Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Дәметкен Омарбаева. Іздеп келем...

10.11.2019 4256

Дәметкен Омарбаева. Іздеп келем 12+

Дәметкен Омарбаева. Іздеп келем - adebiportal.kz

Омарбаева Дәметкен ақын. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

1950 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Жетіарал орта мектебін бітірген. Семей педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.

1975-1985 жж. аудандық және облыстық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген.

Айтыста белгілі ақын Қалихан Алтынбаевты, өмір жолында Қанипа Бітібаеваны өзіне ұстаз тұтады.

Дәметкен Омарбаева Семей қаласындағы «Халықтық ақындар орталығының» жетекшісі.

Іздеп келем

Жотасы Тарбағатай тізбектелген

Жолдары өзгермепті-ау біз кеткенмен.

Төсінде өрнек салып өскен жерден,

Елесін жастығымның іздеп келем.

Көнекөз іздеп келем даналарын,

Ақ пейіл ақжаулықты аналарын.

Саз кешіп, күнге күйген жалаң аяқ,

Ауылдың қаратабан балаларын.

Сағындым жылқы кетпес қапталыңды,

Сырларым сенде талай ақтарылды.

Іркіген жаңбыр суы ойдым-ойдым,

Аймалап сүйер ме едім тастарыңды.

Жетіарал қалай ғана тіл қаттың дер,

Сенде өтті балғын шағым, қымбат күндер.

Сиқырлы сырлы үнін көкірегіңнің

Жүр екен баяғыдай тыңдап кімдер?

Тапталған тұлпарларға дала жоны,

Үйіріп құйындайын барады оны.

Жаяу-ақ, алып-ұшып жеткізетін,

Қайран сол Қамыстының қара жолы.

Жоталар өркеш-өркеш түйдектелген,

Елігің ем еркелік күйді өткерген.

Жартастан тікен-тікен тошала іздеп,

Тау кезіп, беткейіңнен жидек тергем.

Алғашқы қар түскенде шыңдарыңа,

Сезбеуші ек қыркүйектің ызғарын да.

Жырым қалды қабырға жолдарыңда,

Үнім қалды жаңғырып құздарыңда.

Осылай еске алып өткенімді,

Іздеп келем өзіңнен көктемімді.

Жаз ғұмырым Жармада, ал Семейде

Қанжығама күз-ғұмыр бөктерілді.

Тәтті өлең

Бар әрине,

Сәтсіз өлең, сәтті өлең,

Бір түйсік бар

Мазалайтын әттеген.

Әттегенннің

Әдібінде бүгілген,

Таңдайға кеп

Тақ етеді тәтті өлең.

Тәтті өлеңнің

Сөзі аз ғана, ойы көп,

Талай-талай

Көпірмеге тойып ек.

Тілдің балын

Тамшылатып айта алмай,

Содан кейін қойып ек.

Айта алмай

Маржан тізген ізгі үнді,

Біле алмадым,

Мойындадық біз кімді.

Дәм-тұзы жоқ

Уымызды ұрттап ап,

Еріксізден

Тартамыз-ау тізгінді.

Иә, солай,

Кейінгілер керемет,

Сомдап соққан

Саф алтындай шегелеп.

Ой өрнегін,

Тіл кестесін безеген,

Одан артық

Енді бізге не керек.

Сыршыл сезім

Есімізден тандырып,

Келе жатыр

Алдымыздан таң күліп.

Енді қанша

Күн кешеді күз көңіл,

Жүріңдерші

Шөлімізді қандырып.

Тәтті өлеңге

Ынтығасың қарадай,

Түсің ауып,

Кеткеніне қарамай.

Анда-санда

Таңдайымызды жібітіп,

Мәз болайық

Кәмпит жеген баладай.

Өлкем менің

Өлкем менің,

Келеді өлеңіммен көркемдегім.

Өзегін жарып шыққан бүршік едім,

Гүл аттым, жеміс бердім, өркендедім.

Жерұйығым,

Қорғаным, арқа сүйер, кең иығым.

Сағынғанда төгіліп нөсерлерім,

Көкірегіме кетеді сел құйылып.

Ұжмағым-ай,

Кеудемнің ашылмаған жұмбағындай.

Жалаң аяқ жалдаған бұлағыңды,

Қайта оралмас қайран сол жылдарым-ай.

Өлкем менің,

Бәйтеректей тербелді өркендерің

Солқылдаған талшыбық өрімталдар,

Ойлап алаң болады ертеңдерің.

Өскен елім,

Өртіне шалдырмаған өскелеңін.

Сені сүйген жүрегім айнымастан,

Топырағыңа айналып кетсе дедім.

О, ғажап, өлкем менің,

Самалыңмен тербеліп теңселгенім.

Байлығымда, бақытым, барым да сен,

Сенен басқа түгім жоқ сенсең менің!

Үкі

Бала кезден

Шабыт алған даладан,

Талантына

Тамсанып ел қараған.

Қош келдіңдер

Қос құлыны Шығыстың,

Жал-құйрығын

Күлтелеп жел тараған.

Көңілдің

Көк аспаны көрінсін бір,

Керімсал

Кеуделерден төгілсін жыр.

Қараша айы

Жайып сап ақ көрпесін,

Ойланып

Сері көңіл Семейің тұр.

Талай кеткен

Тәңірдің сыйын алып,

Қимастықты

Кеудеге жиып алып.

Тәбәрік етіп

Рухын Ұлылардың,

Оралмадың

Шетіне түйіп алып.

Асыр салып

Өскен ұл күрең белің,

Күрең белден

Күй тыңдап, жыр емгенім.

Күпі жырды

Жамылып келіп отыр,

Күлдір-күлдір

Кісінетіп күреңдерін.

Дария-көңіл

Тұрса да тасып-ағып,

Ой қозғайын

Әліптің артын бағып.

Тарпаң мінез

Тағдырдың көзі өтпесін,

Жіберейін

Жырымнан үкі тағып.

Асыл дос

Сусындап

Дарияның тұнығынан,

Сезімнің

Тереңінен сыр ұғынған.

Ән салғанда

Ұмытып дүниені,

Тұйғындай

Қанат қаққан тұғырынан.

Құдіретті ән

Келеді құлап қырдан,

Жұрт тым-тырыс,

Танадай құлаққа ұрған.

Ой, пәле-ай, деп

Шырқатып құбылтады,

«Қыздар-ай» деп,

Кеңкілдеп жылап тұрған.

Ғайып болып

Кеттің-ау сен қас-қағымда,

Мына жалған

Дүниені тастадың да.

Қара домбыра,

Қолыңнан ұшып кетті,

Әнің қалды,

Қалықтап аспаныңда.

Аңқылдаған

Ақ жүрек қайран Санақ,

Өмірден

Өнерге үлкен алған сабақ.

Көзден бұлбұл

Ұштың-ау, асыл досым,

Біздер жүрміз

Ай мен күн, жылды санап.

Сырғытып

Бәрімізді барады өмір,

Санаға

Ойларды да салар небір.

Сақталып

Әр көңілде қалды Санақ,

Ақ пейіл,

Үлкен жүрек, бала көңіл!

Ғұмыры мәнді,

Саналы сапардағы,

Әнші болып,

Өттің-ау қатардағы.

Қасиетті,

Өнердің майталманы,

Қарапайым,

Өмірдің қаһарманы.

Өмір сүрдің,

Майраңмен мағыналы,

Немерелерің

Атасын сағынады.

Мұратың да,

Жалғыздық көріп жүр-ау,

Қыздар, келін,

Кемсеңдеп қамығады.

Қиналамыз

Білсек те келмейтінін,

Бір қимастық,

Кеудеге бермей тыным.

Адалдықты

Жанына серік еткен.

Білеміз

Рухыңның өлмейтінін.

Көріп келем

Байлық тұр домалатып өрге тасын,

Хан сайлап тоғышардың қара басын.

Қабырғасы сықиған ғимараттардан,

Көремін тамшылаған көздің жасын.

Қажыған адамдардың жүзін көрем,

Үміт-ай қайтем сені үзілмеген.

Базардан арба сүйреп, жүк көтерген,

Жанкешті пенделердің өзін көрем.

Баға өсіп, шарықтаған «жұтты» көрем,

Жанардан жаутаңдаған шықты көрем.

Өзегін талдырмастың қамын ойлап,

Өлместің күйін кешкен жұртты көрем.

Ойнаған тағдырменен пұлды көрем,

Жалданған құлақ кесті құлды көрем.

Санасы саңылаусыз құлдыраған,

Арзан қыз, азғындаған ұлды көрем.

Бәрін де өлмеген соң көріп келем,

Үндемей тілді тістеп, көніп келем.

Дертінен арылмаған бұл қоғамда,

Туады қайдан ғана көрікті өлең.

Не керек айта алмай оқталғаным,

Жақсы еді одан дағы жоқ болғаным.

Осының бәрін көріп күйзелгенше,

Мен неге су қараңғы боп қалмадым!

Қараша 2010 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар