Әділбек Ыбырайымұлы. Қара құйын

Бөлісу:

23.05.2022 4307

Кенесары хан туралы «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның екінші «Серт» кітабынан үзінді.

1. Жау жасағы

«Қайтсем тезірек қазақ даласын шылауыма саламын» деген басқыншы пиғылдың жетегіндегі Горчаков ойлана келе, қазақтың орталық даласына орыстың ықпалын арттыру үшін Ұлытаудан бекініс тұрғызуды, онда Сібір полкінің бір бөлімшесін тұрақты ұстауды көздеді. Осы байламын қағазға түсіріп, былтыр жылдың басында сол кездегі орысия империясының вице-канцлері, сыртқы істер министрі Нессельродеге ұсыныс-хатын жіберген. Генерал-губернатордың өтініші жоғары жақтан қолдау тауып, патша үкіметінің бұйрығы бойынша биыл ерте көктемде Омбыдан бір рота солдат және елу шақты үй-ішімен отбасы Ұлытау станицасына келіп қоныстанды. Келді де орыс бекінісінің іргесін көтере бастады.

Міне осы кезде Орынбор мен Батыс Сібір генерал-губернаторларының тапсырмасы бойынша екі өңірдің шекара қызметі басшылары сұлтан-правительдердің қатысуымен ақпанның ішінде кеңес өткізді. Басты мәселе Кенесары қолын талқандауға арналған биылғы жылғы жорық жайы.

– Былтырғы қателіктерді қайталамауымыз керек! – деді жиын тізгінін қолына алған генерал Ладыженский. – Желдей жүйрік «қара құйын» Кенесары әскерін жеке жасақ шығарып құрту, мүмкін емес. Бұған әбден көзіміз жетті, енді басқыншы жұрттың ауылдары отырған Торғай, Ырғыз өзендері бойына зеңбірек сүйреткен, жақсы қаруланған шалымды үш қол жібереміз. Олар үш жақтан қоршап, ешкімді шашау шығармай шеңбер жасай қысып, Кенесарыны құртуы керек. Бұл жауапты іске патша әскерлері Торғай бойына Ұлытау бекінісінен, Ор қаласынан және Тобыл өзені ернеуінен аттанады.

Осы әскери құрамдардың барлығының майдан даласындағы шабуылы мен іс-әрекетін үйлестіру әрі басқару Батыс Сібір әскери округының генерал-майоры Жемчужниковке тапсырылады.

Төр жақта жиналыс жүргізушіге таяу отырған шегір көз, пісте мұрын, аузы-басы жып-жылмағай, шашына ақ араласқан оқалы адам басын изеді. Генерал «сұрақтарыңыз бар ма?» дегендей отырғандарды бір шолып өтіп, қайта сөзін жалғады.

– Бұдан бөлек төртінші қол қырғыз-қайсақ жігіттерінен құралуы керек. Ахмет Жантөрин мырза! – Генерал Орынбор әскери губернаторының сұлтан-правителіне қарады. Кезінде Орынбордың әскери училищесін тәмамдаған бойшаң келген, танауының тесіктері суырдың ініндей кең біткен, көзі сүзетін бұқаның көзіндей адырайған, қара сұр өңді Ахмет төре өзіне мәртебелі адам назар аударғанына орнынан қопалақтай түрегелді.

– Сізге шұғыл арада қайсақ жігіттерінен арнаулы әскер жинауға бұйырамын. Бұл құрамға өз ықтиярымен қосылған жауынгерлерге патша тарапынан қарастырылған жақсылық-шарапаты бар. Егер солдат жазатайым қаза болса, оның үй-ішіне патша үкіметі зейнетақы белгілейді. Мұндай қайтарымы бар шара бұрын болмаған, осыны елге дұрыс ұғындырып, қысқа уақытта мың сарбазды сапқа тізіңіз. Мың адамның басы жиналғаннан кейін дереу Тобыл өзенінің жоғарғы жағына барып, келесі пәрменді күтесіз. Осы шаруаға тас-түйін дайын болыңыз.

– Мақұл, мәртебелі жанарал мырза.

– Сіз войсковой старшина Лебедев мырза, қарауыңыздағы бес жүз салт атты эскадрильяны бастап, мамырдың бесі күні Ор қаласынан Камышовка бекінісіне аттанасыз. Одан әрі қарай Ырғыз өзенінің кемерін қуалай жылжып, шамамен мамырдың жиырмаларында Торғай өзенінің жағасына жетуіңіз керек. Кенесары сұлтанның ауылдарының жайлауы – сол жерде.

Ал Тобылдағы сап құраған полковник Ахмет сұлтанның жасағы бұйрық келгенде Қабырға, Үлкенаяқ өзендерінің бойын жиектеп, Тайпақ өткелінен өтіп, мамырдың жиырмасы күні войсковой старшина Лебедевтің әскеріне қосылуы тиіс. Күні бұрынғы құрылып отырған жоспар осылай. Ахмет сұлтан, түсіндіңіз бе?

– Ұқтым!

– Бұл патша империясы үшін өте жауапты әрі ауқымды шараға Батыс Сібір губернаторы тарапынан да екі әскери жасақ құрылды. Оның біріншісі – соңына қос зеңбірек сүйреткен, екі жүз елу салтатты жауынгер. Бұған – есауыл Лебедев басшылық етеді. – Ладыженский войсковой старшинаға қарады да, «сіз тектес» деп қыстыра кетті. – Ал, бір зеңбіректі жүз елу солдаттың қолбасшысы – сотник Фалилеев. Бұл екеуі де қазір Ұлытау бекінісінде. Солай ғой Аполлон Степанович? – Мәліметінің дұрыстығына тиянақ іздеп, Жемчужниковке жүгінді.

– Жоқ, Михаил Васильевич, – деді генерал-майор шекара комиссиясының төрағасы Ладыженскийге мойынын бұрып, – Ұлытау бекінісінде қазір не бары бір рота солдат қана. Жаңағы сіз айтқан әскери құрамдар әзірше Сібір полкінің қарауында. Олар жол түсіп кетпей тұрып, наурыздың ішінде Омбыдан Ұлытауға аттанады. Жаңа станицаға ертерек жетіп, бірер апта төңірекке көз салып, жер жағдайымен танысады. Содан кейін мамырдың басында ол жаққа мен барғаннан соң, бәріміз соғыс министрі Чернышев мырзаның бұйрығын орындауға кірісеміз.

– Өте жақсы! – Ладыженский бөгелек тиген жылқыдай басын шұлғи берді. – Есауыл Лебедевтің басқаруындағы жасақ мамырдың бесінен қалмай Ұлытау жағынан шығып, ол төңіректегі Кенесары ауылдарын тықсыра Торғайға қарай жылжиды. Жиырмасына таяу сол Торғай өзенінің бойында Орынбор жасақтарымен түйісуі тиіс. Ал Фалилеевтің жасағы да мамырдың басында Ұлытаудан аттанып, Сарысу жағасында шеп құрайды. Кенесары әскері күшті соққыдан ығып, Орта Азия хандарының жеріне немесе үлкен ордаға қарай шегінер болса, әрі қарай жібермей жолын бөгейді. Сол кезде соңынан өкшелей қуып келе жатқан біздің зеңбірек сүйреткен әскеріміз оқты допша боратып, олардың көзін жоюы керек. Негізі біз, – сөзін іркіп, сол қолының сұқ саусағын шошайтып, жоғары көтерді, – Кенесары жабайыларын Ырғыз бен Торғайдың бойынан шығармай талқандауды көздеп отырмыз. Былтырғыдай жәй баспай ерте көктемнен қамданып, тұзақты мықтап құрып, көтерілісшілер әскеріне кең далада еркін қозғалуына мұрша бермей, тұс-тұстан қаумалап, от қаптыруымыз керек. Осы жоспардың нобайын айтып, бірден-бір нәтижеге жететінімізге сенімді Батыс Сібір әскери генерал-губернаторы, князь Петр Дмитриевич «Кенесарыны Торғай, Үлкенаяқ, Телғара өзендерінің бойындағы бекіністің аранына тықсырып әкеп, екі жақтағы қамалдардан бір мезгілде соққы беріп, қолдан келер шараның бәрін қолданып, бірден құртып жіберу керек» деп, баршамызға тапсырма жүктеп отыр.

Былпық беттері түктеніп, мәслихат өткізуші отырғандарға ызбарын сыртқа сала қарады. Жемтікті айнала шоқиған күшігендей қара-құжыр топ, қандарын ішіне тартып, үндемеді.

– Тағы да қайталап айтамын, – Орынбор шекара қызметі басшысының үні саңқылдай шықты, – осы әскери іс-қимылдарды басқару мен үйлестіру генерал-майор Жемчужниковке жүктелген. Сондықтан Аполлон Стпепановичтің бұйрығын екі етпей орындау, барлықтарыңыздың міндеттеріңіз! Келістік пе?

– Келістік!

– Оған еш шүбәңіз болмасын, ақ патшаға адал қызмет етеміз!

– Тапсырманы мүлтіксіз орындаймыз! – деген мақұлдаушы дауыстар тұс-тұстан жарыса жамырады.

– Олай болса, іске сәт! Абыроймен жолығайық.

Бекіген жоспар бойынша генерал-майор Жемчужников мамыр айының басында енді іргесі қалана бастаған Ұлытау форпостысына штабымен келіп жетті. Ал мамырдың бесі күні есауыл Лебедев екі жүз елу салтатты жауынгерімен соңына қос зеңбірегін сүйретіп, Ұлытаудан Торғай өзенінің бойына қарай жылжыды. Оның ертеңінде зеңбірегін қос атқа тіркеп, жүз елу солдатын шұбыртып, сотник Фалилеев Сарысу жағасына бет түзеді.

Дәл осы кезде Ор қаласынан Ырғызды көздеп, войсковой старшина Лебедев басқарған Орынбор жасағы жорыққа аттанды. Ахмет сұлтан да Лебедев жасағына қосылмақ боп, Тобылдың жоғарғы жағынан Ырғыз өзенінің арнасына қозғалды.

Кене хан былтырғы сойқаннан кейін шамырқанған ақ патша одан бетер аласұрып ширыға шабуылдайтынын білді. Сондықтан 1844-інші жылға қауіппен қарап, ендігі соғысқа дайындығын жан-жақты жүргізді. Дайындықтың басы қол құраудан басталары белгілі, ықпалындағы елден жігіттерді әскеріне шақырды. Әскер қарасы артқан сайын оның ішім-жемі, ат-көлігі мәселесі туындады. Өз қатарынан сенімді адам шығарып, дәргейіне қарамайтын қоңсылас отырған рулардың ауылдарына салық салып, зекет пен үшір жинады. Ханның өктем пәрмені ешкімге ұнамады, алайда былтырғы азуы алты қарыс Алтыбайды сабап өлтіргені, атынан ат үркетін Арыстанды қамшының астына алып, сақалынан жетелеп, құсаға ұшыратқаны, мал-мүлкін талап әкеткені жүректерін шайлытқан. Сондықтан оның қаһарынан қорқып, «сұрағанын беріп құтылайық» деп, бұйрығын бұлжытпай орындады. Осылай тұс-тұсынан шабармандары олжалы оралып жатқаннан соң, Кенесары сыпайларын күндіз-түні әскери ойынмен шыңдады. Тыңшылары мен барлаушыларын ел ішіне бойлатып, сіңдіріп жіберді.

Кененің қалың қолы хан ордасына жуық маңда Ырғыз өзенінің оң жағында да, сол жағында да самсап тұрды. Жау әскері жөніндегі хабарды қара құлақ тыңшылары арқылы күнбе-күн алып отырды. Өйткені тыңшылар бір-біріне таяу еді, ақпарды бірден-бірге беріп, ханға хабарды айшылық жерден бір тәулікте жеткізетін. Старшина Лебедев пен Ахмет сұлтанның бір тараптан, жанарал Жемчужников пен есауыл Лебедовтың келесі тараптан өзіне қарай жылжығанын күні бұрын біліп алды. Егер өзін іздеген Орынбор мен Омбының от қарулы әскері бір мезетте Торғай өңірінен табылса, онда жағдайы мәз болмайтынын түсінді. Дереу қара құлақтары арқылы «Кенесары қолы Ұлытауға қарай жылжып барады» деген жалған әңгімені жанаралдың құлағына жеткізді. Мұны естіген Жемчужников есауылға «Кенесары Ұлытауға беттепті, дереу Ұлытауға қайт» деген пәрменін түсірді. Сөйтіп, есауыл Лебедов пен генерал-майордың қолы бағытынан жаңылып, кері кетті.

«Кенесары Ұлытауға қарай кейін шегініп кетіпті» деген дәл осы сөз старшина Лебедов пен Ахметтің де құлағына тиді. Бірақ, тісқаққан войсковой бұған алданып қалмай, төртқара, жағалбайлы руларының билерінен жөн сұрап, Кенесары ордасының Ырғыз бойынан табан аудармағанын білді. Сондықтан алған бетінен қайтпай, жолынан жаңылмады. Уәделескен уақытта Талды өткелінің аузында Ахмет сұлтанның жасағымен кездесіп, қалың қол Торғайға тартты. Күндіз-түні жүріп отырып, Қарақұм мен Борсық құмына шығатын жолды кесті. Сосын, Торғай өңірінің біраз аумағын аралады, жан-жаққа адам шаптырды. Алайда, Сібір губерниясының әскерімен кездесе алмады. Жыл бойы әзірленген жоспардың күлі көкке ұшқалы тұрғанын білген старшина Лебедов «Біз белгіленген уақытта айтылған жерге келіп жеттік, өкінішке орай, Ұлытау мен Торғай арасында Омбы отряды жоқ. Егер Кенесары Ұлытауға қарай шегінсе, Сібір әскері оның жолын бөгей алмайды. Ал, бізге тарпа бас салса, әліміз жеткенше соғысамыз» деп, ашулы кепте хат жазып, шабарман аттандырды.

ЖАЛҒАСЫ

«Қара құйынның» соққысы»

ДЕГЕН АТАУМЕН БЕРІЛЕДІ

Бөлісу:

Көп оқылғандар