Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Біржан сал ма, Біржан шал ма?...

26.07.2017 11102

Біржан сал ма, Біржан шал ма?

Біржан сал ма, Біржан шал ма? - adebiportal.kz

(Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» киносына сын-сараптама)

Көркемөнердің қай саласын алсақ та – сөз, саз, сәулет, мүсін, кино – әрқайсысының атқаратын өз міндеті, адамзатқа беретін өз әсері, қуанышы, қайғысы, рахаты, бақыты бар. Соның ішінде адамның жан дүниесіне тікелей әсер етіп, сезімін сел, көз жасын көл етіп, бордай үгітетіні кино. Киноның ғажаптығы, сиқырлы құдіреті сонша – ол бір сәт жадыңнан жаңылдырады, жаныңнан түңілтеді. Қарапайым пенделік күйкіліктен сілкініп шығып, жарқыраған нұрлы бір әлемге қанат қағасың. Зеңгір көкте қуана қалқисың, күміс қанат Тәңір құстарының сыбдырын естисің. Әлденеге зарыға қол созасың. «Дүние-ай, сен де сондай керемет пе ең» деп, сонау бейуаз, бейкүнә шағыңмен, «бақытсыз-ақ бақытты» күндеріңмен қауышасың. Не дүниеден түңіліп, қатыгездене түршігіп, тіршілік деп малданып жүрген бес күндік жалғанның баянсыздығынан баз кешіп, безіп кетесің. Әлдекімге тіс қайрап, әлдекімнен өш алғың келеді. Кейде тіпті адам атаулыны жек көріп, осы күнге дейін аяулы, ардақты деп жүрген құндылығың, ұстанымың бес-ақ тиын боп қалады. Бүкіл дүние, бүкіл қоғам, тіпті Жаратушының өзі екіжүзді сияқты боп көрінеді-ау. Өнер құдіреті деген осы да... Өтпелі жастағы жасөспірімдердің бір кезде кино әсерінен апиын шеккендей елтігенін өз көзімізбен көріп едік. Жақсы-жаман істерге ұрынғанын көрдік. Ауылда талай-талай «Робин Гудтар, Зорролар, Фантомастар, Ұстатпайтын кекшілдер, Чингачкуктер, Бекежан, Төлеген, Қожалар, одан бертінде Өрмекші адамдар, Сеньор Американолар» қаптады. Қазірдің өзінде талай мектептерде «Ғ-4» топтары бар көрінеді. Көркемөнердің тәрбие құралы екеніне дау жоқ. Әлем киносын қоя қояйық. Бүгінгі таңдағы қазақ киноларының міндеті қандай?

Біріншіден, эстетикалық тәрбие. Көрерменнің эстетикалық талғамын, сұлулық сезімін, әсемдік әлемін тәрбиелеу.

Екіншіден, адамгершілік тәрбие. Адамды ізгілікке, адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.

Үшіншіден ұлттық тәрбие. Әсіресе қазіргі қазақ киносы осы міндетті ұмытпау керек. Қандай киноны түсірсе де «Мен осы кинода өз ұлтымды, оның ұлттық кодын, қадір-қасиетін қаншалықты көрсете алдым, ұлттық намысына тиетін, оны қорлайтын іс-әрекет жасап, басқа елдің алдында өз ұлтымды күлкі-мазақ етіп тұрғам жоқ па?» – дегенді бір сәт естен шығармау керек. Әсіресе, тарихи кино түсіргіштер осыны ойлау керек. Тарихи кино түсіру деген – тарихи шындықты сол қалпында көрсет деген сөз емес. Бүкіл елге танымал, сүйікті, жағымды адамды түсірмек болсаң, ол бүкір болса бүкір, соқыр болса соқыр, содыр болса содыр етіп көрсет деген сөз емес. Әсіресе, халық көкейінде, халық жадында ұнамды болып сақталып, халық өз көкірегінде алтын тұғырға орнатып, ешуақыт шаң жуытпай, әлпештеп, ардақтап келген кейіпкерлердің бірін арақшы, бірін қарақшы, бірін қатынқұмар етіп көрсеткеннен қазақ не ұтады? Ол халыққа қиянат деген сөз. Халық өзінің жадындағы, қиялындағы кейіпкерін өз елестетуі бойынша көрсем дейді. Реставрацияға ұшыраған жаңа кейіпкерді ол қабылдамайды. Бұл жерде неше жерден тарихи шындық болса да, халық нанымына қайшы болса, еш құны жоқ. Егер тек нақтылықты, дөрекі натураны сол қалпында көрсете берсек, көркемөнер не үшін қажет? Көркемөнер өз міндетін ұмытпасын.

Соңғы кезде киногерлердің тарихи тақырыпқа махаббаттарының күштілігі сондай – тарихи кинолар жылдап емес, айлап-ақ дүниеге келе салатын болды. «Болғанынан боладысы қызық» сондай кинолардың бірі – «Біржан сал». Мақсатсыз кино түсірілмейді. Бұл киноны түсірушіде екі мақсат болуға тиісті. Бірінші – өз кезінде барша қазаққа арқалы асқақ өнерімен танылып, ел еркесіне айналған, аспандағы аққумен әнін қосқан Біржан салдың барлық қасиетін жарқырата ашып, халық жүрегінде, ұрпақ есінде мәңгі қалатын асқақ, арда, дара бейнесін жасау. Екінші – қазақтың ұлт ретіндегі ерекше елдік сипатын, қадір-қасиетін, салт-дәстүрін, этнографиясы мен географиясын, ұстанымын, еш елде жоқ ерекше құндылықтарын, ерлік-серілік мінездерін көрсету арқылы қазақты әспеттеу, әлемге тағы бір таныту, мәртебесін көрсету.

Ең әуелі осы киноның өзіне дейінгі кинолардан ерекше бір жеткен жетістігі бар ма, өзгенің көрсете алмағанын көрсете алды ма? – дегенге келсек, ол – мыналар:

  1. Мысалы, «Қыз Жібекте» кейбір материалдық тапшылық-жетіспеушілік байқалған. Қыз Жібектің бөркінің шетіндегі құндыз көне, түсі оңып сарғыштанып кеткен және құрақ тігісі көрініп тұрған. Нөкер қыздардың киімдері тұрмыстық киімдер емес, сахналық киімдер-тін. Ал «Біржан салда» қазақтың киім сәнінің небір түрі мол көрінген. Ұлттық әшекейлер, ақ үйлердің ою-өрнек әшекейі, ат әбзелдері, ыдыс-аяқтар, табиғат, өзен, көл, тау, орман – Көкше табиғаты жақсы көрсетілген. Сол кездегі қазақ тұрмысына кимелеп ене бастаған отарлаудың алғашқы аяздай лебі, жәрмеңке, сауда, ағаш, тас үйлер көрінеді.

2. Бұрын еш жерде көрсетілмеген салт-дәстүрлер көрсетіледі. Салдар салтанаты, төрттік өлең, тазыны бөлеу, қансонар, қобызбен көңіл айту, жорғамен табақ тару, жәрмеңке, мешкейлік, бәдіктік, сайқымазақ, жеңгетайлық деген сияқты.

Өкінішке орай осы ғана. Киноның бүкіл өнебойында бір атүстілік, асығыстық бар. «Не де болса қамтып қалайын» деген бір қомағай өзімшілдіктің иісі аңқиды. Осы асығыстық пен немкеттілік, өзі білмеу, білгеннен сұрамау қаншалықты кемшілікке ұрындырғанына қазір көзіңіз жетеді.

Қандай кемшіліктер? Ең әуелі басты кейіпкер-тұлға Біржан бейнесі қаншалықты ашылды? Біржан – эпицентрдегі кейіпкер. Қалған күллі сюжет пен композицияның динамикасы соның айналасында өрбу керек. Соған қатысты туып, өрбіп, дамып, шиленісіп және шешімін табу керек. Әр әрекет, әр көрініс, әр диалог, монолог, полилог, әр деталь соның бір қырын ашуға қызмет етуі керек. Біржан кім? Ол – ақын, әнші, сазгер, суырыпсалма, аспапта ойнаушы. Бұлар – табиғи дарындық сипаты. Ал салдық – адами-мінездік сипаты. Осы сипаттардың ішінен ең негізгісі, яғни әншілігі, басты назарда ұсталып, қалған қасиеттері жанама саналып, уақиға барысында өз-өзінен ашыла беруге тиіс. Басты сипаты, Біржанды Біржан еткен қасиеті – оның әншілігі. Сондықтан да кинода Біржан әндерінің (көп те емес қой) көбірек шырқалып, көрермен «Паһ, шіркін, Біржан десе дегендей-ақ екен-ау» деп таңдай қаға тамсанатындай дәрежеге жеткізетін оқиға желісі ойлап табылып, шебер қиюластыру керек еді. Қысқасы Біржан әнші ретінде ашыла алмады. Режиссер оның әншілігінен гөрі салдығына баса назар аударып кетті. Бауырым-ау, қазақ Біржанды сал болғаны үшін емес, әнші болғаны үшін ардақтаған. Егер Біржан әнші болмай, тек сал болса, ел оған тек жынды деп қараған болар еді. Ал енді осы әншілік сипатын терең ашып көрсететіндей мүмкіндік те бар еді. Мысалы, әншіні соншалықты зор қошаметпен зарығып күткен Көлбай-Жанбай ауылында ол кем дегенде 2-3 әнді төкпелетіп жіберу керек еді. Сюжетке қажеті шамалы бір-екі көріністің есебінен әнге уақыт көбірек берілу керек еді. Жәрмеңкеде де солай шырқалуы керек. Біржанның ең асқақ, ең шерлі, ең арманды және ең соңғы әндерінің бірі – «Айбозым». Осы ән туралы тірі түгілі өліні тыныш жатқызбайтын дәлелсіз жала, өсек айтылған. Режиссерге рахмет, осы жерде дұрыс шешім тауып, Әпіш қазасына үлгермей қалған Біржан бұл әнді зират басында қолма-қол шығарады. Әттең, тағы да шырқатып айтпады, тек ызыңдады, міңгірледі... Біржанды қайдам, көрермен шері тарқамады.

3. Сал. Біржанға халықтың өзі берген мәңгілік есімі. «Біржан» деген сөздің егізі, эпитеті. Халық айтса, қалт айта ма? Демек, бір білгені бар да... Әйтпесе неге әнші біткеннің бәрін сал демеген? Неге Ақанды сері, Біржанды сал деген. Әнші, сері көп, бірақ сал аз. Өйткені сері басқа, сал басқа сипат. Сері – ол да өнерлі, әнші, күйші, әйтеу өнерімен ел еркесіне айналған. Оның үстіне елден ерек қырымпоз, сәнқой, аттың тұлпарын мініп, құстың сұңқарын тұтып, қыздың сұлуын сүйіп, киімді сәндеп киген. Сол заманның өзінде қалтасынан күміс шақшасы, қалампыры, қағаз шайы түспеген адам. Бірақ сері өмірден баз кешпейді. Мысалы, Ақан сері оқу да оқыған, мал да жиған, ел-өміріне де араласқан. Ал Сал деген кім? Сал – сөзінің өзі қимылсыз, қозғалыссыз, әрекетсіз деген сөз. Сал – өмірге, дүние-малға, шешімтал әрекетке жоқ, қандай да бір соққыны терең қабылдап, үнемі өзгелерден мейірім, көмек, махаббат, еркелету күтеді. Жас баладай әрі қорғансыз, әрі шалдуар. Салдың тағы бір сипаты бақсы-құшнаштау, дуаналау, арқасы, киесі болады. Сондықтан қазақта сал аз. Біржан - сол аздың бірі, тіпті біреудің өзі. Салдар тобында кімдер және қалай көрінуі керек? Кілең ақбоз мініп, аттың кекіліне үкі тағып, үкілі-сылдырмақты домбыра ұстап, ат-әбзелдері қарала кавказдатқан күміспен өрнектелген. Киімдері де торғын, атлас, патсайы, құндыз бөрік, құлын ішік дегендей. Ең алдымен қосылып хормен өлең айтуды осы салдар шығарған. Жас мөлшері 18 бен 25 жас аралығында, ал үлкен жастағы салдар бірер ғана болып, олар ақылшы «аға салдар» деп аталды. Құрамында: әнші, күйші, домбырашы, термеші, айтыскер ақын, атбегі, құсбегі, балуан, мешкей, суайт-бәдік, күлдіргі-сайқымазақ, атқосшы-шабарман, күтуші, әңгімеші-шежіреші, қисса-дастаншы да болған. Мұның бәрін көрсету мүмкіндігі кинода жоқ екенін білеміз. Біздікі біле жүрсін дегендік. Ал «Біржан салдағы» салдар қалай? Анадайдан көрінгеннің өзінде ерекше сипатымен жарқырап, құлпырып көрінбейді. Ылғи бір қоңыр, күлгін көңіл ашпайтын түстер. Көрнексіз бөріктер, ала-құла аттар. Оны қойшы, салдардың дені елуді еңсерген, қозы қарны томпайған, көз асты күлтеленген кеспірсіз еркектер. Қазақтан басқа бір елде жоқ, өнер мен сұлулықты паш етіп тұрған осы бір әдемі дәстүрге бүкіл қазақтан жиырма шақты сайдың тасындай келісті жігіт табылмады ма?

Салдарға байланысты өрескел қателік. Салдар ауылға тақағанда аттың екі жағына кезек құлап, жосыла шабады. Бауырым-ау, есі дұрыс еш қазақ ауылға қарай шаппайды. Ол сұмдық жаман ырым саналады. Тек кісі өлгенде ғана еркектер қазалы ауылға таяғанда, аттың екі жағына кезек құлап, «Ой, бауырымдап» жосыла шабады. Бұл салт қазақта «ат қою» деп аталады. Осыны айтар бірде-бір кеңесші, ақылшың болмағаны ма?

Тағы бір ұнамсыз жері – қатын емес, қыз емес, ылғи еркек-салдардың жөн-жосықсыз ха-ха-халап күле беретіндері. «Қатынның қары күлегеш, еркектің қоры күлегеш» деуші еді қазақ.

Салдар ауылға таяғанда аттан түсіп құлап жататыны рас, бірақ бәрі бірдей орған қамыстай сұламаса керек.

4. Қазақ салтындағы жанұя, қыз бала тәрбиесінің, заңының өрескел бұрмаланған жері.

Қазақ - ерекше халық. Оның ежелден бұзылмайтын заңы, керек болса соты бар. Қазақта ұл әкенің, қыз шешенің бетіне ажырайып қарамаған. Әсіресе, 13-тен асқан қыз баласын үкідей үлбіретіп, тамақтың дәмдісін, киімнің сәндісін, соның аузына тосқан. Қызына айтар ескерту, талабын әке мен аға тек анасы арқылы ғана жеткізген. Қыз бөтен еркектің аяқ-қолын ұстамақ түгілі, бетіне тура қарамай, қарсы келсе өтіп кеткенше төмен қарап тұрған. Қазақ қызы адыраңдап сөйлемеген, адымдап жүрмеген, сақылдап күлмеген. Жылжып қана жүріп, жымиып қана күліп, сабырмен, сыбырмен ғана сөйлеген. Қыз қазақта бір үйдің ғана емес, ауылдың, қала берді бір рудың ар-ұяты, намысы. Жеті атасынан сыпыртса қыңқ демейтін қазақ жігіттері қызына, қарындасына, анасына тіл тигізсе, өлісуге баратын. Қазіргі жетесіздер ғой «Шешеңді» шемішкеше шағатын... Осыған қарамай, әдептен аттаған қызды не әйелді қазақ заңы аяусыз жазалаған. Жеті атаға толмаған туыс жігітті сүйгені үшін ғана өз әкесі Мамырды атып өлтірді емес пе. Ал «Біржан салда» қазақтың осы құндылығы масқара бұрмаланып көрсетіледі. Мысалы, киноның әлденеше жерінде бойжеткен қыздар сәйгел тиген сиырдай шу-шу етіп жосылады да жүреді. Бұл ғана ма?

  • Салдар ауылға таяғанда, аулдың ақ сақалды шалы, кемпірі, бойжеткен қыздары, бала-шаға ес-құсы қалмай, ұлардай шулап жосылады. Не ішіп алған, не шегіп алған ессіз тобыр сияқты. Ей, бауырым-ау, салдарға қарай бүкіл ауыл жосылмайды. Тек келіншектер ғана (қыздар емес) барып, екі жағынан қолтықтап әкеледі. Керісінше, ауыл иесі ақсақалдарға, кейуаналарға салдар кіріп амандасып шығады.

Әлқисса, ары қарай мұнан да сорақы. Қарындары бұлтиып, балақтары түріліп, башпайлары тарбиып жатқан әлгі салсымақтардың аяғын ауылдың ылғи жас қыздары уқалап отыр. Атам қазақта оң жақтағы қыз бөтен еркектің жалаңаш денесін көрмейді. Оған тыйым. Еркектің жалаңаш аяғын не басқа денесін тек некелі әйелі ғана көреді. Аяқ уқалауға келсек, бай болса күңі, құмасы не тоқалы ғана уқалайды. Тіпті бәйбіше де уқаламайды. Ұлжан Құнанбайдың, Ұлпан Есенейдің аяғын уқалап отыр дегенді естідің бе өзің?

  • Көлбай-Жанбай аталы болмаса да, өз еңбектерімен, өз талап-беделімен Көкше дуанына атағы жеткен азуын айға білеген қасқыр жігіттер. Ондай қос бөрідей жігіттің оң жақта үлбіреген әрі әнші, әрі сұлу жалғыз қарындасы – Ләйлі. Аша жастығына қарамай рольді біршама жақсы ойнады. Тек эфирде үнемі жымиып күлуге үйренген ол кинода да қажетсіз жерде де жымия береді. Әттең, дүрдиген астыңғы ерін қазақы сұлулыққа жатпайды. ХІХ ғасырдағы қазақтың сұлулыққа талғамы ескерілмеген. Сол Ләйлі Біржанға тек екі себеппен ғана ғашық болу керек. Бірінші – асқан әншілігіне, өнеріне. Екіншісі – барлық қыздар секілді сыртқы көркі мен әсемдігіне, азаматтық сипатына, еркектік ірілігіне. Екі себеп те кинода нанымды берілмеген. Бірінші себеп десек, онда Біржан Ләйлі ауылына келгенде, Біржан тым құрыса 2-3 әнін асқақтата шырқап, Ләйлі есі кете тыңдап, барлық сезімі, сүйініші, әнге, әншіге деген табынуы періште жүзіне ойнап шығып, мөлдіреген жанарымен-ақ «сен үшін жаным құрбан» дегенді білдіруі керек еді. Жоқ, мұндай психологиялық арпалыс, эмоциялық толғаныстың бірі де жоқ. Ләйлі қайтті? Әй жоқ, шәй жоқ, есіктен кіріп келді де, шырқата жөнелді. Осы жерде қазақтың тағы бір әдемі дәстүрі ашылмай қалды. Қонақтар «Қонақ кәде» жасады. Ән айтылды, күй тартылды. Енді олар «Қолқа» айтуы керек. «Біз қонақ кәде жасадық, енді еруліге – қарулы дегендей ауылдың «алты ауызы» болмай ма. Оның үстіне Ләйлі қарындасымыздың әншілігінен де хабардармыз» дегендей. Сонда ғана Ләйлі қысылып, қызарып, көптің қолқалауымен айту керек еді. Жоқ, ол ешкім сұрамай-ақ шырқап кетті және өлеңін айтып болғаннан соң ғана «армысыздар, ағалар» деді саңқ етіп. Бұл сөздің бұл жерде керегі жоқ. Қыз тек әдеппен иілсе жеткілікті. Сонан соң Ләйлі неге босағада тұрады? Ол не, күтуші ме, күң бе? Қазақ қызының орны анасынан жоғары, ағасынан төмен аралық ежелден. Егер әншілігі болмағанда, жағы қушиған, қарны тегештей томпиған, көз асты күлте-күлте, елуді еңсерген қырма сақалға Ләйлідей қыз ғашық болар ма еді? Нанымсыз. Кешке «ақсүйек» емес алтыбақан көрсетілсе, осы нанымсыздық көзге ұрмас еді. Әдемі әзілдер айтылып, әсем ән шырқалса, қазақтың айтыс өнері, салты, киімі тағы ашыла түсер еді. Біржан мен Ләйлінің бір-біріне ынтызар көзқарасы ма, «ғашықтың тілі-тілсіз тілмен» ұғынысуы ма, шешен айтылған жұмбақ сөздері ме-әйтеубір бір детальдар Ләйлі ғашықтығын дәлелдеп аша түсер еді. Ал сіз не істедіңіз? Қозы қарны томпиып, қолына дәрет құман ұстаған Біржанның жанына «Сері, мен мұнда» деп, сумаң етіп қыз өзі жетіп келеді. О заман да, бұ заман дәрет алуға шыққан еркектің қасына жас қыз жетіп келуші ме еді? Сіз өзі қазақтың салты, әдеп-ибасы түгілі қарапайым логика мен психологияны да білмей тұрсыз ғой.

Келесі. Атқа шауып бара жатқан қыздың көйлегі түріліп, ақ саны айпарадай ашылып барады. Қазақ қызы өмірі ұзын балақ тізе киім киген. Әлде сол кезде капрон колготки болып па еді? Сондай-ақ массовкадағы бір кемпірдің алтын тістері жарқырап отыр.

Келесі. Азынабайдың әлде Көлбай-Жанбайдың ақ торғынға малынған сұлу тоқалы тура есік көзінде түйе сауып тұр. Айналайын-ау, осы қалай ақылыңа сиды? Біріншіден, бай ауылы сауын малын есік көзінде ұстамайды. Ауылдан жырақта қараша үйлер тігіліп, онда малшы-жалшылар, түйеші-сауыншылар, қойшы-қолаңдар тұрады. Оларды қараша немесе қоңсылар деп атайды. Мал сол жақта ұсталады. Өйткені бай ауылының шалғыны жапырылмау керек, иіс-қоңыс, маса-шыбын болмау керек. Екіншіден, сонша малшы-жалшысы бар кербез тоқал түйе сауып не көрініпті...

Келесі. Жесір келіншек Мақпалға Біржан көңілі шапқан уақытта келіп-кетіп көңілдес болып жүреді-мыс. Қазақ тарихында болмаған масқара іс. Әлі күйеуінің жылы өтпеген жас жесірді ауыл шетіне оңаша отау тігіп ойнап-күлдіріп отырғызып қояды екен ғой тегі. Қазақтың жесір жөніндегі заңы өте қатал. Ол енесі, қайны, қайын атасы, тіпті бүкіл ауылдың аңдуында болады. Аяғын шалыс басып, азғындыққа барса, аямай жазалаған. Тіпті өлім жазасына бұйырған.

Біржанның сыртқы сипаты. Ежелден ел көкейінде жағымды, сүйкімді болып орнап қалған Біржанның сыртқы кескін-келбеті де сұлу болмаса да сүйкімді болуы керек еді. Тіпті Біржан шын өмірде кейіпсіз, кеспірсіз болған күннің өзінде де кинода ол алты қырлы алмастай жарқылдаған, көрген көздің алмасын суыратын көрікті, арғымақтай әсем тұлғалы сері, сұлу жігіт ағасы болу керек. Мәңгілік тұлға солай қалуы керек. Халық күткен Біржан бейнесі жарқ етіп көріне алды ма? «Біржан десе Біржан екен» деп, көрермен таңдай қақты ма? Ой, құдай-ай!-деп қалған жоқ па. Мейлі Біржан өмірінің соңғы жылдарын көрсеткісі келсе де көзге толымды бір азаматты табуға болар еді. Сонан соң Біржан заманында еркектер сақалсыз болмаған. Жарасымды дөңгелек сақалы болса, екі жағы қушиып тұрмас еді. Тағы бір қателік - Ләйлі үйінде шешініп отырғандағы Біржанға қарайық. Ол бұл жерде барша серілік, салдық сипатымен жарқырап, жайнап көрінуі керек қой. Ал ол қалай көрінді? Енді-енді төсекке жатайын деп шешініп жатын көйлекпен отырған секілді. Жағасыз көйлегі жайлауына кетіп, кеңірдегі сорайып отыр. Қазақтың ата салтында жағасыз көйлек кимеген. Тік жаға көйлек киген. «Сері жаға ақ көйлек киген» деп суреттеледі Біржан "Абай жолында". Ал жағасыз көйлекті қазақ бір ғана жағдайда - өлгенде ғана киеді (кебін) деп ырымдап, жағасыз көйлек киюден сақтасын деп тілейді екен. Бұхар баба не деп еді:

Үшінші тілек тілеңіз

Үшкілсіз көйлек кимеске - деген. Осындағы үшкіл - жаға деген сөз. Яғни, қазақ салтында жағасыз көйлек кию - жаман ырым.

Мінез-құлқы. Біржанның адами сипаттары да өте солғын берілген. Еш нәрсеге тереңдеп ой жібермейтін, тұрақсыз, жауапсыз, салғырт, әншейін бір шалдуар жан. Тыңдаңыз, қай тарихты, қай әдебиетті оқымаңыз, әнші, ақын, сері, сал, күйші, жыршы болмасын бәрі ел мұңынан, ел қайғысынан шет қалмаған. Әрқайсысы күйі келгенше ел жоғын жоқтаған. Ел мұңын жырлап өткен. Біржан заманы орыс отаршыларының қазақ жеріне анық дендеп кіре бастаған кезі болатын. Бүкіл қазақтың жүрегі күпті еді. Ақан сері өлеңімен болса да қара шекпендерге қарсылығын білдірді. Махамбет, Мәди, Балуан шолақ, Иманжүсіп, Сегіз сері, Сары, Дулат-бәрінде бір аз болса да күрескерлік сипат бар еді. Ал Біржан ше? Анау көк мұздай қаруланған казактар алдындағы олжасын атып кеткенде, ол сәл тіксініп қалды. Осы жерде қазақтың болашағы қатты алаңдататынын білдіріп, қасындағыларға бір тебіреністі, аталы сөз айтса не етер еді. «Жігіттер, осының түбі қалай болар екен» деп қиналса, қасындағыларға ой салса нетті? Жоқ, сәл тіксінуден әрі бармаған Біржан-екең қатынға тартты да кетті. Ал қасындағылар қарқылдап күлкіге басады. Ешбір мақсатсыз, ессіз, есірек күлкі. Мәнсіз-мағынасыз күлкі. Орыстардың «где умному горе, там дураку смех» дегені еріксіз еске түседі. Тіпті, өзі сүйіп жолдан тайдырған әйелдер алдында да бір еркектік мінезі жоқ. «Мен не айтайыннан» басқа сөзі жоқ. Мақпал кінәлады - мен не айтайын деді. Әпіш ренжіді-оған да мен не айтайын деді. Ләйлі жылады-оған да мен не айтайын деп сүмірейді. Әншейін бір бейшара. Біржанда бір шешімтал әрекет жоқ. Әйелге ұрланып барғаннан басқа білері жоқ. Тымғұрыса сол әйелдер алдында бір еркектік ірілік көрсете алмады-ау.

Басқаны былай қойып, Ләйлі әніне таңданған кезіндегі эмоциялық мимиканың өзін дұрыс көрсете алмады. Ұртына малта тығып алған адамдай аузын бұлтаңдата береді. Сонда не, ерекше таңдануды ауызбен білдіре ме? Қызға қараған көзінде, жүзінде таңдану, сүйсіну, табыну, сүю сезімдері кезек шарпысып, атой беріп тұруы керек еді ғой. Ал бұл жердегі Біржанның Ләйліге қарасы мысықтың тышқанға қарағанындай құрғақ қызығу, құмарлық көзқарас. Тура осы жерде беті жыбыр-жыбыр етіп, кеудесі сыр-сыр етеді. Біржан арқалы, киеді адам. Оның шабыт келгендегі, ғарыштан құйылатын тылсым үн келгендегі толғанысы, құбылысы, күйзелісі ерекше берілу керек. Ал кинода Біржан жүзіндегі осы толғаныс бір жері ауырып отырған адам секілді ғана беріледі. Әуезов дәл осы шақты қалай суреттеп еді:

  • Іштен лықсып келген шабыт толқыны ақсары өңін тоңазыта діріл қақтырып, мақпал мұрттың арасынан шып-шып тер білінді. Көтеріңкі қырлы мұрны мен дөңес маңдайында болар болмас нұр ойнап, кең кеудесін сілкіп қалып азынай шырқап жөнелді, - деген. Бауырым-ай, тымғұрыса Әуезовке жүгінсең еді. Егер осы киноның билігі менде болса, мен Біржан рөліне Бекболат Тілеуханды таңдаған болар едім. Бекболаттың күллі болмыс-бітімі, түр-пішіні де келіп тұр. Және өнер үстінде арқасы ұстап шабыттың шалығын шынайы көрсете алар еді. Өйткені ол арқалы адам. Біржан болмай Бекболат болып отырғанның өзінде ішкі энергиясын, жан қуатын, сезім эмоцияның қырық құбылған алапат арпалысын қалай көрсетеді. Ол соны істейін деп отырған жоқ. Оның табиғаты, жаратылысы, киесі сондай. Шын қызғанда, оны сол шабыт киесі билеп, ақсұр жүзін тоңазыта діріл қақтырады. Кейде маған Бекболат қазақ даласын жанұшыра кезіп жүрген бабалардың жұдырықтай ғана рухы секілденіп көрінеді.
  • Кинода Біржанның баласы бір-екі ғана сөйлем айтады. Соның өзін орыс екпінімен айтады. Бір таза қазақ тілді бала табылмады ма?
  • Би аға-ақсақалды әулиенің дауысы жасына сай емес. Жас жігіттің жас дауысы. Түрінде бір әжім жоқ, ерні қып-қызыл.
  • Біржан асты ұрмау керек еді.
  • Жорғамен табақ тартуды ақыр көрсеткен екенсің, неге аша түспеске?

Тайпалып кетіп бара жатқан он шақты қыпша бел, қобы жаурын бозбалалар басына жібек орамал тартып, қамшыларын аузына көлденең тістеп, қос табақты шайқалтпай, мүсіндей қатып отырса... Пах, шіркін, бұл қазақтан басқа қай елде бар? Әрі өнер, әрі сұлулық...

- Сонау Көкшетау жәрмеңкесінде басы жарылған Біржан сол қаны сорғалаған күйінде өз үйінде отырады. Ұшып жетті ме?

- Күллі аңыз-әңгімеде аян беретін әулие ақсақалды қарт не кейуана болушы еді. Мұнда жас келіншек аян береді. Сол келіншек- әулиеңіз ежелден ел аузындағы «өлең аласың ба, көген аласың ба» - деген тіркесті бұзып, «көген аласың ба, домбыра аласың ба» деп айтады. Біржан ақын, әнші ол өлең алам деуі керек еді. Домбыра-күйшілік символы.

- Сонан соң бақаша тарбиып, екі аяғы көсеудей болып, көзі суланып «қобызшы сал» үнемі есеңгіреп, шалықтап жатады. Есін жия берсе, қасындағы біреу аузына бірдеңені тыға салады. Анау ары қарай мәңгіріп жата береді. Осы көрініс не мақсатпен алынды? Біздің қазақ та апиын шеккен дегенді мақтан көрдіңдер ме? Осыны көрген бүгінгі ұрпақ «Е, құдай-ай, апиынды ата-бабамыз да шеккен екен ғой» демей ме? Сонда осы кинода қандай тәрбиелік мән бар. Осыны көрген шетелдіктер қазақты кім деп ойлайды. Есер, есірік, бейәдеп, апиыншы, даңғаза тобыр демей ме.

Киноның жалғыз ұтымды жері лейтмотиві өте дұрыс берілген.

- Бағлан өнердің басы босағада қалып, аяқ-табақ жалаған әлеміш төрге шығады-

ау. Қазақ қартайыпты, ел қартайыпты, - деп күңіренеді Біржан. Бүкіл киноның айтайын дегенін осы бір ғана сөйлем ашып тұр. Тамаша түйіндеу.

Тарихи киноға абай болу керек. Бүтін бір ұлттың наным-сенімімен, намысымен, ұстаным-заңымен, ар-ұятымен ойнамау керек. Артыңда қалың қазақ тұрғанын ұмытпа, киногер!

Әмина Құрманғалиқызы

Сыншы

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар