Қазіргі қазақ әдебиетіне әскери жазушы керек пе?
Әдебиеттегі соғыс тақырыбы сөз болғанда, әңгіменің әлқиссасын Бауыржан Момышұлынан бастау – заңдылық. Батальон басқарып, жауынгер психологиясы мен әскери өмірдің қыр-сырын терең меңгерген қолбасшы шығармаларын көзі көрген шындыққа негіздеп жазды.
Әлем әдебиеті соғыс тақырыбындағы көркем шығармалардан кенде емес. Орыс әдебиетінің алыбы Лев Толстойдың бір ғана «Соғыс және бейбітшілік» романының өзі неге тұрады? Неміс жазушысы Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданда өзгеріс жоқ», америкалық Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, қару!» романдары – соғыс тақырыбын игерудегі көркемдік шеберліктің озық үлгісі.
Орыс-кеңес әдебиетінде де бұл тақырып кеңінен өріс алды. Мәселен Михаил Шолоховтың «Тынық Дон», «Олар Отан үшін шайқасты», Константин Симоновтың «Тірілер мен өлілер», Юрий Бондаревтің «Ыстық қар» романдары жауынгер тағдырын шынайы суреттейтін шығармалар.
Қазақ әдебиеті де бұл үрдістен шет қалған жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласында от кешіп, кейін сол сұрапыл жылдардың шындығын шығармаларына арқау еткен Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов, Кемел Тоқаев, Тахауи Ахтанов сынды тұлғалар сөз өнеріне соны соқпақ салды.
Әдебиеттегі соғыс тақырыбы сөз болғанда, әңгіменің әлқиссасын Бауыржан Момышұлынан бастау – заңдылық. Батальон басқарып, жауынгер психологиясы мен әскери өмірдің қыр-сырын терең меңгерген қолбасшы шығармаларын көзі көрген шындыққа негіздеп жазды.
«...Мен жазушы емеспін. Мен тек қана мемуариспін» дегеніне қарамастан, Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас», «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап» туындылары күні бүгінге дейін қазақ прозасында айрықша орын алады. Бұл шығармаларда соғыс психологиясы, жауынгер рухы, тәртіп, намыс мәселелері терең суреттелді. Бірнеше ұрпақ сол кітаптарды жата-жастана оқыды.
Партизан жазушы Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала», «Партизан соқпақтары», «Ажал аузында» шығармаларында автордың өзі қатысқан ұрыс қимылдары, партизан өмірі мен майдандас серіктерінің ерлігі шынайы көрініс тапқан. Алдыңғы буын сол кітаптарды құмарта оқып, кейіпкерлеріне еліктеп өсті.
Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы жарық көрген сәттен бастап оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, әскери тақырыптағы көрнекті туындылардың біріне айналды. Бала күнімізде ауыл кітапханасына санаулы данамен түскен бұл кітапты әкелеріміздің қолдан қолға түсірмей, кезектесіп оқып жүргенінің куәсі болдық.
Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романы мен «Арнаулы тапсырма» повесінде де майдандағы жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі көркем бейнеленіп, Отан қорғау жолындағы жанқиярлық пен адамгершілік қасиеттер арқау болды.
Сондай-ақ Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» да соғыс тақырыбындағы тұңғыш роман ретінде қазақ прозасының алтын қорына енді. Шығармадағы Қайрош бейнесі талай баланың кітапқа құштарлығын оятып, бойына отаншылдық дәнін септі.
Сонда біз атап өткен осы қаламгерлердің шығармашылығын біріктіретін ортақ қасиет не? Біріншіден, олар әскери өмірдің ішкі заңдылықтарын жақсы білді. Екіншіден, жауынгерлік ортаның тынысын сезінді. Сол арқылы соғыс шындығын көркем әдебиет тілімен сөйлете алды.
Қазіргі әдеби кеңістікке көз салсақ, көкейде көп сауал туындайды. Бүгінгі қазақ әдебиетінде әскери жазушыға сұраныс бар ма? Оқырманға әскер өмірі мен жауынгер психологиясын арқау еткен көркем шығармалар қажет пе? Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер қаламгерлерден кейін әскери әдебиеттің көші неге тұралап тұр?
Неге бұл тақырыпты бүгін қозғап отырмыз? Себебі бұл сауалдардың астарында ұлттық сана мен әскери-патриоттық тәрбиеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе жатыр. Әңгіме тек әдебиет пен кітап оқудың төңірегінде емес. Бұл жердегі мәселе болашақ ұрпақтың бойында Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалай қалыптастырамыз деген сұрақта жатса керек.
Мәселен, эпос оқып өспеген ұрпақтан болашақ ел қорғаны шыға ма? Ұлттық әдебиеттің уызына жарымаған, батырлар жырының тағылымын бойына сіңірмеген баладан не күтуге болады? Бұл – бүгін ғана қойылып отырған сұрақ емес. Тарихтың өзі ұлттық эпостың елдік сана мен жауынгерлік рухты қалыптастырудағы маңызын сан рет дәлелдеген
Мұның тарихи дәлелі, 1930 жылдардағы идеологиялық қысым салдарынан «ескіліктің сарқыншағы» саналған ұлттық эпостарға көзқарас 1941 жылы соғыс басталған соң өзгере бастады. Кеңестік билік халықты Отан қорғауға жұмылдыруда ұлттық тарих пен батырлық мұраның тәрбиелік күшін пайдалануға мүдделі болды. Осы кезеңде «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» секілді жырлар қайта насихатталып, жауынгерлердің рухын көтеруде маңызды құралға айналды.
Алайда эпостарды қайта жаңғырту саясаты – кеңестік биліктің соғыс жағдайындағы уақытша тактикасы болатын. Билікке халықтың жанқиярлық ерлігі қажет болғанда эпостар «ұлттық мақтаныш» деп дәріптелді. Ал соғыс бітіп, қауіп бұлты сейілгенде қайтадан «зиянды қалдық» ретінде зынданға тасталды. Әйтсе де осы қысқа уақыт ішінде тірілген рух қазақ жауынгерлерінің майданда Жеңіске жетуіне зор үлес қосты.
Олай болса, қазіргі қазақ әдебиетінде бастауын батырлар жырынан алып, екінші дүниежүзілік соғыста жалғасын тапқан әскери тақырыптағы көркем шығармалар неге жоқтың қасы? Әскери тақырып дегенде, шығармаларына Ауған соғысы тақырыбын арқау еткен Бақытбек Смағұлдың еңбектерін атауға болады. Бірақ оның «Мен көрген соғыс», «Қазақтың қара майоры», «Тағдыр тозағы» секілді кітаптарын көркем дүние дей алмаймыз.
Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев туралы жазылған өмірбаяндық кітаптарды да оқып көрдік. Авторлары ренжи қоймас, публицистиканың да жүгін көтере алмайтын ортаңқол дүниелер.
Қазір тіпті әскери мекемелерге қатысты мерейтойлық кітаптарды құрастырып немесе танымал әскери қайраткерлер туралы жинақтарға редакторлық жасап, өздерін «әскери жазушымын» деп жүргендер де кездеседі.
Алайда кітап құрастыру мен әскери тақырыпта көркем шығарма жазу – екі бөлек дүние. Мұны журналистиканы кәсібім деп білетін кез келген адам білуі керек қой. Өкінішке қарай, «қазаннан қақпақ кетсе...».
Әзірге әскери ортада да, әдебиет әлемінде де Бауыржан Момышұлы қалыптастырған көркемдік дәстүрді жалғастырып, әскери прозаның жаңа бағытын айқындайтын қаламгерлер шоғыры көрінбейді.
Бірақ бұл әскери тақырыптың әдеби әлеуеті сарқылды деген сөз емес. Керісінше, бүгінгі армия қаламгерлер үшін әлі де ашылмаған арал іспетті. Ендеше «Бүгінгі армия әдебиетке не бере алады?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Қазіргі Қазақстан армиясының тыныс-тіршілігі көркем әдебиет үшін тың тақырыптарға бай деп сеніммен айта аламыз. Мұнда әскери репортажға да, деректі прозаға да, көлемді көркем шығармаға да арқау боларлық оқиғалар мен тағдырлар аз емес. Соның бір парасы – ел қорғаны болған әскери тұлғалардың өмір жолы.
Мұхтар Алтынбаев, Тоқтар Әубәкіров, Қайрат Үмбетов, Азамат Жұмаділов, Ғазиз Байтасов секілді танымал азаматтардың көркем бейнесін әдебиетте сомдауға кім кедергі? Олардың өмір жолы, әскери қызметі, азаматтық ұстанымы мен тағдыры тұтас бір көркем шығармаға өзек бола алады.
Бұл жерде тұңғыш қазақ ғарышкері туралы Серік Тұрғынбекұлының «Ғарыш қазақ» дастанына соқпай кете алмаймыз. Автор Тоқтар Әубәкіровтің ел алдындағы еңбегі мен тарихи миссиясын поэзия тілімен көркем бейнелей білді.
Олай болса, бүгінгі қазақ армиясын тек саптық дайындық, әскери техника немесе жауынгерлік оқу-жаттығулар арқылы таныту жеткіліксіз. Оның рухани болмысын, құндылықтарын, әскери қызметшілердің адами қасиеттері мен ішкі мәдениетін де көркем әдебиет арқылы ашу қажет. Өйткені армияның шынайы келбеті оны құрайтын адамдардың рухани дүниесінен де көрінеді.
Ол үшін қайтпек керек? Меніңше, әскери тақырыптағы әдеби байқауларды жүйелі түрде ұйымдастырып, үздік деп танылған шығармаларды кітап етіп шығаруға жағдай жасағанымыз маңызды. Алайда бұл бағытта қолға алынған бастамалардың өзі кейде аяқсыз қалып жатады. Мәселен, 2025 жылы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың жарияға жар салған ақындар мүшәйрасы өтпей қалды. Сонда бәйгеге қатысқан ақындардың еңбегі, шығармаларға қазылық еткен елімізге танымал тұлғалардың беделі мен жеңімпаз атанған он ақынның үміті үшін кім жауап береді? Бәлкім, орталықтың жаңа басшысы ақын Ринат Зайытов бұл мәселенің нүктесін қояр...
Осы жерде Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Қала хикаялары» роман байқауының тәжірибесін нақты ұсыныс ретінде айтуға болады. Аталған министрлік алдағы уақытта осы бастаманың үлгісімен күштік органдармен бірлесіп, әскери немесе әскери-патриоттық тақырыптағы көркем шығармаларға арналған республикалық роман немесе проза байқауын ұйымдастырса, құба-құп болар еді. Бұл қадам қазақ қаламгерлерінің ұлттық армия тарихына, әскери қызметшілердің өмірі мен ерлігіне деген қызығушылығын арттырып, әскери әдебиеттің жаңа буынын қалыптастыруға жол ашпақ.
Әскери тақырыптағы әдебиеттің міндеті соғысты дәріптеу емес. Бастысы, оның қоғам алдындағы миссиясын дұрыс түсінуде. Ал бұл миссияның мәні – Отан қорғаудың маңызын, бейбітшіліктің қадірін, жауынгерлік борыш пен азаматтық жауапкершілікті адам тағдыры арқылы көрсету. Әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда әскери қызметшілердің ерлігі төл әдебиетіміздегі маңызды тақырыптардың біріне айналуы тиіс.
Қару ұстаған жауынгер ел шебін қорғаса, қалам ұстаған жазушы сол елдің рухани шежірешісі. Екеуінің де миссиясы – елге қызмет ету. Ендеше, қазақ әдебиетіндегі әскери тақырып – уақыт талабы.
Мұхарбек Жәкейұлы,
запастағы подполковник
