«Астана Опера» «Томиристі» сахналады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық мәдениетті дамытуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дәріптеуге айрықша мән беріп келеді. Ұлы даланың сан ғасырлық тарихын арқау еткен «Томирис» балеті тарихи сананы жаңғырту және ұлттық мұраны қастерлеу идеясын өнер арқылы жеткізеді.
Ұлы дала рухы, сақ дәуірінің айбыны және заманауи хореография. «Астана Опера» сахнасында «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті. Екі актілі ауқымды қойылым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен көрерменге жол тартты.
Тарих пен өнер тоғысқан сәт. Азаттық, отансүйгіштік және адалдық — сақ патшайымы Томиристің өмір жолы бүгін де маңызын жоймаған құндылықтар. Қойылым ұлттық мұраны қастерлеп, тарихи сананы жаңғыртуға үндейді әрі Қазақстанның жаңа Конституциясының кіріспесіндегі негізгі құндылықтармен үндеседі. Бұл — «Астана Опера» шығармашылық ұжымы сахналаған тұңғыш толыққанды екі актілі ұлттық балет. Төл туындының артында кіл мықтылар бас қосқан шығармашылық топ тұр. Музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хамит Шаңғалиев жазған, қоюшы хореограф Сұлтанбек Ғұмар. Либретто авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев, сценография және жарық беруші жапониялық суретші Йоко Сеяма. Ал, костюмдер суретшісі Дариға Тайшықова сақ дәуірінің ерекшеліктері негізінде әзірлеп шыққан.

Қойылымда классикалық балет мектебі, қазақ биінің өрнектері, ұлттық әуен мен заманауи қозғалыс тілі шебер ұштасқан. Айтулы кешке отандық және шетелдік мәдениет, спорт, дипломатия және өнер саласының өкілдері жиналды. Залдан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Эстонияның Мәдениет министрі Хейди Пурга, WADA президенті Витольд Банька және бас директоры Оливер Неггли, сондай-ақ Құрылтай депутаттары, халықаралық спорт ұйымдарының басшылары мен шетелдік қайраткерлер табылды.

Спектакль соңында Арман Қырықбаев артистер мен қойылым авторларына алғыс айтып, ұлттық болмысты айшықтайтын төл туындылардың мәдени өмірдегі орнын ерекше атап өтті.
«Томирис» театр репертуарын жаңа белеске көтеріп қана қоймай, Ұлы дала тарихын заманауи сахна тілімен әлемге танытудың жаңа мүмкіндігін ашты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің
баспасөз қызметі
