Ерғали Бақаш. Бір түнгі оқиға
Бөлісу:
(Әңгіме)
Қара түнді қақ жарып келеді. Айнала көзге түртсе көргісіз. Жаңа ғана куә болған сұмдық оқиға жүрегіне қанжардай қадалып, аласапыран күйге түсіргені аздай, түсініксіз қалыпта ілби басады. Өзі емес, басқа бір бейнеге айналып кеткендей...
Қанша тез жүруге әрекеттенген сайын, дәрмені кетіп, ентіге берді. Қорыққаннан ба, әлде, қарашығын қарықтырған жат көріністің шеңбек әсері ме, өзі де анық білмейді... Тез серпіліп, ес жимаса меңіреу түн түнек түбіне лақтырып жіберердей түнеріп алған. Үрей билеген санасы жылымық аңсап шарқ ұрды. Мазасыз ойдан арылғысы келіп, жанын жай таптырар тыныштық іздеп аспанға қарады. Жымыңдап, жан-жүрегіңді елжірететін жұлдыздар тұнжырап, ай бозарып кеткендей көрінді. Оқыс дауыс, болымсыз тықыр шықса болды есі ауып қаларына ешқандай да күмәні жоқ-ты.
Қорқыныштың жетегінде келе жатып «Өзіме де обал жоқ», – деді біреу естіп қоятындай жәй ғана сыбырлап. Жып-жылы төсегімде ұйқымды қандырғанның орнына ит құйырығын бұлғаңдатса еріп кететін әдетіме басып жетіп келгенімді қарашы. Енді міне, қуырылған бидайдай шыж-быж болып, өзіммен-өзім соттасып келемін.
Өмірінде бірінші рет ұят пен иман, ар мен обал туралы терең ойларға берілді. Онсыз өмірде мән мен мағына жоқ екенін бұрыннан білгенімен жіті түсінбегеніне опық жеді.
Қанша уақыт жүргенін өзі де бағамдап үлгере алмады. Табаны оттай қызып, аузы құрғап келеді. Бір жұтым су болса таңдайы жібіп, маңдайынан тер бұрқ ете түсер еді. Бірақ осы көшенің аяғындағы құжырасына жету бұл үшін қиынға түсті.
Екі өкпесін қолына алып, ұшып-қонып барғандағы куә болған масқара жағдайға досынан бұрын өзін жазғырды. Көз алдынан күлімсі исі бұрқыраған жұпыны төсекте шашылып жатқан жап-жас келіншектің күнәһар бейнесі кетер емес. Қап-қара сиқырлы көзінен әлдекімдерге деген өшпенділік пен кектің менмұндалап қана қоймай, тән ләзәтіна деген шексіз құштарлықтың да асаудай тулап жатқанын байқау еш қиын емес-ті. Қырылдаған дауысы шылым мен ішімдікке әуес екенін бірден байқатып тұрғандай. Нәзік жаны жараланып, абыройын аяққа таптауға не себепкер болды екен, ә?..
Тұяқ серпуге шамасы болмай, шырт ұйқыда жатқан. Телефоны құрғыр безілдесін кеп.
– Ерден, келмесең болмады. Қиындыққа тап болдым. Ешкімге тіс жармашы, өтінем. Өзің келгенде бәрін түсіндіремін, – деп қиылған Мұхитқа көзін тырнап ашып, соңғы екі жүз теңгесіне такси ұстап құрдай ұшып жеткен беті еді.
Кімді мүсіркесін, өзін бе, әлде некелі жарының көзіне шөп салған арсызды ма, жоқ, қызыққа ортақтасуға шақырған жолдасын ба? Әй, иі қанбаған арсыз тіршілік-ай, көрсетейін дегенің осы ма еді...
Ол кеудесін тырналған азапты ойын Мұхит досына айтқысы келді. Бірақ айтпады. Дұрысы, айта алмады. Иесіне еркелеген иттей, ыржалаңдап қарсы алған жолдасы өзі тояттаған соң бұған сыйлық жасамақ болғанын айтып, мақтанып алды.
– Жастығыңды құшақтап құр жатқаннан түк шықпайды, ара-тұра серілік қып тұру керек жігіт деген! Дұрыс емес пе, жан досым Жамуха, бұл шын досың Шыңғысханның саған деген ізгі-ілтифаты. Қабыл ал, қолаң шашы төгіліп, өзіңді күтіп жатыр, – деді жымысқылана жымиып.
– Әй, есің дұрыс па, ақырын сөйле. Біреу естіп қойса, ұят емес пе, – деді бұл әлі де түкті түсінбеген қалпында. Екі санын шапалақтаған Мұхит жатақхананы басына көшіре күлді.
– Мұхит, есіңді жишы, жын ұрғаннан саумысың? Жаңа ғана өлдім-жіттім, – деп хабарласып едің ғой...
– Өй, баламысың деген! Түк көрмегенің көрініп тұр ғой. Сені осы араға келтіру үшін аз қулығымды іске қосып едім, құлдыраңдап жетіп келдің емес пе. Маған ештеңе болған жоқ. Кім көкеңе батылы барып әңгіме айта алар дейсің. Жә, оны қойшы, кітаптан бас алмайтын оқымыстының рақметіне бөленемін бе деп жүрсем, өңің бозарып, қорқып отырғаннан саумысың? Бері қарай жүр, сауабыңды алайын, – деп қолынан жетектеп қап-қараңғы бөлменің ішіне күштеп кіргізіп жіберді. Сыртқа ұмтыла беріп еді, кеудесінен итеріп қалды. Шалқалап барып, бойын әзер жинап алды. Сол арада Мұхит есікті сыртынан құлыптап үлгерді.
– Мұхит, аш есікті, бұл қай әзілің, – деді Ерден құрдымға құлап бара жатқандай жанұшыра дауыстап. Бұрын-соңды оның мұндай ерсі қылығын көрмеген еді, әдетте, қарапайым, оқып-ізденуге құмар елгезек жігіттің мына түсініксіз әрекетіне жіп таға алмай дал болды. Қас-қағым сәтте Мұхитты шындап танымағанына көзі анық жетті. Соңғы күндері «достарыма кеттім, ауылдастарым келіпті» деп, сабақтан көп сұранатын. Ертесі маужырап әлсін-әлсін есінеп, ештеңеге зауқы соқпай шаршап отыратын.
– Досым, сен асықпай ащы теріңді шығарып ал, мен төртінші қабатты шарлап келейін, – деді Мұхит мысқылдай күліп. Кетіп бара жатып, «түнің жақсы өтсін болашақ профессор мырза» дегенді қосып қойды.
Күңгірт бөлмеге жұқа перде ілініпті. Перде деген аты болмаса әбден тозып, ескірген. Сөлбіреп тұр. Керегеге жапсырған жалаңаш қыздар мен жігіттердің суреттерінен тұлабойың түршігеді.
Кеңсірікті ашытып, қолқаны қапқан жағымсыз иістен Ерден лоқсып жібере жаздап, өзін әзер ұстады. Қаққан қазықтай боп есіктің көзінде аз уақыт тұрды да, екі кісілік төсекке қарай жақындады. Бастабында өз-көзіне өзі сенбей, сасып қалды. Сәлден кейін, еркінен тыс бір күштің жетелеуімен қимылсыз жатқан жұмбақ бейнеге таяий түсті. Жұқа көрпені жартылай жамылыпты. Алакөлеңкеде ағараңдап денесі анық көрінбеді. Жүрегі аузынан шығып кетердей атқалақтап, өне-бойынан бұрын-соңды байқалмаған белгісіз бір сыйқыр өз дегеніне бағындырып магнитше тартып барады. Төніп келіп, еңкейіп қарағанда барып, шашы арқасын жапқан бейтаныс жанның теріс қарап жатқанын анық көрді. Осы қазір ғана шыр-пыры шығып, сыртқа шығуға жанталасып еді. Лезде көз алдында жатқан көркем сурет қиялын басқа әлемге бұра тартып, өзіне қарай ынтықтыра түсті. Айналып төсектің бас жағына шығып, пердені ысырды. Терезеден Ай сәулесі төгіліп бөлме ішіне жарық пайда болды. Жұмбақ жан көрікті екен. Жас шамасы жиырманың ар жақ, бер жағы болса керек. Уылжып піскен алмадай. Үлбіреп тұр. Қызыл көрген қырандай ішіп-жеп құныға қарады. Қараған сайын құлпырып, ынтықтыра түсті. Бір кезде бейтаныс келіншектің іші дөңгеленіп шығып, жүктіліктің алғашы белгісі байқала бастағанын анық білді. Содан, түсініксіз дүлей күштің шүңетіне жұтылып бара жатқан жерінен, селк етіп, есін жиып алды. Бір сәттік қана санадағы шайқас майдан даласындағы оқ пен оттан да қорқынышты болар деп кім ойлаған...
Ерден шоқ басқандай ыршып түсті. Ақыл-есінен тандыра жаздаған сұлудың дем арасында осыншама жеркену сезімін туғызғанына әлі де болса иланар түрі жоқ. Өнебойы қорғасындай балқып, өзіне-өзі симай, бұрыш жаққа қарағыштай берді.
Жұмбақ бейне қимылсыз, сұлық қалпында. Адам кейпіндегі құбыжыққа ұқсап, біртүрлі ұсқынсыз көрінді. Бәрін біліп жатқаны белгілі. Не болса да сыр тартып, сөйлесіп көруге бекінді.
Біреудің некелі жарының арын таптаған Мұхитты сыбап алды. Әйел затының әлсіз, қорғансыз екенін шындап түсінгендей болды. Өткен жазда ауылына барғанда, жарымжан шешесі жалғыз қарындасының бойжетіп қалғанын, алда-жалда көзім жұмыла қалса сеннен басқа панасы жоқ деген емеурін танытып күрсінгені есіне түсіп, жүрегі шым ете түсті...
«Бөріктінің намысы бір» деген. Ант су ішіп ақ босаға аттаған некелі әйелдің жиіркенішті бейнесін көріп, қатты қиналды. Мына жағдайдан хабары жоқ бейтаныс күйеуіне жаны ашыды. Бір уыс боп бүрісіп жатқан әйелге аялай қарап, аз тұрды да:
– Қарындас, басыңызды көтеріңіз, бұл не жатыс?!
– Күйеуіммен ұрсысып қалғам, – деді еш қысылмай. Оның дәл осы ұятсыз қылығына күйеуі жазықтыдай кінәлап тұрғаны Ерденге ұнамады.
– Мына түрің не, Құдайдан қорықпайсың ба, өзің... – дей беріп еді Ерденнің сөзі аяқталмастан іліп әкетті.
– Құдайдан мен емес, ана жауыз досың қорқуы керек қой, – деді зәрін шашатындай көкбеттеніп.
Тумысынан жуас, сөзге сараң Ерден одан ары не дерін білмей бөгеліп тұрып қалды. Қарсы алдында өзін жұтуға оқталған айдаһарға тап келгендей кірерге тесік таппай, сұмдық налыды. Есікті ары-бері ырғап көріп еді, қозғалар түрі жоқ. Коридор у-шу, кіріп-шыққан жұрттың қарасы қалың...
Төрт қабатты арзан жатақ екенін бұрыннан білетін. Алғаш оқуға тапсырғалы Алматыға келгенде құжаттары бітпей, әкесі екеуі бір күн түнеген. Онда таза, тыныш сияқты еді. Есік алдында қарауыл тұратын. Кеңес үкіметі кезінде Алматыға келген шопандар түсетін қонақүй болғанын көкесінен естігені есінде қалыпты. Кейін жекеменшікке өтіп кеткен...
Торға қамалған торғайдай шықылық атып, мазасыздана бастаған Ерденге:
– Досыңыз келгенше, көз шырымын алсаңызшы, – деді сабырға шақырғандай қалып танытқан бейтаныс келіншек.
Сөзін шығын етпейін деді ме, үндемеді.
– Өзіңіз біліңіз, – деді жақтырмағанын білгендей. Бұл әлі состиып, тізе бүгуге жүрегі дауаламай тұр.
Жыртқыштың досы жауыз болмай шыққанына көзі жеткен келіншек алаңсыз ұйқыға кетті.
Не істерін білмей, абдыраған Ерден:
– Құрып кеткір, Мұхит, қайда жүрсің? – деді айқайлап.
– Досыңыз сізді менің жаныма қалдырып, өзі басқа қызға кетті-ау деймін, қазіргі жігіттер қатыннан бетер, шын сүйе алмайды, – деді ренішін білдіріп.
Ерден жақ кірісін ашпады.
– Мұхит, – деді тағыда бар дауысымен.
– Келеді ғой, қазір, сағынып тұрсаңыз, не болды, сонша айқайлап, ұйқы бермедіңіз ғой, – деді ренжіп.
– Өшір үніңді, – деді Ерден түтігіп. Сол арада Мұхит та есікті ашып:
– Оу, профессор мырза, түніңіз керім өткен болар, – деп ыржалақтап, кіріп келді. Ашуға булыққан Ерден Мұхитты жағынан салып қалды. Жойқын соққы нысанаға дөп тисе керек, жығылған жерінен тұра алмай, талықсып кетті. Баж етіп, қорқып кеткен келіншек басын бүркеп жата қалды. Не істерін білмей, екі-үш минут тұрды. Екеуі де, тырп етпей сұлық жатқан соң жүгіріп төменге түсті. Қап-қара, қапас түн «күнәһарсың»,– деп табалап тұрғандай. Өзінен-өзі үркіп қонақүйдің оң қапталындағы кішкене қуыс көшеге сіңіп кетті.
Түн қараңғылығынан арылып, жер бетіне күн нұры төгілсе тұтқындалатындай үрейленді. Бұлың-бұлың қысқа жолдардың екі-үшеуін төтесінен қиып өтіп, кең, даңғыл жолға түскенде барып, қыр соңынан қалмай, өкшелеп қуып келе жатқан жұмбақ елестен өзін арашалап алғандай болды. Сонда да, күдіктен әлі толық арыла алмай, жүрегі дүрсілдеп, тісі тісіне тимей, дір-дір етеді. Басы айналып құлап қаламайын деді ме, жол шетіне отыра кетті. Қанша уақыт тізе бүккені есінде жоқ. Жын-жыбырдың арасынан дін-аман шыққанына шүкір дегенмен, өзін кінәләу сезімінен бәрібір арыла алмады.
Өмір жолы бұралаңға түспеген мөлдір бұлақтай таза жан өңі тұрмақ, түсінде көрмеген лас ортаның есігінен аттап, тұтқыны болғанына қатты өкінді.
Міне, сол көшемен әлі келе жатыр... Ерден үшін таңның атқанынан, атпағаны абзал. Себебі, түнде жасалған қылмыс пен күнә Күн шықпай өз азабымен құрдымға құлап топыраққа сіңіп кетуі керек. Өйткені, оның алапат қасіретін ұйқысынан оянған бейқам жұртқа естіртуге болмайды... Бірақ олай болуы мүмкін емес екенін біледі...
Түн өзі куә болған жамандық атаулыны неге түнегіне батырып, тұншықтырып жібермейді деген ойға да тұрақтай алмады. Себебі, оның да құдіреті шектеулі. Адам баласы түптің түбінде ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты біліп тұрып, дұрыс таңдау жасамағаны үшін күнәһар санатында отқа қақталатынына бұл сенеді. Сол азаптан және одан аман қалғандар жаратылғандардың санасына симас ғажам әлемде мәңгілік өмір сүретініне қапысыз иланады. Ол үшін адам арының алдында таза болуы тиіс деген ұғым бұл күнде күшін жоймаса да, жаттанды сөздей естілетіні несі екен? Қалай болғанда да, адалдықтың өлшеміне кімдер лайықты екенін тәңірдің өзі таразысына салады. Одан өткен ақиқат та, шындық та жоқ. Әрине, түсініп, қабылдай алсақ...
Таң атпай, жер бетін мәңгілік қараңғылық жапса ғой деп армандап келеді. Көз алдына құбыжық келіншек пен ыржалақтаған Мұхит елестей берді. Әбден титықтағаннан болар, ауық-ауық есінеп, түсініксіз хәлде құр сүлдерін сүйретіп, кең көшенің ортасымен кетіп барады.
Көрнекі фото: bhorizon.ru.net
Бөлісу: