Өлі тілде өлең жазба, шайырым!

Бөлісу:

03.07.2018 5985

Былтыр жылдың аяғында Талқалаға барғанымда бір топ саңлақ іні-қарындастарыммен жолығып, әдебиеттің бүгінгі адуынды мінезін байыптап қайтқан едік. Сол жолы Ерлан Жүніс інім «Хауас» жыр кітабын сыйға тартты. Қалақтай ғана жұқа кітапты бір деммен оқып тастадым. Алайда, алабұртқан көңілде аумалы-төкпелі жайттар ұзақ уақыт қалып қойды.

Әуелі маған ұнағаны – ұғымды тілмен орамды ой айта алуы. Сөзжасам амалдарына батыл баратындығы.

Жалпы, тіл – органикалық зат сияқты. Тілдің дамуы – ұлттық сананың қоғамдық пайымдарды қалыптастыруына байланысты. Жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін қазақта «оталдыру» деген сөз болмаған. Инновациялық технологиялар мен кәсіби сөздердің жандануы арқылы «оталдыру» ұғымға жақсы орнықты. Сол сияқты керісінше архаизмге айналдырып алған сөздер ше?.. Тапқанымыздан жоғалтқанымыз өте көп. Соның салдары болар, ұлттық иммунитеттен де айырылдық. Әдебиетке тікелей қатысы бар «шайыр» сөзі тіл қорымыздағы табандылығынан әлдеқашан ажыраған. Қазіргі мықтымын деп дүрдиіп жүргендердің біріне «шайыр» деп сөйлесең, шамданып қалуы кәдік. Ал, шынтуайтында «ақын» деген атау қайдан келді? Ақын – айтыскерлерге тән анықтама. Шайыр сөзі жазба ақындардың болмысына көбірек жанасымды. Әуелде жанынан өлең саулатқан, тілі ұйқаспен өрбитін саңлақтарды «шайыр» дейтін еді.

Ерланның «Боз» деген өлеңінде:

...Бір жарық мекен байқала ма алдан?

Болмаса, тоқта, мен түсем!

Духаналар мен мейханалардан,

Мұңымды ішем,

Дерт ішем!

Алдымнан менің жарқылдап, күліп,

Ақжайнақ қалқа қарсы алар!

Маэстро-дос

Саңқылдап тұрып,

«Шайыр келді!» деп жар салар!

Шайыр келді деп шарабын құяр,

Қыздың ерніндей шарабын.

Даяшы қыздың жанарында ұяң,

Жалт ете қалар жанарым... (152 б.).

Дәл осы жерде жыр құдіретін көкірегіне түнеткен жанды – шайыр деуі өте орынды. Сонымен қатар, тіл жасау стилдік өнерінде өзіндік ұғыми әлемі бар. «Духаналар мен мейханалардан» деген тіркес айтуға жатық, көкейге қона қоятын сөздер.

Бұл өлең екі бөлікпен, шалыс ұйқаспен жазылған. Шумақ жолдары 10, 8, 10, 8 буын болып келеді. 5, 3, 5, 3 буынды ұйқастармен өріліп отырған. Мұндай формада жазу үшін шайырға біраз ақындық қуат пен поэтикалық шеберлік қажет. Ерлан сол үдеден шыға алған.

Өлеңде сурет те, мінез де, ой да бар.

Алдымнан менің жарқылдап, күліп,

Ақжайнақ қалқа қарсы алар!

Көз алдыңа жарқылдай күліп, қарсы беттеген сұлу елестейді.

...Бір жарық мекен байқала ма алдан?

Болмаса, тоқта, мен түсем!

Шайырдың буырқанған мінезін танисың.

Даяшы қыздың жанарында ұяң,

Жалт ете қалар жанарым...

Осы жолдарда сурет те, ой да қатар жатыр.

Шайырлардың қайсыбірі өлеңде ой айтамыз деп, публицистикалық дүниені поэзияға тықпалаған да дерт болды. Сол кезде поэтикалық пәлсапаның қатебі ауып, өлеңді қатерге қарай итермелегендей көрінді. Қадыр ағамыздай бәрі шегемен қаққандай ұтымды пайымға оңай жетеміз деп ойласа керек. Бірақ, босаң байлам мен ойдың олпатайын ақтарып тастаған олпы-солпы көнтек жүндей қопсыған бірдемелер шықты.

Өлеңдегі ой дегеннің өзі, меніңше, астастыра сөйлеп, суреткерлікке ұмтылуда жатса керек.

Қолымыздағы Ерланның «Хауас» жыр кітабында:

...Кірпікке жеңіл қонатын ақ қар,

Тым ауыр болып тамады неге?! (126 б.).

Немесе,

Жаздан қалған ақ бұлттар жетім құлын секілді,

Желтоқсанның аспанын бауырсына алмай жүр.

Алты ай қысы арқаның – бір өмір де, бір өлім,

Кісінейді бейуақ жетім құлын – жүрегім. (127 б.).

Бұл кітаптың дені – сезім мен махббатқа құрылған. Әлбетте, жалын атқан шайыр жігіттің сезім шынысынан дәм татып, ширықпай қалуы мүмкін де емес. Алаулаған лептің ұшымен тіліне үйірілген мынандай жолдар бар.

Жаз келеді, – дейді ол, – жан шуағын,

алам күннің, ақ қардан аршыламын.

...Қар үстінде сүйісіп тұрған ғашық,

жапырақты білмейді-ау жаншығанын... (124 б.)

Бір нәзікті аялап, бір нәзікті ұмытқан албырт көңілдің болмысын боямасыз түрде, тек ақындық тілмен жеткізеді. Бірақ, «алам күннің, ақ қардан аршыламын» деген жол менің көкейіме қонбады. Мүмкін, «Жаз келеді, – дейді ол, – жан шуағын, алам күннен, ақ қардан аршыламын» болуы керек шығар... Корректорлардың кінәратынан кеткен қателік, бәлкім. Алайда, «жан шуағын, аршыламын» деген сөздер қабыса ұйқасып тұрған жоқ. Сондай-ақ,

Бізге де ауыр тигені-ай сыр кеселі,

Сыр кеселін, сүймесем білмес едім (136 б.),

– деген тұрғыда дыбыстық жағынан толық үндеспей қалатын (толымсыз) ұйқастар ара-кідік ұшырасады. Осыған селқос қарамаған жөн сияқты.

Ерланның өлең соңында түйінді ойға баса назар аударатыны – өте құптарлық. Бұл қайсыбір ақындардың қарымы жете бермейтін оқшаулық.

...Өлмейді дертті жүрек қанжар сұқса,

Суырып сол қанжарды алса – өледі! (109 б.).

Маңдайдағы жазудың сиялары

таңдайыма тамады – кермек өлең! (107 б.).

...Өлі тілде өлең жазып отырмын,

Өмірімнің шығып алып сыртына... (106 б.).

Шайырдың жансарайынан ақтарылып түскен адуынды ойлардың айтылуында қапы жоқ. Әрине, «өлі тілде өлең жазу» кімге опа берген? Ерлан осы арқылы кілтипанды қолына ұстап отырған ел ағаларына үлкен проблема қоя алған. Тікелей ешкімнің жағасынан алып, бетін жыртып жатқан жоқ. Бірақ, ұлттық мәселе, Ана тілінің тағдыры мемлекеттік саясатқа айналуын сұрап отыр. Міне, шайырдың қоғамға қажет тұсы – осы. Халықтың көкейіндегісін қоғамның алдына жайып сап, қалт жібермейді.

Егер Олжас ұлт тіліндегі ақын болғанда, бүгінгі дақпыртқа жете алмайтыны айдан анық. Тілдік фактор – таланттың негізгі санаты. Ал, Мұқағали осы әлеуетімен, осы қалпында орыс тілінде өлең жаза алғанда, кім біледі, есімі әлемдік алыптардың атымен қатар аталар ма еді?.. Алайда, халықтың бағына ол – ұлт тілінде жазды. «Өлі тілдің» әуселесін өзгеге танытты. Аударылуы қиын ақындардың бірі. Сондықтан тілімізді жанды тілге айналдыру, жанып тұрған шайырлардың басты міндеті. Түлей бастаған ұлт жадысына тез сіңіп кететін, көкейіне қона қоятын, босалаң иммунитетіне буын бітіретін тілдік мәдениетті жаппай қалыптастыруға аянбай атсалысу – қазіргі заманғы қаламгердің негізгі парызы болса керек.

Бұл талантты ақынның «Хауас» кітабындағы бірді-екілі өлеңдеріне айтылған ағалық пікір ғана. Әлі талай мүйізі қарағайдай әдебиет сыншыларының тұжырымды ғылымға негізделген сыни мақалалары жазылар.

Әйткенмен, қазірдің өзінде, Ерлан інім, қазақ мүддесін түгендейтін шайырға айналғаныңды ескертіп, бұған және «өлі тілде өлең жазба, шайырым!» дегенді қосқым келеді. Жалынды жырларыңмен жұртты тамсантып, қанаттас бауырларыңның делебесін қоздыратын рухты тілдегі туындыларың толассыз ақтарыла берсін. Тынысың кең, адымың алшақ болсын!

ӘДІЛБЕК ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ

Бөлісу:

Көп оқылғандар