауһарын бір көргенде сенделіп қалмаушы ма едік, сол сияқты жазу жағына келгенде – жұрт «тазалығы» деп жүргені стилімнің жұтаңдығы емес пе деп талай күн қолыма қалам алуға қорқып жүретінімді қалай мойындайын?»

Марсель Прустың ерекше қаламын шеберлік ретінде бірден таныған ағылшын және неміс жазушылары. Солардың ішінде Сэмюел Беккет. Кейін Владимир Набоков та «Әдебиет туралы лекцияларында» Марсель Прусттың шығармашылық дарынын жоғары бағалап, «Другие Берега» және «Дар» романдарындағы «ғайып болған бейіш», идиллиялық балалық шақ идеясының Прустқа аллюзия екенін басып айтты. «Бұл шығарма мінез-құлық үлгісі, өмірбаян немесе тарихи хроника емес», - деп нақты бағасын берді. Әрине, баяндаушының есімі Марсель болғанымен, 7 томның ешбір жолынан бұған дәлел таппайсыз. Бұл – қиялы ұшқыр суретшінің қаламы сомдаған «Мың бір түнге» бергісіз көркем әлем. Марсель Пруст - «өнер ешқашан идеология үшін қолданылмауы тиіс» деген қағиданы мықтап ұстанған жазушы. Сондықтан болар, оның шығармасының негізгі объектісі – адам және адамдардың қарым-қатынасы. Бірақ Пруст өзіне дейінгі Гюстав Флобер, Александр Дюма, өзі сүйіп оқыған ағылшын классиктері мен Федор Достоевскийлер қалыптастырған дәстүрді сақтай отырып, роман жанрына бұрын-соңды болмаған жаңа үрдіс енгізді. Адам өмірінің әрбір сәті жадында. Ол сәтке қайта оралу үшін мадлен бисквитінің дәмі, музыкалық шығарманың бір фразасы жеткілікті. Романның алғашқы беттерінің бірінде үйге тоңазып кірген кейіпкерге анасы ұсынған ыстық шай мен мадлен бисквитінің дәмі кейіпкерді балалық шағының алаңсыз күндеріне жетелей жөнеледі. Марсель Прустың кербез қаламы адамның жадынан қандай да нәрсе түрткі болып, еріксіз қалқып шығатын естеліктер (involuntary memory) құбылысын былай деп суреттейді: «Жапондықтар қызықтайтын ойындағыдай, су толтырған фарфор аяққа қағаз қиқымдарын батырғанда, оған дейін кескінсіз қағаз суға тиер-тиместен жазылып, пішіні анықталып, түске еніп, әрқайсысы өз алдына дараланып, бірі гүлге, бірі үйге, бірі таныс кейіпкерлерге айналады, дәл солайша біздің бақтағы және Сван мырзаның саябағындағы барлық гүлдер, Вивонның тұңғиықтары, қалашықтың тұрғындары мен олардың құйттай үйлері, шіркеу мен бүкіл Комбре маңайы, кескіні мен заты бар не нәрсе, қала және бақтар, бір шыны шайдан қауыздай ашылды» (Du côté de chez Swann, Gallimard, 52-бет).

Прустың интеллектуалдық романы әлі күнге дейін көпшіліктің көңілінен шығатын жеңіл-желпі сюжетті немесе қызықты оқиғалы жалаң шығарма емес, әдебиет шыңына жете білген таңдаулы оқырманнан талмай ізденуді талап ететін күрделі психологиялық роман. Дәл сол кезеңде жазылған «Улисс» романының авторы Джеймс Джойс «сана ағынын» стиль ретінде ұсынып, революциялық жаңалық әкелсе, Марсель Пруст ешбір эксперименттік құралсыз-ақ роман жанрын Флобер мен Толстойлар қалыптастырған қалыптан алып шығып, жаңа интеллектуалдық деңгейге көтеріп кетті. Айта кетер жәйт, бұл екі ғұлама жазушы 1922 жылы 19 мамырда Париж қаласында кездескен көрінеді. 2015 жылы шыққан «Пруст» атты кітабында прустшыл эксперттердің бірі – Бенджамин Тэйлор бұл кездесуді тамаша суреттеген. 18 мамыр күні орыс композиторы Игорь Стравинскийдің «Ренард» балетінен кейін «Majestic Hôtel» қонақ үйінде ұйымдастырылған арнайы кешке Марсель Пруст Игорь Стравинский, Сергей Дягилев, Пабло Пикассо және Джейсм Джойспен бірге арнайы шақырылған көрінеді. Ішімдікке салынған Джеймс Джойс пен сырқаттан шаршаған Марсель Пруст ебедейсіздеу сәлемдескен соң, бір-біріне айтары болмағандай, «трюфель» саңырауқұлағы жайлы пікір алмастырғаннан арыға бармаған көрінеді. Кейіннен Джеймс Джойс бұл кездесудің әртүрлі нұсқаларын айтып бөсіп жүрді, ал Марсель Пруст бұл кездесу жайлы ешкімге және ешбір хатында тіс жармаған.

Бұл жазушының басқа жазушылардан айырмашылығы көп. Ол жазушылық кәсібін бала күнінде таңдағанымен, шығармашылығын өте кеш бастаған жазушы. Бірақ Прустың «прокрастинациялық» кешеуілдеу кезеңі дүниеге келгелі тұрған туындының инкубациялық кезеңі еді. Бала күнінен кітаптан бас алмаған қаламгер бойында бір шығармашылық күші бар екенін жастайынан білген. Ол дарынын оңды-солды шашудан саналы түрде әлде қандай да инстинкт күшімен бас тартқан. Жасырақ кезінде Париж баспаларынан жарық көрген бірен-саран өнер жайлы эсселерін Марсель Пруст қаламын ұштап, өнер саласындағы білімін жүйелеу мақсатында жазғаны анық. Кейінірек Ұлы Британияның белгілі өнер сыншысы Джон Раскиннің көркем өнер және сәулет жайлы еңбектерін француз тіліне аударды. Бұл жобаны іске асыруға ағылшын тілін өз тілінен кем білмеген анасы Жанна Вейль көмектесті. Бала күнінен Джон Раскиннің мақалаларын қызықтап оқығанымен, Пруст табиғатынан зерттеу және талдау жұмыстарынан гөрі тыңдармандарын балдай тәтті тілімен баурап алатын, ақындық пен көркем сөзге бейім болған көрінеді. Бірақ осы дарынын терең біліммен жетілдіріп, ұшқыр қиялы мен сан-салалы ойларын бір арнаға бағыттап, мүмкіндіктерін әбден саралап алмай, Пруст көлемді еңбегіне кіріспеді.

Жазушының өмірбаяны мен жеке хаттарын мұқият зерттеген Уильям Картер де, Бенджамин Тэйлор де Пруст романның идеясын жақын достарымен жиі талдап, бұл жобасына ұзақ әзірленгені жайлы көптеген деректер ұсынады. Дегенмен, өмірден ерте озған ата-анасының өзіне артқан зор үмітін дер кезінде ақтамағаны сезімтал Марсельдің жанына батқаны жайлы деректер де аз емес. 1903 жылы қараша айында Прустың әкесі бар-жоғы 68 жасында күтпеген жерден қайтыс болғанда, Марсель өзінің жақын досы және белгілі ақын Анна де Ноайға: «Әкемнің көңіліндегі жалғыз қара дақ өзім болғанымды өте жақсы білемін» (Таңдаулы хаттары, 359-60 бет) деп жазды.

Романның жеті томы 1913 және 1927 жылдар аралығында «Gallimard» баспасынан шығып, осы баспаның бестселлеріне айналды. Марсель Пруст циклдың «Қайта оралған ғұмыр» атты ең соңғы кітабын алғашқы «Сван жолы» кітабымен қатар жазған. Бірақ басқа томдары жарық көрген соң, соңғы томын соларға сәйкес өңдеп үлгермеген. Роман өңделмеген қалпында 1927 жылы шықты.

Орыс тіліндегі аудармалары жайлы

Орыс тіліне бұл роман үш рет аударылыпты. 1920 жылдары алғашқы 3 томын өзі тәржімелеп, қалғанын А. Федоровпен бірлесе аударған және циклдың жалпы редакциясына жауапты болған аудармашы – Адриан Франковский (1888-1942) еді. Санкт-Петербург университетін аяқтаған кәсіби филолог және полиглот, Адриен Франковский Еуропа елдерінің мәдениетімен жақсы таныс және жалпы жан-жақты, өте білімді адам болған. Ол романның атауын бірден дұрыс аударды: «В поисках утраченного времени». Романның бірінші кітабы орыс тілінде 1920 жылдардың аяғына қарай шықты. Ал 1930 жылы романның қалған томдары «Академия» баспасынан жарық көрді. Бұл жоба дарынды аудармашының ең маңызды еңбектердің бірі болып саналады. Франковский өзі аударған алғашқы екі томында француз тілінің ерекшеліктерімен қоса, Марсель Прусттың не нәрсені егжей-тегжейіне жете суреттеу мәнері мен байсалды дауысын сақтай білген.

1983-1990 жылдары бұл романды белгілі кеңес аудармашысы Николай Любимов (1912—1992) қайта аударды. Любимов бұл көлемді жұмысқа 70-тен асқан шағында ғана кіріскен және романның «Қайта оралған ғұмыр» атты соңғы томын аударып үлгермеген. Бұл томын 1990 жылы А. Кондратьев, кейін А. Смирнова аударды.

Николай Любимов – Серванте с, Мериме және Флобер сияқты көптеген ұлы классиктерді бүкіл Кеңес Одағының оқырмандарына жеткізген аудармашы. Николай Любимовтың ұлы естеліктерінде әкесінің әрқашан Марсель Прусттың романын аударғысы келгенін жазады. Басынан талай нәубет өткен Николай Любимов бұл шығармадан көзінен бұл-бұл ұшқан бақытты балалық шағының елесін көрген болар.

Николай Любимов 1912 жылы ауқатты отбасында дүниеге келген. Бірнеше ғасыр қала губернаторлары болған Любимовтар әулеті Кеңес Одағы орнағанда түген қуғынға ұшырады. Ата-анасы қылмыскер атанып, қалған өмірін Сібірдің бір деревнясында өткізгені аздай, Николай Любимовтың өзін шет тілдері институтын аяқтаған жылы үш жылға соттап жіберген. Гулагтан аман оралған Любимов өмір бойы әдеби шығармаларды аударумен ғана айналысқан.

Студент кезімде Чехов атындағы кітапханадан Франковскийдің аудармасын оқыған едім. Кейін «Академкітап» дүкенінен Любимовтың аудармасын сатып алып қайта оқыдым. Бұл екі аудармашының стилі де, тәржімелеу деңгейі де бөлек. Любимовтың ерен еңбегін кемітуден аулақпын, дегенмен Прусттың кербез стилін жеткізе алмағанын бұл романның түпнұсқасын оқығанда ғана түсіндім. Бұған себеп көп: Любимов Кеңес Одағынан аттап шықпаған адам. Ол француз мәдениетімен әдебиет арқылы ғана таныс болған. Көптеген нәрселерді тиісті дәрежеде түсінбегені анық. Екіншіден, көңілі қаяу жазушы құрғақтау қаламына кейде түпнұсқадан ауытқуға жол бергені де байқалады.

Прустты 21 ғасырда қайта тәржімалаған аудармашы – Елена Баевская. Баевская әзірге 2 томын аударды. Аудармашы COLTA.RU вебсайтына берген сұхбатында классикалық шығармаларды елу жыл сайын қайта аудару қажеттілігі туындап отырады дейді. Баевская алдыңғы екі аудармашының еңбектеріндегі қателік – 7 томды бір шығарма ретінде қабылдамай, әр томын жеке кітап ретінде аударуда жатыр дейді. Бұл пікірімен келісетін не келіспейтін оқырмандар көп болар. Баевскаяның аудармасын қарап шығуға әзірге мүмкіндік болмады. Интернеттен оны аудармасы жайлы жағымды пікірлерді көп оқыдым. Дегенмен, À l’ombre des jeunes filles en fleurs деп аталған үшінші томын Баевская «Под сенью дев, увенчанных цветами» деп аударған. Франковский «Под сенью девушек в цвету» деп ешбір артық сөзсіз тамаша аударған. Қазіргі орыс тілінде «дева» сөзінің көбінде жасы үлкендеу бикештерге қатысты қолданылатынын ескеру қажет пе еді деген ойға қалдым. Бұл томының кейіпкерлері – он екі де бір гүлі ашылмаған қыздар мен жасөспірім жігіттер.

Ағылшын тіліндегі аудармалары жайлы

Ағылшын тіліне алғашқы болып тәржімалаған – шотландтық Чарльз Скотт-Монкрифф (1889-1930). Скотт-Монкриффтің аудармасы 80 жылдай түпнұсқаға ең жақыны болып саналды. Бірақ аудармаға құлшына кіріскен жас Скотт-Монкрифф шығарманың атауын қате аударғаны жұртшылыққа белгілі дерек еді. Ол Шекспирдің 30-шы сонетінің екінші жолын қолданып, Remembrance of Things Past (Өткен күндер жадымда) деп тәржімеледі. Марсельдің ұзақ жылдар досы болған британ жазушысы Сидней Шифф шығарманың бүкіл идеясын ашатын атауының «Penguin» баспасынан қате атаумен шыққалы тұрғанына алаңдап, бұл жаңалықты Прустқа жеткізуге асықты. Марсель Пруст роман ағылшын тілінде шыға салысымен 1922 жылы қазан айында Скотт-Монкриффке алғысын айтып хат жолдайды және романның атауына қатысты түсініктеме береді: «Романның атауындағы «баянсыз» уақыт соңғы томының атауындағы «қайта оралған» ғұмырмен ұштасып жатыр». Скотт-Монкриффтің неге бұл атауды таңдағанын түсіндіріп жауап жазған, бірақ бір айдан кейін Пруст өмірден озды. Ол Скотт-Монкрифффтің хатына жауап беріп үлгермеген сияқты. Романның атауы 1992 жылы ғана In Search of Lost Time болып түзетілді.

Скотт-Монкриффтің нұсқасы бірнеше мұқият өңдеуден өтті. Алдымен Теренс Килмартин, кейін Денис Инрайт өңдеді. Прустшыл мамандар осы үш автордың еңбегін осы уақытқа дейін ең тамаша нұсқасы деп санап келген еді.

2002 жылы романның бірінші томы ағылшын тіліне қайта аударылды. Бұл жолы «Penguin Classics» баспасы туындының бірінші томын тәржімелеу жұмысын Американың ең беделді жазушыларының бірі - Лидия Дэвиске тасырды. Ба́рнард-ко́лледжінің түлегі Лидия Дэвис – көп уақытын Париж қаласында өткізетін, француз тілін жетік білетін кәсіби аудармашы және өте дарынды жазушы. Лидия Дэвис Марсель Прусттың 100 жылда еш ескірмеген жатық тілі мен биязы стилін 21 ғасыр оқырмандарына дәл жеткізген іспетті. Дэвистің аудармасы Скотт-Монкрифф аудармасына деген көзқарасты бірден өзгертті. Көптеген прустшылдар бұл шығарманың ағылшын тіліне енді ғана дұрыс аударылғанын жамырай жазды. Бұл жайлы осыдан 60 жыл бұрын француз және ағылшын тілін туған тіліндей білген Владимир Набоков та айтып кеткен еді. Скот-Монкриффтің аудармасына шаң жуытпай, Лидия Дэвистің аудармасын сынағандар да табылды.

2005 жылы 15-желтоқсан күні The New York Review of Books журналында жарияланған Андре Акирманның сыни мақаласына Лидия Дэвис 2006 жылы 6-сәуірде жауап берді. Лидия Дэвис «Скотт-Монкриффтің жасанды түрде әсіреленген стилін Прусттың стилі деп қабылдау қателік. Прусттың тілі жатық және анық» - деп жазды. «Ұмытты» сөзі ағылшын тілінде «Лета түбіне батты», «деді» болса «сыбырлады», «мақұлдады» болып кеткені энтузиаст аудармашының Британиядағы социолект ерекшеліктерінің Прусттың стиліне нұқсан келтіретінін ескермей, әсірелеу жағы басым ақсүйектер диалектін қолданғанында болар. «Француз тілінде француз мәдениеті жайлы жазылған шығарманы «ағылшындандыру» қажет пе? Америкалықтарға француздардың француздығы ұнаса, оны неге сақтамасқа?» Өз ісіне мығым Лидия Дэвистің өзін сынаған кері тартпа, өзгеріс атаулыдан жаны түршіге қорқатын консерваторларға жауабы әзір еді. Скотт-Монкрифф Марсель Прустың снобизм мен даңқұмарлық құлына айналған, сөйте тұра өздерін инабаттылық үлгісі қылып көрсеткісі келетін француз ақсүйектерінің екіжүзділігі мен сайқалдығын, оспадарлығын әшкерелейтін қыршаңқы сайқымазақтығын жоғалтып алғанын Лидия Дэвис асқан шеберлікпен дәлелдеп берді. Әлем әдебиетшілері баспа бетіндегі бұл интеллектуалдық жекпе-жекті зейін салып оқыды. Бұл жекпе-жек тек қана Акирман мен Дэвистің жеке дау-дамайы емес, бүкіл аударма саласына, әдеби шығармалар сапасына қойылған жаңа талаптар декларациясы еді.

Автордан:

Әрқашан рухани құндылықтарды дәріптейтін әдебиет аударманың арқасында мемлекет аралық шекараны мойындамайтыны хақ. Өкінішке орай, жалпы өнер саласында алар орны зор, интеллектуалдық және эстетикалық тұрғыдан берері көп осы шығарма қазақ тіліне әлі аударылған жоқ. Бұл мақала жас қаламгерлер мен «Әдебиет порталының» өнер сүйер қауымы үшін қызықты да пайдалы болады деп үміттенемін.

Зәуре Батаева

Аудармашы және блогер

Бөлісу:

Көп оқылғандар