А.Қайсарбекқызы. Келді менің əлемді мəпелегім...

Бөлісу:

23.07.2018 6278


Күйінгем жоқ, күйім ғана кеткені -
Әкем маған, шешем маған өкпелі,
Жанарынан Ертіс тасып есерсоқ.
Кешіріңіз мені, Жүрек, көкөрім
Көптен бері көбейе алмай сенерің
Сен де күлдің, сенде күлді кек тегі...
Енді кімге өкпелейік, Өлеңім?!

Иілгем де, иілгем де жоқ тегі -
Əкем маған шешем маған өкпелі,
Жүрегімен Есіл аңқып есірер...
Кешіріңіз, ғалам, мені есімсіз,
Кешіріңіз, ғалам, мені есімсіз,
Кешіріңіз, ғалам, мені есімсіз,
Күнəм да жоқ, кінəм да жоқ кешірер -
Кешіресіз онда мені несін сіз?!

Сүйінгем де, сүйілгем де жоқ тегі -
Əкем маған шешем маған өкпелі,
Əму сүйген əмірдейін əн төксем...
Кешіріңіз, адам, мені аяулы:
Кешіріңіз сүйгендігім үшін де,
Тəңірге бас игендігім үшін де,
Кешіріңіз, адам, мені...
Алданбаңыз, табыныңыз;
Армандаңыз, сағыныңыз...
Кешіріңіз!
Армандаңыз, сағыныңыз...
Тек мені!

* * *



Сіз де мені сұрайсыз ба Тәңірден?
(«Ей, сұмырай!»
Не тіршілік мынауым?)
Мынау неткен хабарсыз күн, алаңсыз.
Алқам-салқам ажалдайын ажармен
Сонша сұлу көрінесіз маған сіз!
(Сонша неге таусылды екен шыдамым)
Ғасырымсыз ғарыш жанар, ғазал дем.
Асығымсыз, жасығымсыз жасына да бақ ілген.

Сіз де мені сұрайсыз ба Тәңірден?
(«Ей, күйік-ай!»
Не өксікке тығылдым?)
Аймалайтын ойдың өзін аяндай,
Айға жуық аяңдадым, ой Алда-ай!
Төзімге бір келіңізші деп тұрып,
Сезімге бір сеніңізші дей алмай,
Жанар алды жабырқаппын жасықтау...
Мақұлмын-ау, ақылдым-ау, қинамай
Сіз де мені сұраңызшы Тәңірден!
(Сен де мені сұрасаңшы Тәңірден!
«Ей, күйік-ай!»
«Ей, күйік-ай!»
«Ей, сұмырай!»)

* * *

Өзеуреген өткелсіз өзен боламын,
Екпініме, сірә, бұл төзер ме адамым?!
Сүймеші деп азар да безер боламын.
(Бірақ сен сүй!)

Мен сүйетін Тәңірге табынба дейді үн,
Көрсетпеймін болғанын жанымда кей мұң.
Қайтесің деймін тағы да, сағынба деймін.
(Бірақ сен сағын!)

Зәру жанға ар менен ұждан қасірет,
Айттым қашан жырыңды бізге арнашы деп?
Мен жәй айта саламын қызғанбашы деп.
(Бірақ сен қызған!)

Анау жаққа оңай ғой қайтуым бір күн,
Сынаптайын сырғиды жәй күнім, шіркін.
Кім шақырды сені деп айтуым мүмкін.
(Бірақ сен кел!)

Осы өзгелер өзінше өртенет не деп?
Жалқаулыққа жаныңды желкелетпе көп.
Ашуланам мен бәлкім еркелетпе деп.
(Бірақ сен еркелет!)

Білемісің, дәл бұлай есірмеп едім,
Сезімі үшін талайды кешірмегемін.
Саған да осы оп-оңай өкінбе деуім,
(Бірақ сен өкін!)

Өзеуреген өткелсіз өзен боламын,
Екпініме, сірә, бұл төзер ме адамым?!
Сүймеші деп азар да безер боламын.
(Бірақ сен сүй!)

* * *


Барлығы да баяғыдай:
Бақытсыз бақ. Орнында əлі тас мүсін.
Махаббатқа масайратып мас құсын,
Тырналардан түзіп аспан тəспісін
Бұлтпен бірге қайда əкетті көшіріп?!
Есіміңді уақыт естен өшіріп,
Ұмыттырды бастысын.

Əумесердің əуелеткен əні бұл,
Басыңды ұрсаң бақытсыздық заңына ұр!
Жабы орныңды баса алған жоқ бəрібір,
Жібек жалын жауын жуған жүз жүйрік.
Жыламады тек алғанда біз бұйрық
Самал сүйген сары іңір.

Мен өлермен, тек, өтінем, өлме, Өлең.
Сезімім бол, пəк нұрым бол сөнбеген!
Бақытқа да өр көңілін бөлмеген,
Дегбір қағып бұлт бола алмай деміккен,
Найзағай боп жүгірмедік неліктен
Көк төсінде көлденең?!

Шамдансам да бар ғой дейсің шамам қай?!
Жанарың боп жалындамай, жаңармай,
Қиялымда қиянат қып қалардай,
Мен кешегі бақыт дейтін бейіттің
Басына кеп кең көңілді кейіттім.
Іздеп сені таба алмай...

Барлығы да баяғыдай...
Ұмсынсам да ұмытыппын бастысын.
Бұзбады аспан тырналардың тəспісін.
Бақытсыз бақ, махаббатқа мас кісің
Бауырыңа тығылса кеп көрмейсің.
Ендігəрі сен де мұнда келмейсің.
Бедірейіп тас мүсін...

* * *



Шөлмекті қойшы,
Шөлмекті қойшы
Өлмекті неге айтпадың?
Шөлмекті қойшы,
Көрмекке мінез жəйттарын
Айтпадың неге бейкүнə анау ойыңның,
Ғашықтықтың да қақпасын қағып қайтқанын?!

Естілмейтіндей көзіңнің үнін жасырдың...
Мазамды неге қашырдың?!
Қолыңды берші, түкіріп қана келейік
Сорлылығына ғаламат мынау ғасырдың!

Түтінді қойшы,
Түтінді қойшы
Үкімді неге айтпадың?
Түтінді қойшы,
Талқылап тағдыр жəйттарын
Айтпадың неге бейкүнə мына қолыңның,
Сұлу сезімнің бұрымын өріп қайтқанын!?

Көрінбейтіндей сөзіңнің нұрын жасырдың...
Мазамды неге қашырдың!?
Қолыңды берші, боқтайық бірге бейуақ
Былығын айтып ғаламат мынау ғасырдың!

Түтінді қойшы,
Түтінді қойшы
Алаудан мен де қайтқамын...
Шөлмекті қойшы
Көрмекке жырдың жəйттарын,
Айтпадың неге ғашық та болғың келгенін;
Түтінді қойшы,
Шүкірді неге айтпадың?

Айтпадың неге,
Қайтпадым, неге қашырдың?
Жанына жолдас болмадық неге Жасылдың?
Қолыңды берші, азырақ мақтап келейік
Құдайшылдығын ақымақ мынау ғасырдың!!!

Сен ақымақ


Мен ақымақ таңсыз тағы қайтер ем,
Сабырыма келіп серік болмаса.
Мен ақымақ түнсіз тағы қайтер ем,
Көз жасым боп талықсып ап тамбаса.

Мен ақымақ жырсыз тағы қайтер ем,
Сөзім болып төгілмесе түндетіп.
Мен ақымақ нұрсыз тағы қайтер ем,
Сезім болып жайқалмаса гүл кешіп.

Мен ақымақ әнсіз мынау қайтер ем,
Әуезімен әлдилейтін қаншама.
Мен ақымақ мәнсіз мынау қайтер ем,
Уақытша болса да...

Мен ақымақ желсіз тағы қайтер ем,
Сырғалықтан сыбырлап кеп сүймесе.
Мен ақымақ жерсіз тағы қайтер ем,
Домалап кеп табаныма тимесе.

Мен шыдамсыз сенсіз тағы қайтер ем,
Ескі кеште ешкім жоқта келмесең.
Сен ақымақ менсіз тағы қайтер ең,
Шыдап көрші ал кәнекей өлмесең...

* * *



Күйігімнен өлмейсің, Əке, менің,
Келді менің əлемді мəпелегім.
Белесіңе тартасың биігімнен
Сүйегіңе таңба боп мас өлеңім...

Мас өлеңім – мас өмір, сұрақ біреу:
Кімнің барып алдына сұлаппын мен?
Табынудан бас тартып Тəңірқұлға
Кісімсіген жүректі жылаттым көп.

Əке, өлең өмір-ақ өлмегенге,
Өлмегенде қайтем мен, сөнбегенде?!
Өзеурейтін өршіл көп қызыл өңеш
Бірақ кеңбіз кəрі жер, жел де, мен де.

Түбі тегі бəрінің мəнсіздігі,
Мəнсіздігім əнімнің əлсіздігі.
Иісімнен сүйейді мына самал
Сеніміңіз сүйейді ал сізді ұлы.

Сол ұлылық жұқпайды мүлде маған,
Кімнен алам жынымды, кімге барам?
Жырым-жырым жылдарым жаутаңдайды
Ақ жағасын жақсылық жұлмалаған.

Естіп алып ғаламның ғазалдарын
Мазамды алдым, жақсылық жаза алмадым.
Жанарымнан сырғиды жалғыз ғана
Жақсылыққа тұншыққан əз арманым.


Алақарақ



Соқыр күн көтерер сәулелі кірпігін,
Бұлттың да мазақтап жыртығын.
Бөтекем босаса -
Қалауым қуаныш,
Қуаныш бір тілім!

Омыртқа орақтай иілер ой орып,
Қиялдың қырында қой өріп.
Кенезем құрғаса -
Қуаныш ұрттауға,
Бермей жүр бой ерік.

Көгерген көбенің қаупіне бермей мән,
Үмітті кәлләлар жөнді ойдан.
Сағыныш сілкісе
Сарғайған сезімнен
Табылар көр қайдан?

Бетпақтау бітіммен беттейтін беткейге,
Жарыместігім де жетпей ме?!
Шешесі дударбас
Сол жетім сәбидің
Көздері көк дей ме?
Сұмдық-ай!

АЙДАНА ҚАЙСАРБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Көп оқылғандар