Жұмыс ыңғайына орай Арқаның төсіндегі әсем қала Астанаға қоныс аудардым. Енді Алматыға жолым түскенде Кеңсайда жатқан зиялыларымыздың аруақтарына тағзым етіп болған соң, қаланың ортасындағы саябақтағы Мұқағалидың ескерткішіне соғып, ақынның рухымен сырласып қайтуды қалыпты дәстүрге айналдырдым. Бірақ ұлы ақынның рухына ілтипат танытып, оның ұшып кеткісі келген қырандай қомданып отырған таудай ескерткішімен «амандаспас» бұрын, сол саябақта жайқалып, сыңсып өсіп тұрған ағаштардың арасынан Мұқағалидың қайыңын тауып алуға тырысамын.
Салқын күзде оны тағы бір көруге ынтығып, ғашығын сағынған жігіттей саябаққа қарай асығып келемін. Күннің жауатынан хабар беріп ескерткендей болып түнерген қара аспанға көз қиығымды да салмаймын. Көңілсіздіктің жаулығын жамылған күйімді жапырағы тоналып жатқан Мұқағалидың қайыңы ғана түсініп, маған аяушылықпен қарайды. Бұл жолы да ол ертегідей басталып, қайғылы аяқталған бозбала дәурен шағымдағы алғашқы махаббатымды есіме түсіріп, мені мұңайып қарсы алды. Құдай-ау, содан бері жиырма бес жыл заулап өте шықса да сол күндердің қас-қағым сәті де ұмытылмай, елесі әлі күнге мені мазалап, қыр соңымнан қалатын емес. Екеуміз талай қыдырған, қол ұстасып жүріп армандаған, ең алғаш рет саған Мұқағалидың өлеңін оқып берген осы саябақта бірнеше жылдан соң, аяулы менің Махаббатымды есіме түсіретін күндердің белгісіндей болып ұлы ақынның ескерткішінің орнатылатынын кім білген?
Сенің опат болғаныңа да жиырма бес жыл өтіпті. Бозбала көңіл-күйдің желігімен мақтанып, келешекте өзің туралы роман жазамын деп саған уәде бергеніме де жиырма бес жылдан асыпты. Кім біледі, арманның аппақ соқпағындай болып аспанға қарай тартылған қайыңның қасында өзіңді тағатсыздана күтіп тұратын бозбала кезімдегідей, сенің де о дүниедегі жаның өзіңе арналатын сол шығарманың жазылуын сағына күтіп жүрген шығар. Неге жауап бермейсің, Махаббат екеуміздің талай сырымыздың куәсі болған Мұқағалидың қайыңы? Әлде сені іздеп саябаққа келмей кеткенім үшін өкпелейсің бе, маған? Әлде сол күндерді ұмытты деп ойлайсың ба, аяулым?
Сен мені түсінші, Махаббат! Енді мені сағынып, алыстан қол бұлғап қайта-қайта өзіңе шақыра бермеші. Ұмытшы мені. Өмірдің биік аспанында армандары құстай ұщқан жаны сүттей әппақ, жүрегі шықтай таза – ол басқа бала болатын. Басқа... Пенделік тірліктің шаң-тозаңына көміліп, жаны шаршап, жүрегі тозып, махаббат таба алмай өмірдің боранында адасқан – мен мүлде басқа адаммын. Басқа...
Сол үшін жазғырмашы, өкпелемеші маған. Қайта анау ақ қайыңның қасындағы орындықта екеуміз ғана қалған қоңыр күздің салқын кешіндегідей кеудеме тығылып, тағдырдың аязы тоңдырған жанымды жылытшы. Жылата бермей, аяшы мені! Сен де қайта-қайта дүрсілдеп, жанымды қинай бермей, сабырлық сақташы жүрегім. Қолымнан келмегендіктен емес, сол жараның орнын қайта тырнау жанымды сыздатып ауыртатындықтан ол уәдені орындай алмай жүрген жоқпын ба. Егер соны түсінсең көкірегімді өксікке толтыра бермей, қайта жүрегімнің маңдайынан сипап, Махаббат, мені жұбатшы!
Сабыр сақтауға қанша тырыссам да бұл жолы өзімді ұстай алмай сенен мәңгілікке айырылған күнгідей ақ қайыңды құшақтай алдым, көңілімнің бұлты сөгіліп, көзімнен жас парлап қоя берді. Ақ қайың да өткен күндерін сағынып Махаббатқа айналып маған қосылып жылап жібергендей болды.
Жапырақ-жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?
Жиырма бес жыл бұрын, Мұқағалидың осы өлеңін саған оқып бергенімде қайғыға емес, қайта керісінше жаным рахатқа батып еді. Сен сонда мұндай мұңлы жырды енді қайтып оқымауымды өтініп, бұртиып, өкпелегенсің. Енді қайың көрген сайын сенің сол өкпелеп тұрған бейнең көз алдыма елестеп, беймәлім мұң, кеудеме басылған оттың шоғындай жүрегімді күйдіріп, жанымды қоярға жер тапқызбайды.
Осы сәтте жаңбыр сіркіреп, жел ұшырып әкетпеген жапырақтан сырғанаған мөлдір моншақтар менің қолыма тамшылады. Жаным одан бетер күйзеліп, жүрегім табанымның астында жаншылған жапырықтардай езіліп кетті.
О, Махаббат! Сенің рухың мені ұмыта алмай, жапырағыңды жел тоналған күздерде сол жылдарды сағынып әлі күнге жылайды екенсің ғой, жарығым!
Бірақ сен менің жетімсіреген жанымды ауыртып, ендігәрі бұлай жыламашы. Жиырма бес көктем, жиырма бес жаз, жиырма бес күз бен жиырма бес қыс бойы жылап келгенің де жетер. Енді сен адамға, ал мен қайыңға айналып, сенің орныңа – мен жылайын. Қайың болып мен күңіренейін.
(Көрінер, мүмкін кімге ерсі.)
Өміріңді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге,
Қайың көзімен қарайын.
Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым – Адаммын.
О, ғажап! Жаңбырдың сіркіреуі сап тыйылды да, күннің көзін тұмшалаған бұлтты жел қуып әкетіп, алтын сәулесі қайтадан жарқырап, дүниені нұрға бөледі. Табиғат сияқты мен де жаңарып, қайғылы ойлардан арылып, саябақтан кетіп қалғым келді.
Ауыр күрсініп, орнымнан тұра бергенімде, жолдың жиегіне жеңіл көлік тоқтай қалды да, одан бір жас жігіт атып шығып, дүңгіршекке қарай жүгіріп кетті. Есігі ашық қалған көліктің ішінен даңғырлап шыққан «Мұзарт» тобының орындауындағы Мұқағалидың сөзіне жазылған «Сенің көзің..» әні құлағыма шалынып, ескі жараның орнын тырнап жіберді. Құлағымнан кетпей қойған әннің сиқырлы әуені мені жібермей, отырған орныма тастай қылып қайтадан байлап тастады.
Махаббатқа қалай ғашық болғаным.. жүрегін қалай жаулап алғаным.. өзім шығарғандай болып, осы өлеңді оған қалай оқып бергенім.. оның қаза тапқаны.. бәрі-бәрі есіме түсіп, жаңа ғана жауа алмай кеткен бұлттар, енді менің күздей тұнжыраған көңілімде күркіреп, құйып қоя бергендей болды...
***
Сол жылы қыс Алматыға кешеуілдетіп келді. Түні бойы жапалақтап қар жауып, таңертең тұрып, терезеден қарасам айналаның бәрі көрпесін қымтанып, көшенің бойындағы сап түзеген ағаштар ақ бөкебайын жамылып алыпты. Күннің суығында сабаққа барғым келмей төсекте керіліп-созылып біраз жаттым.
Кеше түннің бір уағына шейін ойнап, үй тапсырмасын да орындауды ұмытып кетіппін. Мектепке барсам, қатарынан бірнеше екі алатынымды анық білемін. Сабаққа бармаудың бір-ақ жолы бар. Ол – ауру. Бірақ денім сау, еш жерім ауырып тұрған жоқ. Бір кезде түпкі бөлмеден «Қанә, тез тұрыңдар, сабаққа кешігесіңдер!», - деген әкемнің қатқыл дауысы естілді. Дәл осы сәтті пайдаланып, ішімді қолыммен ұстап, ауырған адамдай бүк түсіп жатып алдым. Бөлмеге әкем кіріп келді де, менің бұл жатысымды көріп:
- Не болды саған? – деп сұрады.
- Ішім, ішім қатты ауырып тұр.
Баланың басқа қулығына аса мән бермейтін кез-келген ата-ананың ауру десе зәре-құты қалмайтын әдеті. Менің әкем мен шешем де ет пен сүйектен жаратылған пенделер. Шаруаның бәрін ұмытып, не ішіп, не жегенімді сұрап, асты-үстіме түсіп бәйек бола қалды. Бәйек қағулары көңіліме жағып, одан сайын ауырған адамның кейпіне бар жан-тәніммен беріліп ене түсемін. Шынымен де ауырып қалғаныма басқалар түгіл енді өзім илана бастағандаймын.
Қойшы, сонымен не керек, амалын тауып сабақтан қалып қойдым. Бір сағаттан соң дәрігер келді. Ол мені тыңдап көрді де, емханаға барып қаралу керегін айтып, қағаз жазып беріп, кетіп қалды. Әкем де жұмысына кетті.
Үйде жалғыз қалдым. Телевизорды қосып кино көрдім. Кино біткен соң ішім пыса бастады. Балконға шықсам, көрші үйде тұратын Марат аулада ойнап жүр екен. Мені көріп қуанып кетті. Мен де оны ұзақ күткізбей, ауру екенімді ұмытып, тез-тез киініп, ойнақтап, далаға атып шықтым.
Рахатқа батып, екеуміз ұзақ ойнадық. Бір кезде ойыннан да жалыға бастадық. Енді не істеуге болады? Түс уақыты болып қалды. Кенеттен Марат бір бұзақылық ойлап тапты. Екеуміз ауладағы электр қалқанының тасасына тығылып тұрып, мектептен қайтып келе жатқан қыздарға қар лақтырып, мергендігімізді тексермек болдық.
Бірінші кезек маған тиді. Басында әдемі құндыз бөркі бар бір қыз майысып біздің үйдің жанынан өтіп барады. Нысанамды көздеп, құлаштап тұрып, қолымдағы қардан жасалған оғымды оған қарай бар пәрменіммен атып қалдым. Дәл осындай мерген болармын ба? Оғым қыздың тура бөркіне тиіп, ұшырып түсірді.
Марат екеуміз қарқ-қарқ күліп, мәз-мейрам болып жатырмыз. Ал, қыз болса жалт бұрылып, өкпелеген кейіппен, қабағы түйіліп, маған бұртиып қарады. Не істерін білмей көзі жыпылықтап біраз аңтарылып тұрды да, сосын жерде жатқан бас киімін алып, қарын қағып болған соң «Балбес» деді де, басқа ештеңе айтпай жөнімен кете барды.
Төбемнен жай түскендей мен бір орнымда сілейіп тұрып қалдым. Өмірде мұндай да сұлу қыздар болады екен-ау! Қасы жіңішке айға ұқсайды. Жанары жас ботаның көзіндей сүйкімді, әрі мойылдай қап-қара. Жыпылық-жыпылық еткен ұзын кірпіктері әдемі жүзін одан сайын шырайландырып тұр. Қабағының түйілгені, бұртиғаны да өзіне әйбат жарасады. Мен бір көргеннен-ақ оған ғашық болып қалғанымды ұқтым. Ойынды әрі жалғастырғым келмей, үйге қайттым.
Бөлмемде жалғыз жатырмын. Тамақ ішуге де, телевизор көруге де, далаға шығып ойнауға да зауқым соқпайды. Ішіме түсіп кеткен оттың шоғы, жалынға айналып, енді тұла-бойымды өртеп барады. Бұрын-соңды мұндай сезім еркімді билеп көрген емес.
Бірте-бірте еркімді билеп алғаны да аз болғандай ол сезім енді менің ой-санама үстемдік ете бастады. Жатсам да, тұрсам да оның бұртиып қараған келбеті көз-алдымнан кетпей қойды. Айнаның алдына келіп ұсқыныма қарасам, шынында да мына түрім адамнан гөрі, «балбеске» көбірек ұқсайтын сияқты. Мендей «балбестің» ондай ай десе аузы, күн десе көзі бар аруға керегі қанша?
***
Сұрастырып жүріп, мен оның үйімізге жақын орналасқан орыс мектебінде оқитынын анықтадым. Ұзын бұрымы бар, көздері ылғи да күлімдеп тұратын періштедей сұлу қыздың аты – Махаббат екен. Әсіресе, жымиған кезде оның беті бал-бұл жайнап, ерекше құлпырып кететін.
Ғашықтық дерті өміріме өзгеріс енгізіп, аз уақыттың ішінде есейтіп жіберді. Бұрынғыдай емес, енді ересек жігіттердей, киім киісіме ерекше мән беретін болдым. Әдемі шаш қойып, оны дұрыстап тарап, үсті-басыма әкемнің иіссуын сеуіп, ең жақсы киімдерімді киіп, Махаббатқа қырындай бастадым. Әзірше жүзін бір көргім келіп аңсап, өтірік біреуді күткендей болып, оны тосып, жолында тұрғаннан басқа әрекетке бара қойғаным шамалы.
Бірақ Махаббат түк көрмегендей маңғазданып. аяғын нық-нық басып қасымнан өте шығады. О, тоба! Ең болмағанда мен жаққа көзінің қиығын да салғысы жоқ. Оның осы бір тәкаппар мінезі менің діңкемді құртып, шаршап, тіпті, жүдеп кеттім. Үйде жүрсем де, түзде жүрсем де тек Махаббатты ойлап, ішкен асым бойыма сіңбей қойды.
Оның үстіне соңғы кездері Махаббатты үйіне шығарып салатын бозбалалар да табылып, ішімде алай-дүлей боран соққандай болып, жаным күйзелді. Не істерімді білмей, күндіз-түні неше түрлі ойдың қамсауында қалып, қиялға батамын.
Махаббатқа емексіп жүріп, бір жыл да өте шықты. Тоғызыншы сыныпқа көшетін жылы мен оған «екеуміз дос болайық» деген мағынада хат жаздым. Бір апта емес, бақандай бір ай өтсе де Махаббаттан жауап келмеді. Менің сабақтан кейінгі шаруаларымның бірі – мектептен үйіне қайтатын кезде сол қызды торуылдау болды.
Бір күні мен ауламызда тұратын Махаббаттың жақын құрбысынан оның поэзия кітаптарын ерекше сүйіп оқитынын естіп-білдім. Мен бұл жаңалыққа жердің тартылыс заңын ашқан Ньютоннан да бетер қуанған шығармын. Ура! Эврика! Таптым! Махаббаттың жүрегін жаулап алуға болатын бір-ақ жол бар. Ол – поэзия.
Поэзияны сүйетін қыздардың ақынға ғашық болмауы мүмкін емес. Мен тез арада ақын болуым керек. Осылайша, мен Махаббатты сүйетінімді өлең арқылы білдіріп, хат жазуды ұйғардым. Махаббат қазақшаны аса жақсы білмейтін шығар, сондықтан міндетті түрде өлең-хатты оған орысша жазуым керек. Және дүниеде ешбір ақын шығара алмаған теңдессіз өлең жазуға тиіспін. Айтуға жеңіл болғанымен, шын мәнісінде бұл оңай шаруа емес еді.
Орысшаны бір адамдай жетік білгеніммен, қанша тырыссам да өзге бір елдің тілінде өлең шығару машақат жұмыс болып шықты. Дүниеде өлең жазудан өткен машақат жұмыс жоқ па деп қалдым. Көңіліңде сайраған ойларыңның бәрі қағаз бетіне түскенде, мән-мағынасы жоқ былжыраған бір тақпаққа айналады.
Махаббат секілді өлеңнің қадір-қасиетін білетін қыз менің ондай өлеңіме күліп, тіпті мазақ қылса ше? Мұндайды көрмек түгілі, ойыма алудың өзі маған ауыр. Шіркін-ай, махаббат туралы шабыттанып жыр жазған Пушкин қандай бақытты еді. «Я вас любил» секілді өлеңді қыздардың падишасына оқысаң да талып түсетін шығар. Әлде Пушкин, Лермонтов немесе Есениннің өлеңдерінің бірін өзім жазғандай етіп жолдап жіберейін бе? Ұлы ақындардың жазған өлеңі маған бір қызмет жасаса – оның несі айып? Жоқ, олай істеуге де болмайды. Біліп қойса, ұрлығымның үстінен түсіп, масқарам шығады.
Сол жылдары менің кітапханамда қаланың сыртындағы базардан, еврей кемпірінен сатып алған, машинкамен басылып, кітапша сияқты етіп шығарылған, совет үкіметіне қарсы болғаны үшін сотталып, лагерьде қаза тапқан орыс ақыны Осип Мандельштамның өлеңдер жинағы бар еді.
Мандельштамның махаббат туралы жазған бір өлеңі маған қатты ұнайтын. Оның үстіне ол ақынның өлеңдері түгіл, өзін де, өнер адамдары ғана болмаса, қарапайым халық білмейді.
Ешбір оқулықта оның есімі аталмайды. Ақынның өлеңін әдемілеп көшіріп, ең жақын құрбысы арқылы Махаббатқа беріп жібердім.
Я наравне с другими
Хочу тебе служить,
От ревности сухими
Губами ворожить.
Не утоляет слово
Мне пересохших уст,
И без тебя мне снова
Дремучий воздух пуст.
Я больше не ревную,
Но я тебя хочу,
И сам себя несу я,
Как жертву палачу.
Тебя не назову я
Ни радость, ни любовь.
На дикую, чужую
Мне подменили кровь.
Еще одно мгновенье,
И я скажу тебе,
Не радость, а мученье
Я нахожу в тебе.
И, словно преступленье,
Меня к тебе влечет
Искусанный в смятеньи
Вишневый нежный рот.
Вернись ко мне скорее,
Мне страшно без тебя,
Я никогда сильнее
Не чувствовал тебя,
И все, чего хочу я,
Я вижу наяву.
Я больше не ревную,
Но я тебя зову.
Келесі күні ол ең жақын құрбысы арқылы маған хат беріп жіберіпті. Өз хатында мені ерекше адамдардың бірі санайтынын айтып, дос болуға келісім беріпті.
***
Хатыма жазған Махаббаттың жауабын алған соң, бақыттан басым айналды. Ұзақ күттірмей оны киноға шақырдым. Ол келісті. Сабақтан кейін екеуміз киноға бардық. Кинода отырғанда бір әдемі сезім тұла бойымды ерітіп, Махаббатқа қарап елегзи беремін. Ақырын ғана қолынан ұстап, сүйріктей әдемі саусақтарын қысып қойдым. Ол маған көзінің астымен күлімдеп бір қарады да, киноны көріп отыра берді.
Кинодан шыққаннан кейін балмұздақ сатып әпердім. Екеуміз «Арман» кинотеатрының артындағы саябақтағы орындықтардың біріне отырып, әңгіме соғуға кірістік. Маған ол жазған өлеңімді қатты ұнатып қалғанын айтып берді. Тағы не жазып жүргенімді сұрады. Осы сәтте мені бір сайтан азғырып, мақтаншақтығым ұстап:
– Менің жазған повесім де бар, – деп өтірікті соғып жібермеймін бе…
– Маған оқуға берші, – деп ол жабыса кетті. Әбден сасып қалған мен не айтарымды білмей абдырап:
– Көрсетпей-ақ қояйыншы, ұяламын, – дедім.
– Оқуға берші, әйтпесе, ренжимін, – деп ол, онан сайын қиылды. Жағдайым ауырлай бастады. Маңдайымнан ащы терім бұрқ ете қалды.
– Жарайды, көрсетейін, бірақ сен де менің бір өтінішімді орындайсың!
– Ол қандай өтініш?
– Сен де мені жақсы көретініңді айтасың. Сосын бетіңнен бір сүйгізесің.
– Мен сенімен енді…
Махаббат маған ренжіп, кетуге ыңғайланды. Ісім насырға шаба бастады. Оны білегінен ұстай алдым да:
– Өкпелемеші, жай, әзілдегенім ғой. Дүйсенбі күні мектебіңе әкеліп беремін. Келістік пе? – дедім мен бәрін жуып-шаюға тырысып.
– Келістік.
Әрине, маған өзім жақсы танитын, көп адамға беймәлім жазушылардың шығармаларының бірін көшіріп апаруға болатын еді. Бірақ мен бұл жолы өтірік айтуға ұялдым. Және Махаббатты шын сүйетінімді дәлелдеу үшін повесть жазуға бел будым. Осылайша, екі күн бойы ұйықтамай «Когда улетают ласточки» деген орысша повесть жазып шықтым.
Бұл хикаяда соғыста жүріп қаза табатын қазақ солдатының елімен, жерімен қоштасатын сәті оның артында қалған баласының көзімен суреттеледі. Жазған повесімді тор көз дәптерге маржандай қылып көшіріп, Махаббатқа апарып бердім. Ол оқып болған соң шығармамды тез қайтарды. Үйге келгеннен кейін дәптердің ішінен хат тауып алдым.
– Мен де сені жақсы көремін, – деп жазылған болатын ол хатта…
***
Мектеп жайына қалып, сабақтан қашып енді екеуміз жиі-жиі киноға баратын болдық. Екі айдан соң Махаббаттың әке-шешесі «Қазақстан» кинотеатрына жақын жерден үй алып, көшіп кетті. Енді бұрынғыдай күнде болмаса да, жексенбіде кездесіп тұруға уағдаластық. Екеуміз де аптаның соңын тағатымыз таусылып күтуші едік. Сирек кездесу бір-бірімізге деген ынтызарлығымызды одан сайын арттыра түсті. Сәл кешігіп қалсам Махаббат бұртиып, маған өкпелеп қалатын. Бұртиғанда бетінде болмашы бір шұңқыр пайда болып, онысы бет-әлпетіне әдемі көрік беретін.
Жексенбі сайын Махаббаттың үйінің жанындағы «Қазақстан» кинотеатрына киноға бару үйреншікті әдетімізге айналды. Және қандай кино екені екеумізге де бәрібір еді. Үнді киносы ма, Батыстың киносы ма, талғамаймыз. Кино тек сылтау ғана. Шындығында бір-бірімізді көру үшін ғана киноға кіріп жүргенімізді екеуміз де үнсіз түсінеміз. «Қазақстан» кинотеатрында болатын фильмдердің билеті де аса қымбат емес. Бар-жоғы – 20 тиын. Екі сериалы киноға кірсек Махаббат екеумізге 80 тиын ғана кетеді. Оның үстіне сол жылдары мен Торғай облысы, Жангелдин ауданының «Жаңа өмір» газетіне әңгіме жіберіп тұратынмын. Газеттен кейде маған 10-15 сомдай қаламақы келеді. Мұндай ақша Махаббатты қалай қыдыртсам да емін-еркін жетеді. Не деп бара жатырмын мен, дәл осындай бақыт құшағында жүргенімде, тиын-тебен деген де тәйірі, сөз болып па.
Кинодан шыққан соң Пастер (бүгінгі Мақатаев) көшесіне жақын жердегі саябаққа барып, қыдырып, күн батқанша әңгіме соғамыз. Әңгімеміз де таусылмаушы еді-ау! Махаббат орыс мектебінде оқығанымен қазақшаны да жетік біледі екен. Сондықтан екеуміз кейде орысша, кейде қазақша, кейде орысша мен қазақшаны араластырып сөйлесе береміз. Бірақ қай тілде сөйлескеніміз біз үшін аса маңызды да емес еді. Біз бір-бірімізді тілсіз-ақ түсінетінбіз. Сүйем-күйем деген сөздерді айтпасақ та, бір-бірімізге деген ынтызарлығымызды көзімізбен-ақ ұқтыратынбыз.
Бүгін тағы да кинодан шыға салысымен саябаққа қарай аяңдап келеміз. О, Ұлы Жаратушы! Өмірде де ғажайып ертегілердегідей күндер болады екен-ау! Күні кеше ғана Махаббат маған қарамай қойғанда қиналып, сүйікті ақыным Мұқағалидың:
Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам болмайын. Сол аман ба?
О, тәңірім! Неткен жан қайырылмайтын!
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?
- деген өлең жолдарын ішімнен оқып, жүрегімді жұбатқан айларымның бәрі артта қалды. Енді махаббаттың балдай шарабына мас болып, басым айналып, лүпілдеген жүрегім жарылып кете жаздап, шаттықтың, қуаныштың әнін шырқап келеді.
Артынан жүгірген талай бозбаланың біріне де қарамай қойған, көркіне ақылы сай, әлемдегі ең сұлу Махаббат менің жанымда отыр. Және жәй ғана емес, суықтан тоңып, ағаштың бұтағынан пана іздеген торғайдай қойныма тығыла түседі. О, Жаратқан! Сенейін бе, сенбейін бе бұған? Түсім емес пе бұл?
Аяқ астынан күн суытып, жаурап қалған Махаббаттың маған жабыса түскені үшін табиғатқа деген ризашылығым да шексіз еді. «Күн суып кетті, үйге қайтайық», - деген сөзді айтудың орнына, қайта керісінше Құдайдан күннің одан бетер суытып, Махаббаттың маған онан сайын жабыса түскенін тілеймін ішімнен. Оны қасымда ұзағырақ ұстап тұру үшін бар-өнерімді салып құбылтып, неше түрлі әңгіме-хикаялардың тиегін ағытып, көңілін аулауға тырысамын. Ауладағы, мектептегі оқиғалар туралы әңгімелерім түгесілгенде Махаббат сүйіп тыңдайтын әдебиет тақырыбына ойыстым.
Сол күні мен оған Мұқағали жөнінде әңгіме айтып бердім. Әсерлірек шығу үшін, әңгімемнің кей тұстарын қоюлатып, Мұқағалидың өмірінде болмаған оқиғаларды да ойдан шығарып, оның оқыстан қаза тапқаны туралы өтірікті де қосыңқырап жібердім. Шындығында, өлеңдерін сүйсініп оқығаным болмаса, ақынның неден дүние салғанын білмеуші едім. Дәл осы уақытта жанарын мұңның сәулесі шалған Махаббаттың:
- Сонда ол, қалай опат болған? - деп сұрап қалмасы бар ма? Табан астында өтірік ойлап шығарудың мұндай шебері болармын ба:
- Біреулер түнде көшеде келе жатқанда пышақтап кетіпті. Өлерінен екі күн бұрын соның бәрін сезгендей болып, өмірге базынасын айтып, қайыңға арнап өлең шығарыпты, – дедім мен бетім шімірікпестен. Өткен жолы мен оған Есениннің тамырын алмаспен қиып, соңғы өлеңін қанымен қалай жазып кеткенін айтып бергенімде Махаббаттың көзіне мөлтілдеп жас келген. Сонысын қатты ұнатып қалғандықтан, Мұқағали туралы әңгімемнің де бояуын қолымнан келгенше қалыңдатып жатырмын. Сенімдірек болу үшін Мұқағалидың өлерінің алдында жазған өлеңі деп «Жапырақ жүрек жас қайыңын» бар өнерімді салып оқи жөнелдім. Бірақ Махаббат өлеңді соңына шейін оқытқызбай, сүйріктей әдемі саусақтарымен менің аузымды баса қалды:
- Ендігәрі, мұндай өлеңдерді оқымашы.
- Неге?
- Қайғылы өлеңдерді ұнатпаймын.
Кеш түсіп, дүниені жан-жақтан төнген қараңғылықтың қою тұманы билей бастады. Саябақта құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Бұл хикаяның жалғасын мен білемін дегендей, екеуміз отырған орындықтың жанында өсіп тұрған ақ қайың ғана үнсіз тұнжырайды. Сездірмеуге тырысса да, Махаббаттың қатты жаурай бастағанын байқадым. Курткамды шешіп, оның денесіне жауып, қымтай бергенімде, рабайда қолым оның анарына тиіп кетті. Махаббат селк ете қалды. Ұялғаннан, тіпті, құлағына дейін қызарып кетті. Ал, менің бойымда бір тәтті діріл жүріп өтті. Үзіліп қалған үнсіздікті Махаббат жалғады.
-Өскенде кім боласың, жазушы ма, әлде ақын ба?
- Жазушы боламын. Саған арнап бір үлкен роман жазамын.
- Класно! – деп қолын шапалақтады. - Бірақ оған дейін сен маған арнап бір өлең шығаршы. По-жжа-луйста!
- Онда сен де менің бір тілегімді орындайсың. Ерніңнен бір сүйгізесің? Жарай ма?
Жауап берудің орнына Махаббат сықылықтап күлді:
- Сен немене, қыздардың ернінен сүймесең жүре алмайтын «маньяксың» ба? Өзіңді жақсы көретінімді білесің ғой. Сол жеткілікті емес пе?
- Жеткілікті ғой. Бірақ сүйіскен кезде адамның қандай сезімді басынан кешетінін білгім келеді.
Махаббат үндемеді. Үндемеуін мен ішімнен келістіге санадым. Солай екеніне тіпті, еш күмәнім да болған жоқ.
***
Мен үшін тағы да азапты күндер басталды. Орысша өлең жазу қандай қиын жұмыс болса, қазақ тілінде өлең шығарудың азабы одан кем емес екен. Жазғандарым, көңілімнен шықпай ондаған өлең жыртылды. Оқуды мүлде ұмыттым. Есіл-дертім – Махаббатқа арнап өлең шығару. Махаббаты есінен тандырып жібере жаздайтын таңғажайып өлеңді оқып беріп, оның ернінен сүйген сәтімді елестеткенімде, жүрегім бәйгеде шапқан аттардың тұяғындай дүрсілдеп, сол тәтті удың дәмін сағына күтіп, түні бойы ұйықтатпай қояды.
Алайда, бір күн өтті. Өлеңім жазылған жоқ. Екі күн өтті. Тағы да сол жағдай. Үш күн өтті. Сабақ жайына қалды. Мектептегі ұстаздарым ескерту жасады. Төрт күн өтті. Физика, химия пәнінен екі алдым. Бірақ Махаббатқа арналған таңғажайып өлең тумады. Ой шаршатып, жаным жүдеп кетті. Бесінші күні Махаббатты таң қалдыратын өлең жаза алмайтыныма көзім жетіп, ақындықтан біржолата күдерімді үздім.
Тағы да үйреншікті әдетіме басып, жұрттың көбісі біле бермейтін ақындардан жақсы өлең іздеп, жиендік жасауға кірістім. Ұялудың орнына Бердібек Соқпақбаевтың Қожасындай «ақынның бір өлеңін алғанымнан, оның поэзиясы қуарып қалмас» деген мағынадағы сөздермен қайта өзімді қорғап, ар-ұятымның алдында ақталғандай боламын.
Сонымен не керек, қазақ және орыс тілінде жазылған талай жыр жинақтарын ақтарып, мен сол махаббат жырын Мұқағалидан таптым. Ақынның «Сенің көзің» деген өлеңін оқығанымда, қуанғаннан төбем көкке сәл-ақ жетпегендей болды. Жетуі үшін оны тек Махаббатқа оқып беру ғана қалды.
Өлеңнің ырғағы, музыкасының сыңғыры, сезімнің тасқыны менің көңіл-күйімнің табиғатын айна-қатесіз қалайша дәл жеткізген. Мұндай өлеңді Құдай неге Мұқағалиға жазғызған? Махаббатқа арналып менің, тек менің ғана жүрегімде тууға тиіс өлең емес пе бұл! Гармонияның үйлесуін айтпағанда, өлеңнің әр жолындағы теңеулердің бәрі Махаббаттың табиғи жаратылысын дәл суреттеп тұрған жоқ па? Әлде бұрын-соңды да мына дүниеде дәл Махаббаттай періште өмір сүрген бе? Мүмкін емес. Сене алмаймын оған. Бәлкім Мұқағали бұл өлеңді Махаббат сияқты қызды кездестіргісі келіп армандап жазған болар. Егер ол ондай аруды өмірінде бір рет көрген болса:
Мен нағыз махаббатты армандаймын,
(Оны мен жоғалтып та алғандаймын..)
Ақ қаздар арасында аққуымды
Ажырата білмеген сормаңдаймын.
- деген сыңайдағы өлеңдерді жазуы қалайша мүмкін болмақ. Мүмкін, қатал тұрмыстың илеуінде жүрген ақынның айтып отырғаны басқа махаббат па? Бірақ мен әрі қарай ол туралы ойлағым келмеді. Жастықты қойныма қысып құшақтап, ертең Махаббатқа бұл өлеңді қалай оқып беретінімді ойлап, балбырап, тәтті ұйқыға кеттім.
***
Төзімім таусылып, сағатыма қайта-қайта қарап, екеуміз кездесуге уағдаласқан саябақтағы жолдың жиегіне жақын жердегі ақ қайыңның жанындағы орындықта оны тағы да тағатсыздана күтіп отырмын. Көңілім қобалжып, жүрегім өрекпіп Махаббаттың келетін жағына қайта-қайта қараймын...
Алыстан таныдым. Автобустан секіріп түсіп, жолдағы шөптерге сүріне-қабына ол маған қарай енесін сағынған еліктің лағындай жүгіріп келеді. Үстіндегі соңғы сән үлгісімен тігілген көк көйлегінің етегі желмен желп-желп етеді. Қолында кіші-гірім дорбасы бар.
- Кешірші, саяжайдан келе жатқанымызда аяқ астынан папамның көлігі сынып қалып, үйге әрең жеттік. Мынау саған. Дәмі сондай тәтті.
Дорбаның аузын ашып қалғанымда, мұрнымды жарып жібере жаздаған апорттың қышқылтым хош иісі аңқып қоя берді. Үлкендігі кішкентай баланың басындай, ұқыпты қолмен жуылған бес-алты алманың өзі дорбаның қарнын қампитып тастапты. Біреуін алып, тауыса алмайтынымды сезіп, ортасынан бөліп, жартсын Махаббатқа бердім.
Сол күні «Қазақстанда» үндінің фильмі көрсетіліп, билеттер алдын-ала сатылып кетіпті. Киноға кіре алмадық. Бірақ сыртымызбен уайымдаған адамның сыңайын танытқанымызбен, ішімізден билеттің таусылып кетіп, ұзағырақ сөйлесуімізге мүмкіндік туғанына екеуміз де қуанып тұрмыз. Құдды осы киноға біреу бізді зорлап кіргізіп, әңгімелестірмей жүргендей, тіпті, бойымыз жеңілдеп қалды.
Мұндайда уақыт та зымырайды екен. Балқыған темірдей қызарған күннің ұясына қалай батып қалғанын да байқамай қалыппын. Тіршіліктің шулаған желігінен саябырсыған кеш саябақта жайқалған ағаштарды да маужыратып жібергендей. Біреуісінен басқасы желінбеген бір дорба алма сол қалпында «мені ұмытып кеттіңдер ме?» дегендей орындықта тұр. Көліктердің де жүрісі сап тыйыла қалды. Әлдеқайда шырылдаған шегірткенің үні ғана тыныштықты бұзғандай.
Түні бойы жоспарлаған іс-әрекетімді жүзеге асырудың сәті түсті. Енді кештетуге болмайды. Тәуекел!
- Махаббат, саған арнап жазған өлеңімді оқып берейін бе? – дедім кенеттен. Қатты қобалжығандықтан дауысымда діріл пайда болды.
- Шынымен маған арнап өлең шығардың ба? Какой ты молодец!
Жүрегімнің дүрсілдеуінің, дауысымдағы дірілдің сәл де болса да басылғанын күтіп тынысымды алдым. Махаббатқа қарадым. Қобалжып кететін кездегідей оның көздері жыпылықтай берді. Маған қараған жанарында бір таңданыс бар. Мұндай таңданған жанардың сұранысын қанағаттандырмауға қалай дәтің шыдайды?
Бойымдағы буырқанған сезімнің екпінімен оның жанарының тұңғиығына көзім тоймай қарадым, әлі де дірілі басылмаған дауысыммен, асықпай, әр сөзімді шегелеп Мұқағалидың өлеңін оқи жөнелдім.
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған.
Шашың сенің – жан баспаған жапандағы қара орман.
Өтірік көрмегенсіп, Махаббаттың өлеңді тыңдап жатқан сәтіндегі қимылының бірін де назарымнан тыс қалдырмай қырағы сақшыдай бақылап отырмын. Ботадай жәудіреген көздерінен маған деген бұрынғыдан да күшті ынтызарлықтың ұшқынын байқап қалдым. Мұқағали поэзиясының құдіретімен қыздың мысын басып, мен жеңіп, ол жеңіліп барады. Соны сезіп, рингте жеңіп бара жатқанын түсінген боксшылардай енді оны біржолата құлатқым келіп, бар өнерімді сала түстім.
Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.
Кеше күні бойы айнаның алдында тұрып дайындалғанымның пайдасы тиді, білем. Өлең оқу шеберлігіммен Махабаттың талдай бойын ұйытып жібергенімді анық сездім. Әне көрдіңіз бе, өлеңнің келесі шумағы оқылғанда ол бұрынғыдан да күшті сүйіспеншілікпен маған жабысып, сүйріктей саусақтарымен менің қолымды қатты-қатты қыса түсті.
Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен,
Күлкің сенің шашылған нұр, сөзің кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!?
Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сенбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.
Өлеңнің бұл жолдары тіпті, екеуміздің ортамыздағы сезімнің нәзік жібін үзіп тастап, махаббат сарайының қақпасын ашып жібергендей болды. Махаббаттың басы еріксізден менің иығыма құлады. Ол – жеңілді, мен –жеңдім. Ойланып-толғанатын не бар, енді? Осы сәтті пайдаланып, «айтқаныңды неге орындамайсың?» дегендей сұранып тұрған оның шиедей ернінен сүйдім. Махаббат қарсыласқан жоқ. Абайсызда қолым дорбаға тиіп кетіп, жерге құлап қалған бір-екі алма сәкінің алдындағы жолға түсіп алып, секіріп билеп, төмен қарай домалай жөнелді…
***
Аспандағы ай мен күнге қолым еркін жетіп, жүрегім шексіз бақытқа кенелген, бірінен-бірі асып түсетін қызығы таусылмайтын күндер зымырап өте берді. Мен өмірімнің биік аспанында жарқыраған бақыт сәулесінің енді мәңгі сөнбейтініне сенімді едім. Бірақ тажал ажал мені Махаббаттан бір-ақ күнде мәңгілікке айырды.
Ал, енді құрметті оқырман, Махаббаттың қалай қаза тапқаны туралы әңгімені әзірше айтпай-ақ қоюға рұқсат ет. Оны айтып берудің маған қаншалықты ауыр екенін өзің де жақсы түсініп отырған шығарсың. Мен бұл әңгімемде ауыр операция жасауға кіріскен дәрігердікіндей ұқыпты қолмен, жиырма бес жыл бойы жанымды сыздатып ауыртса да тиіспей келген жарамның Мұқағали ақынға байланысты жерін ғана ұстап көруге тәуекел еттім. Құдай қуат берсе бұл махаббат хикаясын келешекте, жазылып жатқан («Махаббат, мені жұбатшы») романымнан оқырсыңдар. Дегенмен Махаббат қаза тапқан күнгі көңіл-күйімдегі аласапыранды айтпай кетуге дәтім шыдамай тұр.
***
Махаббаттың қаза тапқанын естігенімде, ойламаған жерден біреу кеудеме біз сұғып алғандай селк ете түстім. Аяқ астынан мына дүниенің не болып кеткенін де, қандай әрекет жасау керек екенін де түсіне алмай миым істемей қалды. Ақыл-ойынан адасқан ғаріптей біресе отырып, біресе тұрып, жылай беремін. Жалғыз досым жүрегім ғана серігінен мәңгілікке айырылғанын бірден түсініп, бұзып шыққысы келгендей болып тоқтамай дүрсілдеп, көтеріліс жасап, бар күшімен кеудемді қайта-қайта соға жөнелді.
Көшеге шығып такси ұстадым.
- Сейфуллин мен Пастер көшесіне дейін апарып тастаңышы, ағатай!
- Үш сом.
- Жақсы.
Такси жүргізуші аузы жабылмай сөйлей беретін адам екен. Көзімнің бұлаудай болып ісіп кеткенін көріп, не болғанын, неге жылағанымды қоймай сұрап жатыр. Ал, менің дәл осындай халде онымен сөйлесуге мүлде көңілім соғып тұрған жоқ. Бес минутта заулатып алып келді. Қалтамнан он сом алып бердім де, артынан жау қуып келе жатқан адамдай таксиден атып шығып, Махаббаттың үйіне қарай жүгіре жөнелдім. «Артық ақшаңызды алыңыз» деп соңымнан айғайлаған дауысқа бұрылып та қарамадым. Енді оның маған қажеті қанша?
Махаббаттың үйінің жанына едәуір адам жиналып қалыпты. Біреулер аулада киіз үй тігіп жатыр. Үшінші қабатқа көтеріліп пәтеріне кірдім. Қаптаған кісі. Ешқайсысын танымаймын. Қайғыдан жаншылған жүрегімді онан сайын езіп жіберген Махаббатты жоқтап жылап-сықтаған ащы дауыстар естіледі. Мені көріп, есіркеген бір адам жоқ. Көңіл айтуға кіріп шыққан сыныптастарының бірі деп ойлап жатқан шығар.
Олар Махаббаттан мәңгілікке айырылудың мен үшін қандай ауыр қайғы екенін қайдан білсін? Олар Махаббаттың менің өмірімді нұрландырып тұрған ғажайып күн болғанын қайдан білсін? Олар сол жарық күннен айырылған менің жанымның енді қара түнекке айналғанын қайдан білсін? Олар қатал тағдырдың жүрегіме өсіп шыққан әдемі гүлімді жұлып әкеткенін қайдан білсін? Олар...
Бір уақытта төргі бөлмеден Махаббаттың анасының құлынын жоқтап, ботадай боздаған ащы дауысы естілді. Қазақша жоқтау айтып жатыр. Анасының зарлы жоқтауы сай-сүйегімді сырқыратты.
Мінгенде аты кер ме екен,
Маңдайдан аққан тер ме екен?
Ащы бір дауысым шығарсам,
Анамның дауысы дер ме екен?!
Құдайым-ау, қазақ «сөз сүйектен өтеді» деуші еді! Мына ащы сөздер сүйегімнен өтпек түгіл, оны үгітіп жібергендей болып буын-буыным босап, сылқ етіп диванға отыра кеттім де, көзімнің жасын тоқтата алмай, егіліп жыладым.
Төргі бөлмеден тұңғыш рет Махаббаттың анасын көрдім. О, Тәңірім! Табиғат-Ананың мұндай да шеберлігі болады екен-ау! Сойып қаптап қойғандай Махаббат анасынан аумай қалған екен. Құдды Махаббат өлмегендей, Мұңлық пен Зарлық бір-бірімізбен көрісіп жоқтасып, мен – босағада, ол болса – бөлменің төрінде жылап отырғандаймыз. Қабырғада қаралы лентасы бар Махаббаттың бәрімізге бұртиып қараған суреті ілініп тұр. Маған өкпелегенде дәл осылай бұртиып қараушы еді.
Әрі қарай мына көрініске қарауға дәтім шыдамай далаға шығып кеттім. Көңілімдегі бұлттар онан сайын нөсерлетіп, көзімнің жасы тыйылмай қойды. Бұл не деген таусылмайтын көздің жасы еді, аспан тесіліп кеткендей болып, кейде қатарынан бірнеше күн бойы жауатын Алматының сәркіл жаңбырындай ағыл-тегіл жыласам да тоқтайтын емес. Жаныма дауа іздеп, дүкеннен темекі сатып алып, қойып кеткен шылымымның улы түтінін қайта-қайта тоймай сордым.
Ертеңіне жұрт Махаббатты соңғы сапарға шығарып салды. Мен бұл қайғылы көріністің бәрін аулада өскен ағаштың жанында тұрып бақылап, Махаббаттан мәңгілікке айырылғаныма әлі сене алмай, мәңгіреп барамын.
Әне, оның сүйегі салынған қаралы табытты ұлардай ұлап-шулаған жұрт жылап-сықтап көлікке салып жатыр. Зарлап жоқтаған әйелдердің бәрі қалып қойып, зират басына баратын еркектер асығып, үйдің жанындағы автобустарға қарай кетіп барады.
Неге мына жұрт соншама Махабатты қара жердің қойнына тапсыруға асығады? Қалайша сендер көздерің қиып әлемдегі ең сұлу періштені өз қолдарыңмен тамұқтың түнегіне тастай саласыңдар? Неткен безбүйрек, қатал едіңдер адамдар!
Мен зират басына бармай, қалып қойдым. Қалай барам? Жүрегімді нұрландырған сәуленің қабірге қойылып, қара топырақпен көмілгенін қалай көрем? Қалай шыдайды оған жүрегім?
Бара алмағаным үшін кешір мені, Махаббат? Мен ол жаққа сенімен мәңгілікке қоштасқым келмегендіктен бармадым. Өйткені сене алмаймын сенің өлгеніңе. Мені бар жан-тәнімен жүрегі елжіреп сүйген жанның дәл осылай аяқ астынан бір күнде ғайып болуы қалайша мүмкін болмақ? Сені жұрт зиратқа емес, басқа жаққа алып кетті. Басқа...
Тағдыр өткір қанжарымен жүрегімді осып өтті. Енді одан аққан қанды қалай тоқтатарымды білмей, зиратқа емес, жарамды емдеу үшін Махаббат екеуміз талай қыдырған саябаққа бардым. Ақыл-есін жоғалтқан жынды адамдай кешке дейін саябақта жүрдім де қойдым. Не үшін екенін өзім де білмейтін мағынасыз жүріс.
Жаз ортасы. Тамылжыған табиғат, бұрынғысынан да ерекше құлпырып, сәндене түсіпті. Далада баяу ескен бойыңды сергітетін бір әдемі қоңыр-салқын жел бар. Күн таудан асып, қызыл торғындай толқынданып батып барады. Саябақтағы көзіңді қуантып жайнаған гүлдер, бір-бірімен сырласып, теңселіп, жапырақтары жетіліп, жазғы жасыл киімімен құлпырған ағаштар, сайраған құстардың әні адамның есін алып, қоңыраулатып қызық думанға шақырып тұрғандай. Бірақ бүгінгі көз алдымдағы жаздың жәйлі кешіндегі әдемі суреттің бәрі жарақат алған жүрегімнің жарасын емдеудің орнына, қайта онан сайын ауыртып, керісінше оған бұрынғыдан да қалың қайғы жамап беріп жатыр.
Күн батып, дүниенің төрт бұрышынан төнген қараңғылық көзді байлағанда жұрттан жасырынғандай ұрланып Махаббат екеуміздің талай сырымыздың куәсі болған Мұқағалидың қайыңының қасына келдім. О, ғажап! Бұрын-соңды келгенімде ылғи да жарқырап қарсы алатын ақ қайың, бұл жолы қайғыма ортақтасып, жылап тұр.
Күздің салқын кешінде Махаббатты аймалағандай оны құшақтап, ішімдегі ауыр толқын жүрегімнің жағалауын ұрғанда көзімнен жас тоқтамай парлады. Кеудемнің астында да бір зат солқылдап жылағандай болады. Жүрек. Кімнің жүрегі? Менікі ме, әлде қайыңдікі ма?
Бар жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп.
Жапырақ-жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық?
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық!
Өмірге-өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып,
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып....
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.