Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Абайдың үш бейнесі...

05.02.2020 13948

Абайдың үш бейнесі 12+

Абайдың үш бейнесі - adebiportal.kz

Бүгінгі «Бір суреттің тарихы» айдарының қонағы – жазушы, Семейдегі Абай музейінің қызметкері Қуат Қиықбай.

- «Бір суреттің тарихын» Павел Лобановский салған Абай бейнесінен бастасаң...

- Иә, «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік қорық-музейінің асыл қорында хәкім Абайдың үш бейнесі сақталған. Оның екеуі фотосурет, біреуі жаңағы өзіңіз айтқан Лобановскийдің еңбегі. 1887 жылы қарындашпен салынған. Авторы Павел Дмитриевич Лобановский – әуесқой суретші екен. Ол патша үкіметінен саяси қуғын-сүргін көріп жазасын өтеп жүріп, 1884 жылы Семей қаласына жер аударылып келіпті. Осында тұрып, қызмет еткен.

Үстеме:

П.Д. Лобановский айдаудағы жазасын бастабында Өскемен уезінде өтеген. Содан кейін 1884 жылы тамызда Семейге жеткізіледі. Осы қалада ол өзі секілді «саяси қылмыскерлермен» танысып, әңгімелесу барысында ел ішіндегі ерек тұлға Ибрагим Құнанбаев туралы естіп, біледі. Танысады. Таныстық достық-сыйластыққа ұласыпты. – ӘП.

П.Лобановский ақынның суретін салғанға дейін өз айналасындағы жақындарының, туыс-туғандарының бейнесін қағазға түсіріп көрген екен. Ал 1887 жылы әуесқой суретші Абай Құнанбайұлының портретін салады. Лобановскийдің «Семей уезіндегі адамдардың типтері» деген арнайы сериямен салынған жеті сурет бар. Солардың бірі, әрі таңдаулысы – бізге жақыны деп те айтайық, ол – осы Абайдың бейнесі болып отыр.

Суретте: Семей уезі Шыңғыстау облысының құрметті қазағы Ибрагим Құнанбаев 45 жаста.

Облыстық статистикалық комитеттің мүшесі

- Лобановскийдің Абайы біздің көзіміз үйренген Абайға еш ұқсамайды...

- Ол кезде Абайдың қырық екі жасындағы суреті салынған. Толықша келген кісі бейнеленген. Әрине ақынның басқа бейнелерімен салыстыра отырып, бұны суретшінің өзіндік шығармашылық көзқарасы деп айтуға толық негіз бар. Себебі сондан он жылдан кейін түсірілген фотосуретке қарасаңыздар, 1887 жылы қарындашпен салынған Абай бейнесімен арадағы айырмашылық жер мен көктей.

Үстеме:

П.Д.Лобановский өзі қарындашпен салған ақын бейнесіне былай деп естелік лебіз қалдырады: «Ибрагим Құнанбаев – Семей уезі, Шыңғыс болысының қазағы. Қазақ даласына ерекше белгілі Құнанбай Өскенбаевтың (ол 1886 жылы өлген) баласы. Өзі де жеткілікті мөлшерде әйгілі адам. Өз халқының әдет-ғұрпының білгірі. Қазақтар арасында үлкен ықпал иесі. Қырық бес жаста». – ӘП.

- Ұлы ақынның келесі бейнесіне ойыссақ...

- Абайдың алғашқы фотосуреті 1896 жылы Семейдегі Кузнецовтың фотосалонында түсірілген. Абай суретке Ділдәдан туған үлкен ұлы Ақылбай, Әйгерімнен туған ұлы Турағұлмен бірге түскен. Бұл суретті 1941 жылы академик-жазушы Мұхтар Әуезов осы ақын музейіне әкеліп өткізіпті. Бұл Абай музейіндегі қандай да бір жәдігерді қабылдау акт-құжаттарында №40-шы деп көрсетілген. Қатты картон қағазға жапсырылған, 9х13 сантиметрлік сурет. Арнайы жол көрсеткіштері бар, одан кейін Абайдың толық шығармалар жинағы бар, бәрінде ақынның осы бейнесі пайдаланылып жүр.

Суретте: Ақылбай Абайұлы, Абай, Турағұл Абайұлы

- Осы фотодағы ақын ұлдарының кейінгі тағдырларына да тоқтала кетсең...

- Өздеріңіз білетіндей, Ақылбай Абайұлы ел ішінде сері-мырза атанған ақын, әнші, сазгер, домбырашы. 1904 жыл Құнанбай әулеті үшін өте ауыр, қайғылы жыл болды. Өйткені сол жылы 14 мамырда Мағауия дүние салады. 34-ақ жаста еді. Содан Мағауияның қырқын берген күні, 1904 жылы 23 маусымда, 59 жасында Абай қайтыс болады. Абайдың қырқын ауылда емес, Семейге әкеліп, орталық мешітке береді. Бұл – 4 тамыз күні болатын. Және сол күні 43 жасында Ақылбай да қайтыс болады.

Турағұл да Абайдың ақындық мектебінің белді өкілі. Ол Максим Горькийдің «Челкаш» әңгімесін қазақша сөйлеткен. Ол еңбек 1924 жылы «Таң» журналында жарияланған. Сондай-ақ. Невзоровтың «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мария» шығармаларын,Джек Лондонның «Балалық туралы еңбегін» және «Балалы әйел не білу керек» деген ғылыми-медициналықкітапшаны тәржімалаған.

1928 жылдан бастап Турағұл кеңес үкіметінің қатты қудалауына түседі. Сөйтіп өмірінің соңғы жылдары оңтүстікте, Шымкент шаһарында өткені белгілі. Сол жақта қайтыс болған. Бейіті бүгінгі Шымкен қорғасын зауытының астында қалды.

- Абай шаңырағына тінту жүргізуге келген жендеттер түсіріпті дейтін екінші сурет?

- 1903 жылы Жидебай қыстағында, Абай шаңырағында түсірілген бұл суреттің нақты түпнұсқасы Алматыда, Әуезовтың музей-үйінде сақтаулы. Біздің музейге 1959 жылы бізге көшірмесі келіпті. Бұл суретте бізге өте жақын таныс, Абайдың айналасына қатысты адамдар бар. Яғни Мағауия, Турағұл Абай балалары, ақынның әйелі Еркежан, немере келіні Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі), сосын Әубәкірдің өзі, бөрік киіп отырған Пәкизат есімді қыз бала. Бұлар Абайдың немерелері болып келеді. Ал негізінде бұларды Оспан өзінің бауырына салып, асырап алғандықтан, ел аузындағы естеліктерге құлақ асар болсақ, бұлар Құнанбайдың да немерелері есепті адамдар ғой.

Суретте: бірінші қатарда Мағауия Абайұлы, Еркежан, келіні Кәмалия

екінші қатарда Абай, үшінші қатарда Пәкизат Ақылбайқызы, Турағұл Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы

.

Абай осы суретке түскеннен кейін, бір жылдан соң, елу тоғыз жасында дүниеден қайтады. Балашақпақ деген жерде. Туыс-туғаны ақынды Ақшоқыға, әкесі Құнанбай қажының қасына әкеп жерлемекші болған. Бірақ шілденің шіліңгірінде мәйітті ұзақ сақтап, алып жүру қиындады да, Абайдың ұлы денесі мәңгілікке Жидебайда байыз табады. Мағауия мен Турағұлдың тағдырын жаңа айттық. Әубәкір де Абай ұрпағы ретінде өмірі қуғын-сүргінмен өткен адам. Ал Еркежанды біз көбінесе Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі деп білеміз ғой. Ал негізі бұл кісі Ұлжан шешемізді үлкен сапарға шығарып салуда көрегендігімен ел аузында қалған кісі.

Абай мен Еркежан қарым-қатынасы туралы айтар болса, Жидебай қыстағындағы ақын шығармашылығының өте мазмұнды, толымды болуын Абай отырған Еркежан шаңырағының құтты қоныс болғанымен түсіндірер едік.

Үстеме:

Жидебай кезеңі Абай шығармашылығының аса өнімді жылдары. Сонда өткізген он жыл ішінде 75-76 өлеңі, Лермонтов пен Крыловтан 25-26 аударма, 27 қара сөзі және екі әні дүниеге келген. «Әкем көбінесе өлеңді қысты күні жазушы еді», - деп еске алады Турағұл Абайұлы. – ӘП.

Сұхбаттасқан: Нұрлан Қабдайұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар