Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ФОЛЬКЛОР
/
Қазақ ертегілеріндегі фантастикалық элементтер...

04.09.2025 154

Қазақ ертегілеріндегі фантастикалық элементтер 6+

Қазақ ертегілеріндегі фантастикалық элементтер - adebiportal.kz

Миф, ертегі, аңыз секілді жанр түрлері ықылым заманнан бергі адам баласының ақыл ой-қиялының жемісі. Уақыт өте келе миф, аңыз, ертегілердің мазмұны кемелденіп, сюжеті байып, көркемдік өрісі кеңейіп отырды. Әр халықтың фольклорында алтын әріппен зерленген авторы белгісіз осы қазыналар, уақыттың сан жылдық сынағына төтеп беріп, осы күнге дейін аман-есен жетті.

Осы ретте көшпелі сюжеттер деген ұғымның миф, ертегі, аңыздарда көптеп кездесетінін, бір уақиғаның келесі ертегі, тағы бір аңызда ұшырасып жататыны қазіргі көзқарақты оқырман қауымға таңсық болмаса керек. Бірақ біз осы жерде көшпелі сюжеттер туралы емес, дәл осы көшпелі сюжеттер секілді кездесіп жататын ортақ кейіпкерлер, ұқсас тип-мотивтер туралы сөз қозғай кетсек дейміз. 

james-camerons-avatar.fandom.com

Айталық, қазақ ертегілерінің классикасы саналатын «Ер Төстік» ертегісі алуан түрлі сюжетімен қатар, түрлі-түрлі кейіпкерлерімен ерекшеленеді. Көлтауысар, Таусоғар, Саққұлақ, Желаяқ, Шойынқұлақ, Жылан бапы хан, перінің қызы Бекторы, Самұрық, Шалқұйрық секілді неше түрлі дүлей күш иелері мен кейіпкерлер кездесіп жататыны белгілі. Және бұлар басты кейіпкерге пара-пар деңгейде ертегі сюжетінде қызмет атқарып, оқырман есінен өшпестей із қалдырып отырады. Бұл кейіпкерлердің біз қозғап отырған тақырып – кинодағы фантастикалық элементтер болып қай жерінде, қандай кинода кездеседі деуіңіз мүмкін. Төменде соған тоқтала кетейік.

Қазіргі киноматография, мультфильм саласы фантастиканың шыңына шығып, қиял-ғажайыптың неше түрлісін көрсетіп келеді. Сол кинолардың ішінде 2009 жылы шыққан «Аватар» фантастикалық киносында кездесетін жануарлар мен аңдардың бейнесін бірінші рет көрген адамға тосындау көрінері сөзсіз. Яғни, алты аяқты жылқы, алты аяқты қасқыр, қабылан тектес жыртқыштар. Алты аяқты марал, бұғы, піл тектес жануарлар – бәрі ядролық радиацияның кесірінен биологиялық ауытқуға жолыққан аң секілді бейкүнә ойға жетелейді. Бірақ, бұл мотив қайдан шыққан, қайдан алған мотив дегенді қаузайсың ғой. 

 stablecog.com жасаған

Осы «Аватар» киносын көргелі, шыны керек, «Ер Төстік» ертегісін әлденеше оқысақ та, бір деталіне баса назар аудармаған екенбіз. Ерназар Ер Төстіктің егеуін жалмауыздың қолына тастап кеткен соң, егеуін алуға жолға шыққан Төстік жылқы ішінен әкесінің айтуымен екі атты таңдап мінбекші болады. Міне, сол таңдалған екі атының бірі – алты аяқты ала ат болса, екіншісі – жеті аяқты жирен ат болады. 

Енді қараңыз, бұл жердегі алты аяқты ала аттың әлгі алты аяғын кім есіне сақтап, көзіне елестетті, ол жағын оқырман өзі айта жатар. Тек жылқыға қатысты мәліметті іздеп отырып, ертегідегі судыратып өте шығатын осы жеріне келген кезде қалт тоқтап, қайталай оқығанымыз бар еді. Себебі, ертегіде ала ат пен жирен аттан да мықты Шалқұйрықтың мысы баса беретіндіктен бе екен. Әлде Кенжекейдің: «Алты аяқты ала атың, қулық бие құлыны, табанына тас батса, маңдайынан күн өтсе, алты күнге жарамас», - деп төмен баға бергендігінен бе екен. «Ала ат пен жирен ат ұзаса көп қыл құйрықтының бірі, олай болса оның аяғын кім санапты», - дегендей әумесерлікпен назар салмаған екенбіз. Тіпті оқырман ретінде бұл екі атты жай ала ат пен жирен ат деп оқып жүр екенбіз. Сөйтіп біз елемей, көзге елестете алмай жүрген бұл екі аттың образын, Джеймс Камерон деген режиссер бүкілдей бір планета жануарларының қалыпты пішініне айналдырады. Біз бейғам ғана оқып өте шығатын, онша емес (Шалқұйрықтың алдында ат  емес) деп санайтын ертегідегі бар мотивті, өркениетті елдің баласы адам санасына «Алты аяқты жануарлар осылай болады», - деп таңбалай салады. Әрине, атақты режиссердің біздің «Ер Төстікті» оқымағаны анық. Бірақ адам ой-қиялымен осы бейнені тауып алып отыр. Тек әттеген-айы, әлем таң қалған алты аяқты жануарлар бейнесінің біздің ертегіде баяғыдан-ақ елеусіз, төртінші-бесінші планда жүргендігі еді. Ал оны өндіріске салуға дәлірек айтсақ дайын тұрған мотивті тірілте салуға бір қазақ баласының фантазиясының жетпегендігі еді.

james-camerons-avatar.fandom.com

Жарайды, алты аяқтыны Джеймске басы бүтін бердік делік. Тағы да әлемдік деңгейдегі киноларда басты қаһармандарға айналған қандай бейнелер біздің ертегілерде кездеседі екен, енді соны тарқатып шықсақ дейміз. Бұл жолғы мотивтерге алты аяқты ат секілді таң қалмадық. Тек киноларды көрген сайын, «Мынауың біздің ертегідегі мына батыр ғой, анауың ана батыр ғой», - деген бір ой санамызды түйреді де отыратын. 

«Сонау бір атам заманда, Тобықбай деген бір мерген болыпты. Тобықбайдың әйелі өмірі бала көтермепті. Өзі момын, адал адам екен. Мұның баласының жоқ болғанына барлық ел аяныш етеді екен де, өзін жақсы көреді екен. Баланың зары өткен Тобықбай күндердің бірінде әйеліне:

–Мен үш айлық сапарға аңға шығам, қайтып келгенімше бала тапсаң таптың, таппасаң, сені қоя беріп, басқа әйел алам. Бала болғанда да ұл бала тауып бер! – депті де, сапарына кетіпті.

Ерінің жарлығын қалай орындаудың жолын таба алмаған әйел қатты қысылады. Зарланып жылайды. Бір күні нан пісіру үшін илеген наннан бір баланың бейнесін жасайды да, сырттағы жер ошаққа от жағуға шығады. Отын тамыза алмай, үрлеп жатқанда: «Балаң жылап қалды, балаң жылап қалды!» - деген дауыс естіліпті оған. Артына жалт бұрылып қараса, киіз үйдің күлдіреуішінде бір кішкентай құс отырғанын көреді. Әлгі: «Балаң жылап қалды!» деп отырған сол бақыт құсы екен.

Мұның не сұмдық екеніне көзі жетпеген әйел жүгіріп үйге кіреді. Үйіне келсе, әлгі бала ғып жасап кеткен наны жоқ, оның орнында аппақ сазандай бір ұл екі өкшесімен жер тепкілеп жылап жатады. Сөйтсе әлгі нан балаға айналып кетіпті. Әйел: «Құдайдың бергені, бақыт құсым менің!» – деп баланы бас салады. Сол кезде әйелдің өмірі тамшы тамбаған омырауынан сүт сорғалап қоя береді», - деп басталатын «Нан батыр» деген қазақтың ертегісі бар.

Біреу оқыды, біреу оқымады, біреу осы күнге дейін естіген, біреу естімеген дегендей бұл ертегі де өте бір қызық ертегі. Не керек иленген қамырдан жаралған Нан батыр мықтысы мықты болып, әрі күшті, әрі мерген болып ержетеді. Күші тасып, қайраты толған Нан батыр өзіне дос, серік іздейді. Міне, әңгіме осы жерден басталады.  Қарапайым аңшылықпен ауылын баққан Нан батырымызға бір емес үш негізгі кейіпкер кездеседі. Кездескенде үшеуінің аттары болмаса тұрқы қазіргі кино мен мультфильмде кездесетін – Темір батыр, Су батыр, «Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» шал секілді кейіпкерлер.

Темір батыр, Су батырлар қайдан, кім болып кездеседі деулеріңіз мүмкін? Біз  айтпақ болған Темір батыр әрине ертегідегі секілді атқа мініп, қылыш сермеп жүрген батыр емес, жаңа заманға сай, тіпті техникалық тұрғыдан осы заманнан озып кеткен Marvel кино компаниясының атақты кейіпкері Темір адам Тони Старк еді. Marvel-дің темір адамын көрген сайын, көз алдымызға «Нан батыр» ертегісіндегі екінші кейіпкер Темір батыр еске түседі. Әрине, бұл жерде біздің ертегідегі Темір батыр Marvel-дің Темір адамының алдында қаһармандығы жағынан жіп есе алмауы мүмкін. Бірақ, бір нәрсе анық. Ол темір сынды элемент пен есімі бір батырдың біздің ертегіде әуелден жүргендігінде. Бәлки біздің мамандар «Нан батыр» ертегісінен не мультфильм не кино түсіргенінде  Темір батырды Су батыр мен Нан батырдан өзгешелеу үшін үсті-басын темірмен құрсаулап қояры сөзсіз. Ал, ондай жағдайда бас-аяғы темірмен қымталған біздің ертегі кейіпкері мен әлем тамсана тамашалайтын Темір адам Тони Старктен қандай айырмашылғы болар еді.  Мұны енді бір делік.

wikipedia.org

Екіншіден, тағы бір кинода супер қаһарманға айналған батырға тоқтала кетсек. Жоғарыда айта кеткен Нан батыр мен Темір батырдың жолдасы болған, ең алдымен «Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» шалдан жеңіліп, асып отырған етінен айырылып қалатын «Нан батыр» ертегісінің тағы бір кейіпкер – Су батыр еді. Су демекші, Аqua – латынша су деген мағына білдіретін болса, 2017 жылы Warner Bros. Pictures компаниясы түсірген Aквамен киносы осы біздің Су батырдың өзі ғой деген өзімшіл ой да тудырады. Мейлі Aкваменнің ұстаған үш ашалы найзас мен Грек мифологиясындағы Посейдон болмаса жартылай адам, жартылай балық теңіз құдайы Тритон деген секілді баламалары бар деуіңіз мүмкін. Бірақ, екі құдайды Гректер де, әлем жұртшылығы да судың батыры демеген. Супермен (Ерен батыр), Бэтмен (Жарғанат батыр) деген секілді Aквамен де Су батыры деген жекелей ұғым бермей ме? Бұл жерде де қазақ ертегілердегі қатардағы, күші әлсіз, жай батырыңызды Америкалықтар әлемдік масштабтағы қаһарманға айналдыра салды. Marvel-дің Темір адамы Тони Старк пен Warner Bros Pictures-тің Aквамені Артурдың біздің ертегідегі кейіпкерлерден тамыр алмағанын біліп отырсақ та, біз өзімізде барды бар деп айтуға енді хақымыз бар шығар. Яғни, қазіргі кино әлемінде жасақталған супер қаһармандар экрандалмай тұрып-ақ, біздің ертегілердегі фантазиясына ерік бере алған мықты ертегішілердің болғандығы еді. Себебі, сол замандағы тыңдарман үшін «Нан батыр» ертегісі бүгіні Темір адам мен Aкваменнен кем емес әсер еткені анық. Ол заманда бүгінгідей кино-мультфильм түсіретін  техникалық мүмкіндіктер болмаса да, фантазиялық қуаттың мықтылығы қиял-ғажайып ертегілердің неше алуан түрін туғызып отырғаны анық. 

wikipedia.org

Өз уақытында  ғажайып ертегіші, мықты әңгімеші болған халық сол қалпы өз белдеуінде қалып кетті. Коммуникация бір кездері сөйлесу, айту арқылы өтіп отырса, кейін ол жазбаға айналды. Жазба суретке, біртіндеп комикске, ал комикс мультфильмге, сөйтіп соңғы техниканың жетістігімен комикстер киноға айналып отыр.

Біз бұл мақаламызда әлемдік кино индустриясында миллиардтаған табыс әкелген осы үш киноның  элементтері біздің ертегілерде қандай елеусіз жүргенін мөлшерлеп көрсеткен болдық. Медианың, коммуникацияның өз орнымен дамыған сатысы біздің елде де болғанда, «Ер Төстік», «Нан батыр» секілді ертегілердің тонын ауыстырып, сюжетін құбылтып, Тони мен Артурға таң қалмай, әлемдік шедевр жасайтын ба едік, кім білсін. Өйткені сюжеті қиысқан бұл екі ертегі ғана емес, халқымыздың қаншама ертегісі сұрапыл шабыт пен бай қиялдың күшімен дүниеге келген еді ғой. Бәріне бізде қиялдау ресурсы бар, тек соны өндіріске сала алмай отырған қырсыздығымыз ғана кедергі болып отыр ма дейміз...

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар