Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын Құл-Керім Елемес жастармен кездесу жасады...

25.02.2015 2330

Ақын Құл-Керім Елемес жастармен кездесу жасады

Ақын Құл-Керім Елемес жастармен кездесу жасады - adebiportal.kz
Ақпанның 25-інде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ақын Құл-Керім Елемес пен жастардың кездесуі өтті. Филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орданың ұйымдастыруымен өткен аталмыш шараға институттың ғылыми қызметкерлері, магистранттары мен докторанттары және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің білімгерлері қатысты. 
               IMG_6154[1].JPG
2014 жылдың шілде айында Ұлттық ғылым академиясы жанындағы 11 зерттеу институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің бастамасымен іске асқан аталмыш келісім аясында зерттеу институттарында ғылыми кадрларды дайындау үшін 100 магистрлік, 50 PhD гранты бөлінген болатын. «Ғылым Ордасы» базасындағы «Ғылыми кадрларды дайындау орталығында» білім алып жатқан магистранттардың «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәнінің аясында өткен жиынды әдебиеттанушы-ғалым Гүлжаһан Орда жүргізіп отырды. 
              IMG_6161[1].JPG
Ғылыми қауым өкілдері кездесу барысында ақынның «Жарық» атты жаңа жыр жинағын талқыға салып, ондағы мазмұндық-формалық ерекшеліктер жайлы өздерінің пікірлерін ортаға салды. Автордың өзімен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік алған жас зерттеушілер қызу сөзжарысқа түсіп, өздерінің көкейлеріндегі көптеген сұрақтарға жауап тапты. Ақын әдебиеттің қалыптасқан кейбір түсініктерімен келіспейтінін, сөз өнері тек ізгілікті ғана ту етуге тиіс екенін жеткізді. Сонымен бірге сөз өнерінің бүгінгі беталыс-бағыты мен болашағы жайлы да өзінің қонымды, толымды тұжырымдарын айтты. Кездесу барысында жас әдебиетшілер ақынның көпке белгісіз игі қасиеттерін жақыннан тани түсті. 
             IMG_6175[1].JPG
«Тіл өнері дертпен тең» деп, сөз қасиетін терең түсінген қазақтың сөз өнерінде имани бағыттың алар орны ерекше екені белгілі. Орта ғасырларда күллі Шығыс әлеміне мәшһүр болған Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауилерді айтпағанда, бертіндегі ақын-жыраулардың шығармашылығында діни сарынның салмағы зор болды. Әдебиет тарихында «Діни-ағартушылық ағымның өкілдері» деген атаумен сипатталатын сөз зергерлерінің заңды жалғасы деп біз Құл-Керім Елемес сынды ақындарды атай аламыз. Құран құндылықтарын қарапайым халыққа сөз кестесі арқылы жеткізіп, қоғамның ізгіленуіне қалам-қаруымен үлес қосып жүрген қаламгерлердің туындыларын талдап, оны ғылыми айналымға түсіру – әдебиеттанушылардың бүгінгі маңызды міндеттерінің бірі болып саналады. Аталмыш жиын осы мақсатты жүзеге асыру үшін жасалған кезекті қадам болды. 

Осы орайда, біз ақынның шығармашылығы жайлы пікір айтқан белгілі тұлғалар мен автордың әдебиет туралы кей ойларын жазуды жазуды құп көрдік. 

Ақын Құл-Керім Елеместің шығармашылығы туралы: 

Әбіш Кекілбаев, қазақтың көрнекті қаламгері: 
Қазақ жырының шалқарына сел нөсерден кейінгі тау өзендеріндей лықылдай тасыған жаңа арналар келіп қосылуда. Әсіресе Қытайдан, Моңғылиядан келген бауырларымыздың тегеуріндері мықты. Тілдері айшықты. Сезімдері соны. Навталин мен шаңсорғыш тимеген жаңа кілемдей көзіңді қыдықтап, көңіліңді еркелетеді. «Жұлдызды түнді» жазған Құл-Керім Елеместі оқығанда сондай әсерде қалдық...

Тұрсынжан Шапай, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері: 
Сенің өлеңдеріңді анық көңіл қойып оқығаным – осы жолы. Сені ешкімнен артық, ия кем демеймін. Бірақ үні, бояуы өзгеше ақын екенсің. Өлеңдегі сөз саптауларыңнан, салған суретіңе дейін ешкімге ұқсай қоймайтын бір бөлек бейне бар. «Жан-түнегіңнен жасап алған ғарышыңның» суреті – тылсым. Тұспалы – түкпірлі. 
Сен жасаған «ғарыш» - жұмбақ жаныңның этикалық бір әлемі болып көкейге қонды. Табиғат суретін бергенде де ажңа бояулар, тосын реңдер табасың... 
Қысқасы, осының бәрі қазақ өлеңіне және бір ақынның, жақсы ақынның келгенін айтады. 
Яғни, сенің келгеніңді...


Құл-Керім Елемес әдебиет туралы: 

Абайдың анығы әдебиетінде емес, бәлкім әдебиетіндегі мені болып табылатын иләһи танымында. 

Қазақ әдебиеті соны білсін: Құдай Тағаласын танымай ешкім, ешқандай «құдіретті» туынды тудыра алмайды. 

Әдебиет ардың ісі емес, арлының ісі. Себебі, әдебиетші арлы болмай әдебиет арлы болмайды. 

Ең күшті сөз – хақты сөз. Хақсыз сөзде қасиет болмайды. 

Әдебиетте әдебиет пен дінді кім бөліп қараса, сол жазуда, жазушылық бағытта адасады. 

Өнер алды – қызыл тіл» дегенді мен «ғылым алды – қызыл тіл» деп түсінемін. Меніңше, «өнер» дегені «ғылым» дегені. Себебі, сөз – ғылым. 

Нұрбол Құдайбергенов

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар