Махаббаттың қырық қағидасы

Бөлісу:

21.07.2023 3852

Әлгі оқымыстылар ақыл айтқанда: «Жаныңа жақын бір кітапты табу үшін алдымен мың кітапты түгесіп оқуға тиіссің» дейтіні рас сөз-ау. Кей шығарманы сыдыртып оқып шығасың. Дұрыс екен дегеннен артық дым дей алмайсың. Бәрі дұрыс, мәні, мазмұны ойдағыдай. Бірақ дым әсер етпейді. Бірдеңе жетіспей тұрады. Ал, кей шығарма алғашқы парағынан-ақ санаңа сәуле түсіреді. Сен ол шығарманы қайта-қайта оқи бергің келеді. Жаныңа қаяу түскенде сол шығарманы қайталап оқып, серпілесің. Тұйыққа тірелгенде де сол кітапты оқып, түйткілдің жауабын іздейсің. Бір ғажабы, сол жауапты табасың. 

Элиф Шафак – бүгінгі таңда Түркияның ең атақты әйел жазушысы. Оның әр кітабы бестселлер боп жатыр. Оның шығармаларында мәдени ерекшелік пен ұлттық стереотиптер мүлде өзгеше ояумен беріледі. Шамасы, оның бәрі әлеуметтік-саяси, діни, философиялық ағымдардың әсерінен болса керек.  Оның кітаптары әлемнің 55 тіліне аударылған. Ал, біз сөз етіп отырған «Махаббаттың қырық қағидасы» BBC-дің екшеген «Адам дүниетанымын қалыптастыратын 100 роман» тізіміне енген.  

Элиф Шафактың «Махаббаттың қырық қағидасын» қолыма алғаннан, түгесіп оқып болғанша мазам қашты. Шығармада сөз етілген махаббат адамның адамға деген сүйіспеншілігі ме, пенденің Жаратқанға деген махаббаты ма деген дүдәмал ойдың жетегінде отырасың. Махаббат – ол біртұтас әлем. Пенде баласы оны өзінің шектеулі санасымен қанша жерден бөлшектеуге бейім тұрса да, ол әрдайым тұтастықты білдіреді. 

Бір адамның екінші адамға деген ілтифатын терең сезіну әр адамның пешенесіне жазылмайтынын түсінесің. Осы уақытқа дейін шын сүйдім бе, адал дос бола алдым ба деген сұрақ туады. Өмірім текке өтті ме? Робин Шарманың «Сен өлсең, кім жылайды?» деген әңгімесі санаңда қайтып жаңғырады. Жылауға тиіс пе? 

«Махаббаттың қырық қағидасын» оқып отырып ойың үнемі өзіңді іздеуге, өзіңді тануға бағыттала береді. Махаббат – мәңгілік тақырып. Бірақ оның қыр-сыры әрқилы екеніне көбіне мән бермейтінімізді түсінесің. Бұл шығарманы оқыған соң әлеміңді қайтып түзіп шығасың. Өмірлік құндылықтарыңды бүтіндейсің. Енді осының қажеті жоқ деген армандарыңды тірілтесің. Осы уақытқа дейін істеуге қорыққан істерге бет бұрасың. 

Бір ғажабы, махаббат пен достық туралы пайымыңды қайтып қарап шығасың. Шын махаббат деген не? Ал, достық ше? Махаббат та, достық та адам жанын өсіретін рухани байлық. Бірақ соған болуға тиіс дүние сияқты қарайтынымыз рас. Ренжісіп, керілдесіп жүріп, ергежейлі болмысымызға қарамастан, тәкәппар кеудемізбен өзімізді тек мөлдір махаббатқа лайық санайтынымызға ұялмайтын болып алғанбыз. Элиф Шафак материалды әлемнің адам санасын кері кетіріп, пенде баласын өмірдің нақты миссиясынан адастырып жатқанын еске түсіргендей. 

Шығарманың өн бойында махаббат пен достықтың шынайылығы хақында параллель жүргізілген. ХІІІ ғасыр мен ХХІ ғасыр арасындағы махаббат пен достық. Асқақ сезім үшін қандай құрбандыққа дайынсың? Достық я махаббат үшін сынақтан өтуге барсың ба? Бұл кітап алмағайып заманда өмір сүрген Мәулана мен Шамс Тебризидің ұлы достығы, рухани жақындығы жайлы ең бір толымды туынды десек те жарасар. Рухани ұстаз бен дәруіштің кездесуі. Жеке жүріп өзіне тең келетін парасат иесін таппаған екі мұңлықтың кездескен сәтте бір-бірінің дегдарлығын жазбай таныған ұлылығы. Өзіңе ойы мен ісі тең келетін дос табу – бұл құр мақтан емес, үлкен сынақ екен. Мұндай достықты қызғаныш пен көреламаушылық, надандық пен асылықтан сақтап қалудың өзі бір ғанибет. Бар мен жоқтың арасында, бес күн жалғаннан кие тапқан ар мен ұжданға бас иесің. Дәруіштің күллі сынағынан мүдірмей өткен Мәулананың жан тазалығы мен ой тереңдігіне таң қаласың. Жинаған терең білімін үй мен мешіттің ортасынан асып кәдеге жаратпаған Руми дәруіштің өзінен асқан ойшылдығын мойындап, ғажаптанады. Қарапайым имам болып дүниеден елеусіз өтіп кетуге тиіс Руми дәруішпен кездескелі басы бүтін өзгеріп, атағы ғасырларға өтіп, шығармасы мәңгі жасайтын дәрежелі ақынға айналады. Дәруішпен кездесу оның жан дүиесінде ұлы төңкеріс жасайды. Білем дегені білмегені, көргем дегені көрмегені боп шығады. Уағызымен бүтін елге қадірі асқан ұстаздың дұрыс өмірінің астарында нендей нәпсі жатқанын дәруіш қана көрсете білген. «Өзіңнен тас құдай жасап алма» (Не воплоти идола из себя) дейді дәруіш Румидің мамыражай өмірін көріп. Ел сені риясыз жақсы көре берсе, бұл тоқмейілсуге апарады. Мұның арты ізденісті жояды. Ал ізденіс өмірлік өзгеріске әкелетін баспалдақ. Бұл Хақтың махаббатына көлеңке түсіру. Шын махаббаттан құр қалу. «Дәруіш саған не берді?» деген сұраққа Румидің өзі былай дейді: «Шамс не істесе де, менің рухани өсуіме ықпал ету үшін істеді. Мұны басқа ел түсінбеді. Ол өсек-аяңға ілігетінін біліп тұрып, кері сөйледі, ел-жұрттың жүйкесінде ойнады. Кей асылық сөзді де әдейі айтатын. Өзін жақсы көріп, құрметтеген адамдар да одан үркіп, бойын аулақ ұстайтын. Шамс менің кітаптарымды суға лақтырды. Маған бұған дейінгі білімімді ұмытсын дегені еді. Елдің бәрі оның шейх пен ғалымдар туралы теріс сөзін естігенмен, оның қасиетті кітапты керемет тәпсірлейтінін естімеді. Шамс алхимия, астрология, астрономия, теология, философия мен логиканы терең меңгерген еді. Алайда ол өз білімін надандардан тығып ұстады. Ол нағыз факих еді, бірақ өзін факир ретінде көрсететін». Дауыстап айтылмайтын ақиқатты жүрекпен сезініп, көңілмен қастерлеу – ұлылықтың сипаты болса керек.     

Адамға берілген әр махаббат ол – өзгеріс. Достық болсын, сүйіспеншілік болсын – осы уақытқа дейінгі өмірлік ұстанымдарыңды күл-талқан етіп жойып, жаңаға орын дайындамаса, ол сезім емес дейді кейіпкерлер. Ол жерде достық та, махаббат та болмағаны. Сен достыққа да, махаббатқа да дайын болмағаның. Шын сезім өзіне дейінгінің бәрін өшіреді. Сонда ғана сен жүрегіңді Хақтың берер сыйына ашасың. Бұл саф сезімнің құдіреті.  

Бұл шығарманы оқып отырып, өзім бұрын ойламаған пайымдарға тірелдім. Махаббат үдей келе шынайы достыққа ұласпаса, қадірсіз болғаны. Достық өсе келе шын махаббатқа жетпесе, қасиетсіз қалғаны. Солай ма? Достық пен махаббаттың қадіріне қаншалықты жетіп жүр екенбіз? Қазіргі заманның достығы мен махаббаты алашақ пен берешектің айналасынан аспайтын бақай-есепті ғана көрсететіндей. Оның рухани астарына үңіліп жатқан адам некен-саяқ. Ал, шын мәнінде адам жаны өзгеріске даяр болғанда шын сезімге кенеледі екен. Шын махаббат бүкіл шекараны өшіреді, барлық шектеуден асып түседі. Пенденің бақиға әкететіні де сезіммен көмкерілген жан.    

Шамс пен Румидің киелі достығын мысал ете отырып Элла Рубинштейн мен Азиздің арасында сүйіспеншілік туады. Элланың жиырма жылғы бір сыдырғы өмірінің аяқ астынан күл-талқаны шығады. Махаббатсыз өмір құдды бір бос құмырадай. Оның не мақсаты, не мағынасы табылмайды. Ел үшін өткен өмірін қалайша сезімсіз сүргенін ойлайды. Бәлкім, бәрін тағдырға итере салған оңай болар ма еді? Бірақ тағдырды жасаушы адамның ниеті екенін түсінесің. Таңдау – әр адамның өмірін өзгертетін тетік. Өзіңе қандай сезімді қиясың? Өміріңді қандай сезімге арнағың келеді? Шамс айтпақшы, «Наданның ақиқаттан басын алып қашуы күн сәулесіне көлеңке түсірмесе болғаны». Сонымен, махаббат деген не? Махаббат – ғалым мен дәруіштің, ақыл мен жүректің арасындағы арпалыс. Ал таңдау әркімнің өз қолында.  

Ерте ме, кеш пе әр адамның басынан өткеретін хәл дерсің. Әр адамның өмірінде жақсы мен жаманның, ақыл мен жүректің, бар мен жоқтың астарына үңілуге итермелейтін сәт туады. Сонда түсінетіні қарапайым ақиқат. Бүкіл махаббаттың астарында – Жаратушыға деген махаббат тұрады. Сол махаббатты терең түсінген адамның өмірге адалдығы, махаббат пен достыққа деген ілтипаты, өзіне деген сенімі оянады екен. Себебі, Шамс дәруіш айтпақшы, адам үшін ең маңыздысы – махаббаттың дінін түсіну. Ал, Шариғат – Ақиқат мұхитына түсірген қайығың. Хақты іздеген пендесі бір күн болмаса, бір күні қайықтан түсіп, мұхитта өздігінен жүзіп кетпек. Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбар айтыпты: «Бұл фәниде үш түрлі адамға аяушылық танытыңдар: дәулетінен айырылған байға, абыройынан айырылған жақсы адамға, ақымақтардың ортасында қалған данышпанға». 

Қырық қағиданың бірін Шамс былай түсіндіреді: «Бұл әлем биік тау секілді. Қандай жақсы не жаман сөз айтсаң, саған тура сондай жаңғырық келмек. Сондықтан егер әлдекім саған жамандық істесе, оған дәл солай жауап берем деп өзіңе екі есе қиянат жасап аласың. Тағдырың тайғақ жолға түсіп кетеді. Тұйыққа тірелесің. Одан да саған жамандық істеген адам туралы қырық күн бойы тек жақсылық ойлап, жақсы сөз айтсаң, бәрі өзгереді. Себебі, қырық күнде жан дүниең тұтастай өзгермек». Өзіңе де, өзгеге де еш зияныңды тигізбей өмір сүрудің шарты осы. Ұлылықтың бәрі қарапайымдылықтан басталатыны содан болса керек. 

Бұл фәни бес түрлі элементтен тұрады. От пен су, жер мен ауа. Бесіншісі, бос кеңістік. Бәлкім, ол жан дүниеңнің сезімсіз бос қалуы. Рухани тұрғыда бұл жалғыздықты сезінуің. Жалғыздық арқылы Хақтың махаббатын сезіну. Жалғыз қалған адам ғана басына түскен қиянат пен жамандықтың себебін іздейді. Көп адам ондай себепке өзгені кіналайды. Ең оңай жолы. Кей адам ізгілік пен игілікті тек жұмаққа жетудің жолы деп түсінеді. Ал, Шамс дәруіш «жұмақ пен тозақ – әр адамның ішінде» дейді. Бұл туындының өзегі адамға өзін іздетуі. Қатып қалған діни қағидалар мен шектеулердің астарына үңілту. Құдайға деген махаббаттың маңызын түсіндіру. Сол арқылы адамның адамға жақындығын сезіндіру.  

Шамс Тебризидің әр кездескен кейіпкерге махаббаттың қағидаларына сүйеніп, жауап қатуы – адам жанына деген ерекше ілтипатты көрсетіп отырады. Нәзік түйсікпен сезінетін жан жылуын сезіндіреді. Мұны кітапта сипатталған параллель екі әлемнен де байқап отырасыз. Адам парасатқа туа салысымен қол жеткізбейтіні, ол үшін адам жан төзгісіз қайғы мен мұңды бастан өткеруі де қажет екен. Шамспен алғаш танысқанда Руми өз еркімен өзгерсе, дәруіштен шын айырылғанда ол адам танымастай өзгереді. Шын махаббат өзгертеді. Алғаш көңіл тоқтықтан өзгерсе, екінші рет жан дертінен өзгереді. Қалай болғанда да сезім өзгертпей тынбайды. Шын махаббат тек Хақтан келетін сый екенін тағы бір рет дәлелдегендей мысалды көресіз. Екі ұлы адамның бір ауыз сөзден бір-бірін тануы, құрметтеуі, бір-бірін рухани өсуге ынталандыруы кейіпкерлердің өмірін мәнге толтырып, мазмұнмен байытып отыр. 

Бұл шығарманы оқыған адам өзіндік таңдауларын сұрыптап шығары сөзсіз. Адамның ойын өсіретін шығарма әрдайым сұраныста болары анық. Бір ерекшелігі Элиф Шафактың кейіпкер аузымен айтқан шындығы өмір ақиқатымен үндес болып жатады. Ешбір шектеу, шарттылық махаббатқа тосқауыл бола алмайды. Бүкіл шектеуді ойлап табатын адамның өзі. Бәлкім, ішкі үрейі. Шектеу тек өз санаңда ғана барын сезінесің. 

«Заң деген шырақ. Ол бізге жарық береді. Бірақ шырақ ұстаған адам қараңғыда бір жерден екінші жерге ұзай қоймайды. Қайда бара жатқанын ұмытып, бар ынтасы тек шырақта болса, бұның несі жақсы?» - дейді Шамс Тебризи. 

Ал, сіздің ынтаңыз шырақта ма, әлде Күнде ме? 

Бөлісу:

Көп оқылғандар