Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Бауыржан Момышұлының бұған дейін жарияланбаған бей...

16.05.2017 9884

Бауыржан Момышұлының бұған дейін жарияланбаған бейнежазбасы табылды

Бауыржан Момышұлының бұған дейін жарияланбаған бейнежазбасы табылды - adebiportal.kz

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері Орталық мемлекеттiк кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағатынан Бауыржан Момышұлы туралы жаңа бейне және дыбыс жазбаларын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1944 жылғы киножылнама табылды, - деді ЖОО-ның ресми өкілі Жандар Асан. - Бейнежазбаларда батырдың панфиловшылардың ерлігі туралы естеліктері мен жаңа жылмен құттықтау сөзі бар. Сонымен қатар, майдан даласында қаза тапқан қазақ жауынгерінің анасына көңіл айтып барған сәті таспаланған».

«Біз мемлекеттік мұрағаттың ерекше есебіндегі қорынан Баукеңнің Жеңістің 30 жылдығына байланысты Қазақстан жазушыларымен кездесуіндегі сөздерінің жазбаларын да таптық. Бұған дейін жазбалар еш жерде жарияланбаған», - дейді орталық қызметкері Әлімбай Найзабаев.

Сонымен қатар, «Бауыржантану» орталығы Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томы дайындалуда. Бұған дейін оның 30 томы жарық көрген болатын.

2004 жылы ашылған орталық Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мұраларын жинау, зерттеу және басып шығару бағытында жұмыс атқарады. Бұған дейін ұлт мақтанышының көптомдық шығармалар жинағының 30 томы, Мәскеуден «Легендарный батыр» деген атпен естелік кітабы, Алматы қаласынан «Фотоқұжаттық альбомы» жарық көрді. Бүгінде баһадүр Баукеңнің көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томдығы дайындалуда.

Көптомдықта даңқты қолбасшы туралы естеліктер, драмалық шығармалар, арнаулар, поэмалар мен балладалар топтастырылған. 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38-томдарда Б. Момышұлы туралы белгілі қаламгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің естеліктері жинақталған. Олардың қатарында Мамытбек Қалдыбаев, Дмитрий Снегин, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Тұрсын Жұртбай, Мырзатай Жолдасбеков, Бахытжан Момышұлы, Мекемтас Мырзахметұлы, Мұхтар Шаханов, Қасым Қайсенов, Шерхан Мұртаза, Ғабит Мүсірепов, Зейнеп Ахметова, Әкім Тарази сынды азаматтар бар. Ал 39-томға Мәлік Ғабдуллинның «Бауыржан Момышулы» атты орыс тіліндегі очеркі берілген. Батыр туралы драмалық шығармалар 40, 41-томдарда. Онда Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған», Жәркен Бөдештің «Жұлдызтас» және өзге де жазушылардың туындылары бар. 42, 43-томдарда жалпы саны 200 арнау өлең топтастырылған. 44-томда поэмалар, 45-томда жыр, балладалар жинақталған.

«Жалпы, дүние жүзінде Баукең туралы жазылған еңбектер өте көп. Солардың бәрін жинап, аудару қажет. Осыларды реттесек, батыр ағамыздың 100 томдығын шығаруға мүмкіндігіміз бар», - деп атап өтті орталық қызметкерлері.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарованың қолдауымен орталық бүгінде Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатындағы Бауыржан Момышұлымен қарым-қатынаста болған қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар басқа да өнер адамдарының жеке қорларындағы Баукеңе байланысты архивтік құжаттарды жинақтау үстінде.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар