Темір Мыңжас. Ей, Маңғыстау, маңғазым!

Бөлісу:

04.07.2018 8746

Маңғыстау аймағының онкүндігі аясында Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Бойтұмар», «Атамекен», «Жүрек сөзі», «Сені іздедім», «Ақ қайың жылап тұр» кітаптарының авторы, танымал ақын Темір Мыңжастың өлеңдері оқырман қауымға ұсынылып отыр. «Туған халқымның қажетіне жарасам, кетігіне кірпіш болып қалансам» деген ақынның асыл мұраты Маңғыстау өңірімен тікелей байланысты. Өйткені шайырдың өскен жері һәм өнген жері – осы киелі мекен. Ендеше, Темір Мыңжастың жыр әлеміне еніп көрелік.

ӘН ҚАЛДЫ АЙРАҚТЫДА*

Әбілқайыр Спанға

Ұрпаққа сайлап мұра,

Жүргенде... жайратты да,

Асаудай бұлқынғанда

Ән қалды-ау, Айрақтыда...

Серпіліп бұрынғы рай,

Төккенде нұрын Құдай.

Сол бір ән қалықтар ма

Өр үнмен бұрынғыдай?

Ойыңды кек пісірген,

Сол әннің жоқшысы ең.

Далаңның күтері көп

Өзіңнің текті ісіңнен.

Заман саз қайраттыға,

Алдыңда әруақ-мұра,

Шырқай түс, сол бір әнді

Жоғалған Айрақтыда...

*Айрақты – Маңғыстау жеріндегі отызыншы жылдар зұлматында тұрғындары аштан қырылған, тірі қалғандары босып кеткен қоныс.

АҚЫННЫҢ АҚЫРҒЫ СӨЗІ

Мағжанның монологі

Қинаңдар,

Қапы қалмаңдар,

Мен әлдеқашан өлгенмін,

Жүрекке қатқан шемен боп,

Далама бұлттай төнген мұң.

Мен сұрқиялықты көргенмін,

Жарқ етіп шығып көгіңе,

Бірте-бірте сөнгенмін...

Талаңдар мені,

Сендер де,

Қаламгерсымақ көркеуде.

Айтаққа ерген өңшең қырт,

Өресі мимырт өрлеуге.

Қандыауыз кілең көк төбет,

Қанымды ішің төкпелеп,

Тегін ұмытып ит болған

Тағдырларыңа өкпелеп...

Рухым көкте!..

Алдарыңдағы құр сүлде,

Тәнім көнгенмен ол көнбес,

Мен көрген құқай, бүрсеңге.

Ол енді жерге қайырылмас,

Түндігін көктің түрсең де.

Түк те емес,

Қанша матаңдар,

Құрыштан соққан арқаның,

Тайқиды одан шыдамай

Жүзі де өткір балтаның.

Биікке ұшты аспандап,

Рухым – тұлпар-тарпаңым...

Қинаңдар,

Қапы қалмаңдар...

ЕЙ, МАҢҒЫСТАУ, МАҢҒАЗЫМ

Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына

Мың тарам жол,

Мың қыстау,

Әулиелі Маңғыстау,

Ақпарыңды барлап ем,

Көкіректі мұң құшты-ау!

Зұлмат келіп сайтаның,

Құтырынған айтақ үн,

Тентіреген текті ұлдар,

Қара киген байтағым.

Тәнті қылған нешені

Оразмағанбет өткен көшелі.

Тұнжырағанға түнекте ол

Шұғыласын шашқан деседі.

Ақылын түпсіз телегей

Жүріпті көпке себелей,

Білім мұхитын кешіпті

Көк сеңді бұзған кемедей.

Дерттің де түрін емдеген,

“Бұл аймақ – мұнай, кен” деген,

Сұм жалған, сені қайтейін

Сол ерге опа бермеген?

Жігерін бұғау жеңбеген,

Жарық жұлдыздай сөнбеген.

Оразекемдей болар хас батыр

Өлтірсе дағы өлмеген!

...Ей, Маңғыстау, маңғазым,

Мұң-зарыңды қозғадың,

Талапайға сан түскен

Аруанам-ай, боздадың.

Ерің елдің есінде,

Елің заман көшінде,

Абайлашы, жазғаным,

Тағы ұрпағың өсуде

Ей, Маңғыстау, маңғазым...

МӘРТТІК ТУРАЛЫ ЖЫР

Ай, заман-ай, заман-ай,

Біреуге соққан самал-ай,

Біреуге тас қамал-ай!

Шырмауыңа шырмалып,

Таппаған айла, амал-ай.

Шапқан шақта намысқа,

Кешегі атыс-шабыста,

Баянсызға бақ қонды,

Құдайсызда тақ болды,

Алды-артын ойламай,

Шын байламын байламай,

Талайлар оған жақ болды.

Жақ болғанын айтайын,

Асыл затын танымай,

Пәтуаға жарымай,

Біреуге біреу тор құрды,

Ойы пәсті зор қылды.

Жұртына салып ылаңды,

Құдыққа жықты құланды.

Тайдырып жолдан ұланды,

Бауырына тартты жыланды,

Ұмытып ата ұранды,

Аяқ асты ғып Құранды.

Қамауға торға ұмтылды

Даласын сүйген қыранды.

Кешегі Құрмаш, мысалы,

Қуғын көрген құсалы,

Қамығып қан ішсе де,

Тектіліктен жаңылмай,

Иір еменге ұсады.

Зорлыққа бөккен тәртіпке,

Белсенді қортық-шәртікке

Еңселі басын имеді,

Болса да нақақ күйгені,

Қатепті қара нар сынды

Азапты ауыр сүйреді.

Ақтың бағы ашылмай,

Досы болып қасындай,

Заман-ай тарлық жасадың

Еңіреген ерге осындай.

Қайсарыңды “қашқын” деп,

Айтағыңды қостың кеп,

Қаңырады қу дала,

Елден шығып босқын көп.

Кездіктің жөні-ұстадан,

Мәрттіктің жөні-нұсқадан,

Атадан қалған ерлікті

Құрмаштай болар ұстаған!

Мойынға бұғау салдырмай,

Басынған жауға алдырмай,

Қам жасауы қабыланша.

Тасынғанды оңдырмай,

Мың күн қару жастанып,

Бөріше жалғыз бастанып,

Жүруінің өзі ерлік,

Озбырлыққа қастанып,

Уа, заман, сенен торығып,

Алды-арты – ор, соны ұғып,

Аты өліп, шөлдеп, әл кетіп,

Дұшпанға қайта жолығып,

Құрмаштай ерім налыған.

Баз кешсе де жанынан,

Мәрттігінен таймаған,

Садақа айтып арынан.

Жарақаттан қансырап,

Жатса да зорға жан шыдап,

Қаңғабайға тіл қатты

Жанына келген хал сұрап:

“Қармансам, оғым жетеді,

Атқаным мүрдем кетеді.

Қан жүктеп енді қайтейін,

Тірліктің кетті кетеуі,

Таусылды дәмім, жалған-ай,

Замандас едің, Қаңғабай,

Жазығым жоқты пендеге,

Болмағай, күнәм Аллаға-ай.

Қанымды кәпір шашпасын,

Мерейі иттің таспасын,

Өзіме-өзіме қол салман,

Қаңғабай, тыңда, бастасым.

Озалдан жан ең сыйлаған,

Бір оғыңды қи маған.

Тілегім осы ақырғы,

Жанымды менің қинаған.

Қалмайды қайда ғазиз бас,

Болудан сақтан жаны қас,

Бақиға сапар түсіп тұр,

Қаңғабай, өзің жолымды аш”

Осы боп сөзі ақырғы,

Ажал кеп құшқан батырды,

Топырақ-торқа қаусырып

Мәрттік пенен ақылды

Намыс деп жанын қинаған,

Озбырдан айыл жимаған,

Осылай өлді бір батыр

Маң даласына сыймаған.

Ту тұту иман, сенімін –

Қасиеті дала ерінің,

Қорлықтан артық көрді ол

Намысқа баққан өлімін.

Заман-ай, саған не дейін,

Жақсылар болды өгейің,

Толмады қара көмейің,

Сиқың обыр болған соң

Ұжмаққа қалай теңейін?

Толса да кеуде күйікке,

Шын асыл басын иіп пе?

Қапыда өліп кетсе де,

Рухы қалды биікте!

Бүгінге – өткен баспалдақ,

Оралғандай қашқан бақ,

Өтсе де жылдар, есімің,

Ер Құрмаш, тұрар аспандап.

...Бүгіннің күйі бөлек-ті,

Жасықты кімің елепті?

Қамсаусыз біздің қазаққа

Осындай ерлер керек-ті.

Келсе де басқа азат күн,

Жеткізбес шегі азаптың,

Ашатын бағын ер қайда

Қаймана жұртым қазақтың?!.

ЕКІ БАСТЫ САМҰРЫҚ

А. Солженицынға

Сайран салған аспаны тұр тарылып,

Қолдан кеткен қуатына қамығып,

Тұғырында зәр төгеді шаңқылдап

Атышулы екі басты самұрық.

Жиып бойға ашу-ыза, қаһарды,

Билесем деп қайта жарты жаһанды,

Сес көрсетіп, айға айбат шегеді

Күнін аңсап қан қақсатқан нашарды.

Үстемдіктің уы улап санасын,

Қызғанады көк бөрінің даласын,

Алынбас шың енді оған өр Кавказ

Жалғап жатқан екі дүние арасын.

...Ей, шау тартқан екі басты самұрық,

Неге сонша шаңқылдайсың жанығып?

Өткен күнің енді қайта оралмас,

Бұл дүниеде басқаның да барын ұқ!

Тамыз. 1991

ТАПСЫРЫП КЕТЕМ БАЛАМА

Бұратана ғой деп сахарада жүрген сенделіп,

Бауырыңа тартып, жеріме кірдің иемденіп.

Төрімде менің шалжиып жатып алдың да,

Төбеме шықтың тегімді төмен, кем көріп.

Жылан сұсыңа торғайдай бейне арбалдым,

Жайыңды күттім, қамын ойламай мал-жанның.

Ата-бабамның тілі мен дінін ұмытып,

Арағыңды ішіп, мәңгіріп басым, сандалдым.

Шежіре-тарих нұсқауыңменен жазылды,

Жонымды тосып, көтердім талай “назыңды”.

Өткенің менен бүгініңді ылғи дәріптеп,

Өзімнен бұрын алдыңа тостым барымды.

Көлеңкеңе ұқсап артыңнан қалмай жүрдім көп,

Қара түнектей түлейдің сырын кім білмек?

Ұлағатын жойып, инабатын қойып халқымның,

Ұл-қызым шықты тіліңде сенің шүлдірлеп.

Ағасы, кешір, төзімнің түбін сарқыдым,

Көкжиегімді құрсаудан енді аршыдым.

Тарихын, тілін, аспанын, күнін қорғаған

Ата-бабамның жұртында қалған жаршымын!

Сөзбен-ақ бүгін қолыңды салдың жағама,

Өзіңді менің орныма қойып бағала.

“Біткенше демің жеріңді қорғап өткін ”,-деп,

Өзімнен кейін тапсырып кетем балама.

Тамыз, 1991 жыл.

ҰРПАҚ МҰҢЫ

Тобанияз Әлниязұлының рухына

Қайран баба, біз не көрдік, не білдік?!

Бұтқа толып, жат қосына жегілдік,

Айтар жерде айта алмадық қорғалап,

Шегіндік те... өзімізден жеріндік.

Уақыт өлді даурығудан, айтақтан...

Самғау қайда ?..Тақым тозды жортақтан.

Не сұрайсыз, қандай қайыр күтесіз

Тегін білмес, жөнін ұқпас ұрпақтан?

Жылдар көшті, іздеп жүрміз енді біз

Асылдарды мыңға бірін бергісіз,

Артыңыздан жоқтаушың боп шыққанмен,

Таптырмайсыз, жатқан жерің белгісіз.

Жала жабу, күйе жағу, арбаудың,

Бәрі қамап, жағаңыздан алған мың,

Торына сап шырмауықтай шырмаған

Қараулықты, күншілдікті қарғаймын...

Тайғақ кешу жолдан өтіп азапты,

Қара нардай алға тарттың қазақты,

Адайыңды көгеніне тізген соң,

Өкіметің қас жау тұтып, өзі атты.

Жазығың сол – ел болуға үндедің,

Көшелі сөз көкірегіңе түйгенің,

Қыран даусың құлағыма жеткендей

Асыл бейнең түсіме еніп жүр менің.

Көшіп жылдар, ессе дағы сан ызғар,

Өр тұлғаңыз жүректе от боп жалындар,

Сан ұстасып, жат қолына бермеген

Маңғыстауың саған мәңгі қарыздар.

Құпиялар жатыр, міне, ашылып,

Жаңа талап ұрпағың бар, жас үміт.

Қайран ата, аруағыңмен демей жүр,

Рухыңа табынамын, бас иіп!

10.08.1993 жыл

ҚҰРСАУ

Көп құнттайтын иттің бағым-күтімін,

Әз-әулие көретұғын мысығын,

Іздеп тауып, асырады бір кісі

Жолбарыстың көз ашпаған күшігін.

Өскенше оны темір торда ұстады,

Бір қорада шошқа мен үй тышқаны.

Орындалды “тұр” деген мен “жат” деген,

Қожайынның таяқталған нұсқауы.

Жолбарысты босатқанда бір күні,

Болды қызық көрген жанға күлкілі.

Қожасының артына кеп тығылды,

Қашты көріп есек пенен жылқыны.

Тартпай қалған аң патшасы-атаға,

Жолбарыстың халі жанға батады...ә!

Тектілігін жастай құрсау мұқаған

Бір ол емес, бір ол емес... о, тоба!

09.01.2000 ж.

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР

Отызыншы жылдар десе, ойсырап,

Қаламын мен жанымды жеп сан сұрақ.

Елестейді қалбаңдаған құзғындар,

Өлік сасып, жатқан дала қансырап.

Отызыншы жылдар десе егілем,

Қан тамған ғой қазағымның көгінен.

Маң далада маңып көшкен аш-арық

Безіп кеткен туып-өскен жерінен.

Бұл жылдарда таусылмайтын нала бар,

Жетім қалып, аштан қатқан бала бар.

Бауыры күйіп, аңыраған ана бар,

Қайраны жоқ жер шұқыған дана бар.

Бұл жылдарда қорлық көрген текті бар.

Жау атанып, қыршын кеткен кекті бар.

Үш милиондай жазылмайтын жараның

Әлі есебін түгендеуде жоқшылар.

Адыра қап өнеге мен өсиет,

Адамнан да жоғалған шақ қасиет.

Қаралады, ұстап берді бір-бірін,

Отызыншы жылдарды айтса – қасірет.

Ән де қашып, сән де қашып далаңнан,

Мыңғырған мал жылыстаған қораңнан.

Дүниеге тоз-тоз болып таралған,

Бауырларың бүгін, міне, оралман.

Өз жолыңда тіреліп сан тұйыққа,

Ауыр сынды арттың халқым, иыққа,

Зұлмат тиіп, зарлатқан сол қаралы

Отызыншы жылдарды еш ұмытпа!

ХАЛҚЫМА

Өткеніңе мүмкін емес толқымау,

Жеткеніңе мүмкін емес шалқымау,

Заман сені қайда сүйреп барады

Дана пейіл, бала көңіл, халқым-ау!

Даналығың шежірең бай шертерлік,

Мұра да мол тізбектелген көркем ғып,

Хақ бұйыртқан орның асқақ, еңсең тік

Далаң сақи, берекелі өлкең – құт.

Даналығың, ұлан-байтақ қонысың,

Намысыңды жалаулатқан соғысың,

Ұрпағыңа үрдіс қалған оң ісің

Ұғынғаның екі дүние мәнісін.

Балалығың, әрбір жайға елігу,

Қолдағыны ұқсатуға еріну,

Асылыңды жерге таптау, жеріну

Бәз біреудің жасығына желігу.

Балалығың, қалмай жүрген шүлдірің,

Кім көрінген желпілдеткен түндігің,

Өзгелерге құрақ ұшқан құлдығың,

Өз жерінде өгей болған мұңлығың...

Өткеніңе мүмкін емес толқымау,

Жеткеніңе мүмкін емес шалқымау,

Заман сені қайда сүйреп барады,

Дана пейіл, бала көңіл, халқым-ау?!.

ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН ҚАНДАСҚА

Кезің көп-ау басыңнан құт аунаған,

Ошағыңда от бықсып, тұтанбаған.

Қазақ деген болса егер алып емен,

Балта-заман аяусыз бұтарлаған...

Бұтарланған бұтақтан көктедің де,

Төтеп бердің тағдырдың өкпегіне.

Бүршігіңді қызғыштай қорып бақтың

Жетсе екен деп көкпеңбек көктеміне.

Көктем, мынау-топырақ емен өскен,

Төсінен саған дәру-самал ескен.

Тамырыңды жібер де тереңіне

Тыныста қуат тауып уақыт-көштен.

Қатал заман кәрінен шетке айдалып,

Кезіңді ұмыт аулақта өткен налып.

Жат топырақта бұтағың бүр жарғанмен

Тамыр тартып, емен боп өспейді анық...

ОСТАНДЫҚ ЖОЛЫ

Бабалар біздің ғасырлап күтті,

Бостандық атты бұл күнді.

Тажал таптаған дүрия дала

Тозаңын қағып, сілкінді.

“Измдерменен” көңіл алдаған,

Бозаң күндерге қош дедік,

Тұқымын тұздай құрта жаздаған

Тілімен бірге ұлтымды.

Шаңырағы қайта тіктеліп қалды,

Шырқырап кеткен қазақтың,

Тәуелсіздік қиын ед неткен

Таусылмас шегі азаптың.

Ес білген ұлдай, етекті жауып,

Тастүйін болар кез келді.

Шапағат нұрын тайдырмасын тек

Тәңір сыйлаған азат күн!

Бостандығым-ай, тәй басқан күйде

Сынақты кештің қаптаған,

Жат пиғылмен шеттеген болды

Ақ қадамыңды даттаған.

Шалғайыңнан кеп олар алғанда

Түнге айналған-ды күндерім.

Жаманатың сенің естілер болса,

Жүректен тиген оқ маған.

Бұл бостандық бақыт құс сынды,

Оңайлықпенен қонбайды.

Қадірін оның ұға алмай жүрсек,

Бәрінен бұрын сол-қайғы.

Жүрегі түкті бабаларымның

Күреске толы жолы бар.

Жаратқан ием бұйыртсын бізге

Сол жолды адал жалғауды!

Шілде,1992 жыл.

МӘҢГІ АЛАУ

Мүлгіген кеште немесе ару таңдарда,

Шілдеде, мейлі әуеден ақ нұр тамғанда.

Ескерткішінде ерлердің алау шалқиды

Жалын шағындай боздақтың өткен арманда...

Көктемі өтіп, көкорай қырлар оңғанда,

Бетіне жердің аппақ боп қырау қонғанда.

Басында ердің шоқтанып тұрар гүл-алау

Мезгілі ауып, гүлдердің бәрі солғанда.

Көгілдір туым көгімде тұрса желбіреп,

Өседі мерей, толқиды көңіл елжіреп.

Тыныштық құшқан мәңгілік алау тұсынан

Тебіреніп үнсіз өтеді күнде сан жүрек.

Түседі еске: үзіліп қалған сан арман,

Қасірет жасы төгілген талай жанардан,

Ананың шашы боздағын күтіп ағарған,

Бейкүнә жандар хабарсыз кетіп, жоғалған...

Осылайша алау соғыстың мұңын қозғайды,

Өшпейтін шамдай күндіз де, түнде маздайды.

Тәу етіп халқы ерлерге жаққан мәңгі от

Жарқылдап өткен қыршын ғұмырдан аумайды...

09.05.1998.

ТАМЫР

Ұлыма

Көптен бері тамыр жайлы ойланам,

Тармақ-тармақ тамыр сынды айналам.

Тау мен тасты, мұхит, өзен, көлдерді

Жаратушы әр қазаққа «байлаған».

Жердің өзін әуе кеңістігіне,

Көзге түспес магнитпен жалғаған.

Күн мен айдың, жарқыраған жұлдыздың

Тарту күшін ғылым талай барлаған.

Біз де солай, бір Аллаға бағынған,

Нәр аламыз қазақ деген тамырдан.

Арадағы тіннің бірі сыр берсе,

Жан болармыз қалыбынан жаңылған.

Адам екеш мына тұрған бәйтерек,

Қурағанда орнын басар тал-терек,

Олар дағы бір тамырмен жалғасқан,

Уақыт өте кәрі жаспен алмасқан.

Тамырыңда намысқойлық, тектілік,

Оған жалғас бабаларда көп білік.

Ал, оларша тіл мен ділде күрмелу –

Жетесізге сай келетін жат қылық.

Қазақта ғой пәлсапасы өмірдің,

Аталы сөз мұңын аулар көңілдің,

Лұғаты фәнименен бақидың

Шежіресі арғы шыққан тегіңнің.

Қазағымның мақалы мен мәтелі,

Зейін қойсаң жүрекке анық жетері,

Дүние, байлық, айтқанындай, баянсыз,

Бес күн тірлік, рас жалған екені.

Қазақ деген ұлы халық тамырың,

Бұл жөнінде баурамасын тар ұғым.

Тарихың мен ғибрат сөзін көненің

Шын ұғынсаң өсер еді танымың.

Өзіңе олжа, шетел асып көргенің,

Артық емес жан-жақты өсіп-өнгенің.

Дегенменен, тұғырыңды нықтамай,

Түсіп кетпе ауанына өзгенің.

Ұтары анық ата жолын қош көрген.

Өз ел-жұртың осал емес еш жерден.

Тамырынан ажыраған тең болар,

Дүниеге келе салып өшкенмен.

Жеті тіл біл, үйрен небір ғылымды,

Шама жетсе әлемге төк нұрыңды.

Бірақ дағы тексіздікке салынып,

Ажырама тамырыңнан бұрынғы.

Ғұлама бол көп аузынан түспеген,

Керемет бол, үлкен істі істеген.

Тамырыңнан ажырасаң түбінде,

Сен боларсың бармағыңды тістеген.

Мұны саған айтты деме бекерге,

Кейбіреулер құмар қазір шетелге.

Өз елінде, туған халқың алдында

Кірісе біл парызыңды өтеуге.

Қиындық көп алға қадам бастасаң,

Әділет деп түсерсің-ау, отқа сан.

Бірақ, ұлым, қандай күйде жүрсең де,

Тамырыңнан ажырама ешқашан!..

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ЖЫР

– Қайран одақ, ойхой, онда басқа еді,

Болмайтын-ды еш адамда бас қамы...

– Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай,

Жұрттың бәрі болатұғын ақшалы...

– Шіркін, кеңес үкіметі жарықтық,

Қамқор болды, дүниеге қарық ғып...

– Әттең, әттең, наданбыз ғой, білмедік,

Көсегені көгерткен-ді, жаңа ұқтық..

Дегендерге бердім талай түсінік,

Сөз саптадым, мысалдармен пісіріп.

Түсінгендер пікір қосып, қолдаса

Ал, біреулер шыға келді ісініп.

Алғашында жасай алмай нық қадам,

Жатқанда елім, болды оны ұқпаған?..

Тәуелсіздік бүгін алып, ал ертең

Рахатын көрмедік деп шықты адам.

Өткеннің де білдік жақсы-жаманын,

Азаттықты ауыздықтау амалын.

Беу, отандас, құптау керек ендеше,

Бостан елдің әрбір басқан қадамын.

Сәбидей ек кеше кескен тұсауын,

Бүгін міне, бойға толды күш ағын.

Махаббат та бостандыққа құрбандық

Болған екен, айтайын бір мысалын.

...Ұлы Тұран, дәл жетінші ғасырда,

Бір ару қыз тұрыпты елдің басында.

Есімі – Алтын, Зарина деп парсылар,

Патшайымды балайды екен асылға.

Ерлігімен бас идіріп жан-жақты,

Алтын патша елін жаудан қорғапты.

Көрші жұртпен ынтымағы жарасып,

Атақ-даңқы шартарапты шарлапты.

Батылдықты, ақыл менен көрікті,

Тәңір ием үйіп-төгіп беріпті.

Елеңдепті ел, сылаңдаған бойжеткен,

Қайсы жұрттан табады деп серікті.

Патшайымға кімдер басын имеді,

Талайды ол Мәжүніндей сүйреді.

Жүрекке әмір жүрмесі анық Алтынның

Мидиялық ханзада еді сүйгені.

Батыр ол да, билеп тұрған бір елді,

Патшайыммен бас қоссам деп жүрер-ді.

Уақыт өте серттескен күн алшақтап,

Ал, ханзада жауар бұлттай түнерді.

«Көп аңдадық мынау заман түлкіні,

Пәк сезімді қандай бөгет іркіді.

Жаным, түсін, өмір зулап барады», –

Деп ханзада мұңын шақты бір күні.

Талқандаған талай жаудың қамалын,

Ержүрек қыз, жарқылдатып жанарын.

Ханзадаға қадап тұрып айтыпты,

Көңіліне көптен түйген жауабын:

«Толқыттыңыз менің сезім көлімді,

Бір өзіңе жүрегім қақ бөлінді.

Қосылармыз, мен бақытты болармын,

Ал, қайтемін артымдағы елімді?

Қосылармыз, бір арнаға толармыз,

Сен билеуші, мен ханымың болармыз.

Еркін елін бағындырса біреуге,

Шын бақытты болғаны ма, одан қыз?!

Сезесің ғой, шын сүйемін сені мен,

Жұлдызымсың, сөнбес көңіл көгінен.

Бірақ жаным, бостандығы елімнің,

Маған қымбат және артық бәрінен!

Думанға мен бөлемедім көшеңді,

Той-шарапқа толтырмадым кесеңді.

Халқым үшін қара басым құрбандық,

Ал, батырым аман-сау бол, қош енді».

...Жеткен бізге бірнеше мыңжылдықтан,

Әңгіме бұл,түп негізі шындықтан.

Ел аузында қалған Алтын патшайым –

Құтқарушы қасіретті құлдықтан.

Бұл бостандық – қазағымның арманы,

Күн астында қыранымның самғауы.

Қанға бөккен, шашыраған, жоғалған

Сан халықтың жете алмаған таңдауы.

Тәуелсіздік – бақытым да, барым да,

Жыр жазамын, жырлаймын ол жайында.

Жаратқаннан тілейтінім, тәу етіп –

Қазағымды еркіндіктен айырма!

Бөлісу:

Көп оқылғандар