Жәннаттың жерге түскен көлеңкесіндей сұлу Баян еліне құштар болмайтын, оны көргенде кеудесін шабыт кернемейтін ақын болмас. Исі қазаққа белгілі талай дүлдүл мен тарихымызды өрген небір тұлғалар шыққан Баян ғой бұл! Сол Баянға қысы-жазы өнер иелерінің ат басын бұруы, Ақбет бауырынан әсем ән әуелеп, хас өлеңнің төгіліп тұруы – заңдылық. Бүгін де Баян жұрты тамаша өлең тыңдап, бір жасап қалды: қазақ еліне қайраткерлігімен танымал, Кереку жастарына ұлтжандылықтың, елжандылықтың не екенін жалынды жырымен де, ісімен де үлгі етіп жүрген ақын Арман Қанидың кеші өтті мұнда. Арман Бақтанұлының баянауылдықтармен қауышуының белгілі себептері де жоқ емес. Бұған дейін ақынның 60 жылдық мерейтойы Керекудегі «Шаңырақ» ұлттық орталығында атап өтілгенімен, ауыл жұртының облыс орталығында өткен шараға қолы жете бермесі анық. Ал ауыл-аймақтағы әрбір шара әкімнің түйсігіне тәуелді екені белгілі...
Осы тұста бір шегініс жасаудың орайы келіп тұр. 2007 жылы Баянауылда жас ақын-жазушылардың республикалық форумы өтті. Баянды өлең бесігінде тербеген сол шара әлі күнге дейін көпшіліктің аузында. Кездесудің өз деңгейінде өтуіне мұрындық болған сол кездегі аудан әкімі Қорабай Шәкіров танымал ақындарды былай қойғанда, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас қаламгерлердің өлеңдерінен жатқа үзінді айтып таңғалдырып еді сонда. Содан бері үзіліңкіреп тұрғандай болған өлеңге деген ықылас қайта оралған сықылды. Өйткені Баянның қазіргі әкімі Нұрлан Мұқатайұлы Күлжан да әдебиетті құрметтей білетін, көркем сөздің құнын білетін азамат. «Шаңырақта» төгілген жырмен Тереңкөл тұрғындарын (Қашыр ауданы) бір сусындатқан Нұрлан Мұқатайұлы енді, міне, Баянда «Баян жырларының» тұсауын кесіп жіберді!
«Баян жырлары» - Арман ағаның Баянауылға арнаған өлеңдері енген шағын жинақ. Оның жарыққа шығуына да баянауылдық азаматтар мұрындық болыпты.
«Көкіректе – әнұран,
Жүректе – аят,
Көзімде – Ақбет,
Алдымда – Баян елі!» - деп қасиетті топырақты тебірене басқан Арман - өзі Баянда тумаса да, бір бүйрегі Ақбетке бұрып тұратын ақын. Өйтетін жөні бар.
«Айрықша мөр басылған маңдайына
Ақын іңкәр осы елге әрдайымда!
Жатқан шығар әжемнің іздері әлі,
Әулиелі Баян тау баурайында!..».
Арман аға Баянға қатысты қай әңгімеде болсын әжесі Кәсіптің үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның қызы екендігін мақтанышпен айтады. «Атам Қани – Арқаның әйгілі күрескер ақыны Мәдимен аталас ағайын. Сондықтан біздің отбасымызда үлкендер осы екі бабамның рухты әндері: «Ақ сиса» мен «Қаракесекті» әуелете шырқап, солардың ерліктері жайында аңыз-әңгімелерді ақтарыла айтып отыратын. Ес жиып, етек жаба бастаған кезден халықтық педагогикаға негізделген отбасылық тәрбие көруім менің болмысымда қазақы мінез бен ұлтшылдық сезімнің қалыптаса бастауына ықпал еткен сияқты», - деп сыр тарқатады ақын ата тегі жайлы.
«Бұрқап соққан желтоқсан, тамызда да
Біздің ғұмыр бергісіз аңызға да!»
Иә, нағыз ақынның бойында азаматтық рухтың да болуы міндетті, тіпті шарт. Ұлтының жоғын жоқтап, азаматтығынан қай дәуірде де айнымаған Арман ақын Қызыл империядан талай теперіш, қағажу көрді. Бірақ қайысқан жоқ.
Ал енді тағы «Баян жырларына» бұрылсақ, бұл жинақ – бірде кеудесіне тылсым бүккен қатпар тастарды сөйлетсе, енді бірде тұлпарлар тұяғының дүбірін құлағыңа әкелетін дүние.
«Нағашы жұрт, қалайсың ұғысуға?
Бір мінезің жиенге жұғысуда», «Келдім енді бауырыңа, Баянауыл, Кербезденіп тұрмысың баяғыдай?!» - деп, ақын алдымен ақырындап Баянның асқақ мінезінен сыр тартады.
«Кенде емессің жырау мен батырға да,
Жетпейтіні бір жиен ақын ғана»…
Осындай жолдарды оқығанда, тіліңе Бұқар бабамның тегеурінді толғаулары оралып, көз алдыңнан Жасыбай батырдың дулығасы жарқ еткендей болады.
«Ақбет еркем, көркіңе ел қайран болсын,
Сабынды көл зер салар айнаң болсын.
Жар – Жар, жаным, Жар – Жар-ау,
Сен қауышар
Ертеңгі жұрт дәл біздей қайдан болсын?!» деген жолдарды оқыған соң Баянның кешегісі мен ертеңгісінің арасынан көпір іздемей отыра алмайсың. «Соны, сірә, ұлылар мекенінде Ұғынатын Зекебай абыз ғана!» дейді ақын, осы ойыңды тап басып. Сөйтіп, бұрынғы тектілердің ізі жоғалмағанына, кешегіні ертеңге жеткізер Зекебайдай нарлар мен Нұрландай арлы басшылар барын көңілге медеу тұтасың.
Баянның үлкені мен кішісіне жыр-жауһар тергізген бұл кеш те соңына жетіп, ақын жырлары әр жүректің сағынышқа айналып кетіп барады, әнеки.
Арман ақын да көкірек түкпірінен ешқашан ажырамас Баянына қимастықпен қол бұлғады...
Аттану
Беу, Баян тау, аттанам енді мен де,
Ақбет сұлу жолыма телмірер ме,
Ақ үмітім
Әулие бұлақтағы
Шоқ теректе ақтық боп желбірерде?!
Жеңілденіп келіндер аяғы ауыр,
Жетсін біздей мұратқа жаяулап ұл!
Жампоз жырым сар желіп боздаса егер,
Бауырыңа кеп жығылсын, Баянауыл!
Мойылдыда мойыл көз,
Бүлікқұмар,
астам ойды көңілден ұмыттырар.
Ай туғанда әйтсе де, қыр астынан
Бөрі дүние мені іздеп ұлып тұрар!..
Кірпігімнен жас борап, жанып ішім,
Мен шайқасқа шығармын Арым үшін!
Сен аман бол,
Сертке адал Сарыарқадан
Сары орамал бұлғаған сағынышым!
Көкжиектен әрі асып көшкен елмен
Мен кетермін…
Шығарма естен ертең.
Қобыз үнді қаздармен түбі өзіңе
Оралам ғой…
Әзірше
Қош бол, еркем!
Жанаргүл Қадырова
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.