Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Проза

КІТАПХАНА

Проза (лат. prōsa) — әдеби жанр, қара сөзбен жазылған көркем шығарма (әңгіме, повесть, роман).

Проза әдебиеттің эпикалық тегімен байланысты, лирикалық проза немесе прозалық өлеңдер кездеседі. Проза XVII ғасырдың ортасына дейін сөз өнерінде поэзиямен аралас өмір сүрді. Тарихи шежірелер, жылнама, трактаттар, естелік, сапарнама, діни уағыздар, т.б. өлең жанрына тән шығармалар болып есептеледі. Шын мәніндегі проза Қайта өрлеу дәуірінде қалыптасып, поэзиядан бөлініп шықты. Осы кезден бастап әдебиеттің дамуында проза жетекші орынға ие болды. Рабғузи, Бабыр, М.Сервантес, Д.Дефоның шығармаларынан бастау алатын проза сөз өнерінің дербес, айрықша түрі ретінде қалыптасты. Сөз өнері тарихында проза поэзиямен тығыз байланысты дамыды. Прозада өмір құбылыстары, адам характерлері кең ауқымды қамтылып, жан-жақты суреттеледі.

Бүгінде дүние жүзі оқырмандарының қолына тиіп отырған күрделі, көркем туындылары бар, биік даму дәрежесіне, кемел шағына жеткен, танымдық, тәрбиелік, эстетикалық әсері күшті қазақ совет прозасының эволюциялық өсу жолында жиырмасыншы жылдарда туған әр түрлі идеялық-көркемдік ізденістердің жемісі саналатын алғашқы үлгілердің маңызы зор. С. Сейфулиннің «Жер қазғандар», «Айша» повестері, «Тар жол, тайғақ кешу» романы; Б. Майлиннің «Раушан – коммунист» повесі, «Қадыр түнгі керемет», «Шариғат бұйрығы», «Жол үстінде» және т.б. әңгімелері; М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қаралы сұлу», т.б. шығармалары жиырмасыншы жылдардағы қазақ прозасының даму қарқынын, саяси-әлеуметтік нысанасын, идеялық-көркемдік деңгейін танытатын қатардағы шығармалар ғана емес, әдебиетіміздің алтын қорына қосылатын ұлттық классика үлгілері.

Көп оқылғандар