Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жетісудың қос шебері...

28.06.2024 979

Жетісудың қос шебері 6+

Жетісудың қос шебері - adebiportal.kz

Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім. 

Әбілхан Қастеев

Қаламының ұшына бірі жыр мінгізіп, бірі картина ілгізген Ілияс Жансүгіров пен  Әбілхан Қастеев бір дәуірдің, бір өңірдің қатар өткен тарланбоз талантты суреткерлері. Түсінгенге өлең - сурет, сурет - өлең. Бірі сөзбен сурет салса, бірі бояумен өлең жазады. Бірі шабытын өлеңнің құрлысына құраса, бірі шабытын матаның бетінен табады. 

XX ғасыр қазақ қоғамы талантқа кенде болған жоқ. Жер жаннаты Жетісудың құрағын шауып, бұлағын ішіп өскен қос тарланның туған жердің картинасына екі түрлі ракурста қараған еңбектерінен көп үйлесім мен көп ұқсастық табасыз.

Жайлау

Қастеевтің салған дүниесінен қазақтың кең, дарқандық иісі бұрқырап тұрады. Қараңызшы, жайбырақат жайлау өмірі, мұнартқан қырқалы даласы, сылдырап жатқан бұлағы, жасыл жайсаң шөбі масатыдай құлпырады. Тоқ, жусаған ауыл іргесіндегі жылқы мен бие баудың басында желіні сыздаған мама биелер. Оны сауып әбігерге түскен ақ білекті қыз келіншектер, қырат басында риясыз әңгіме құшағына шомған үлкендер бәрі-бәрі жайлаудың өізімізге етене таныс тыныс-тіршілігі. Жүсіпбек, Оралхандар айтатындай жайлау қазақтың жыл он екі айының ең бір көңілді мезеті еді. Жаз жазылатын, үш маусым мехнатының ұмытылып, сергитін тұсы осы – жайлау өмірі. Оны суретші де анық сезіне отырып, айнытпай сала салған. Жалпы, Қастеевтің шығармашылығының ең бір артықшылығы өмірдің картинасын боямасыз, артық фантазиясыз қанық беретіндігі болса керек. Қай суретін қараңыз, сол XX ғасырдың  уақыт құшағына тоғытыласыз да кетесіз.

Көк кілем қатипадай жасыл жайлау,

Қаз-қатар ауыл арты желі байлау.

Жайлаудың жаз мезгілін елестетіп,

Мақтаншақ мінезім бар жұртқа айқайлау.

Айы алтын, көк жайлаудың күні күміс.

Ақ тасы бұлағының маржан, күріш.

Етегін шалғын шалып, жел шайқаса,

Бейне той секілденер жасқа жүріс.

Құлын, тай кісінесіп шіңгір-шіңгір,

Тас бұлақ жайлау мақтар қағып сылдыр...

Бұл Ілияс Жансүгіровтың жайлауы. Әйтеуір шаттанған, көтеріңкі көңіл-күйдің лебі есетін өзгеше бір қуаныштың қалыбын суреттейтін бұл екі шығарманы оқып һәм тамашалап отырып, жаздың, жайлаудың бізге мүлде жат  дүние емес екенін біліп тұрып, білместей таңдана, тамсана беретініміз қызық. Бұның өзі біздің сан ғасырлық санамызға сартап болып қатталып қалған жайлау өміріне деген мәңгілік сағыныштың қайтара бұрқ етіп бетке шыға келгендегі сәті емес пе екен. Қазіргі қалада қаңсып, асфальттің шаңына тұншығып, машинаның шуына тойып жүрген қай-қайсымызға жайлауға кеттік десек, кім бармаймын дей алады екен.

Қастеев-Жансүгіров туған жерлерінің түгіне дейін өлеңге айналдырып, сурет қылып салып кеткен әйдік шеберлер.

Жер таппан жерге жетер Жетісуым:

Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,

Асқардың аспан сүйген сілекейін,

Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын.

Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,

Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.

Асқардан ақтарыла арқыраған,

Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын.

Жетісу, кеудең асқар, аяғың қол,

Қоңың құм, мықынында бар сексеуіл.

Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап,

Ол бір маң мал есірген өлкедегі ел... 

- деп  Ілияс ақын  “Жетісу суреттерінде” ағыл-тегіл сөзден картина тұрғызады. Жансүгіровтың Жетісуы біз ойлаған, біз қарастырып жүрген Жетісудан  аумақтырақ екен. Біз Жетісу деп Балқаштың тамағына тығылған аумақты ғана айтып жүрміз ғой. Ілияс Ыстықкөлден тартып, Тарбағатайға дейін тірейді екен. Бірнеше тармақтан тұратын бұл поэма Жетісуға көрік қосқан тауға, жөңкіле аққан суға, өскен ағашы мен бұта-бүргеніне, тіршілік еткен жәндігін дейін өлеңге қосып, мақтанышпен жырлай әлемге жар салады.

Талас өлкесі

Күн шыжып, жалпақ егін кетті пісіп,

Ораққа жан жабырлап жатыр түсіп,

Қым-қиғаш қыруар жұрт орып жатыр,

Жел шықса, күн бұлттанса зәресі ұшып.

Шоқпардай cap тары тұр басын иіп,

Көрінбес ат құлағы тоғай биік.

Судырлап теңселеді, сұлу сұлы,

Сумаңдап сылдырлаған суды сүйіп.

Шалғыны шыңғырлатып жанып-жанып,

Жоңқабай жоңышқаға қалды салып... «Орақ науқаны»

Қырман өмірі, астық мерекесі Ілияста да, Әбілханда да жиы кездеседі. Жер еккен, ұрық сепкен, күзгі орақ мезгілі сол заманның аршындап егінге бейімделген қазақ тұрмысының нақты көріністері еді. Ертеде өгіз соқамен аз ғана жерге тары еккен қазақ, трактор, комбайынның келуімен егіннің түр-түрін егетін тұрмысты қалыптастырды. Қанша социализмінің заманы десек те, жаңа дәуірдің көшіне ілесуімен қазақ өмірінде қамбаны толтырып, астықты молынан жинау деген отырықшылықтың иіріміне түскен еңбекші-диқаншылық кәсіптің енгенін айқын көресіз. Жалпы, Қастеев суреттерінің бірнеше қабаты қазақ қоғамының қалай отырақтасып, қалай қалаласқаны, қалай бұрынғы ата кәсібіне қосымша жоғарыдағы қырман басқан, егін орған, жер жыртқан секілді өзгерген, жаңарған тіршіліктің тынысы сондай әсерлі түрде көрініс тауып отырады.

Қастеевтің қысына қараңыз! Ауыл сыртына шығып алып, екі суретші екі нүктеде екі түрлі сурет салып отыр. Салғысы келгені қар қымтаған қысқы күн. Аулақта отырған суретші байқасаңыздар тек жалғыз шыршаны сызып отырғанын көресіз, ал, біздің суретші кең аумақты кесіп алады да, әлгі суретшіні де қосып матаға жапсыра салады. «- сен не салып жатырсың» дегендей екінші бір адам аяңдап біздің суретшіге келе жатқанын көресің. Болмаса осы суретті жаңағы аулақта шырша түбінде отырған суретші қиялын кеңестікке қалықтатып жіберіп салып отырған болуы да мүмкін ғой. Бәрі мүмкін. Ал, осы қыс туралы Ілияс «Қыс» деген өлеңінде бүй дей екен:

Қыс, қар, мұз, қырау, қылау - жерді көміп,

Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп,

Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап,

Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп.

Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ,

Кейде еркек, кейде күрпік, кейде сырғақ,

Жер тарпып, аспанды аршып алтын күрек,

Сапырар сұрапылды кейде бір уақ.

Ойда омбы, дөңде қағыл қырдың қары,

Жылмық, мұздақ болса - қырғындағы...

Жансүгірдің қысы сәл қаттылау, ізбарланған арқаның қысына келетіндей. Ал, Қастеевтің картинасы Алатау етегіндегі тып-тымық, мамық қыс екені көрініп тұр. Суретші суретін салып жайбырақат отыр, ал, Ілиястың қысы болса, тура келсең қарып түсемін деп қаһарына мінген, аруақтанған сурет салуды сұранып тұрған қаһарлы қыс екенін түсіну оқырманға қиын болмаса керек.

Не десек де, Қастеев-Жансүгіров сөз бен сурет тандемінен табиғатты, ортаны, қазақ өмірінің тыныс-тіршілігін ортақ бейнелеп беретін пейзаждар топтамасының туыстығын таба бересіз. Алатаудай алып картинаға тойып өскен, Жетісудай жер жаннатынан төрінде өскен суретші мен ақын жүрегі қалай сол Алатаудай әсем дүниені, Жетісудай көргем жерді қағаз бен матаға салмасқа лажы бар ма. 

Ағашта өзің білген қарағай, тал,

Жалғыз - ақ неше алуан түрлісі бар.

Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,

Ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар.

Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,

Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар,

Сары ағаш, қойқарақат, жиде, шетен,

Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар;

Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,

Сықылды ағаштардың талайы бар... 

- дейді “Жетісу суреттерінде”. Қандай қанық біледі, қандай айнытпай таниды туған жерініе тамыр тарта, өсіп-өнген бұтасына дейін. Туған жерге тағзым, туған жерден түлеп ұшу әуелі кісі болмысының бір егейленуіне, қайраткерлік рухтың кеудеңде иі қанып, пісіп шығуына алғы шарттай, міне сондай ұлық махаббаттан пісіп шыққан қос жүректің ұлылығы болмаса бұл жерде Ілияс пен Әбілханның атын қозғап, аруағын аунатып неміз бар еді. Туған жердің тасына дейін өлеңге қосып, туған жердің майсасына дейін майын тамызып салған туған жерге деген риясыз перзенттік махаббатты айтып отырған біз емес, айттырып отырған елін, жерін риясыз сүйген сол қос тарланның өзі емес пе?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар