"Мәңгүрт" образын әлем әдебиетінде тұңғыш сомдаған қаламгер Айтматов емес

Бөлісу:

27.02.2017 17666

Өмірге адамгершілік көзқарасты көркем оймен жеткізген жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Күй» шығармасы жөнінде

Бұл хикаяға, негізінен, ілгері дәуірдегі адайлар мен түрікмендер арасындағы бірнеше ғасырларға созылған өзара кикілжіңдер мен алауыздықтардың кем-кем үдей ушыға қасіретті оқиғаға айналып, адамның жапырақ жүрегін пәршелеген қилы әрекеттер сол заманға таңба болып қалғаны арқау болған. Бірақ сол болмыс қасіреттерінің жұрнағы осы өмір сүрген дәуірде ептеп белең алып жатқандығы бәрімізді едәуір толғандырады. Анау етене жазыла қоймаған қауіпті індет заманына қарай түсін, түрін, айлалы әрекеттерін сан құбылтып, қанша кетпендеп шапсаң да қуыс, тасаны қуалай тырмысып, тамыр жая беретін кәдімгі сары шырмауық сияқты. Әбіш Кекілбайұлының бұл «Күй» атты көп қырлы туындысының көтеріп шыққан жүгінің өте ауыр әрі күрделілігі осындай.

Мына шығарманы жасауда бұл қаламгер елеусіз нәрседен терең ой тудыратын өзіндік шеберлігін танытты. Ол қазақ халқының енжарлыққа қарай ығысқан пенделерді мінеуде қолданылатын «Мәңгүрт» сөзін түсінген адамын түпсіз тебіреніске түсіріп, мән-мағынасы дүние жұртшылығының таңдайын қақтырып, терең ойға батыратын символға айналдырды және әлем әдебиетінде бұрын-соңды есітілмеген мәңгүрт символын қалыптастырды. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы Сәбит те осыған ұқсас. Қазір бұл қазақ сөзі төрткүл дүние халықтарының мыңдаған жылдар бойы сұрыптап, суындап жасаған типтік бейнені танытатын образды сөздер қатарына қосылды, тіпті одан асып, символдық бейнеге айналып барады. Қалай? 

eb1c46674b47bab5c64b826a303941ed.jpg


Тозыңқы тақтайдай жалпақ шексіз далаға үркектей қарап, сәт сайын тұла бойды безгек ұстағандай қалтырататын жойқын үрей осы шығармада бастан-аяқ қосыла өріліп отырады. Әлгіндей дара тапқырлық Ф.Достаевскийдің «Қылмыс пен жаза» шығармасына бойлай енген еді. Осындай жәйт «Күй» атты шығармада: «Қарауыл төбе жақты іргеден бағып отырған ала шапанды қайыс қараның иық тұсы бүлік ете түсті. Айыр сақал тіктеніп отырды. Қарауыл төбенің шығыс жағынан төбелерімен көк тіреген екі-үш қарайған шығыпты. Жаңағы қарайғандар тезек теріп келе жатқан мәңгүрт қазақтар болып шықты. Олар өткен жазда қолға түскен тұтқындар еді. Бұл Дүйімқараның туған нағашысының ауылын шауып, алты қыз бен алты бала жігітті таңдап жүріп атқа өңгеріп әкеткенді. Анадүрдіні Мәмбетпанаға жұмсады. Ақ тайлақтардың біреуін берсін. Көкбөрінің басына сойып құдайы берем деді», – деп баяндалған (Ә.Кекілбайұлы. 2-том.Алматы:1999, 60-61-б.).

db204027a7b2283d7800ae8a49002131.jpg


Адайлар мен түрікмендерде мынандай тұтқиылдан төңіректі азан-қазан етіп, қылыш сермеп, зорлап, қорлау күнара, апта аралата болып тұрады. Ендеше қалай олар жайбарақат тамақ ішеді. Жоғарыда келтірген үзіктегі Айыр сақал – түрікменнің атақты қолбасшысы Жөнейт. Дүйімқара – адайдың даңқы жер жарған әйгілі батыры.  Жөнейттің туған інісі, қарсы елге де Көкбөрі атанып кеткен Дүрдіні ол жекпе-жекте азаптап өлтіреді.

Мына аталған кейіпкерлердің әрқайсысының жұмбақ әлемі шығармада елеусіз қыртыстарына дейін өтектеліп шынайылықпен көрсетілген. Адам образын жасау сондай жолмен ғана қалыптасады.

Адай батырының қолынан қаза тапқан інісінің кегін Жөнейіт «қанға қан, жанға жан» емес, одан әлдеқайда еселей асырып тұтқын әкетті, оның үстіне, адам баласының құлағына шалынбаған тірілей азаптаудың ауыр түрін ойлап тауып, бір ауылдағы өрімдей жастардың ішінен таңдап жүріп он екі ұл мен қызды тұтқиылда алып кетіп мәңгілік күң мен құлға айналдырды. Анау шығарманың басынан-ақ алға тартылған мәңгүрт қазақтар нақ солар. Осылай өш алуда Жөнейіт айналасындағы елдерге өзін айбынды батыр етіп көрсеткісі келді. Оның түпкі ниеті де жаугершілікпен даңқын шығару.

Ол шапқыншылық талабын мүлтіксіз орындау ниетінде жаңа сойған ақ тайлақтың терісін алты бөлік етіп кескізіп, алты тұтқынның пәкімен айнадай етіп қырылған басына кигіздірді. Жалын ескен ыстықта күнге күйіп кеткен түйенің терісі бас сүйекті қазір-ақ ұнтап жіберердей сытырлата сыға бастады. Тұтқындардың шыбын жаны жанарынан жас болып сорғалап, жарық дүние теріс төңкеріліп кетті. Арада шамалы уақыт өткенде олардың басына шаш шықты. Тықыр бастар бұрынғыдан да өрескіл бебеу қақты. Тұтқындар шашы түйе терісін тесіп өте алмай, адам басының құйқасына кіріп ішке қарай өсті. «Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден да айрылды. Түйемен бірге өрді, түйемен бірге келді. Тезек теріп қайтқан мәңгүрт қазақтар ауылға келіп, ошақтың басына қаптарын төгіп жатыр» (осында, 75-бет.).

Жер дауы, жесір дауы, барымта, құл, күң иемденуге ашқарақтана ұмтылудың және тосыннан тыныш ауылға қаптай кіріп, хайуандықпен қыз-келіншектерді өңгеріп әкету сияқты дарақы, жабайы әрекеттердің салдарынан адай мен түрікмендер арасы тыйылмайтын дау, жанжалға, күш көрсету, кек қайтаруға жалғасып, бірте-бірте өмірі ымыраға көнбейтін өшпенділікке ұласып, залымдық пен зұлымдық, қатыгездік шырқау биікке көтерілді. Есінен мәңгі айрылған тірі өлік адамдар қатары қалыптасты. Бұлар қас жауыздар қолдан жасаған мәңгүрттер болатын. Мынау көне заманда өшпенделікке өлермендене ұмтылғандардың жасаған апатты әрекеті. Қазір ше?

Сонымен, Әбіш Кекілбайұлы бұл шығарманы алғашқы жолынан бастап соңғы нүктені қойғанға дейін тұтастай психологияға құрғандығы танылады. Анау тезек теріп жүрген қарапайым тұтқын қазақтардың алыстан зорайып көрінген қарасынан тұрікмен қолбасшысына дейін үрейленді ғой. Мұнда терең астар бой көрсетеді. Көркем шығарма адамның ішкі жан дүниесінің елеусіз бүлкіл, діріліне дейін ашып көрсетуімен ғана құнды.

Ә.Кекілбайұлының «Күй» атты туындысындағы осы аталған мәңгүрт образымен жарыса, тайталаса қатар шығып, күмбезді көкке көтерілген, символдық бейнеге айналған күйші образы. Себебі, күйшінің дүниені өзіне тәнті етер дара тұлғасы – барлық өнер атаулының бейнесі. Талдай түссек, шығармада бір-бірімен үйлесе, егіздің сыңарындай болып айналасындағы тас қараңғылықтың ұңғыл-шұңғылына дейін жарық шапағын төгуге ұмтылған қос күйші келбеті көрінеді. Екеуінің де мақсат, ниеті бір арнаға құйылған. Оған түрікмен қолбасшысы Жөнейіттің «Мынау жалба-жұлба тұтқын баяғыда Дәулетжаны тартқан салқын сазды қайдан біледі? О да тап осындай әлдекімді ақылға иліктіре алмай таусыла күңіренбеуші ме еді, талмаусырап егілмеуші ме еді? Апырау, Жөнейіт мықты еді ғой. Тап осы қазір бұл осынша неге жасып, неге жуасып отыр?», – деген сөзі дәлел (сонда, 102-б.). Күй құдіреті тас жүректі іштей егілтті. Қараңғы көңілге нұр шашқандардың біріншісі – тұтқын қазақ күйші, келесісі – түрікменнің дутаршысы Дәулет. Әрине, тұтқын күйші жаулаушы қолбасшы Жөнейітті қаһарынан алжастырып, қылышы мен найзасын сындыруға мәжбүр еткен асқақ тұлға. Әлбетте, қолбасшының ондай әрекетке баруына оның кенже ұлы, күйші Дәулеттің де ықпалы едәуір. Қолбасшыны жаугершілік жолынан жаңылыстыру күй өнерінің құдіреті.

Жазушының олай жасауына маңызды себептер бар сияқты. Турасын білдірсек, әр ұлттың рухани зор байлығы – бекем қалыптасқан салиқалы өнері бар. Екіншіден, мәңгүрттік қасіретті қолдан жасап отырған түрікмен билеуші, батырларының бәрі және сарбаздары көзін ашқалы қылыш, найза асынып,шапқыншылықты жауынгерлік дәстүріне айналдырған. Елін уысында ұстаған қартаң батыр Жөнейіт те, оның көрші елдерде Көкбөрі атанған інісі де тек қана жауға шабуды біледі, қан төгуге құмар. Бұл олардың басты арманына айналып кеткен. Жөнейіттің барлық балалары сондай. Ішінде кенже ұлы Дәулетке ғана өнер қонған.

Бұл мәселе жайлы «Күй» шығармасында: «Көкбөріге Дәулеттің тұла бойынан ештеңе ұнамайды. Әсіресе оның әр немеге құмартатын әуейілігіне ызасы келеді. Еркекке найза мен қылыштан басқа не өнер керек. Қолыңнан келеді екен – қол баста, жау шап, келмейді екен – ақ таяқ ұстап қой бақ. Ал Дәулет кішкентайынан бақшы, дутаршы десе есі кететін, жасы он бестен асысымен-ақ көшелі күйші болып алды. Бұл өңірде онан асқан дутаршы жоқ», – деп жазылған (Ә.Кекілбаев, 2-том. Алматы: Өлке, 1999, 76-б.). Иә, жаманшылықтың қатары қалың, ал түбінде, шындық, әділдік жеңіске жетеді.

Әрине, анандай жаугершіліктің мекеніне айналған аймақ, әсіресе, үнемі найза ұстап тек жаулықты аңсаған қара ниетті қолбасшы, батырлардың жүрегі өшпенділіктен тасқа айналған ғой. Ондайлардың есін кіргізіп, санасын оятып, терең үңгірдей түнек көңілдеріне адамгершілік сәулесін шашу үшін барша елдердің күйші, бахшылары қосыла ұмтылуы керек. Шығармада Дәулеттің ісін жалғастырушы Құрбан өсіп келе жатқаны ымдалады. Жазушының екі елдің атақты күйшілерін  қосақтай ұстап, ортақ мақсатқа жұмылдырып символдық бейнеге айналдыруының түйіні соны байқатады.

Көрші елмен мәмілеге келместей болып өштескен қолбасшы Жөнейіт тірі қалған жалғыз кенже баласы, атақты дутаршы Дәулетті өз қолымен жауға қарсы шайқасқа аттандырды. Бұл кекшілдіктің шектен шығып кеткенін байқатады. Қазақ жерінде мерт болған баласын есеңгіреп жүріп көмген соң, өзі қартайып, артынан ерген тұяқ қалмағанына өлердей опынып, мұң шерге шомылды. Кенже ұлын, оның жан дүниесін елжіреткен бахшылық, дутаршылық жойқын талантын есіне түсіріп, еріксіз, саналылықпен емес, мәжбүрлікпен өнер құдіретін мойындады. Мұнысы адамгершілікті еске алғаны сияқты. Тұтқындағы қазақ күйшіні алдына әкелдіріп, оған күй тартқызды. Одан кейінгі қолбасшының ішкі толқынысы шығармада: «Домбыраның үні былпып майда шықты. Құлақты қытықтар жұмсақ әуез көңіліне қонақтаған сайын көкірегін тілгілей түседі. Әлдебір әзәзіл сезім азғырғандай. Жөнейіттің жүйе-жүйесінің бәрі босап барады; ширыққан жүйкесі жібектей есіліп, құрыстанған арқасы кеңіп сала берді. Бұл не? Жөнейіт түсінбеді»,–деп суреттелген (осында, 102-б.).

Қазақ күйшінің қолына кісен салып алып кетті. Жөнейіт төсек үстінде төңбекшіп жатыр. Ол сан тарау ойдың қамауында. Күйшіге рақымшылық жасап еліне қайтарып жіберейін десе, жұрт онысын аяушылық емес, барлық балалары мен базарынан айырылған қарт батырдың айбатынан тайғаны деп санайды. Қолбасшы әлі тебіреніс үстінде, адай батырының келмегенін Жөнейіт іштей оны намыстан жұтаған есебінде санап кіжінді. Ол келсе күйшіні еліне қайтарар ма еді қалай? Жөнейіт анау Дүйімқараны да осы оқиғаға себепші санады. Бұл қасіреттің өршуіне шоқ лақтырған Дүйімқара сияқты. Оның туған інісін қорлап өлтірді емес пе?

33a541e7eef3b43ac93e59bc45a0e9f6.jpg


Жөнейіт күйшінің тірі қалуына қарсылық білдірмейтіндей, әйтсе де соған ыңғайлы жол таба алмай әуреге түсуде. Өзінің мерт болған кенжесі Дәулет есіне түскенде қазақ күйшісіне іштей аяушылық білдіреді. Оның шексіз қайғы тебіреністен жан дүниесі қалжырап шаршағандай. Сонда да тұтқын күйші көкейінен әсте кетпейді. Бұл оның адамдықты қалауға мәжбүрлігі. Соңғы кезде Жөнейіт сол жігіт жайлы ойласа көз алдына қалың бұтасы қара түлей белес қайта-қайта орала береді. Тұтқын күйшіні сол жол жиегіне апарып басына дейін көмсе, көп керуеншілердің бірі адамгершілік жасап ашып алып, күйші тірі қалуы мүмкін. Жөнейіт ақыры осы байламға тоқтады. Күйші мына өзін тірілей көміп жатқан адамдарға жалыныш кейіпті танытпады. Иә, намыс – өлімнен әлдеқайда биік.

Жөнейіт бұл оқиғадан кейін онан сайын қалжырап, қол-аяғы дірілдейтінді шығарды. Ол ұйықтайын десе түсінде күйшінің өлгенін көреді, содан көз ілмей, шексіз азапқа батады. Шығарма соңында Жөнейіт өзінен-өзі үрей қамауына түсіп өледі. Ондай жазықсыз жандарды  мәңгүрттікке айналдыратын сұмдық жазаны шімірікпей іске асырған және балауса қыздарды қорлап, азапта ұстаған, ел шапқан  жыртқыш – қылмыскердің мүлдем жоғалып кетуі мүмкін бе? Ә.Кекілбайұлының «Күй» шығармасындағы мәңгүрт қазақтар мен кеңес дәуіріндегі арбаға жегілген өгізден айнымаған қалың жұрт легі зерделей қараса бір-біріне ұқсас сияқты.



Тоқболат Еңсегенұлы,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Көп оқылғандар