Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Бір суреттің тарихы...

21.01.2020 8036

Бір суреттің тарихы 12+

Бір суреттің тарихы - adebiportal.kz

Бүгінгі «Бір суреттің тарихы» айдарының қонағы танымал сатирик жазушы Көпен Әмірбек.

- Кешегі қасіретті сұм соғысты көрмесеңіз де соғыстан соң, зарығып туған ұрпақсыз. Қолыңыздағы суретке үңілген сайын өткенге деген сағынышыңыз бен құрметіңіз байқалады. Бүгін бізге жеке мұрағатыңыздан арнайы алып келіп, айтары бар деген осынау суреттің тарихымен бөлісе отырсаңыз?

- Бүгінгі сөз еткелі отырған фотосурет қазақтың қаһарман ұлы, партизан жазушы Қасым Қайсенов жайында болмақ. Қасекеңмен қанша сапарлас болдық, бірақ бірде-бір суретке түспеппіз. Күндердің күнінде, 2006 жылы 18 қараша күні үкіметтің фототілшісі Шүкір Шахай Алматыға келді. Жоспар бойынша Қасым Қайсеновтың үйіне бару керек. Батырдың ҰОС кезінен бастап жинаған қаншама суреттері, қару-жарағы бар екен. Жазған-сызғаны өз алдына бір төбе. Соның бәріне рұқсат қағаз беріп, мемлекеттік архивке тапсырса, ұрпақ үшін бай мұраға айналмақ. Шүкір менімен бірге барсаңыз деді. Өзі Алматыға үкіметтің аппарат жетекшісі Алтай Тілеубердинмен ақылдаса отырып, бір жағы арнайы сұранып келіпті. Сонымен екеуміз Қасекеңнің үйіне тарттық. Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Көктөбенің баурайынан иті бар, қорасы бар, коттедж салып берді деп естігенбіз. Қасекеңмен амандасып, бір жағы үйіне құтты болсын айтайық деп бардық. Ағаның 90-ға тақап, нашарлап қалған шағы.

"Ассалаумағалайкум!" -, деп кірдік. "Ия, кіріңдер" деді. Ағаның хал-жайын біліп, кешегі өткен өмірі мен бүгінгі елдің жайын сұрап біраз отырғаннан кейін: "Жас күніңізден қолданған заттарыңызды, мұрағатыңызды музейге тапсырсаңыз ұрпақ үшін үлкен өнеге болар еді", - деп әңгімені мен бастадым.

- Ай, шырақтарым, айналайын. Менің қалам ұстауға еш мүмкіндігім жоқ. Көпен айналайын қолхатты сен жаз, мен қол қойып берейін деді. Аға айтып отырды, мен жаза бастадым: «3000 жуық суреттер мен қару жарақтарымды, өз ықыласыммен музейге тапсырам. Кейінгі ұрпаққа өнеге болсын», - деп жаздырып, астына қолын қойды. «18 қараша 2006 жыл». 42 күннен кейін, 30 желтоқсанда батыр дүниеден озды. Біз уақытында барған екенбіз дедім іштей. Бұл батырдың еш жерде жарияланбаған ең соңғы суреті болу керек.

- Ағамен не жайында әңгімелестіңіздер? Есте қалған бір-екеуіне тоқталсаңыз?

- Сол жолы ағамен ұзақ әңгімелестік. Қарасақ И.Тасмағамбетов салып берген коттеджі бір-ақ қабат екен. Ал, айналасының барлығы екі-үш қабатты керемет үйлер. Сосын, біз сұрадық: "Ойбай-ау, Қасеке сіздікі неғып бір-ақ қабат?" Асыл апайымыз айтты: «Бұл үйді салғанда екі қабатты ғып бастаған, сосын Қасекеңді қояр да қоймай: «Жүр, үйді салып жатыр, көріп қайт», - деп ертіп келдік. Ағаларың тас-талқан болып ашуланды. "Маған екінші қабаттың не керегі бар? Сыймай жатырмын ба? Бір қабат та жетеді", - деп бұздырып тастады.

Міне, бұрынғының кісілері. Осындай кісілер қазір бар ма? Біз сонда Қасекеңе қатты разы болдық. Осы кештегі әдемі әңгімелерді «Қазақ әдебиеті» газетіне жазу үшін, газетінің жауапты хатшысы Еркін Жаппас, Шүкір Шахай, үшеуіміз бірге барған едік. Қасекеңді ортаға алып суретке түстік.

- Қасым ағаның отасқан аяулы жары Асыл жеңгемізбен де әңгімелесіп, ағамыздың жастық шақтағы қызықтарына қаныққан боларсыздар...

- Әрине, апайдың әңгімесі тіптен бөлек. Қалжыңды да қатырады. Мен апайды сөйлету үшін мынандай бір әңгіменің шетін шығардым. "Асыл апай, біз енді Қасекеңнің партизан болғанын білеміз. Сіз 15 жасыңызда тұрмысқа шығып, содан көп ұзамай бұл кісі әскерге алыныпты. Одан ары партизан боп соғыстың соңы хабарсыз кеткен екен. Қалтай ағам қалжыңдап айтушы еді: «Соғыс басталмай тұрып әскерге кетіп, партизан болып әдейі қашқан. Кәмелетке толмаған 15 жасар қызды алды десе сотталып кетер еді. Содан қорықты», - деп. "1945 жылға дейін хат жазып тұрды, содан жоқ боп кетті. Бір күні 1946 жылы соғыс біткен соң атақты жазушы Жұмағали Саин Киевке Жазушылар Одағына жұмыспен барса, Қасым Қайсеновпен кездесіп қалыпты. "Әй, сен тірісің бе?", "Ия, тірімін". "Мұнда неғып жүрсің?" - депті.

Сонда ағаларың: "Мына, украиндер мені партизан деп жақсы көреді. «Фашистер қиратқан қаланы енді қайта қалпына келтіруге қал» - деп алып қалды. Жұмыс берді, құрылысқа басшы ғып қойды, содан қалдым», - депті. Жұмағали Саин қояр да қоймай қаланың басшыларына барып Қасекеңді ертіп келіпті. Бұл үлкен тарих, мұны ешкім біле бермейді. Содан Асыл апам айтады: «Мен «Социалистік Қазақстан» газетінде корректор-машинист болып қызмет істеуші едім. Қасым Қайсенов келді деген хабар келді. Жұмысты тастай салып барсам, олар моншаға кетіп қалыпты. Бір кезде мен шай қойғанша келді. Сонда Қасекең басымнан аяғыма дейін қарап тұрды да: «Етігің ескіріп қалыпты ғой», - деді де, тіке құшақтап тұрып аузымнан сүйді». Ой, Асыл апай ауыз емес, ерін десеңізші десем: «Жоқ, ауыздан сүйді», - дейді. «Шаңырақ көтергелі үйтіп ешқашан сүймеген, соғысқа барғалы ауыздан сүюді үйреніп келіпті», - - деп, Асыл апай да қалжыңды жіберді. Керемет әңгімелер болды.

Суретте: Жұмағали Сайн, Асыл апай мен Қасым Қайсенов

- Суретті не үшін түсірді? Шүкір Шахай неге барды? 1990 жылы «Парасат» журналының хатшысы Зәкір Асабаев Ш.Шахайға: «Журналдың бірінші бетіне жариялаймыз» - деп Қ.Қайсеновті суретке түсіру туралы тапсырма береді. Сол таныстықтан соң Қасекең Шүкірді жақсы көріп кетіпті. Ағаның сары «Жигулиі» бар екен, өзі жүргізе алмайтын болғандықтан Шүкірді рөлге отырғызып, бүкіл Жетісай өңірін шарлапты. М.Әуезовтің жанында жүрген Шаян ауданындағы Еркінбек Тұрысовтың үйіне барып дәм татады екен. Жетісайда аудан басшысы Сақал Малдыбековпен жақсы жолдас болыпты. Соны іздеп сағынады.

Жетісайға не үшін барады? Қонақ болу үшін емес, соғыста жүргенде денесінен біраз оқ-дәрілер алынбай қалған, сол жылына бір-екі рет сыздайтын көрінеді. Жетісайдың маңындағы жылы суға түссе, бір жылға дейін шипа болады. Сол үшін жылда Жетісайға ем алып, бір жағы дем алып қайтуға барады екен.

1993 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев ҰОС қатысқандарға «Таврия» деген машина беріпті. Қасекеңе де сыйлапты, бірақ батыр сыймайды екен. Келесі жылы Н.Ә.Назарбаев Қасекеңе «Волга» сыйлапты. Шүкірдің айтуынша, ол «Волгамен» бармаған жері жоқ. Шүкір Қасекеңнің туған інісіндей болып кеткен. Өзі Жетісай қаласы, Түркістан облысында туған азамат.

Бір күні желтоқсан айында Аягөзге барып келейік деп «Волгамен» шығыпты. Талдықорғаннан ары асып, қырдан шыға бергенде алдарынан жаңа үйленген жастардың мәшинесі соғылған. Сонда Қасекең мәшиненің айнасына ұрылып, бет аузы көгеріп кетсе де: «Партизандар ауруханаға жатпайды», - деп Аягөздегі ауруханаға жатқызайық дегенге көнбей қойыпты. Ақыры бір таныстарының үйіне барған. Бағана соғылған мәшинесі Семей облыстық сотының болашақ күйеу баласы екен. Үйге соттың төрағасы іздеп келіп, Қасекеңнен кешірім сұрайды. Қасекең: «Сенің күйеу балаң мықты екен, соғыс кезінде немістер соға алмаған Васяны сенің күйеу балаң соқты ғой», - деп күліпті.

Суретте: Қасым ағаның Аягөзге барар жолда волгаға басын ұрып алған шағы

- Онда, аға сізге, немістің ең мықты мәшинесі «Мерседес» сыйлайық, - депті. «Волганы» кейін жөндеп апарып беруге уәделеседі.

2-3 күнде қайтам деген Қасекең жоқ, Асыл жеңгеміз: «Сендер бірдеңе бүлдірдіңдер-ау», - деп күнде қоңырау шалады екен.

- Мына жақта қар жауып кетті, жол жабық, - деп алаңдатпас үшін өтірік айтқан. 15-20 күннен кейін Алматыға келгенде Асыл апаймен 10 жыл соғыстан келгендей көрісті, - дейді. Бірінші рет Қасекең жылаған екен. Бар шындықты айтыпты. Сонда Асыл апай: «Сен асарыңды асап, жасарыңды жасағын адамсың. Мына Шүкірдің әлі мектепке де бармаған шиеттей 3 баласы бар. Осы жазым болып кетсе қайтесің», - деп жастардың жағдайына алаңдаған екен. Не деген тектілік?! Міне, осындай қызықты әңгімелер болды.

Суретте: Батыр маңдаймен сүзіп шытынатқан волганың терезесі

Ең қызығы, Қасекең Шүкір Шахайды не үшін іздейді?

- Әй, сен қайда тұрасың? – десе,

- Жатақханада тұрамын - депті, Шүкір. Барса жатақхананың бір бөлмеде 3 баласымен тұрып жатыр.

- Жүр, - депті де, Алматы қаласының әкімі Храпуновқа барып, 3 бөлмелі үйдің ордерін бергізіпті. Бір ауыз сөзге келмей, Қасекеңді сыйлағаны соншалық, алтыншы қабаттағы бөлмесінен шығып, орынбасарымен бірге күтіп алып, шығарып салған. «Сөйтіп 3 бөлмені берді, кейін біз Астанаға көштік. Бұл Қасекеңнен көрген жақсылығым ұшаң-теңіз», - дейді Шүкір Шахай. «Сол жақсылықтарын қалай да бір қайтарайын, мұраларын алайын, мемлекетке тапсырайын», - деп барған беті сол екен. Інілік парызын орындайын дегені ғой. «Немерелеріңіз ренжімей ме?» - десе, Қасекең: «Немерелерім осының қадіріне жетеді дейсің бе? Кейін бұл қай келіннің қолында кетеді, кім біледі. Оданда мына халықтың көз алдында мұражайда сақталсын», - деп жазып берген еді.

Суретте: Халық қаһарманы Қасым Қайсенов

Содан Қасекең өзі қызық. Сырқаттанып жатыр, қолы қалам ұстауға жарамайды. Жеңгемізге: «Мына мейман жігіттер келіп қалған екен, әкел!» –деді. Сөйтіп коньяк келді. Қасекеңді бұрыннан білемін ғой, 300-400 грамдық бокалға құяды да, бірақ тартады. Сол жерде Еркін Жаппас та, Шүкір Шахай да, бәріміз Қасекеңнің дастарханынан дәм татып, әңгімеге қанықтық. Бір қызығы сол кезде Шығыс Қазақстанның әкімі Виталий Метте болған, ұлты-неміс. Соған бір барса: «Анда кетті, мында кетті», - деп қабылдамай жіберіпті. Екінші бір барғанда: «Кейін хабарласамын», - депті. Қасекең былай деп хат қалдырады:

«Әй, Виталий, - деп қазақша бастап, - мен немістерді өлтірмегеніме 50 жыл болды, ондай кәсіпті қойғанмын, сен менен бекер қашасың! Қасым Қайсенов». Содан Виталий Метте іздеп жүріп тауып алып, Қасекеңді алдырып, кездесіп, керемет еркін әңгімелескен екен.

1987 жылы қараша айында шоқ тілді Шона Смаханұлы дүниеден озғанда еліне Қасым Қайсенов бастап барды. Ол кісінің аманаты бойынша Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық савхозында жерлеу керек еді. Қазақстан Жазушылар Одағының жас хатшысы Ұлықбек Есдәулетов, соғысқа қатысқан ардагерлер атынан Қасым Қайсенов, жерлестердің атынан, атақты ауыз әдебиетін зерттеуші Балтабай Адамбаев. Жанры жағынан мені қосып, осы төртеуміз Шөкеңді еліне апара жаттық. Ал, енді ондағы оқиға сұмдық. Меркеге келгенде бензин таусылып, май құятын бекетке бұрылдық. Бензинді тек аудан басшыларының рұқсатымен ғана береді екен. Бәрі азайып кеткен, қиын кезеңдер ғой.

- Әкел телефонды, болмаса звонда. Қасым Қайсенов заправкада тұр деп айт! - деді. Содан аудан басшысы 20 минутта жетіп келді.

- Ассалаумағалейкум! Қасеке үйге жүріңіз! - деп зыр жүгіріп жатыр. Аға: «Біз Шона Смаханұлының мәйітін әкетіп барамыз», - деп мән-жайды түсіндірді. Бензинді толтырып алып, Шөкеңнің еліне тарттық.

Сонда бұл не құдірет?! Соғысқа қатысқан ардагерлер көп қой, бірақ Қасекеңнің сөзінің өткірлігі, туралығы, адамгершілік қасиеті жоғары еді... Ұстазымдай көрдім. Сөйткен Қасекең де бүгін жанымызда жоқ. Мінекей, мәңгілік сағынышқа айналған суреттің тарихы осындай.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар