Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Алпамыс Файзолла. Гогольдің «Өлі жандар» шығармасы...

20.05.2019 9228

Алпамыс Файзолла. Гогольдің «Өлі жандар» шығармасы хақында

Алпамыс Файзолла. Гогольдің «Өлі жандар» шығармасы хақында - adebiportal.kz

Орыс жазушысы Николай Гогольдің «Өлі жандар» («Мертвые души») кітабын оқып шықтым. ХІХ ғасырдағы орыс қоғамының бет-бейнесін әшкерелеген туынды қазіргі қоғамның, соның ішінде қазақ жұртының да кемшіліктері мен рухани дертін көз алдыңа келтіреді. Шығарма атауының өзі оқырманды тартып, еліктіреді. Неге «Өлі жандар»? Сонда мұнда не туралы жазылған, автор не айтқысы келді деп қызығасың.

Аталған туындының бас кейіпкері Чичиков әуелі жер иеленуші Маниловқа барып, қарамағындағы қартайып, не ауырып қайтыс болған шаруаларды ресми түрде өзінің атына жаздыруын өтінеді. Өтінішін орындаса, о дүниелік болған әр шаруа үшін ақы төлеп, сатып алатынын, сонымен бірге, өлілер үшін мемлекетке салық төлеуді де мойнына алатынын айтады. Бастапқыда бұрын-соңды болмаған мұндай нәрсенің байыбына жетпеген Манилов біразырақ ойланған соң, Чичиковтың дегеніне көнеді. Әйтсе де, өлі жандарды сататын не бар деп, марқұм шаруларды Чичиковтың атына тегін жаздыруға келіседі. Манилов – өзгелерге көмегім тисін деп тұратын, жақсылығына қарымта дәметпейтін ақкөңіл, кеңпейіл адамдардың бейнесі іспетті.

Бас кейіпкер одан әрі Коробочка деген жер иеленуші кемпірге барып қолқа салады. Әйтсе де, кейуана түкке түсінбей, алданып, желініп қаламын ба деп қорқып, Чичиковты ұзақ уақыт сұрақтың астына алады. Өлі жандарды сатып алып жүрген ол қайтыс болған шаруалар үшін Коробочкаға жалпы 15 рубль ақша беріп, сондай-ақ, марқұмдар үшін үкіметке салық төлейтінін айтып, кемпірді зорға көндіреді. Бұл жерде Коробочка – мәселені ұғынуы қиын қараңғы, аңқау халықтың образы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Андре Моруа. Юмoр жәнe өлшeм сeзімі

Содан соң, Чичиков үш ат жегілген арбасына мініп, жанындағы екі көмекшісімен бірге арнайы шақыртумен Ноздревке қонаққа келеді. Ноздрев – тыныш жүре алмайтын, бәлеқор, төбелесқұмар, уәдені үйіп-төгіп бергенмен, сөзінде тұрмайтын әрі беті бүлк етпей, өтірік айта беретін суайт адам. Онымен ешқандай келісімге келе алмаған Чичиков қонақ болмақ түгілі басы бәлеге қалып, таяқ жей жаздап, зорға дегенде қашып құтылады. Ноздревтар қазір де қаптап жүр...

Кейіпкеріміздің келесі барғаны – Собакевичтің иелігі. Мән-жайға қаныққан пайдакүнем Собакевич әр марқұм шаруаны 100 рубльге бағалайтынын айтқанда, Чичиковтың көзі шарасынан шығып кете жаздайды. Өлі жандардың бірін мықты ағаш шебері, бірін мықты ұста, бірін мықты кірпіш қалаушы деп мақтағанмен, Чичиков марқұмдарды өз атына жаздыруға мұндай бағаны қымбатсынып, ұзақ саудаласады. Ақырында өлген әр шаруа үшін 2,5 рубль бермек болып уағдаласады. Кітаптың осы тұсын оқып отырып, Собакевич сияқты не болса соны пайда көретін пейілі тар таныстарымыз ойға оралды.

Чичиков одан кейін мүлкін өз-өзіне қимайтын сараң әрі дүниеқоңыз жер иеленуші Плюшкиннің ауылына ат басын бұрады. Плюшкиннің қарамағында 800 шаруа жұмыс істейді. Өте бай. Бірақ аста-төк байлығын тіпті өзінен қызғанады. Үстіне киген тоз-тозы шыққан алба-жұлба киіміне қарап, қайыршы ма дерсің. Қоймаларында азық-түлік қоры үйіліп жатыр. Дегенмен, соны не өзі жемейді, не өзгеге жегізбейді. Қап-қап астық пен жаңғақ шіріп, қатып қалған. Плюшкиннің иелегінде керек-жарақтың бәрі бар. Алайда жолдан шеге, темір, жүн-жұрқа, қысқасы, не тауып алса да, қоймасына әкеліп тыға береді. Боқ жинаған қоңыз сияқты. 70-ке келген жер иеленушінің отбасы да жоқ. Әйелі мен кенже қызы әлдеқашан қайтыс болған. Үлкен қызынан әскери адамға тұрмысқа шыққаны үшін, ұлынан әскери адам болғаны үшін бас тартып, үйіне кіргізбей қойған (Плюшкин әскерилерді жақтырмайды екен). Содан бері оның иелігіндегі есік-терезелердің бәрі тарс жабық. Айналасындағылардың бәрін, тіпті қарамағындағы қызметкерлерді де Плюшкин дүние-мүлкіне көз алартып, ретін тапса, бірдеңе қымқырып кеткісі келетін ұры көреді. Жан баласына сенбейді. Сол себепті, шаруаларға жылы сөз айту дегенді білмейді. Байғұстардың еститіні тек – ұрсу мен жеку, айыптау, тіпті, жала жабу. Плюшкин жайлы оқып отырып, халықтың мүлкін, мемлекеттің қазынасын ұрлап байып алып, енді соны кім көрінгеннен қызғанып, ешкімге сенбей, үнемі көңілі әлденеге алаңдап, жүрегі тыныш таппайтын жемқорлар мен парақорларды елестетеді екенсің! Тіпті, аяйсың да. Қош, сонымен, Чичиков Плюшкиннің атына жазылған 78 марқұм шаруаның әрқайсысы үшін 30 тиын (копейка) ақы төлеп, өз атына аудартады.

Бас кейіпкер «өлі жандарды не үшін сатып алып жүр, оған не үшін керек?!» деп түсінбей отырған шығарсыз. Кітапты оқып отырып мен де түсінбегенмін. Бірақ Гоголь себебін шығарманың соңында бір-ақ айтады. Туынды сонысымен де қызық. «Немен аяқталады екен?», «Ақыры немен тынады екен?» деп елеңдеп, қызығып, оқисың. Олай болса, мән-жайды біз де мақаланың соңында түсіндірейік.

N. қаласында Чичиков жайлы «қалың шаруалар нөпірін сатып алған миллионер» деген қауесет тарап кетеді. Сол себепті, шаһарға келген кейіпкеріміздің беделі аспандап, шенеуніктер оның аяғын жерге тигізбей, бірінен соң бірі апталар бойы жібермей қонақ қылады. Қыз-келіншек біткеннің Чичиковқа көңілі ауып, би кешінде онымен билеуді немесе жәй ғана оған жақын отыруды абырой көреді. Чичиков миллиондаған ақша төлеп шаруаларды емес, болмашы тиын-тебенге шаруалар тізімін ғана сатып алғанын қайдан білсін қала жұрты! Осыдан-ақ анық-қанығына нақты көз жеткізбей тұрып, жел сөзге еріп, гу-гулеп шыға келетін даурықпа тобыр мен бұқараны алдап, жақсы атты болғысы келетін алаяқтардың күлкілі әрі аянышты бет-бейнесін көрмейсіз бе?! Бұл ХІХ ғасырдағы орыс қоғамына ғана қатысты шындық па?! Қазір де әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да, көптің жағдайы осы емес пе?! Заман өзгергенмен, адам өзгерген жоқ деген осындайда айтылмаушы ма еді?

Алайда қашан да «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Жоғарыда біз айтып өткен кейіпкерлер Ноздрев пен Коробочка қалаға келіп, бірі сотқарлықпен, бірі аңқаулықпен Чичиков жайлы шындықты әшкерелеген соң, бас кейіпкердің абыройы айрандай төгіледі. Енді қонаққа шақырып, құрмет көрсетпек былай тұрсын, ешкім Чичиковпен жылы шырай танытып амандаспайды да. Ол жайлы өсек гу-гу еседі. Тіпті, жұрт «өзін бай қылып көрсетіп, губернатордың сеніміне кіріп, сұлу қызын алып қашпақ екен» деп асыра сілтеп, жала да жабады. Абыройдан жұрдай болған Чичиковқа көзге түспей, шаһардан қашып шығудан басқа амал қалмайды.

Шығарманың оқиға желісі осындай. Енді Чичиков өлі жандарды не үшін сатып алып, олардың тізімін өз атына жазғызғанының себебін айтуға болатын секілді. Өмір бойы қызмет бабында басшылыққа жағымпаздану, пара алу, жымқыру секілді жағымсыз жолдармен өсіп, дүние жиып үйренген бас кейіпкер күндердің күнінде қылмысы әшкереленіп, бар жиған-тергенінен айрылады. Содан соң, қайтадан аяққа тұру үшін өз атындағы шаруаларды кепілдікке қойып, мемлекет қазынасынан қыруар қаржы алмақ болады. Өлі жандарды сатып алып, өз атына жазғызуының сыры – осы еді. Яғни, жалған құжат жасап, сонда көрсетілген шаруалар тізімі арқылы қыруар қаражатқа қарық болғысы келеді. Бұл жоспары да жүзеге асқан жоқ. Гоголь туындысында ешқандай қулық-сұмдықсыз адал жолмен еңбек етуді насихатап тұрғандай.

«Өлі жандарды» оқып отырып, Чичиковтың қылықтарына мырс етіп күлетін, мысқылдайтын кездер көп. Бірақ автор «Сіздің өз бойыңызда Чичиковтың жаман қасиеттері жоқ па? Өзіңізге үңіліп көрдіңіз бе?» деп оқырманған ой салады. Расында да, өзімізге үңілеміз бе осы? Иманымыздың қандай деңгейде екеніне мән беріп, өзімізге өзіміз есеп береміз бе?

Николай Гогольдің туындысындағы әр кейіпкердің қылықтары мен іс-әрекеттері айналаңдағы адамдар мен қоғамның қателік-кемшіліктерін ойыңа оралтады. Алайда оның бәрін бір мақалаға сыйғыза алмадық. Біз тек шығарманың жалпы мазмұны мен негізгі идеясын жеткізуге тырыстық. Оқыған ағайын мұнда жазылғаннан анағұрлым артық ой түйгеніне сенемін.

Маған «Өлі жандардың» астарындағы мағына ғана емес, көркемдік деңгейі де ұнады. Сөзім дәлелді болу үшін бір ғана мысал келтірейін. Чичиков сары шашты қызды көрген сәтін автор былай суреттейді: «Құйрық-жалы таралған сүліктей сәйгүліктер жегіліп, терезелері күнмен шағылысқан, алтынмен апталған ат-арба кедей ауылдың тұсынан шаңдатып лезде өте шықса, бұрын мұндайды көрмеген мұжықтар таңданып, ат-арбаны көкжиекке дейін көзбен шығарып салар еді. Біздің шығармамызда сары шашты қыз да сол сияқты қалай кенеттен пайда болса, дәл солай лезде ғайып болды». Міне, осындай ұтымды теңеулер Гоголь туындысында көп.

Тағы бір айта кететін жәйт, орыс қаламгері шығармасында ежелгі Рим, грек, француз, ағылшын, неміс халықтарының фольклорі мен әдебиетінен мысал келтіріп, теңеулерінде қолданып, өзінен бұрынғы Еуропа жазушыларын әбден оқығанын көрсеткен.

Николай Гоголь «Өлі жандарды» ХІХ ғасырда, дәлірек айтқанда 1842 жылы жазған. Бізде ондай шығармалар ХХ ғасырдың басында жазыла бастады. Демек, біздің әдебиет орыс әдебиетінен бір ғасырдай қалып келген. Ал орыс әдебиетінің өзі Еуропа әдебиетінен бірнеше ғасырға қалып қойған еді. Енді қазақтың көзі ашылған бұл дәуірде әдебиетімізді өзге жұрттардың әдебиет көшінен кейін қалдырмау бүгінгі ақын-жазушыларымыздың мойнындағы үлкен жауапкершілік болмақ.

Қорыта айтқанда, оқырман қауымға Николай Гогольдің «Өлі жандарын» оқуға кеңес беремін. Шығарма сізге де ұнайды деп ойлаймын.

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар