Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Обал. Ұят. Жаман......

17.04.2019 7655

Асылбек Байтанұлы. Обал. Ұят. Жаман...

Асылбек Байтанұлы. Обал. Ұят. Жаман... - adebiportal.kz

Жанды-жансыз табиғатқа орынсыз зиян келтіруді, ысырап жасауды атам қазақ ежелден қош көрмеген. Бұған дәлел – қазақтың адамзаттық-ғаламзаттық іс-әрекеттерге, таным-түсініктерге, мінез-құлық пен әдет-ғұрыптарға т.б. қатысты толып жатқан наным-сенімдік тыйымдары. Айта кетерлігі, сол ондаған-жүздеген тыйымдардың барлығы – айналып келгенде «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» деген қазақы моральдің үштағанына келіп тиянақтайды екен. Ұлттық ар-ұят кодексін құрайтын бұл үш түрлі ұғымның мағыналық айырмашылығына үңілейікші:

Мұндағы – «жаман болады» – қандай да бір іс-әрекет салдарынан дереу тап болатын немесе түптің түбінде туындайтын оқиғалардан сақтандыруға құрылғанын көреміз. Мысалы: «жағыңды таянба», «түнде жалаңбас шықпа», «шашыңды жайма», «босағаны керме» т.б.

Ал «ұят болады» – адам баласын қандай да бір орынсыз, ерсі мінез-қылық көрсету, әрекет жасау, шешім қабылдау т.б. жағдайлардан сақтандыру тұрғысында, түрлі жағдаяттарға қатысты айтылады.

«Обал болады» – жыбырлаған жәндіктен адамзатқа дейінгі іс-әрекеттерге қолданылады. Сондай-ақ, табиғат байлығына, оның ішінде адамның еңбегі сіңіп әзірленген ас-суды орынсыз ысыраптамауға қатысты да айтылып келе жатыр. Мысалы: «гүлді жұлма», «ұяны бұзба», «малды басқа ұрма, орынсыз қинама, өтпес пышақпен бауыздама» («мал төркініне обал болады» ұғымы аясында)...

Түркілік дүниетанымның бастауындағы тәңіршілдік санадан туындап, исламдық ұғыммен астасқан бұл көне кодекстің жұрнағы қазіргі күні де бар. Осы ретте обалға қатысты бірер ұғымды қарастыралық.

Оқи отырыңыз: А.Байтанұлы. Қаныш пен Мәлік

Алты ай қыстың ызғары бәсеңдеп, көктем күшіне ене бастағанда, қар астынан қылтиып бәйшешек шығады. Қардың етегі түріле-түріле сонау теріскейдегі тоғайға дейін көтерілген кезде, жазықтың беті көгеріштеп барып құлпырып сала бермей ме?

Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі..., -

деп Абай жырлаған мезгіл осы. Бұрынғыларды қайдам, қазіргі біздің жұрт қар астынан қылтиған бәйшешек пен даланың сәні алуан түрлі әсем гүлдерді үзіп жинауға құмар. Әрине, сұлулыққа сүйсіну, романтикалық сезімге берілу дұрыс шығар. Бірақ, табиғаттың жазығы не?

Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,

Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек...

Абай заманында қазақтың жігіттері жапа-тармағай гүл жұлып дала аруына ұсынбаған сияқты. Мүмкін, ол замандағы қазақ ерлерінің көбісі-ақ Дулат Исабекұлының «Гауһартасындағы» Тастан сияқты, әйелдің нәзік жанын түсінуге, сезімін сыртқа ашық шығаруға құлықсыздау, ебедейсіздеу болды ма екен.

Заман өзгере, уақыт өте келе өзге халықтардың мәдени ғұрпы қазақы танымға да етене бола түскен екен.

Нұр жауып тұрған көктемде,

Гүл тере барсаң бөктерге..., -

деп Мұқағали Мақатаев жырлағанындай, шығармашылығында аңсар аруына кең далада гүл тергізбеген, шашына гүлдесте тақпаған қазақ ақыны кемде-кем ау. Әрине, ақын қиялына, поэтикалық суретке дауымыз жоқ. Айтпағымыз – қазақ ақындарының дала гүлдерін үзіп-жұлуды қазақ қыздарына тән қылық етіп жібергендігі. Сұлулықты мезгілінен ерте солдыруға неге құмар екен осы, адамзат баласы?

Көктемнің нұрына шомылып, қауашағын жаңа жарған нәзік өсімдікті еш ойланбастан үзе салуда қандай жарасымдылық бар? «Не көп, далада гүл көп емес пе? Онда не тұр?», - деген ой туындауы мүмкін. Алайда, биология оқулығынан білетініміздей, өсімдіктің бес мүшесінің бірі жарақаттанса, ол өсуін тоқтатады емес пе? Ойсыз, орынсыз жұлудан бәйшешектің, өзге де гүл түрлерінің бірсыпырасына жойылып кету қаупі туындап отырғаны – бүгінгі күннің ащы шындығы. Бірер жыл бұрын Риддер қаласы маңындағы биобақта болғанымызда бақ қызметкері Катонқарағай өңірінде өсетін қызыл мия атты сирек гүлдің тамырында мамыр айында пайда болатын әлдебір құртқа бола, жергілікті халықтың әлгі гүлді қазып құртып жатқанын айтып еді.

Қызыл мияның жойылуына себепкер бұл құрт – қытай медицинасында қымбат бағаланады екен-міс. Ойымызға Қадыр Мырза Әлі өлеңінің мына шумағы оралғандай:

...Біздің сайда болатын мия қалың.

Ауылдастар ойлайтын ұя қамын.

Мия сиреп, ұядан құстар безіп,

Біреу үшін енді мен ұяламын...

Замана тудырған экологиялық зобалаңға ұшырап отырған мұндай қауіп төнген өсімдіктер мен жәндіктер, жануарлар қаншама, қазақ даласында.

«Гүлді жұлу – обал» деп түсінген қазақ баласы қылтиып өсіп келе жатқан қызылды-жасылды көктем гүлін зәрушілікке (ем-домға) болмаса, ешқашан орынсыз жұлмаған. Оның себебі, ғасырлар бойы буыннан буынға беріліп отыратын ауызша ақпараттық түсінікте еді. Олар: «Көкті жұлма, көк соғады!», «Гүлді жұлма, гүлдей соласың!», «Көкті жұлсаң, көктей орыласың!», «Жапырақты жұлма, жапырақтай қурайсың!», «Тамырды қазба, тамырың қиылады» т.б. болатын және мұндай тыйымдарды бала кезімізде үлкендердің, ересек балалардың аузынан жиі еститінбіз. Үркітіп-қорқыту мәнінде болса да, мұның артында обал болады, жаман болады дейтін ұғымдар тұрғанын қазақ баласы сергек санамен сезінетін. Сезінетін де, себепсіз жұлудан аулақ болуға тырысатын. Бұдан "аяулы ару қыздарымызға гүл сыйлауға болмайды" деген ұғым туындамаса керек. Арнайы күтіп-баптап өсірген мәдени гүлдер мен қорғансыз дала гүлдерінің тағдыры екібасқа емес пе!

Балалар арасында ертеден бері айтылатын тыйымдардың бір парасы құсқа қатысты болушы еді. Айталық, көктемгі самалмен тербелген гүлді алқапты қақ жара кешіп келе жатсаңыз, дәл төбеңізде сайраған бозторғайдың шырылын еститініңіз анық. Аспанға қарасаңыз, оқ жетер биіктікте ноқаттай болып ілініп, сан құбылта сайрап тұрған құсты көресіз. Бұл - әнші бозторғай. Анығында бозторғайлардың сайрап шырылдауының мәнісі – жан-жануарлар мен адамға ән салып беріп, көңілін көтеру емес, олардың назарын өзіне аударып, ұядан аулақтату ғой.

Ұясының өзіңіз тұрған нүктеден алыс немесе жақын екенін құс шырылының өзгерісінен, биіктеп-төмендеуінен сезуге болады. Дәл үстінен түскенде, жанұшыра шырылдаған байғұс құс сайрауын тыя жерге қонып, жасқаншақтай жорғалақтап, мазасыздана шиқылдар еді. «Ұядай» десе дегендей, шебер жасалған ұя ішінде сопақша келген көгілдір түсті жұмыртқалар жататын. Бала кезімізде бұл жұмыртқаларды тауып алғанымызбен, қолмен ұстамайтынбыз. Себебі, адам қолының табы тиген соң, бозторғайлар жұмыртқасынан жеріп кетеді. «Құстың жұмыртқасын ұстап жерітсең немесе жарсаң, ұясын бұзсаң, балапанын өлтірсең, құс былайша қарғайды екен», - дейтін, үлкендер:

Бір жапырақ майым бар,

Бір жапырақ етім бар.

Әкең жауға кеткенде,

Шешең өліп жетім қал!

Қай бала мұндай хал басымда болсын деп тілесін! Халықтық педагогиканың әліппесі, обал мен сұбапты айырудың сабағы осылай жалғасушы еді.

Әрине, қазіргі күні балабақшадан бастап, мектеп бағдарламасында табиғат қорғау тақырыбы көтерілмей жатқан жоқ. Күнтізбелік бағдарлама бойынша арнайы тақырыптарға сағаттар бөлініп, ашық сабақтар, топсеруендер ұйымдастырылып, бейнефильмдер, мультфильмдер көрсетіліп жататынынан хабардармыз. Бұдан «бала тәрбиесіндегі басты жауапкершілік – балабақша мен мектептің міндеті» деген ой туындамас керек-ті. Себебі, бүгінгі жас ұрпақтың, ертеңгі ел иесінің тәрбиесінде отбасының рөлін ештеңе айырбастамақ емес. Сондықтан да ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық педагогика танымдарын ұрпақ санасына сіңіріп жалғастыру – әрбір қазақ отбасының (ол мейлі, әке-шеше, ата-әже, аға-әпке, туыс-туғандар болсын) қасиетті парызы деген болар едік. Баба танымнан арқау тартқан «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» үштігін жүрек таразысынан өткізіп, санасына сіңірген ұрпақ – ешқашан жаңсақ баспайтыны анық.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар