Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
"Ағаштар үнсіз өседі" оқырманға жол тартты...

31.01.2025 904

"Ағаштар үнсіз өседі" оқырманға жол тартты 12+

"Ағаштар үнсіз өседі" оқырманға жол тартты - adebiportal.kz

Кеше, 30 қаңтарда, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі ақын, ғалым, аудармашы Оңайгүл Тұржанның жетпіс жасқа толған мерейтойымен қатар «Ағаштар үнсіз өседі» атты кітабының тұсаукесер шарасы өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, белгілі зиялы қауым өкілдері, университет ұстаздары қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хатын кеңесшісі Шерхан Талап былай деп жеткізді.

«Құрметті Оңайгүл Ізтұрғанқызы, сізді мерекелі жетпіс жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өлең сүйер қауым өзіңізді талғамы биік, түрі шырайлы, ойы құнарлы, басқа ақынға ұстамайтын өзіндік көркем әлемі бар ақын ретінде жақсы біледі. Ғылым жолындағы баға жетпес еңбегіңіз, шәкірт тәрбиелеудегі ізденімпаздығыңыз әрдайым жоғары бағаланады. Танымы терең ғылыми еңбектеріңіз бен тағылымды туындыларыңыз арқылы ұлттық руханиятымызды байытып, өскелең ұрпаққа өшпес мұрат қалдырып келесіз. Жан толғанысыңыздан жарық көріп, бүгін тұсауы кесілгелі тұрған «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа еңбегіңіз де ойлы оқырманның жүрегіне жол табатынына сенімдімін. Алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемісін көріп, мерейіңіз арта берсін! Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Құрметпен Аида Балаева».

ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров:

«Бүгін міне, тағы бір кітап қазақ руханиятына қосылды. Аты да ерекше — «Ағаштар үнсіз өседі». Кітапқа екі поэма, жырлар, балладалар мен лирикалық өлеңдер енген. Бұл кітаптың негізгі ортақ тақырыбы – ел мен жер, адам мен заман, байып пен байлам десе де болар. Ақын өзінің туып-өскен өлкесі мұнаралы Маңғыстауды да, байрақты бабаларының ізі қалған басқа өңірді де жан дүниесімен жырлап келеді. Әсіресе, өзі талай жыл дәмін татып, отын көсеп, суын ішкен, ақыры әбден бауыр басып, тұрақтап қалған Арқаға деген ықыласы тіпті бөлек.

Сарыарқа – бұл ақ бидайдың дестесі,

Белгі енді тарихымның өшпесі.

Ұлылардың бәрі туған бұл өлке,

Ойы-қиялдың Менделеев кестесі...

деп жыр періштесі Төлегеннің сүрлеуіне салып жырласа, бұл тұжырымға ақынның қазақ жерінің қай мүйісінде жат санамағаны деп ұғынған жөн шығар. Сондықтан ол «Шерқаланың» шер даласы сипаттаса да, оны бүкіл ұлттың зар ұғымы деп ұғындырады. Сол Шерқала мен Айрақтыны Алаштың тәжі деп тәпсірлейді.

Бұл кітаптағы өлеңдердің негізгі идеясы ізгілік пен ірілік, адамды аялау, сезімді саялау, қатыгездің қатал жүрегінен де жақсылық іздеу. Оңайгүл ақынның өлеңдеріндегі ізгілік пен мейірімділіктің шектен тыс екенін көрген соң, жанталасқан жауының өзіне де, көзіне де жәудірей қарағың келіп кетеді», - деп ақынның өлеңдері мен шығармашылығын жоғары бағалады.

Ақынның қаламдас әріптесі, қазақтың белгілі ақыны, филология ғылымдарының докторы Жанар Әскербекқызы:

«Оңайгүл Тұржан жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары қазақ поэзиясындағы жаңа толқынға бөлекше ақындық үнмен келіп қосылған қалам иесі. Ақынның қаламынан туған әрбір өлең тек өзіне ғана тән бөлекше стилмен айшықталған. Ақынның алғашқы өлеңдерінен бастап өзіндік айрықша мәнерлі көркемдік кеңістігін атрибут еткен ақынның әр жыр жинағы жаңалыққа, ізденіске толы дүниелерден түзілген. Ақынның оқырмандарға жол тартқан жаңа жыр жинағы «Ағаштар үнсіз өседі» деп аталады. Бұрынғы жинағында арнасы шүпілдеген, суға толы «Теңіздің де шөлдейтін» поэтикалық тілмен әдіптеп жеткізген Оңайгүл Тұржан енді тамырын тереңнен алып, бұтағы мен жапырағын биікке талпындырған ағаш атаулының үнсіз өсетінін ақындық философиялық бейнелеу жырымен ұсынған. Ақынның бұл кітабы адам мен табиғат, адам мен қоғам байланысын ақындық пайыммен толғаған өлеңдерден тұрады», - дей келіп, «Қазақ мифология ғылымының бастауында тұрған Серікбол Қондыбай мұрасы арқылы ұлттың рухани-мәдени болмысын танытуды мақсат еткен ақын таңба, символ ұғымдарын әдеби тұрғыда зерделейді. Серікбол Қондыбайдың «Арғы қазақ мифологиясын» зерттеуге қолданған методологиясы мен логикалық тұрғыда жобалау ерекшеліктері монографиясы Оңайгүл Тұржанның ғылымдағы тұлғасын айқындай түсті», - деп сөзін түйіндейді.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшынбаев:

«Қазақта бір шумақ өлең шығармайтын адам жоқ, бірақ өлеңді өмір бойы жанына серік еткен адамдар сирек. Соның бірі біздің Оңайгүл қарындасымыз. Маңғыстау өңірі бәрімізге белгілі талай дүрлердің дүрі өткен өңір. Сонау Ақтан, Абыл, Нұрым, тіпті берідегі Әбіш аға, Фариза апамыздың қай-қайсы да сөзді серік еткен тау тұлғалар. Осындай өңірде туған Оңайгүлдің поэзияда өзіндік биік болмыспен қалмауы мүмкін емес. Міне, соның бір дәлелі бүгінгі тұсауы кесілгелі отырған «Ағаштар үнсіз өседі» кітабы болса керек», - деп ақ батасын бере отырып, ақынның мерейлі жасын және оқырманға жол тартқан кітабына ізгі тілектерін жаудырды.

Еуразиялық ұлттық университетінің проректоры Жанна Құрманғалиева:

«Мен шынымды айтсам, осында Еуразия ұлттық университетінің проректоры ретінде, ресми адам ретінде келіп отырған жоқпын. Қарапайым оқырман ретінде, ақынның жиені ретінде, ақын ананың баласы ретінде келіп отырмын. Жалпы қазақ поэзиясын, соның ішінде қазақ қыздарының поэзиясын ерекше құрмет тұтатын адам ретінде Оңайгүл Тұржан шығармашылығына ерекше ықыласпен қараймын. Сіздің бір өлеңіңізде:

Әлекке түскен әр өмір,

Өлеңге енді дамылда..

деп айтқаныңыздай, осында келіп өлең мен сөзіңіздің құдіретіне еніп, керемет рухани күш беретін ортаға түсіп, дамылдап, демалып отырғаным бар. Сіздің бір сұхбатыңызда: «Мен махаббатты жазайын десем, теңіз туралы, жер туралы, жел туралы, тоғай туралы жазып кетемін», - депсіз. Бірақ сіздің өлеңдеріңізде сол теңіз туралы, жер туралы, бүгін ағаштар туралы, тау туралы жазғаныңыздың бәрі тұнып тұрған – махаббат», - деп өз ойларын жеткізді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шәріп Амантай:

«Мынау қазақта аруаққа түнеу деген сөз бар. Қазақтың ардақты ақыны Жұбан ағамыздың бір естелігін оқығаным бар еді. Ол кісі былай дейді: «Мен әуелі Сәбит Мұқановтың «Сұлушашын» оқыған кезімде, риза болғаным сонша, соның аруағына түнедім дейді. Одан кейін күндердің-күнінде қолыма түйілген кітап тиді», - дейді ол. «Кітап Ілияс Жансүгіровтың кітабы еді. Сол кітапты оқып шыққаннан кейін, шіркін, осы Ілиястың аруағына түнер ме едім деп ойладым», - дейді. Бұл мысалды не үшін айтып отырмын дейсіздер ғой? Себебі, осы аруаққа түнеу деген ой Оңайгүл Тұржанның осы кітабында да кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, Оңайгүл Тұржан:

Құлдық ойдан қашып шыққан санамды

Қобыландының жырына әкеп түнеттім...»

деп жырлайды. Осының ішінде барлық рухты тірілту деген әңгімелер сыйып кетіп жатқан сияқты көрінеді маған. Онда бір кездері ұлы мұхиттың, табанын жайлаған жұрттың табиғаты, тағдыры ғана емес, бүкіл қазақтың оның сыртында түркі дүниесінің көркем көрінісі жатыр деп ойлаймын», - деп ақын шығармашылығының терең иірімдерін өзгеше парақтады ғалым.

Бұл іс-шараның көрігін қыздырып, мерейін тасытқан ақынның қаламдас замандастары, бауырлары, сіңлілері: белгілі ақын Ғалым Жайлыбай, әдеби сыншы Амангелді Кеңшілік, ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы, әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева, танымал теле жүргізуші Дана Нұржігіт сынды тұлғалар ақын шығармашылығына сондай-ақ  мерейлі жасына өз құттықтау лебіздерін білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар