Боз даланың «бозторғайы»

Бөлісу:

17.05.2019 13266

Сазгер, ақын Кенен Әзірбаевтың туғанына – 135 жыл

Әзірбаев Кенен (1884-1976) – қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі. Жамбыл облысы Қордай ауданы Мәтібұлақ ауылында (қазіргі Кенен Әзірбаев атындағы ауыл) дүниеге келген.

***

9-10 жасында Кенен шығармашылыққа әуестеніп, алғашқы «Бозторғай» әнін шығарады. Ол ән халық арасында бірден таралып, барлық малшылардың әніне айналады. Кейінгі ән-жырларының көбісі даланың дархан құшағында жүрген кезде шығарылған. Бұдан бөлек, «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлаған. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түскен, ән сайысына араласқан.

Жазушы С.Мұқановпен

***

Ел арасында Кенен туралы естеліктер көп. Соның бірі – «Көкшолақ» әнінің шығу тарихы. Бір күні жас Кенен Көкшолағына мініп, тойға кетіп бара жатқанда алдынан Қордай өңірінің ауқатты қыз-келіншектері шығады. Ішіндегі Шәлипа деген байдың қызы бар екен. Ол да елге ақындығымен танылған деседі. Көкшолаққа мінген Кенен бірден: «Мінгенім астымдағы Көкшолақ-ты, Жалы жоқ, құйрығы жоқ, шоп-шолақ-ты» деп бастап, «Көкшолақ» әнін дүниеге әкелген.

***

Кенен бірінші әйелі Үлпілдекке он жеті жасында үйленген. Кенен мен Үлпілдектің шаңырағында Талжібек атты қыз бала дүниеге келіп, 85 жастағы Әзірбай ақсақалды қуанышқа бөлейді. Бұл жайында Кенен:

«Әкем де немересін сүйіп кетті,

Арманым енді жоқ деп шүкір етті.

Ел танып, адам болып ержеттің деп,

Пәниден бағы-жайға жүріп кетті»,

– деп еске алады.

Жұбайы Нәсихамен

***

Кенен 1931-1933 жылдары қазақ даласына зор қасірет әкелген ұжымдастыру саясатының куәгері болды. Кеңес өкіметінің солақай саясатын, аштықтан бас сауғалаған қазақтың ауыр тірлігін көріп, 1932 жылы жұбайы Нәсиха мен қызы Ұлтайды алып қырғыз ағайындарды паналауға мәжбүр болды. Сол жақта дүниеге келген Қырғызбала небәрі жеті айлығында шетінеп кетеді.

***

Жетпіске келген шағында ол он жеті жасқа толған үлкен ұлы Көркемжанды шақырып алып: «Менің қатарларым немере сүйіп, шөбере көріп жатыр. Қанша жасарым бар. Оқу қашпас, әуелі үйлен» деп оны үйлендірген көрінеді. Келін болып қаланың 16 жасар қызы түседі. Ауыл болмысын көрмеген, тілі орысша шыққан қызды көріп Кенен келінінің ертеңгі күнін ойлап, уайымдайды. Беташар кезінде бет ашатын жігіттің иығына шапан жауып: «Жолыңды маған бер» деп қолына домбыра алады. Жиылған жұрт қарт ақынның бұл қылығын көріп, қатты таңқалады. Сол кезде ол: «Әрі беташар, әрі батам, әрі келінге айтар өсиетім болсын» деп жырын төгеді. Өткен күндерін еске түсіріп, алғашқы қуанышын қаншалықты аңсағанын айтып «Келінжан» әнін дүниеге әкелген екен.

***

Кененнің нақыл сөздері:

Бойкүйез, арамтамақ жатып ішер,

Жаман дерт осы бастан сақтаныңдар.

Қазанат қамшы тигізбейді,

Азамат жоғын білгізбейді.

Кесірлі адам кер болады,

Кемеңгер адам кең болады.

Ортада халық ақыны Ж.Жабаев пен К.Әзірбаев

Ақыннан бір өлең

Жүз жасаған Жамбылға


Адамға аз жас емес жүз жыл деген,

Қойнына қара жердің кім кірмеген?

Қырық жыл жолдас болған, қайран Жәке,

Сағындым дауысыңды күмбірлеген.

Өлмейтін мен көргенде Күн менен Ай,

Тау мен тас, дариялар, өзен мен сай.

Жаңғыртып Алатауды кете бердің,

Қош, қайыр, атағы зор Жамбыл атай.

Еңбегі елге сіңген ер өлмейді,

Әлемнің бәрін жұтып жер өлмейді.

Артында сөзі қалды тарих болып,

Атағы алып ата тегі өлмейді.

Алдымды, артымды да жарылқа деп,

Сүйінбай, Сарыбасқа еріп текті.

Аруағы Алатаудай қайран Жәкем,

Төстіктей қара жерге сыйып кетті.

Боп жатыр әрі асың, әрі тойың,

Үй тігіп, бие байлап, сойып қойын.

Жиналып он бес одақ, түрлі ұлт,

Ат шауып, көкпар тартып, түрлі ойын.

Артыңда ұрпақтарың ақын, әнші,

Көрсетіп күйші-биші, артист ойын.

Жазушы, жас ақындар қызмет етіп,

Жоқталмай қалған жер жоқ тұла бойың.

Балуан сайыс, айтыспен бәрі қызып,

Қыз қуып, бүркіт салып, іліп тиын.

Балалар қырдан төмен жарысады,

Ұшып келе жатқандай бейне құйын.

Кең дала тартушы еді кеңдігімен,

Туған жұрт сүйіндірді елдігімен.

Жақындап біз де келдік жол аузына,

Бұл өмір өтпей қалар енді кімнен?

Бөлісу:

Көп оқылғандар