Жанерке Ғинаят: Сен бақыттың жылағанын көрдің бе?..

Бөлісу:

10.09.2017 9081

Бүгінде әдебиеттің, соның ішінде өлеңнің ауылына ат басын бұрып жүрген жастар баршылық. Біздің мақсатымыз ел ішіндегі талантты жастардың жырын оқырмандармен қауыштыру. Ал «Өлең туралы ешкім өлеңнен артық айта алмайды»-деген екен Әмірхан Балқыбек. Ендеше, жас ақынның гүлдің қауызындағы таңғы шықтай мөлт еткен өлеңдерін оқи отырыңыздар.

Жанерке Ғинаят – 1996 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жас ақын бүгінгі таңда М. Өтемісов атындағы БҚМУ-нен «Филология:қазақ тілі» мамандығы бойынша білім алып жатыр.



***

Кеудеме қарай құйылған сезінем сеңді,
Сезім бе, дерт пе құрсаған?
Шаhaрдың түні жіберді езіп еңсемді
Кімдерге, не деп мұң шағам?


Өксиді қараң ғұмырым ала таңды аттай,
Сүрмесін білмей сүрерін,
Аласұрғанда жалғаннан алақан таппай
Жанымның сипар жүрегін.


Мен, әлде, өзімнен осылай жерінемін бе,
Жасымды сүрте алмасам?
Жалғыздығымның сыя алмай шегіне мүлде
Жалғыздығыңа жармасам.


Гүлден де нәзік сертімнің мазасы шер ме,
Қасіреттерден ем сұрар?

Қаталдығымның бар болса жазасы Жерде
Сен шығар.

Эмпатия



Тағдырыңменен таласып іштім бір уды,
Жыртық жанымның жарасы сыздап, жасы үдеп,
Жанар түбіне жасырын тұнған жылуды
Мойындамауым – лағынет,

Мойындауым да – қасірет.


Кеш мені ессіз ерегескенім үшін де,
Жанарым үшін жұтаң қайғыға жаутаңы аз.
Тұманын жұтқан түнек болмысың ішінде
Қалуға тағы шамам жоқ,
Кетуге тағы қауқар аз.

Күйдіріп кетер күйініш қаузап үлгердім,
Сорына батып сорлаған жалғыз мен - елес.
Өксігін жұтар өкініш тұнған түндердің
Куәгері де сен болма
Күнәhары да сен емес!


Безілдеуіне бейпілдігіңнің жүгіне,
Дімкәс көңілім табан астына таңылды.
Тұнық қайғыңмен қорғап қал түпсіздігіңе
Байланып қалған жүректі
Ілініп қалған жанымды.

***

Сен Аспанның жылағанын көрдің бе,
Кемсеңдетіп иегін,
Қабағынан қайғы жауып Жердің де,
Сәл аяңдап, маңдайынан сүйерін?...


Сен Бақыттың жылағанын көрдің бе,
Болмашыға тым сынып,
Мезеттердің тағдырдан да өр мүлде
Тұманына тұншығып?...


Сен Өлеңнің жылағанын көрдің бе,
Сезімді ішер у қылып,
Ақтарарын біле де алмай шер кімге,
Көкіректе булығып?...


Көздерімнің жылағанын көрдің бе,
Күлге айналып өр демім,
Біле де алмай бағым кімнен, сор кімнен?...
...Ол - жанымды көргенің.

...Бәрі-бәрі жылайды екен, көрдің бе,
Ал, мен тым көп жылаймын.
Көздің жасы - жаратылған мөлдірден
Мейірімі Құдайдың.

***

Махаббатым - көмескі,
Бұл тірліктен енді қалай жай табам?
Сіз мен үшін
Зор еңсемді езіп кеткен елессіз
Мұңға көмген қайтадан.


Сезімге артып шын өкпе,
Бәріне де тағдырды еттік кінәлі.
Заңдылық ол -
Бірін-бірі шын қалаған жүректер
Көтермейді күнәні.


Құрбы қылып сабырды,
Адал жүріп, іске бармай Тәңірсіз.
Біз ұғындық:

Алтын қолдан кетсе ғана қадірлі
Қайтқаны да - қадірсіз.


Ылғи күмән санамда
Сезім жайлы үмітімді күз кесті
Маған әлі
Жер жаxанда, он сегіз мың ғаламда
Жетпетіндей сізге ешкім.


Күйреп кетер кезім бұл,
Өкініштер тұнып алды жанға лық.

Соңғы шешім:

Тәңір жазған ең алпауыт сезімді
Біз көтере алмадық...

***

«Я кончила жить, еще не начиная»

Анна Ахматова

Қарғысына ұшырап шер – кешімнің,

Жаназасын шығардым келмесімнің.

Аспан әлден енші еткен көзіме мұң.

Мен – Жердікі емеспін.

Сезінемін.

Арманымның адасын серт емеді,

Қол соза алмай дүнием өртенеді.

Тағдыр тели береді құса – мұңға,

Жаным күйіп – піседі құшағында.

Ей, Өлеңім!

Дәмін түгел татам деп шекер удың,

Бәрін саған тәрк еттім жетерімнің.

Жақын дерім жүректен шетінеді,

Жоқтай – жоқтай суалды көкірегім.

Сорлы сезім қаншама мүсінделді?...

Қанша ауыр сезімдер ішімде өлді?...

О, мен мына жаһанға

қай күнә үшін берілген қасірет ем?

...Шаһар жаңбыр аңқиды.

Жасы ма екен?

***

Жауыр мұңдарым,
Шағып бітірді көксеген тауымның бәрін.
Көкірек - қуыс, разымын сезіне алсам
Ауырдың барын.


Нала-мұң да үдеп,
Қонақтап алды қасірет балағын білеп,
Мен кейде үнсіз тұншығам жасына жанның
Жанарым жүдеп.


Тағы арбар ма екен?...
Түңілісіме мына әлем алаңдар ма екен?...
"Әлпеттер - сұсты, тағдырлар - таппаған тұрақ,
Жанарлар - бөтен".


Қайғы алып сан мың,
Сұрқына маңғаз ғасырдың лайланып талдым,
Мен жіпсіз мынау жалғанның жалғандығына
Байланып қалдым.


Бұлданды күнім,
Мезеттер салды басыма бұлғаң құрығын,
Мен үшін бір мән бар болса, ғаламның мына
Құрбандығымын.


"Өлімін" деумен,
Таусылып біттім жанымның сорын емдеуден,
Сезіндір маған дүниеде тіршілік барын
Бір тірі сәуле тауып бер, Өлі кеудемнен...

Утопия

Жанарымнан түн құлап,

Мөлтек сәттер көз алдымнан көшеді,

Тоқтатуға дәрменім жоқ бес елі,

Көзім алды бұлдырап

Тәңірімнен азабымды дұға қылдым кешегі.

...Сен өмір ең маған шын,

Ал, қазір ше?

-Жүрегіме ие мұң,

Мен мұңды да өлеңімше сүйемін.

Сен бәріне адалсың,

Маған адал емесіңнен күйемін.

Өзегімде бәрі удың,

Кеуде керген күйінішпен алам дем,

Арқамдағы зіл батпандай наламмен,

Дүниеде зәрумін

Тынысымдай саған мен.

Сағыныш па ең, сағым ба ең?

Мендей сенің шеріңді ұғып, білер кім?

Сендей менің шерімді ұғып, білер кім?

Жазмышыңда өлгенше өмір сүрермін.

Ал, әзірге...

Жаныңды орап жаныммен

Жүрегіңді бұлтқа байлап жібердім.

Утопия – 2

«И только слезы рады,

Что можно долго течь»

Анна Ахматова

Қабырғамды қаусатты – ау кеміс сағат,

Сенсіз жазған тағдырға теріс қарап,

Еркелігім ішінде адасы қап,

Әлем түгел қаза боп қарашықта,

Көкірегім тұсында кесір налып,

Естеліктер ерісіп есімді алып,

Сәттеріме сезім бар жылына алдым,

Таудай қасіретіммен тірі қалдым.

...Жалғаныма ең ғазал күй ұсынған,

Қайғы құшқан кеудемде иісің бар...

Кем бақытын іздеумен торып түнді,

Бір шамшырақ жана алмай өліп тынды.

Санам ессіз шақтарды сағынды өшіп,

Өбектеуі өзгенің жанымды осып,

Өксіп – өксіп жүрегім жылайды, әттең...

... Сен – ең алғаш артатын Құдайға өкпем.

***

Көз ашпай кеудеде қанжылар қазадан,
Арылмай азадан.
Мүңкіген жанымнан мөп-мөлтек моншақты сырғытып
Мен қашан тазарам?..


Көкірек сырымды бейуақыт сөгіттім,
Жазғанға көніп тым,
Дүниеде ешкімнің, ешненің шеріне сыймаған
Кезбемін. Өлікпін.


Татқам жоқ заhарын дәл бұлай мүлде удың,
Алдымда - күрмеу мұң.
Шегінде сенделдім сүю hәм сүймеудің
Сүру мен сүрмеудің.


Аспаннан құлдырап жоқ болар тамшы өзім,
Тым сорлы жан сөзім.
Өзімді бұрында құзардан құлатып жібергем
Құтқарып қалшы өзің...

***

Сені ойламай атырған таң – тозақ таң.

Ал, өзіңді сағыну –

Ең, ең, ең, ең ғажап хал.

Сені сүю – қайғым болса,

О, Жаратқан ғұмыр бойы айырма осы азаптан.

Арзан бақыт сұрап көктен не етейін,

Саған деген сезім Ұлы

Лық толып тұр көкейім.

Сені сүю бағым болса –

О, Жаратқан саған бақи шүкір деумен өтейін.

Бөлісу:

Көп оқылғандар