Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Әділбек Ыбырайымұлы. «Қара құйынның» соққысы...

24.05.2022 3538

Әділбек Ыбырайымұлы. «Қара құйынның» соққысы 12+

Әділбек Ыбырайымұлы. «Қара құйынның» соққысы - adebiportal.kz

Кенесары хан туралы «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның екінші «Серт» кітабынан үзінді.

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ

Генерал-майор Жемчужников өзінің оңбай алданғанын кеш түсініп, есауыл Лебедевке әскерді шұғыл Торғайға бұру жөнінде қайта бұйрық берді. Ауыр зеңбірек сүйреткен қолды екі ортаға ары-бері жүргізіп қойған генералдың тірлігіне күйінген есауыл күңкілдеп, оңашада боқтап алды. Сөйтіп, патша әскері байтақ далада бір-біріне қосыла алмай әрі іздеген жауларын таба алмай, адасып жүрді. Ал, бұл кезде тыңшылары арқылы ахуалды алыстан біліп, бәрін байқап отырған Кенесары Ұлытаудың күнгей жағына қарай ашық алаңқаймен кейін шегініп кетті.

Биылғы жыл Арқада өзгеше ылғалды. Жауын дүркін-дүркін жауып, шымдауыт жер болмаса сары топырақ жабысқақ батпаққа айналды. Ауыр зеңбірек сүйреткен аттар кей тұстарда толарсағына дейін батпаққа батқан тіркемесін тарта алмай, казактар ит әуреге түсті. Азаппен генерал мен есауыл Лебедовтың жасағы Торғай бойына әзер ілікті. Бірақ Орынбордан жеткен старшина Лебедевтің отряды бұл маңда болмай шықты.

Ерте келіп, жер шалып, төңірегін бажайлап үлгерген старшина Лебедевтің әскері қонысын аударып кетіп бара жатқан Кенесары ауылдарын қуа түсті де, ар жағында көштің алдын іркетін күштің жоқ екенін біліп, «текке арандап қалармыз» деп, тізгінін тартты. Жыл бойғы жасаған жоспардың іске аспай күлі көкке ұшқанына іші қайнаған старшина Ор қаласына қарай атының басын бұрды. Жолының үстінде ұшырасқан ауылды «Кенесарының жақтастары» деп хан тыңшыларының қасақана таратқан сыбысына нанып, онысыз да ашуға булығып, терісіне сыймай келе жатқан войсковой аямай тонады. Әлгі ауыл керісінше Кенеге қас, ақ патшаға берілген Байқадам бидің ауылы еді.

Лебедев батысқа қайта бет түзегенде-ақ Ахмет сұлтан өзінің еліне қарай жүретінін білдіріп, старшинамен аман-сау айтып, айрылысты.

Өзі Орынборда болғанымен құлағы мен көзі қазақ даласына қадалған Обручев сенім артқан старшина Лебедевтің Ұлытау жағынан Торғай бойына келген генерал-майор Жемчужниковпен кездеспей, Кенесары қолына да қыр көрсете алмай, бар бітіргені – Байқадам бидің ауылын шауып, текке сандалып, Ор қаласына бос қайтқанын білді. «Қысқа уақытта Кенесарының көзін құртамын» деп Петерборға уәде берген генерал-губернатор мынаны естігенде қалшылдай ашу буып, мысасына мінді. Лебедевті суыт түрде Орынборға шақыртып, келісімен қызметінен алды да ісін сотқа тапсырды. Оның орынына үшінші казак-орыс полкінің командирі полковник Дидиковскийді тағайындады.

Бұл аралықта құмайтты тақыр Сарысу бойына жеткен сотник Фалилеевтің жасағын артынан төбе көрсетіп, алдаусырата соңынан ілестірген Ержан мен Таймастың қолы құмға қамап, шөлге тентіретіп тастап кетті. Аз ғана қазақи ат мінген казак солдаттары бір апта бетпақта адасып жүріп, Балқаш бойындағы ысты руларына жолығып, аман қалды. Қалғаны ыстыққа ұшып, қырылды.

Обручевтің батасымен шұғыл атқа қонған Дидиковский войсковой старшинаның азық-түлік тиейтін арбасын жаратпады. «Арбамен жолсызда жүру қиынға соғады, көлденеңдеп кездесер ой-шатқалды айналып, тақ-тақты қуалап жүргенге онысыз да тар уақыт жетпейді» деп, жүкті түгел түйеге артты. Сөйтіп, асығыс шілденің бас кезінде жолға шыққан ол, Торғай өзенінің бойындағы генерал-майор Жемчужниковтың әскеріне тезірек барып қосылуға ұмтылды.

Өзіне қарай тағы бір тың жасақ келе жатқанынан хабар алған Кенесары оған қарсы шығуды Наурызбай мен Ағыбайға тапсырды. Олардың міндеті баяғы бұлаңқұйрыққа салып, жау әскерін бетпе-бет ұрысқа жеткізбей, жүйкесіне де, күшіне де тиіп, әбден қалжырату.

Бір мыңдығын жауға аттандырды да Кене хан өзі Иман, Жоламан, Байтабын, Аңғал, Жеке батыр, Құдайменді, Бұқарбай бастаған ауыр қолмен барып, қастасқан жауына оңдырмай бір соққы беруге бекінді. Аттарын сүмектете терлетіп суыт жүрген қалың әскер Тобылдың жоғарғы жағындағы Ахмет сұлтан жасағының дәл іргесіне келіп тоқтады.

Бұл, Ахмет – әлсін-әлсін қол жинап, орыстарға ілесіп қыр соңынан қалмай жүрген қаны қарайған қас жауы. Өткен күзде ағасы Арыстанды итше қыңсылатып еді, енді өзінің әуселесін көрмек. Былтыр осы сұлтан-правитель Ор қаласында тұтқындағы Күнімжан ханшайыммен ұшырасып қап, сұлулығына қызығып «маған ти» деп сөз салыпты. Хан бәйбішесі «саған тигенше Кенекемнің шылғауы болғаным жақсы ғой» деп, сөзбен тойтарыпты. Әлгі әңгіменің әлпеті сол заматында Кенесарының құлағына жеткен. Содан бері одан сайын тісін басып жүретін. Соның бүгін кегін қайтаратын реті келгендей.

Шілденің жиырмасынан жиырма біріне қараған түні Ахмет сұлтанның әскери шебіне шабуыл жасады. Осыдан екі күн бұрын ғана Дидиковский эскадрильясымен шайқасып жатқан Кенесары қолының аспаннан түскендей дәл қапталынан лап беретінін күтпеген сұлтан-правитель шалғайын қымтап та үлгірмеді. Кілең тас жүрек жігіттер ешкімді аямады, көзіне көрінген басты қақшып ап, жапыра берді. Ахметтен көп қиянат шеккен Иман батырдың да тісі қайраулы еді, әй бір құрышы қана қылыш сілтеді. Қақтығыс басында-ақ империя жағындағы жасақтардан жиырма төрт адам жер жастанды: Тауқожин, Мырзалиев, Бигенов секілді сұлтандар ұрыс даласындағы алғашқылардың қатарында ажал құшты.

Әбден зығырданы қайнаған қол бір түнде бар қосынды қойша қырып салды. Ахмет төрені иектеп, үнемі сойылын соғып жүретін жасағындағы қырық төрт сұлтан сол түні жан кешті. Жаз ортасына қарай тартылып, саязданатын Үлкенаяқ өзені төгілген қаннан кемері көтеріліп, қып-қызыл боп ақты.

Дидиковский әскерінің бір бөлігі Тобыл мен Үлкенаяқ өзенінің бірігер ернеуінде жатқан, полковниктің өзі де солардың арасында еді. Дәл жанына қоңсылас түнеген подполковник Ахмет жасағына жау тиіп, соққыға жығылған адамдардың ойбайлаған дауысы төбе құйқаларын шымырлата естілді. Дидиковскийдің әскери тобы ұрыс болған жерге жақын таянуын таянғанымен көтерілісшілер қимылының қарқындылығы соншалық, полковниктің ақырында, сұлтан Ахмет Жантөреұлына көмекке баруға жүрегі дауаламады.

– Нельзя верить этому ветреному человеку! – Үні қырылдап, ар жағынан түсініксіз діріл білінді.

– Тем более не понятная темная ночь и пыльный смерч, очень рисковано, господин полковник! – Жанындағы урядник қаракүл папағын олай бір, бұлай бір қозғап, ер үстінде бей-берекет қимылдар жасады.

– Да, да, в степи сильно разбушевался «черный вихрь».

– «Черный вихрь» примерно около часа свирепствует и затем пропадает так же неожиданно, как и появляется. Даже не знаешь куда он исчезает… и, сам не занаешь куда двигаться...

Милықтата басқан қаракүл папағының астынан көзі алақ-жұлақ үрейлене қарады. Сөйтіп, «өзімізді қай тұстан Кенесары шабар екен!» деп қорқып, орындарынан қозғалмады. Бірімен бірі қырылысып жатқан түземдіктерге бір жағы баруға құлықтары да болмады. Қай тараптан шығын шықса да басқыншы ниеттегілерге бәрі бір еді, өлетін – жер иелері. Одан да жазатайым оққа ұшып кетпей, жандарын сақтағанды жөн көрді.

Бірақ, түземдіктердің ішіндегі жақтастарына қол ұшын беріп, қарсыластарын жер соқтыратын тұсты қапы жіберіп, қайсарлық танытар шайқаста дәрменсіздік көрсеткендері үшін Орынборға келгенінде әскери-губернатор Обручевтан сыбағаларын алды.

Кенесары қолы сұлтан-правитель жасағына қылышын әбден суғарып, таң ата кейін шегініп кетті. Үлкенаяқ өзенінің бойы өлік сасып, ит пен құс, құрт-құмырсқа қан мен жынға бір тойды. Бір түнде Кенесары қолынан жеті жүз сарбаз бен қырық төрт сұлтан ажал құшқан бұл сойқан қырғын – дұшпанның үрейін алып, досты сүйіндірді. Болған оқиғаны тәптіштеп жазған полковник Дидиковскийдің баянхатын оқыған Орынбор әскери губернаторы генерал Обручев: «Масқара, жантүршігерлік хабар, мұндай оқиғаның болғанына сенгің келмейді» деген сөзбен баянхаттың шекесіне бұрыштамасын қойды.

Ахмет сұлтан әскерінің қалдығын өзіне қосып алған Дидиковскийдің отряды Торғайға таяу «Алакөлдің» жағасында Сібір генерал-майоры Жемчужниковпен кездесті. Бұл кез сүмбіле туып, түн баласы су суый бастаған тамыздың екінші аптасы еді. Кенесарының бар ауылы өзі жорықта жүргенде хан шаруашылығын басқаратын Бәсентиын-Қаңлыбай батырдың басшылығымен жаздай отырған Талды мен Шет-Ырғыз өзендерінің маңайынан Мұғалжар тауының күнбатыс етегіне қоныстанған. Сөйтіп Жемчужников басқарған Сібір мен Орынбор әскерінің тырнағынан Кенесары жұрты тағы құтылып кетті. Хан Кене енді дұшпанына алыстан айбат танытып қоймай, жауына қарсы шабуыл жасап, тойтарыс беруге кірісті. Тамыздың тамылжыған тұсында Кенесары қолы Орынбор аумағындағы өзімен ит пен мысықтай өш рулар ауылдарының төбесінде нажағай ойнатты. Әуелі, жаздың басында Лебедев пен Ахмет сұлтанға Кенесары ауылдарының Ырғыздың оң жақ өңірінде көшіп жүргенін айтқан төртқара мен жағалбайлы руларын шапты... Екі көзі екі түрлі жанып, қанына қарайған хан Кене ешкімді аямады. Алдындағы жұртты сатқындық танытқан заты төртқара, жағалбайлы деп қарашысы мен биін де, досы мен қасын да жіктеп айырып жатпай, қолына түскенін қойша бауыздады. Сол жолы Ор өзенінің бойында көшіп жүрген Жағалбайлы жұртынан ғана жеті жүз жылқы, үш мың қой, екі жүздей мүйізді ірі қара айдап әкетті.

ЖАЛҒАСЫ

«Орысияға шабуыл»

ДЕГЕН АТАУМЕН БЕРІЛЕДІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар