Файзулла Төлтай. Ал бұл жақта ештеңе болмаған секілді
Бөлісу:
“Барлығы бос, бос әурешілік”
Ваиздың кітабынан
I
Тоғызыншы түннің төртінші бөлігі бүгін –
қиялымыздың сыртындағы әлемнің қабырғалары қираған тоғызыншы түннің төртінші бөлігі;
бізден бізді құтқара алмаған қып-қызыл түндерден еш айырмасы жоқ тағы бір түн
және оның төртінші бөлігі шеңберге байланып үнсіздікке шомған;
бүгінге дейін қос бұрышты домалақ қабырғалардағы терезелерден ұзаққа телміріп
“құтқар!” деп қанша түн құдайға жалындық,
бейне бір теңіздің шынжырларына байланған ай сүйген толқындар сынды;
төбемізден тамған тамшылардың құрсауындағы дауыстардан басқа ештеңе шыққан жоқ бірақ,
өмірге келуге қорыққан сәбидің дауысы секілді жаңғырып шықты,
жыларға бір тамшы көзжасы таппаған диірмендегі жалғыз әйел мен
өртеніп кетерге от таппай қиналған алқаптағы жалғыз адамның даусындай және:
– әлсіздің кегі – қарғысы!
– әлсіздің кегі – қарғысы!
– әлсіздің кегі – қарғысы!
Біз де енді дәл олар секілді қос бұрышты домалақ қабырғалардағы терезелердің барына күмәнмен қарауға мәжбүрміз –
бәлкім ол терезені жапқан перделер қабырғаларға айналып кетті,
перденің артында ешқандай терезе болған жоқ бәлкім;
солайша, ештеңені білмейтінімізді де білмей тоғызыншы түннің төртінші бөлігінде
қиялымыздың сыртындағы әлемнің қабырғалары қирады –
– жылауға бір тамшы көз жасы табылар емес,
– от та жоқ өртеніп кетер...
II
Төбемізден тамған тамшылардың құрсауындағы дауыстар құлағымызды жарып барады,
жұмақ есігінің кілтін жоғалтып алған құдайдың шарасыз дауысы сынды;
біз болсақ бір адым аттап жұмаққа барудан бас тартқалы қашан,
бір адым аттап тозаққа барудан бас тартқалы қашан –
тоғызыншы түннің төртінші бөлігінде амалсыз толқынды тұсаған шынжырға айналып кеттік,
сапардың соңы –
оралу болса егер ұзақ бір жолға шығудың қандай мәні бар екенін түсінбей
күзде өлген ағаштың жапырақтары секілді
сап-сары тілдеріміз
аяқтарымызға байланып қалып;
қол жетпес өткеніміз бен ешқашан орала алмайтын келешегіміздің артынан еріп,
қырық таң бойы балшықтан иленіп жасалған өлімнің де күл-талқаны шықты,
тым ерте келгенімен кешігіп қалғанына өкінген өлім – құдайдың екінші есімі –
тұмсықтарына қан жұққан қос бірдей қарғаға ұқсайтын,
диірменге апарар алқаптың жолында бір-бірінің көздерін шұқыған.
Төбемізден тамған тамшылардың құрсауындағы дауыстардан басқа ештеңе жоқ мұнда,
болса да білмейміз –
білсек те ешкімге түсіндіріп бере алар емеспіз оны,
мысалы, қос бұрышты домалақ қабырғалардың орнында қып-қызыл уақытқа уланған екеу,
терезе алдында тұмсықтарына қан жұққан қос бірдей қарға?!
III
Күзде өлген ағаштың күнгейді бетке алып түскен көлеңкелері
теңіз жағасындағы қып-қызыл түнге ұқсайды,
және оның төртінші бөлігі шеңберге байланып үнсіздікке шомған;
құлауға қорқатын сап-сары жапырақтары болса бір-бірін жұбатып әлек,
диірмендегі әйел мен алқаптағы адамның өмірге келуге қорыққан сәбиін жұбатқаны сынды,
я әлде өмірге келуге қорыққан сәбидің
диірмендегі әйел мен алқаптағы адамды жұбатқаны сынды:
– қорықпа, бізді ешкім жазалай алмайды!
– біз деген – нәтиже ғанамыз!
Төбемізден тамған тамшылардың құрсауындағы ескі бір дауыстар ғана үзіліп түседі бірақ,
қос бұрышты домалақ біздерден құдайды құтқара алмайтын
қиялымыздың сыртындағы әлемнің қабырғалары секілді қираған дауыстар.
Сәлден соң қып-қызыл түнге үзіліп түсіп жатқан сол ескі дауыстардың орнына
толқынды тұсаған шынжырдың сақиналары сынды күзде өлген ағаштың жапырақтары құлауы тиіс,
бұтақта отырған қос бірдей қарғаны үркітіп...
Әйтпесе жыларға бір тамшы көз жасы табылар емес,
от та жоқ өртеніп кетер...
Бөлісу: