Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Думан РАМАЗАН: ЖЫН...

30.03.2017 11981

Думан РАМАЗАН: ЖЫН

Думан РАМАЗАН: ЖЫН - adebiportal.kz

«Ей, жын қауымы, – дейді Алла, – сендер көп адамды аздырдыңдар».

Құранның «Әнғам сүресінен»

Түн қараңғылығын жамылып, үстерін түк басқан, жалбыр шаштылар той жасап жатыр. Ергежейлілер елінен келген елшілер сияқты: бойлары бір-ақ тұтам. Өздерінше ән айтып, би билеп, той көрігін қыздыра түскен. Ортадағы отты айнала маймаң қағып, балпаңдай басып жүр. Мәз-мәйрам. Қойша маңырап, қозыдай жамырап, ду-ду, гу-гу етеді. Үсті-бастарын түк басқан екі албасты Болатбектің алдына отырып, қос қапталдай қапсыра құшақтап алған. Сиырша жаланып, кенеше жабыса түседі. Ол сытылып шықпақ боп, алға қарай ұмсынса, желке тұсында қыдиып тұрған жалғыз көзді дәу құбыжық иығынан басып, тырп еткізер емес. Кенет қол-аяғы сәл босап, орнынан көтеріле бергені сол еді, жапалақтай жарбаң қаққан бадырақ көз албасты бар дауысымен аузы-басын қисайта баж ете қалды.

– Аа... ааа!...

Болатбек өз дауысынан өзі шошып оянды. Бастырылып қалыпты, өне-бойы дел-сал. Терезеден төгілген күн сәулесі денесін қыздырып, терлеп-тепшіп жатыр екен. Оң жағына қарай аунап түсіп, етпетінен жатты да, есіне әлдене түскендей, басын оқыс көтеріп алып, жаймен орнынан тұрды. Жеңіл киініп, жуынып-шайынып алды да, асықпай отырып шай ішті. Жатын бөлмеге қайта кіріп, теледидарды қосып, жиналмаған төсегіне қисая бергені сол еді, қоңырау шылдыр ете түсті. Еппен көтеріліп барып, есік ашты. Еркін досы екен, тойға баратындай сықиып киініп алыпты. Екі езуі екі құлағында.

– Амансың ба, бауырым! – деді ол табалдырықтан аттай бере. – Қал-жағдайың қалай?

– Жаман емес!

– Дайынсың ба?

– Дайынмын ғой! – деді Болатбек күмілжіңкіреп, – Бірақ...

– Не, бірақ?..

– Бармай-ақ қойсақ қайтеді?!

  • Досым-ау, бұл маған емес, саған керек қой! Қырықтан асқанша сүрбойдақ атанып, жадап-жүдеп жүрісің мынау!.. Жалғыздық Құдайға ғана жарасады. Барып, жолыңды аштырып алсаңшы!
  • Білмеймін, біртүрлі жүрексініп тұрғаным...
  • Жүрексінетін несі бар?! Молда деген аты болмаса, ол да өзіміз сияқты қазақтың қарадомалақ баласы. Жасы бізден де кіші. Өзі бір сондай қарапайым, елпілдек жігіт. Сауд Арабиясынан оқып келіпті. Төрт-бес талапкер барған екен, тылсым күштің құпиясын тек осы жігіт ғана меңгеріп қайтыпты. Айтсам сенбейсің ғой, кереметін барған соң өз көзіңмен көресің! Жүр енді, ерте күнді кеш қылмай...
  • Не істесем екен, а?! – Қабырғасымен кеңескендей, ойлана терезе жаққа көз салды.

– Не істесем екені несі?! Барамыз! Кеше өзің ғой, «барып-қайтайық» деген. Әйтпесе, бүгін ұйқының көкесін көзіне танытар едім. Көп сөзді қой! Жүр, жинал! Жаныңды алады дейсің бе, қайта жолыңды ашып береді, – деді Еркін бастырмалатып.

  • Жарайды, болмадың ғой! Жалпы осы емші, молда, бақсы-балгер дегендерге сенбеуші ем. Мүмкін...
  • Не мүмкін?

– Мүмкін, сенікі де дұрыс шығар!..

– Әрине, дұрыс!.. Мен саған жаманшылық ойлайды дейсің бе, досым-ау?!

– Білем ғой. Кеттік онда.

– Кеттік!

Екеуі қайыра тіл қатыспастан сыртқа шықты. Дала қапырық, күн ми айналып жерге түсердей шыжып тұр.

Еркін жол жиегіндегі талдардың көлеңкесінде тұрған көлігін оталдырып, орнынан қозғала берді. Алдыңғы жаққа қонжиған Болатбек:

– Қаскелеңдегі орталық мешіттің имамы дедің бе? – деді бәрін алдын-ала біліп алғысы келгендей үзілген сөзді қайта жалғап.

– Иә, дәл солай.

– Жақсы танисың ба?

– Иә, жақын таныспын. Өзің білесің, ана бір жылы Сәкен досымыз да қатты ауырды ғой!.. Сонда оны да апарғам. Алғашында ол да сен сияқты «бармаймын, сенбеймін» деп қиғылық салып еді, артынан разы болып, рахметті жаудырды ғой! Әлі-ақ, сен де алғыс айтасың!

– Шыныңды айтшы, Сәкеннің бойында жын болғаны рас па?

– Болғанда қандай! Сен оған әлі сенбей жүрсің бе, не?

– Сенгім келсе де, біртүрлі сенімсіз сияқты. Жын адамның қай жерінде болады екен?

– Мен оны қайдан білейін. Білгің келсе барған соң молдадан анықтап сұрап аларсың. Сәкеннің бойын үйірлі жын иектеп алыпты. Бақандай бесеу. Төртеуі алғашқы күні-ақ шығып кетті. Олардың да басшысы болады екен ғой! Мықты болған соң басшы болады да. Сол содыр молдамен үш күн тайталасып, әрең шықты. Сәкен содан бері бойым да, ойым да жеңілдеп қалды деп қуанып жүр ғой! Ауыруы да тас тиылды.

– Сол өзі шын ба?

– Әй, мен саған қашан өтірік айтып ем?! Міне, жол үстінде келе жатырмын ғой, өтірік айтсам оңбай қалайын. Тіпті Алланың атымен айтайын, шын сөзім.

– Олар адамның денесіне қалай кіріп алады екен?

– Дәл білмеймін. Имамның айтуынша, адам аузын аша есінегенде, қатты құмарланғанда немесе ашуланғанда аузынан кіріп кетеді екен. Көбінесе лас орындарды, жаман жерлерді жағалап, күл-қоқыстарды айналсоқтап жүреді дейді.

– Көрдің бе, өзі?

– Нені?

– Жынды.

– Жоқ, көрдім деп өтірік айта алмаймын. Көзге көрінбесе де, адамдармен қабаттаса, қапталдаса өмір сүретін көрінеді. Кәдімгі өзіміз сияқты, өздерінше ғұмыр кешеді дейді. Кейбіреулері адамдармен бірге үйде тіршілік етсе, кейбіреулері өздерінше үй-жай салып, отбасын құрып, ұрпақ өрбітіп, елсіз мекендерде, тау аңғарларында, үңгірлерде тұрады екен!.. Алла оларды адамдардан да бұрын оттан жаратыпты. Тіпті, оны айтасың, кейбір діни кітаптарда жындар мен адамдардың қосылып, балалы болғандары туралы да айтылады. Керек десең, кезінде адамдар Аллаға қалай сыйынса, жындарға да солай бас ұратын болған. Олардың кесірлерімен бірге, қайырымдылары да болады дейді. Біздің ауылда Құйқабай есімді молда болған. Сол кісі бір күні кешқұрым көк дөненімен желе жортып келе жатса, артына шайтан мінгесіп алып, түспей қойыпты. Әбден ыза болған ақсақал оны ағашқа байлап қойып сабапты. Содан сары сапалақ жаны шыға шыңғырып, жалынып-жалпайып, әрең құтылған екен. Біздің бала кезімізде бұл оқиға ауылдан-ауылға аңыз боп тарап кеткен еді. Ол кезде көп нәрсенің байыбына бара бермейтін желөкпеміз, онша сене қойған жоқпыз. Кейін ойлап қарасам, сол шын ба деймін!.. Өйткені, ол кісі атағы елге жайылған діндар адам болатын.

– Қойшы-ей, қайдағыны айтпай!..

– Бәлі!.. Жын-шайтандар туралы Құранда да көп айтылады ғой! Адамдар сияқты екі аяғымен жүретін, құстар секілді әуелеп ұшатын, тіпті жылан, ит кейпінде көрінетін жындар да болады екен. Сәкеннің қолтығының астындағы күлбілтеленіп тұрған жараны өзің де көрдің емес пе?!

– Иә.

– Жараның ортасы тесік, маңайы ағараңдап ісіп тұрған еді ғой! Жындар сол жерден шығыпты. Оны молда дұға оқып отырғанда өзі айтты, жындар қолтығынан шығады деп...

– Сәкеннің өзі сезді ме екен?

– Жоқ, сезбейді-ау! Өйткені адамды ұйықтатып тастайды.

– Ұйықтатып тастайды! – Болатбектің өңі қашып кетті.

– Иә, ұйықтатып тастайды!..

– Қалай?

– Дұғамен...

– Неге?

– Білмеймін. Әйтеуір, молда құран оқи бастағанда адам ұйықтап қалады да, бойындағы жыны шыққан соң, өзінен-өзі оянып кетеді. Кейбір жындар өз еріктерімен қаша жөнеледі де, кейбіреулерін молда шықпасына қоймай зорлап шығарады. Қазақта «Жынын алған бақсыдай...» деген сөз бар емес пе?! Сол шамасы тегін айтылмаған-ау!

– Сонда адам ұйықтап жатқандай қыбырсыз жата бере ме?

– Молданың айтуынша, әркімде әртүрлі болады екен. Сәкен тыпыршып шыдай алмай жатты. Әрең ұстап отырдық. Бірақ, оянғаннан кейін сұрасақ, «ештеңе сезген жоқпын» дейді.

– Қызық екен! – деді Болатбек басын шайқап. – Сонда ұйықтатып тастап, не істейді?

– Құран оқи отырып, адам бойындағы жындармен адамша сөйлеседі. Дауысын көтере айғайлап, зіркілдеп, неше түрлі сұрақтар қояды. Ал жындар оған адамша тіл қатып, жауап береді.

– Қалай?

– Солай!

– Әй, осы бармай-ақ қойсақ қайтеді!.. – Болатбектің көзі шарасынан шығардай адырайып кетті.

Еркін оның үрейлі жүзіне бір қарады да, ішек-сілесі қата күліп жіберді:

– Бармағаны несі?! Міне, келіп те қалдық. Несіне қорқа бересің! Адамның бәрінде бірдей жын бола бермейді!

– Болса ше?

  • Болса, дұға оқып шығарып жібереді. Ештеңесі жоқ. Қайта жеңілдеп қаласың. Еркек емессің бе?! Неге сонша қорқасың! Міне, келдік. Қаскелеңнің орталық мешіті осы, – деді Еркін машинасын мешіттің ауласына қарай бұрып.

Адамдар әрлі-берлі сабылысып жүр. Көбісі шыт көйлек, шолақ дамбал киіп, сақалдары жалбыраған жап-жас жігіттер. Ұзын етек көйлек киіп, бастарына орамал тартқан қыз-келіншектер де бой көрсетеді. Екеуі алдымен әжетханаға барып дәрет алды да, ішке кірді.

Молда бүйірдегі құран оқитын бөлмеде жалғыз отыр екен. Еркінді көре сала орнынан атып тұрып:

– О, Ереке, қайдан жүрсіз? Сізді де көретін күн болады екен-ау! – деп құшағын жая амандасты. – Қалайсыз, күйлі-қуатты жүріп жатырсыз ба?

Болатбек табалдырықтан аттай бере состиып тұрып қалды. Түрі бозарып, қабағы түсіңкі тартқан. Молдаға жәутеңдей қарап қояды.

– Сәлеметсіз бе? – деді тіл күрмеліңкіреп.

– Амансыз ба? – деді молда салқынқандылық танытып, – Келіңіз, отырыңыз!

Еркін едендегі түкті кілемнің үстіне малдас құра жайғаса беріп:

– Дәке, хал-жағдайларыңыз қалай? Мал-жандарыңыз аман ба? – деп суыртпақтап сөз бастады.

– Аллаға шүкір! – деді молда қысқа қайырып.

– Дәке, мына жігіт менің институтта бірге оқып, қара нанды бөліп жеген досым еді. Сізден несін жасырайын, бағы бір ашылмай-ақ қойды. Кейінгі кездері сайтансуға да көбірек үйірсек боп кетті. Осы жігіттің жолын ашып берсеңіз! – деді Еркін бірден іске көшіп.

Молда аз-кем ойлана үн-түнсіз отырып қалды да, бір кезде сабырмен сөз бастады:

– Егер Алла пендесіне бір тауқымет жазса, оны өзінен басқа ешкім жеңілдете алмайды. Бәрі де бір Алланың қолында. Қалаған адамына патшалық береді, қаласа одан қайтып алады. Ықыласы түскенге үйіп-төгіп байлық береді, қырына алғанды қор етіп қояды. Оның құдіреті бәріне толық жетеді. Бар етем десе де, жоқ етем десе де, алам десе де, берем десе де, бір Алла біледі. Бәрі де бір Алладан. Алланың рахымы мол. Адамды пәле-жаладан сақтайтын да, қайғы-қасіреттен құтқаратын да – бір Алла. Адамға шипа беріп, ем дарытатын да – бір Алла. Адамның қолында тұрған ештеңе жоқ, бәрі де бір Алланың жазуымен болады. Біз жай ғана себепкеріміз, – деп ғибадат айта келіп, Болатбекке көз салды, – Қане, бауырым, не мазалайды?..

– Енді, былай, үйреншікті нәрселер ғой! – деді мұрнынан міңгірлеп, – Басымның сақинасы бар... Кейде тіпті тұра алмай жатып қалам. Ұйқым да дұрыс емес. Көрер таңды көзіммен атыратын күндер де болады. Ал көзім ілініп кетсе болды, неше түрлі қорқынышты түстер көрем. Содан күндіз ұйқы-тұйқы боп, мазам қашып, өң мен түстің арасында жүргендей әрі-сәрі күй кешем. Жасыратыны жоқ, кейде осындайлардан әбден мезі болып, жыным келіп, ішіп қоям.

– Жыным келіп дейсің бе? Өзіңде жын бар екенін қайдан білесің? – деді молда тосын сұрақ қойып.

– Қайдағы жын? – деді көзі бақырайып.

– Өзің емес пе, «жыным келіп, ішіп қоям» деп тұрған.

– Бұл бір қазақтың ежелден келе жатқан сыралғы сөзі емес пе?!

– Жоқ, бұл жайдан-жай айтыла салған сөз емес! Сенде бар екен! Маған қарашы, – деді молда оған оттай жанарын тура қадап. – Өзіңді-өзің ұстай алмай, өзіңе-өзің есеп бере алмай қалатын кездерің бола ма?

– Болады. Кейде өзімнің ісімнің дұрыс емес екенін біліп тұрып, әдейі солай істеймін.

– Неге?

– Шынымды айтсам, өзім де білмеймін!

– Әне, көрдің бе, бұл сенің емес, сендегі жынның ісі!.. «Шайтанның шалығы шалды ма?», «жын қақты ма?» деген сөздерді естіп пе ең?!

– Әрине!..

– Ендеше маған тура қарап, жыбырламай тыныш отыр!

Молда оның қарсы алдына жүрелей отырды да:

– Аазу бил-лаһи минаш шай-та-нир-ражим.

Бис-мил-ла һир-рахма нир-рахим, – деп құран оқи бастады.

Дауысы сондай әуезді, құлаққа жағымды естіледі. Мақам-ырғағы да жүрекке жылы тиеді. Ара-арасында мойнын созып, басын қақшита «сүф... сүф...» деп жыландай ысылдап, Болатбектің бетіне түшкіріп қояды.

Сүт пісірімдей уақыт өткен кезде тізесі онсыз да дірілдеп отырған Болатбек кескен теректей шалқасынан түсті. Аузы ақ көбіктеніп, жан тапсырған адамдай қимылсыз қалды. Осы сәтті күтіп отырғандай молда қызылға түскен қырандай қомданып үстіне төне түсті. Оң қолымен оның маңдайынан қапсыра ұстап, құран оқуын жалғастыра берді. Бір кезде оқыс тоқтай қалып:

– Әй, малғұн, сөйле жаның барында! Әйтпесе, жаныңды жаһаннамға жіберемін. Қанша мықты болсаң да, құраннан күшті емессің! – деді дауысын көтеріп. – Сөйле, малғұн!.. Сөйле дедім ғой!..

Молда сөйлеген сайын сұстанып, сұрланып барады. Қас-қабағы түйіліп, түндей түнеріп алған. Шоқтай жанған отты жанары жай оғындай жалын атып, ызғар шашады. Осы сәт болар-болмас, естілер-естілмес күрсінген дыбыс білініп:

– Неғыл дейсіз? – деген күбір естілді. Еркін жалт қарап еді, ұйықтап қалған досының ауызы ояу адамша жыбыр еткендей болды. Денесі ісіне бастаған сияқты. Жел кеулегендей, көк көйлегі үрленген шар тәрізді тырсия томпайып барады. Бір мезет Болатбектің екі иығы селкілдеп, денесі оңды-солды қимылдай бастады. Тап бір билеп жатқан сияқты. Жаны тозақ отына күйдіріліп жатқандай «аһ, уһ... аһ, уһ...» деп қинала айғайлап қояды.

– Сөйле, малғұн! – деді молда зіркілдей.

– Не айтайын?!. – Дауысы жер астынан шығып жатқандай, қыр-қыр етіп қырылдайды.

– Қайдан келдің?

– Қара түнектен. – Күшпен күшене сөйлейді.

– Атың кім?

– Сәма.

– Мұсылмансың ба, кәпірсің бе?

– Мұсылманмын.

– Реңің қандай?

  • Қара.

– Әй, малғұн, кімді алдағың келеді. Кәпірсің ғой. Мұсылман жынның реңі сары болмай ма?! – деді молда долданып. – Енді өтірік айтсаң, өлтіріп жіберемін!

Жын үнсіз қалды. Молда дауысын мейлінше көтере құран оқи бастады. Бір кезде ыңырси ышқынған дауыс естілді де:

– Кеш... ірі... ңіз... кеш... ірі... ңіз! Енді өтір... ік... айт... пай... мын! – деген жылаңқы дауыс құлаққа шалынды.

– Әп, бәлем, иманға келдің бе? Келмей қайда барасың! – деді молда сәл жымиып. – Ұрғашы жынсың ба, еркек жынсың ба?

– Қатынбыз! – Құдды Болатбек сөйлеп жатқандай, ауызы жыбыр-жыбыр етеді. Бірақ дауыс ауыздан емес, көмекейдің ар жағынан шығатын сияқты. Анық емес, талып-талып естіледі. Әр сөзді сағызша созып, түсініксіздеу айтады. Сөйлеген сайын кеуде тұсы бүлк-бүлк етіп, бүлкілдеп қояды.

– Қатынбыз дейсің бе?

– Иә, қат... ын... быз.

– Нешеусіңдер?

– Екеу... міз.

– Ол неге сөйлемейді?

– Бұл өзі көп сөйле... мейді. Қор... қақ. Тілі бай... лан... ып қал... ды...

– Өй, сұры құрсын, сұрың құрғырдың!.. Бұл жігіттің бойына не мақсатпен кірдіңдер?

– Жақ... сы көр... еміз!

– Бағын байлап жүрген сендер екенсіңдер ғой!

– Иә, қат... ты қызған... амыз.

– Құдай-ау, кімнен?

– Қыз... дар... дан.

– Неге?

– Екеу... міз де өлер... дей ғашық... пыз!

– Әй, бұл жігіттің үйленіп, үйлі-баранды болуы керек қой!

– Бізді бұған неке... мізді қиып, заңды түрде қосқан. Біз бұның неке...лі әйел... дері... міз.

– Кім қосты?

– Олар!..

– Оларың кім?

– Өз... іміз... дің ағайын... дар.

– Адамда нелерің бар-ей! Өздерің сияқты жындар жетпей ме?!

– Жақ... сы көр... іп қал... ған соң қиын екен. Қыз... ғаныш... тан-ақ өлетін болдық. Қыз... дар... ға жолап кетсе болды, көзін байлап, азғыра бас... тай... мыз. Өзіміз... ше дұға... мыз... ды оқып... Содан өзі-ақ кездес... кен қызына көңілі толмай, бір-ақ күнде айнып шыға кел... еді. Қыс... қасы, дәм-тұзы жарас... пай кетеді. Сөйтіп, өзімізше меншік... теп алған... быз. Кейде тіпті бір-біріміз... ден қыз... ғанып, қырық... пышақ боп қала... мыз.

– Бұл жігіттің адам сияқты түтін түтетіп, бала сүйіп, ұрпақ өрбітуі керек қой!

– Өзіміз-ақ тән ләззат... ына батыр... ып, құмар... ын қан... дыр...ып, бала тауып бере... міз!

– Тәйт әрі, тарт тіліңді. Екінші рет бұндай сөз айтсаң, желкеңді жетеңнен қиямын, антұрған!..

– Біз..

– Болды, жетер, қысқарт сөзді!.. Оданда кәне, шығыңдар бұл жігіттің бойынан!.. Неге үндемейсіңдер?! Шығыңдар дедім ғой мен сендерге. Өз еріктеріңмен шығып кетіңдер кәне. Әйтпесе, жақсылық күтпеңдер! – деді молда аюдай ақырып. – Не шыққыларың келмей ме?!. Онда өздерің біліңдер, оңбай қаласыңдар ғой, малғұндар!.. Өз обалдарың өздеріңе, көздеріңе көк шыбын үймелетемін!..

– Шыққанда қайда барамыз?

– Меккеге барыңдар!

– Неге?

– Ол жақта мұсылмандар көп. Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар!

– Мекке... де неміз бар, бұнда бәрі жақсы. Не керек... тің бәрі бар!.. Бізге бұл жігіт... тің дене... сін... де өмір сүрген ұнайды. Біздің осында тұра бер... гіміз келеді, – Сылқ-сылқ етіп, сайқалдана сықылықтайды. Күлкісі сондай жағымсыз, құлаққа түрпідей тиеді.

– Көп сөзді қойып, шығыңдар! Адамның денесі жындар мекендейтін мекен емес! Сендерге денеде тұрақтауға болмайды! Егер шықпасаңдар, өлтіремін! Аямаймын!..

– Шыға... мыз, шық... пай қайда бара... мыз!

– Шықпас бұрын Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар! Ұқтыңдар ма? Мен сендерге соңғы мүмкіндік беремін! Таңдаңдар!..

– Біз одан қор... қа... мыз!

– Кімнен?

– Одан!.. Ол не бұйырса, біз соны істейміз!

– Әй, ол күшті ме, Алла күшті ме?

– Ол!..

– Сендер кәпірсіңдер. Ібіліске қызмет етесіңдер. Адамдарды азғырып, теріс жолға саласыңдар. Сайтандық пен сайқалдыққа жол ашып, күнәға белшелеріңнен батасыңдар. Бұл үшін кейін Алланың алдына барғанда есеп бересіңдер! Алланың қаһарына ұшырайсыңдар! Алланың құдіреті бәрінен күшті. Одан да ақылға келіп, мұсылмандық жолды таңдаңдар! Аллаға құлшылық етіңдер!

Молданың жүзі кәрленіп, тағы да дауыстап құран оқи бастап еді.

– Ой, ау... ыр... ып кет... ті, ау... ыр... ып кетті!.. Оқы... маң... ыз... шы!.. Айт... қаның... ызды екі етпейміз! – деген жалынышты үн шықты.

– Әп, бәлем, қалай екен?! Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар ма?

– Бола... мыз! Сіз үшін...

– Мен бар-жоғы Алланың құлы ғанамын, Алла үшін қабылда!

– Айтқан... ыңыз... ға құл... дық!

– Бұдан былай сенің есімің Зарлықыз, ал ана күндесіңдікі Үндемескүл болады, жарай ма?!

– Зарлы... қыз... Үндемес... күл...

– Иә, тап солай! Ұмытпай, жаттап алыңдар!

– Жақсы!

  • Зарлықыз...

– Ау?

Таң-тамаша болып, таңдай қағып отырған Еркін еріксіз езу тартып, күліп жіберді. Молдаға бір, Болатбекке бір көз салып, қайта-қайта басын шайқап қояды.

  • Енді шығыңдар! – Молда бұйыра сөйледі.
  • Қалай шығамыз?
  • Қалай кірсеңдер, солай шығыңдар!

– Аузы... нан кірген... біз...

– Ендеше аузынан шығыңдар!

– Қалай кірген... імізді ұмы... тып қалып... пыз, қалай шығар... ымыз... ды біл... мей тұр... мыз!

– Ендеше естеріңе түсірейін, қу қаншықтар!..

Дауыстап құран оқи бастады, тағы да ыңырси ышқынған дауыс естілді.

– Шыға... мыз, шыға... мыз!..

Молда тоқтала қалды да, дауысын барынша көтеріп:

– Шығыңдар тезірек! «Ассалаумағалейкум!» деңдер де, шығыңдар! – деді зірк-зірк етіп, – Бұдан былай адам баласын мазалаушы болмаңдар!

– Ассалаумағалейкум!..

Сол сәт молда өзінің әр қимылын қарауылша міз бақпай бағып отырған Еркінге қарап:

– Қазір шығады. Шығуға жиналып жатыр. Аузынан шығады. – деді жайбарақат кейіпте. – Жындар шығып кеткен кезде мына қасқаң да оянады.

Еркін көріп қалармын ба деген оймен Болатбектің аузына қадала қарай қалған. Жындардың «аузынан кірдік» дегенінен қорқып, өзі аузын қос қолымен мықтап жауып алды. Болатбек ештеңе сезбейтін сияқты. Пыс-пыс етіп, пысылдап ұйықтап жатыр. Алғашқыдай емес, қыбыр-жыбырсыз тыныштала қалған.

– Әне, шығып барады! – деді молда. Бірақ оның көзіне ештеңе көріне қоймады. Тек досының «аһ» деп ауыр күрсініп, аузын кере ашқанын ғана байқап қалды.

  • Ой, Алла-ай! – деді Еркін таңданған кейіп танытып, – Осыны біреу айтса сенбес ем!.. Құдайдың құдіреті-ай!..

Ол осы сөздерді айтып үлгермей жатып, Болатбек көзін ашып алды.

  • Не қалғып кеткем бе? – деді басын көтеріп. Жан-жағына жалтаңдай қарап қояды. Не болғанын түсіне алмай тұрғаны ұйқы-тұйқы түрінен-ақ байқалып тұр.

– Екеуі де шығып кетті ме? – деді Еркін молдаға қарап.

– Иә, екеуі де алды-артына қарамай зытты ғой!..

– Қайтып кіріп алмай ма?

– Жоқ, өз бастарымен қайғы боп кетеді. Мен оларды әбден қорқытып, зәрелерін ұшырып жібердім! Енді адам баласына жуй қоймас!..

Молда ештеңе болмағандай жаймен басып, өз орнына барып отырды. Еркін тағы да бірдеңелерді сұрағысы келіп оқтала берді де, досының көңіліне қарайлап, ол ойынан тез айныды. «Тағы бірде келермін!» деді өзін-өзі жұбатып.

  • Ал жігітім, айта отыр, не сездің? – деді молда Болатбекке қарай мойнын бұрып.

Ол ештеңе естімегендей, мелшиген күйі үн-түнсіз отыра берді. Көңіліне көп нәрсе ұялай қалған Еркін де оған сынай қарап қояды. Досы еш сасар емес, терең ойдың құшағында мәңгіріп тұрып қалған.

– Оу, жігітім, мен саған айтып тұрмын, не сездің? – деді молда сұрағын қайталап. Сонда ғана Болатбек өзіне сөйлеп тұрғанын аңғарып, бойын тез-ақ жиып алды.

– Не дейсіз? – деді алақтап.

– Не біліп, не сездің?

– Ештеңе де. Көзім ілініп кетіпті ғой!..

– Онда есіңде болсын, бойыңдағы жындарыңды шығардым! Ендігі өмірің шұғылалы да шуақты болады!

  • Ой, рахмет... ой, рахмет, – дей берді Болатбек сенерін де, сенбесін де білмей. Әйтеуір бір жақсылықтың боларын іші сезіп, ыржалақ қақты.

– Дәке, сізге Алла тағалам қуат беріп, халықтың құрметіне бөлене беріңіз! – деді Еркін орнынан көтеріле беріп. – Мынау азын-аулақ...

– Не ол?.. – Молда оның қолындағы екі мың теңгелікті көріп, көзіне жын-шайтан көрінгендей шошып кетті, – Қой, бауырым, қалтаңа салып қой! Мен бұндай нәрсеге ақша алмаймын! Ем қонсын, шипа болсын! Ақшаларың артылып жатса, жетім-жесірге, мүсәпірге беріңдер!

– Рахмет, сізге! Алла разы болсын!

– Жақсы. Жортқанда жолдарың болсын!

Екеуі молдамен қоштасып, сыртқа шықты. Күн сәулесін молынан шаша тас төбеге көтерілген. Тыншу. Үп еткен жел жоқ.

– Досым, шыныңды айтшы, шынымен ештеңе сезбедің бе? – деді Еркін былай шыға бере.

– Шынымен ештеңе сезгемін жоқ! – деді ол аң-таң болып. – Тіпті не болғанын да әлі түсіне алмай келемін!..

Болатбектің бақытына асыққандай, ақ «Ауди» жолындағы машиналарды басып озып, басып озып, тақтайдай тас жолмен құйындай құйғытып келеді.

* * *

Содан кейін-ақ Болатбектің бағы ашылып, жұлдызы жана бастады. Араға алты ай салмай жатып Нәзира есімді әдемі ақ аруды қолына қондырып, шаңырақтың керегесін тіктеп, уығын қадады. Жылға жуық уақыт өтер-өтпесте дүниеге маңдайы торсықтай ұл келді. Үйленгендеріне тура екі жыл толған күні қызды болып, қуаныш қуанышқа ұласты.

Қазір күйлі-қуатты. Алланың берген ырыздығын теріп жеп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар