Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Дидар Амантай. Соңғы әдеби жоба: Қаламның қазасы...

18.09.2019 3819

Дидар Амантай. Соңғы әдеби жоба: Қаламның қазасы 16+

Дидар Амантай. Соңғы әдеби жоба: Қаламның қазасы - adebiportal.kz

(драма сұлбасы)

Біздің театр не күледі, не жылайды, сезімнің жетегінде – ойландырсақ ше. Бірақ, режиссердің ойы басқа болды. Ол қаламның қазасын емес, жерлеу рәсімін көрсеткісі келді. Оның қалай өлгені кімге керек.

Бейіт басына табытпен әкелеміз. Тік көтеріп, қабірге түсіргенде, кілемді алып қаламыз, деді, әсіре діндарман әулет Хиуа, Самарқан, Бұқарада қара танып, сауатын ашқан ата-бабасынан бері кілемді алып қалып отыр, бұл жөн-жосық, тегінде, ұрпақтан ұрпаққа үзбей жалғасып келе жатқан, қазаққа сіңісті, бұлжымайтын дәстүр.

Әрине, кебін кигізіп, арулап қоямыз. Бойы қандай, ұзын ба, қысқа ма, арық па, тұрақ па, әлде толық па, жуан ба, меніңше, есік пен төрдей, жатқанда сахна жабылып қалуы тиіс, сұңғыла шаһбаздың ойы да жылдам, дер кезінде, сырықты кеспендер, сырғауылдай жуан болсын.

Бастадық. Қалам тоқтады. Екі адам ұстаңдар, қисаймасын, еңкейсе көрерменге етпетінен құлайды, шалқайса, перде сыртындағы өнерпаз топты басады. Сарт етіп сырық тисе, бақыттан маңдайлары жарылады.

Қалам ұстауды ұмытып қалғансыңдар ма, кері төңкеріңдер, ұшы жерге қарасын.

Демек, қауырсын қалам бұрқыратып жазып келе жатып қалт тоқтайды. Қазіргі замандыкі дұрыс, қауырсын деген сөзде асып сөйлеген жалған бір пафос бар, фальш естіледі.

Жақсы. Келесі көрініс, жарықты көбейтіңдер, қатты емес, сәл – көше азан-қазан, тұс-тұстан айқай-шу көтерген жұрт, зеңбіректің үніне мылтықтың атқаны сай, жер-дүниені жаңғыртып күркіреп шығады.

Күңіренген ел.

Болмайды! Әкетіңдер анауды, ортада неғып тұр, бас қаһарман үйінде талып жатыр.

Баған басына ілінген радио жандана бастады: Тыңдаңыздар, сөйлеп тұрған Гутенберг жасақтарын толық жойған Ғаламтор Одақ орталығы, Әдебиет майданы аяқталды, енді қарсыласудың еш қажеті жоқ. Барлық отбасы кітапханасын жергілікті әскери бөлімшелерге өткізуі тиіс. Кітаптарын жасырған кез келген жеке тұлға немесе қоғамдық ұйым ауыр жазаға кесіледі. Бұдан былай оқымыстылар еліміздің жауы ретінде жарияланады. Кітап оқу доғарылсын, енді жаңа ережемен өмір сүретін боламыз, барлық жерде әріп таңбаларының орнына сан белгілері қойылады.

Режиссер жұрт құлазыған атмосфераны күшейте түсті.

Жеңген жақ қолға түскен кітаптарды тегіс дүркін-дүркін таңғы суықта дірдектетіп айдап әкеліп, қабырға іргесіне тұрғызып қойып, топырлатып атып тастайды. Сосын, қаруын асынып пәтер аралауға қайта кетеді.

Бір кітаптар орталық алаңдарға үйіліп, шетінен лапылдап өртеніп жатыр. Әр үйден іздеп жүріп, кереует астынан, шошала қалтарысынан, дәліз түкпірінен тапқандарын, босағаны құшақтап, есік тұтқасына жабысқандарын сыртқа аяусыз сүйреп алып шығып, отқа лақтырады.

Соңғы қақтығыстарда жоғарғы қабаттарды басып алған жау шоғыры әр жер-әр жерде ғимарат маңдайшаларындағы өнер туларын құлатып, технология жалауын тіге бастады. Өркениет байрағы еселене желбіреді.

Цивилизаця жеңді.

Культура тұтқынға түсті.

Мәдениет өркениет тұтқынында отыр.

Жүзі суық, ызғарлы топтар, елді басынған әскери қосындар түні бойы үлкенді-кішілі қалаларда кітаптарды алаулатып отқа жақты. Таң атқанша қалалар қызыл жалынға оранды.

Оқырмандар жеңілді, көрермендер жеңді. Бәріміз боспыз, басқа жұмыс іздеуіміз керек, десті оқымыстылар.

Содан бері жұрт күлмейтін болды. Күлкі тәртіп бұзады, деп түсінді жаңа қоғам. Тәртіп бұзылса – пейіл бұзылады.

Қоғамда “Ең қатулы қабақ” деген сыйлық тағайындалды. Ол ойлы күлкіні жойғандарға беріледі. Бұл елде езу тартқанның өзі қылмыс саналады. Шыдай алмағандарға күліп алатын арнаулы орындар ашты. Бұл күлкішілдерге көрсеткен үлкен гуманизмнің белгісі.

Қатты күлетіндерді арнайы лагерьде қамап ұстауды халық қалаулылары жақтаған жоқ. Жүз пайыз қарсы болды. Бірен-саран жалғызілікті жұрт не істер дейсіз. Негізі, жай күлетіндер қауіпті, езу тартқан сәтін байқай алмай қаласыз, сондықтан қадағалау қиын, күлкінің іштен келе жатқанын біле қоятын технология табылған жоқ.

Осыны сахналауымыз қажет, деді режиссер.

Қаламға ұрпақ қасіретін көру бұйырмады. Қоғамдық белсенділер, ол жүрек талмасынан кетті, деп жариялағандарымен, шын мәнісінде, қалам күлкіге тұңшығып өлді.

17.09.2019

Дидар АМАНТАЙ,

жазушы-философ

Сурет ашық интернет кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар