Жазира Ахметова. Жүрегімнің қарашығы
Бөлісу:
Бақыт деген
Әлдебір саз жүрегімді сыздатып,
Терезеге телміруші ем кеште мен.
Жанарға жас, кірпігіме мұз қатып,
Әлдекімді алушы едім еске мен…
Уақытпенен қол ұстасып құрбыдай,
Бақыт деген келер деп көшпенен.
Тағдырыма мейірленіп бір құдай,
Таң нұрымен талма гүлдей өспек ем.
Ай сәулесі әлсін-әлсін әлсіреп,
Шолпан жұлдыз арылмады боз өңнен.
Қараша үйде жалғыз қалып, қанша рет,
Желге өптірдім ерінімді кезерген?..
...Кенет, кенет... дүр сілкінді дүние,
Есікті ашып енді-дағы Періштем.
Өліп-талып, өбек қағып гүліме
Су бүрікті ғазиз бір жан Пейіштен...
Сен жоқсың
Қабат үйлер шырақтарын сөндіріп,
Түн жарымы болғанына сендіріп.
Қалғып-мүлгіп қала ұйқыға кетсе де,
Есігімнен келетіндей сен кіріп,
Тосудамын терезеге телміріп, -
Сен жоқсың!
Жанарымды жарты Айға тастадым,
Жарым көңіл жабырқаулы басқа мұң...
Құс жолында жүргендейсің серуендеп,
Менің емес, әнін айтып басқаның.
Қасіреттен айығар ем қас қағым
Сен жоқсың!
Гүл шоқтары құшағымнан артылып,
Жатар ма едім жалыныңа шарпылып.
Күн жауардың алдындағы теңіздей,
Теңіздегі шағаладай шарқ ұрып,
Сені іздедім, сабырымнан сарқылып,
Сен жоқсың!
Кірпігіммен жанарымды жасырып,
Елесіңе есім кете бас ұрып.
Құшағында бара жатым тәтті ойдың,
Бір мұңымды бір мұңымнан асырып,
Қалғып кеттім, келер күнге асығып, -
Сен келдің!
Түсімде!
Сағыныш
Тамылжып піскен бақытты,
Тамсанып барып татқанмын.
Жазмышым жазған жақұтым,
Жамбасқа басып жатқанмын.
Ақ саумал сырды сапырып,
Алқымын сүйдім ақ таңның.
Апталап келген қапырық,
Алқасын үзді шақтардың.
Күтумен көзді талдырып,
Күбірлеп жатам сені ойлап.
Күзелген күзді алдырып,
Күзетіп жатыр жел-ойнақ.
Өзекті өртке жандырып,
Өзіңсіз өтті бұл апта.
Жастықты жасқа малдырып,
(Жұбатсаң жұбат) жылатпа,
Өтінемін...
Сен кеттің де...
Сен кеттің де,
Қарамадың қайырылып,
Жанарыңмен
Шығарып сап жүргенмен
Мен де қалды
Өзің салған қайғы, үміт.
Өмір жолы
Екі жаққа айрылып,
Іздемедің,
Ізің қалды жаңғырып.
Енді – Елес
Сенің бейнең, жанарың
Сезімің де
Селт етпейді мәңгілік.
Айдалада әнім қалды
Қаңғырып.
Жапан түзде
Жаным қалды мәңгіріп.
Қоңыр кешім
Қорым жаққа жоғалды.
Қап-қара түн
Иығымды талдырып.
Жағалауда
Жатты жаным ыңырсып,
Жал-жал толқын
Жаналқамды жарды ұрып!
...Енді мені
бір құтқарса, құтқарар
Сен сияқты Елес емес,
Таңғы Үміт...
Мінез
Мезі еткен білем мың сұрақ,
Кеудемді жүрек шымшылап.
Көңілге көшіп көк тұман,
Ұлиды желде қыңсылап.
Өзімді өзім ұға алмай,
Қағынан безген құландай.
Қаңғырып кеткім келеді,
Кең етек, кезбе сығандай.
Табиғат тектес тағдырмын,
Тамызда кепкен тандырмын.
Күздегі солар гүлзармын,
Жаздағы жауар жаңбырмын.
Қозысыз қалған көгендей,
Қашанғы жүрем еленбей?
Қиыла қоймас қыршыным,
«Қыз қырық жанды» дегендей!
Періштенің сезімі
Әй, білмеймін…
Періштенің сезімін
Сырға қылып тақсам ба?
Жас емес-ау, көзінен
Жұлдыздайын ақсам ба –
Алқаракөк ақшамда?!
Әлде...
Жақын келіп жанына
Жан шырайын бақсам ба?
Шымылдықтың ішіне
Шырағымды жақсам ба?
Жүрегінен төрінен
Тұрағымды тапсам ба?!
Сосын –
Құмарымды тарқатып,
Тұмарымды тақсам ба...
Базарымды бөлісіп,
Бал сезімге батсам ба?
Қамырдайын иленіп,
Ес жия алмай жатсам ба?!
Тәтті у ашып тәбетін,
Тамыр бойлап ақсам ба?!
Мүмкін…
Талықсырмын, танармын,
Кірпікті әлсіз қағармын.
Еркелермін, қарармын,
Өртенермін жанармын.
Таң көшіне ілесіп,
Мәңгі есінде қалармын?..
Бәлкім,
Сыбызғы әуен санамда
Сыңсығандай болар ма?..
Жазиралы даламда
Жаным тыныш табар ма?..
Жүрек сыздап қалар ма,
Жас үйіріп жанарға?..
Сырымды ізгі қоссам ба
Сыбызғы үнді самалға?
Іздемесем, інгендей
Боздап тағы қалам ба?
Жоқ, әлде –
Сағыну ма, аңсау ма,
Шағыну ма, шаршау ма,
Сарыуайым хал кешіп,
Түсер ме екем сарсаңға?
Алмағайып көріскен
Ақ қанатты Періштем,
О дүниенің өтіне
Бұ дүниенің шетіне
Өзіңді іздеп барсам ба?!
Алақаным ашылып,
Ақ моншағым шашылып,
Адам ата, Хауа ана,
Ақ батаңды алсам ба?.
Ақ Періштем – аяулым,
Халім сенсіз осылай,
Нанбасаң да,
Нансаң да!..
Мен сізді күтіп жүрмін...
Мен сізді күтіп жүрмін көптен бері,
Апырай, өмір неткен шектеулі еді?
Келеді «Періштем» деп айғай салғым,
Тағдырдың өткізбесе өткелдері.
Мен сізді күтіп жүрмін жыл өткелі,
Сырымды жеткізе алмай жүректегі.
Үмітім үкі көзді үркектейді
Жалт етпе сәуле сынды түнектегі.
Мен сізді күтіп жүрмін шын мұңдана,
Күтудің не екенін білдім жаңа,
Көзіме көрінбейді күлгін маңай,
Көзіме елестейді гүл-гүл дала...
Мен сізді күтіп жүрмін көз ашқалы,
Аңдаулы ақылдыға сөз астарлы...
Әркімнің болады екен өз жұлдызы
Әркімнің болады екен өз аспаны!
Мен сізді күтіп жүрмін...
Мен сені...
Мен сені жақсы көрем жанымнан да,
Не жетсін сарғайғанға, сағынғанға.
Өзіңмен мәңгі бақи бір болуға,
Қайтейін бұл жалғанда халім бар ма?
Мен сені алып қашам жат қаладан,
Кім іздеп, кімдер бізді жақтамаған...
Жалынып Жаратқаннан жай сұраған
Тағдырын тақуаның тақпа маған!
Мен сені алып кетем Ай қалаға,
Жұлдыздан гүл себемін айналаңа,
Кетейік қол ұстасып «Елік тауға»,
Көрінбей көлденең көз-қайманаға.
Мен сені жақсы көрем, нан осыған,
Айналдым көзіңнің ақ, қарасынан!
Екеуміз кетейікші алыс жаққа,
Қым-қуыт мына адамдар арасынан.
Кеткенде қайда барып тұрақтармыз,
Жұмақты біз де жұрттай ұнатқанбыз...
Тамсанып тамылжыған тәтті түске,
Жүректі жылатқанбыз, жұбатқанбыз...
Мен сені жақсы көрем жанымнан да,
Не жетсін сарғайғанға, сағынғанға.
Өтермін жалғыз сен деп бұл жалғаннан,
Кеудемде жаным бар да, жалын бар да!
Елес
Теңіздей толқып тербелмей,
Еркіндеп соққан желге ермей.
Түнекке түстім тұңғиық,
Жеті қат жерге енгендей.
Көрген бір жәйға көз көнбей,
Көңілім көкті кезгендей.
Сен болсаң кеттің қайырылмай,
Мен болсам қалдым өзгермей.
Тағы да міне батты күн,
Тағы да қақтым қап түбін.
Қасыма өзің келгенше,
Басылар емес аптығым.
...Есерсоқ жел ме,
Елес пе,
Есікті тағы қақты кім!
Бөлісу: